https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Пайғамбарымыз дүниеге келгенге дейінгі тарихы

12 May 2015 0 comment Оқылды: 2186 рет

Жалпы әлемнің және

Адамзаттың халі

Біздің эрамыздың алтыншы ғасыры аяқталуға жақын.

Бұл ғасыр – адамзат әлемінің күпір мен азғындық атаулыға құшақ жайған заманы. Күштінің әлсізді қанауы, дәулеттінің жарлы-жақыбайға әңгір таяқ ойнатуы осы шақтың үлесіне тиген.

Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық түскенге дейінгі жалпы жер жүзінің және адамзаттың руханиятының деңгейін білуде пайда бар. Сонда ғана Расулyллаһтың адамзат баласын қалайша рухани, пікір түнегінен, саяси шытырмандардан және қоғамның қою қараңғылығынан, азғындықтан аз уақыт ішінде алып шыққанын бағамдай аламыз.

Ол тұстағы ең мықты мемлекеттер мыналар: Византия, Иран, Мысыр, Үндістан, Александрия, Месопотамия, Қытай, т.б.

Бұл елдердің қай-қайсысында да:

А) Дұрыс наным-сенім жүйесі жоқ болатын.

Белгілі бір таухит сенімнің болмауы адамзат руханиятын шөктіргені сондай, азғындықтың небір түрі етек алып, адамдардың адам атауынан басқа қасиеттері жойылып біткен-ді.

Барша болмыстың Жаратушысын бар екенін біле тұра, адамдар табиғат құбылыстарына табынып, Аллаhтың әміріндегі жер мен көкке, жұлдыздарға, Ай мен Күнге сыйынып, рухтан ада  тақтай мен тастардан жасалған пұттарға сәжде қылатын.

Адамзат баласының ар-ұжданы, рухы Аллаhқа иманнан мақұрым қалғандықтан “Бар жаратылыс иләһи құдіреттің нәтижесі” деуді білмей әбден адасқан, ақылды орынды қолданбау салдарынан көз байланып, көңілдер тұмшаланған.

Иман, рух байлығы деген қазыналардан ауылы алыс қалған бұл байғұстар бір сөздің, бір кітаптың жазушысы, ойлап шығарушысы болатынын, кішкентай иненің де ұстасыз жасалмайтынын біле тұрып, мыңдаған сырға толы, керемет жіңішке есеппен жаратылған мына дүниенің Жаратушысы бар дегенге сенбейтіндей дәрежеде парықсыз еді…

Осындай мүшкіл халдегі дүние, тәухид[1] сеніміне, Аллаhтың барлығы мен бірлігін паш етіп, соған илануға үндеушіге аса мұқтаж болатын.

Күпірлік пен азғындықтан арылудың жолын көрсетіп, бағытын сілтейтін жолбастаушыға деген қажеттілік, күллі әлемнің пайғамбарға зәрулігі күн өткен сайын сезіле түскен.

   Ә) Барлық жерде адамдар таптар мен топтарға бөлінді

Иләһи өлшемдерден мақұрым адамзат бай – кедей, күшті-әлсіз, қожайын-құл, ақсүйектер мен қаралар болып көптеген топтарға бөлінді. Бай мен кедейдің, билеуші мен бағыныштының арасындағы айырмашылық жер мен көктей еді. Билік басындағылар мен қарапайым халық арасындағы алауыздық шегіне жеткен. Үстем топтағылар қарапайымдарды жансыз заттан төмен көретін.

Б) Бұл елдердің қай-қайсысында да құлдыққа алып-сату қағидалары бар еді.

Адам – құрметті, қадірлі тіршілік иесі. Мұның астарына үңілу тек ақиқат иман  арқылы жүзеге асады.

Имандылықтан ада, көңілдерін кір шалған сол кезеңнің адамдары адамзаттың жер бетіндегі ең тұғырлы тұлға екенін аңдамақ былай тұрсын, оны алып-сататын мүлікке есептеп, жабайы күйге ене бастаған.

Құлдың айуаннан төмен саналатыны да аз емес. Қожайын құл мен күңіне ойына келгенін жасауға құқылы болған.

Осынша азғындықтан алып шығар тұлғаға адамзат әлемі зәру еді. Бұл қажеттілік күн сайын біліне түсті.

В) Діндер, мәзхабтар арасындағы алауыздық

Христиан дінін ұстанатын елдерде христиандықтың  Иса пайғамбар арқылы келген  түпнұсқасы, яғни бір жаратушыға сенім жойылып, үштік (үшқұдайшылық – тәслис сенімі) жайлай бастаған-ды.

Дін басылары Хазіреті Исаның дініне ойдан небір толықтырулар енгізіп жан-жаққа тартып бақты.

Әсіресе, Шығыс Рим империясында дін атын жамылып, зұлымдық пен азапты арттырғандар көбейе түсті.

Иранда сол кездегі үстем дін — маздеизмнен бас тартқандар не діни ғұрыпқа мойынсұнбағандар аяусыз жазаланатын. Көз ою, асу, таспен шөкелеу, ас-сусыз аштан өлтіру дағдыға  айналған.

Г) Ол дәуірде адамгершілікті ауызға алудың өзі – ерсі

Имандылық жоқ жерде адамгершілік туралы сөз қозғаудың өзі ерсі. Ар-намыс аяққа тапталып, нәпсіқұмарлық  адамдардың басты машығына айналған. Ұрлық, жезөкшелік, адам өлтіру жайлаған қоғамда адамзат атты ұлы есім жойылғандай. Мысалы, Византия императорының өз қарындасымен үйленуі – азғындық емей не?!

Иә, адамзат – жетім, дүние – мұңлы. Жер жүзі азалы алып  алаң іспетті. Адамдар бір-біріне дұшпан, мәнсіз тірліктен жеріп жансыз мақұлық кейпіне енген.

Жолбастаушысы жоқ тұлдыр қоғам ащы өксікке булыққан. Барша әлемді шірктің[2], надандық пен күпірдің қара қошқыл бұлты басқан. Дүние осы бұлтты ысырып, сәулеге кенелтетін Нұрлы тұлғаға зәру. Сол бақыт нұры түскенде ғана адамзаттың назырқанған көңілі шалқып, кемерінен тасары, жылаңқылықтың орнын жайдарылық басары сөзсіз еді.

Адамзат та жаратылысының, жалған дүниедегі жолаушылығының мәнін ұғып, Аллаhты танып, иман келтіріп, ғибадат етудің қажеттілігін түсініп, баянды бақытқа қол жеткізіп, тірліктің тұтқасын ұстар еді. (жалғасы бар…)

Дамира Өмірзаққызы.

«Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан үзінді

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз