МҮТӘ ЖОРЫҒЫ (8 жыл жумада уулә айы)
Бұл жорық һижраның сегізінші жылы жумада уулә айында жасалды. Жорыққа Пайғамбардың (с.а.с.) Византия империясына қарайтын Шам аймағындағы Бусра қаласына жіберген елшісі әл-Харис ибн Умайыр әл-Уздидің өлтірілуі себеп болды. Ол заманда елшіні өлтіру кешірілмес күнә болып есептелетін. Мүтә – Иорданияның шығысындағы бір елді мекеннің аты. Елшісі өлтірілген соң Пайғамбар (с.а.с.) үш мың жауынгерден тұратын әскер жасақтап, қолбасшылыққа Зәйд ибн Харисаны тағайындайды. Егер Зәйд өлтірілсе, қолбасшылық Жағыпар ибн Әбутәліпке, ол өлтірілсе Абдулла ибн Рауахаға, ол да өлтірілсе әскер өзара кеңесіп, араларынан біреуді тағайындасын деп бұйырады. Дұшпанмен шайқаста аты аталғандардың барлығы да шәһид болады. Ақырында мұсылмандар қолбасшылыққа Халид ибн Уалидті тағайындайды. Шайқас тең дәрежеде емес-ті. Мүтәның әміршісі Шархабил бастаған әскердің саны жүз мыңнан астам еді. Оның үстіне Византия императоры оларға көмек ретінде тағы да жүз мың әскер жіберіп, дұшпан әскерінің жалпы саны екі жүз мыңға жетеді. Ал мұсылман жасағы небәрі үш мың ғана болатын. Халид әскербасылықты қолына алған соң қулық жасап, әскерді ұзыннан қатар-қатар етіп тізеді. Мұны алыстан бақылап тұрған римдіктер мұсылмандарға көмек келген екен деп ойлайды. Ал Халид әскерін бірте-бірте шегіндіре береді. Римдіктер мұсылман әскерінің қимылын соғыс айласы деп ойлап қала береді. Мұсылман әскері ақырындап шегіне отырып қайтып кетеді. Бұл шайқаста мұсылмандардан он екі жауынгер шәһид болса, римдіктерден талайы жер құшады. Қарсыластардың күші тең деңгейде болмаған бұл Мүтә шайқасы мұсылмандардың, римдіктер мен арабтардың көкейлерінде үлкен әсер қалдырады. Айналадағы елдер Византияның сақадай сай арнайы әскеріне қарсы шыққан мұсылмандардың аймақтағы ірі күшке айналғандығын білді. Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=600