https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Әлбетте, сен ұлы мінез иесісің

22 Apr 2019 0 comment Оқылды: 2119 рет

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат үшін ең көркем мінезді жан еді. Ол жайында Құранда Алла тағала былай дейді: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят).
Құранда оның мінезі жайында осылай деген. Айша (р.а) анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезі жайында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешкімді айыптамайтын. Өзіне жамандық жасағандарға жамандықпен жауап қайтармайтын, керісінше оларды кешіретін. Екі істе таңдау мәселесі туындағанда күнә болмаса, екеуінің оңайын таңдайтын. Егер оның күнәсі болса, одан ең алыс тұратын адамның бірі болатын. Өзіне жасалған жамандық үшін кек алмайтын. Бірақ қылмыс істегенге қылмысына сай жазасын беретін» деді. Ол (с.ғ.с.) біреумен сөйлескенде ерекше жұмсақ және кішіпейіл болатын. Сондықтан да Алла тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Тәубе сүресінде: «... мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді», деп суреттейді. Адамзаттың сұлтаны, әрі пайғамбарлар сардары ардақты расуліміз (с.ғ.с.) өте кішіпейіл жан болған. Алла тағала оған патша пайғамбар немесе құл пайғамбар болудың бірін таңдауға бергенде, ол құл пайғамбарлықты таңдаған. Сонда Исрафил періште пайғамбарға: Сіздің кішіпейілдігіңіз үшін Алла тағала сізді қиямет күні адам баласының төресі, (махшар күні) жер жарылып ең әуел шығатын адам және ең әуелгі шапағатшы етті, деген екен. Өте әділ, аманатқа адал және айтқан сөзінде тек ақиқатты баяндаған. Ашу үстінде де, қуанышты сәттерде де, байсалды және кейде әзілдескенде де бір де бір жалған сөз айтпаған. Бір күні Пайғамбарымыздың немересі Хусейн әкесі Алиден Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезі жайында айтып беруін өтінеді. Сонда Али (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқын былайша сипаттап береді: «Пайғамбарымыз күлімсіреген жүзді, мінезі жақсы, нәзік жүректі еді. Ешқашан дөрекі немесе сыңаржақты емес еді. Аузынан ешқандай да жаман сөз шықпайтын. Өзгелердің қимылы мен әрекеттерін сынамайтын немесе жамандамайтын. Ұнатпаған бір әрекетті байқаса ештеңе айтпайтын және оған көңіл бөлмейтін. Егер сондай қылық көрсеткен адам өз әрекетін дұрыс санайтын болса, ол адамды айыптамастан, жүрегін ауыртпастан ол әрекеттен бас тартатын. Немесе ондай жағдайда ештеңе айтпай астарлап сөйлеп, ұнатпағанын жеткізетін деп сипаттаған. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек Құранды жеткізуші ғана емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз бойына сіңіріп, өміріне енгізген, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан. Қатада (р.а.) мынадай дерек келтіреді: Сағид бин Һишам, Айша анамыздан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінез-құлқы жайлы сұрайды. Анамыз: «Құран оқыған емессің бе?», – деді. Ол: «Оқимын», – деді. Анамыз: «Расында, Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінезі Құран болатын», – деп жауап берген. Пайғамбар (с.ғ.с.) басқа бір хадистерінде: «Алла тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді», – деген. Көркем мінездің келесі бір бұтағы – қарапайымдылық. Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісіндей көркем мінезді жан жоқ еді. Оны сахабаларының бірі немесе отбасының бірі шақыратын болса «ләббай» деп жауап беретін еді», – дейді. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек, яки, бос сөз сөйлемеген,қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Оны кенеттен көріп қалған адам именіп қалатын, ал онымен сұхбаттасқан адам, оған шын жүрегімен ғашық болып сүйетін-ді. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық еді. Қысқаша айтар болсақ, дене бітімі өте әдемі, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ асыл жан болған. Алла елшісінің саналы ғұмыры негізінен көркем мінезді дәріптеуге арналды. «Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге пайғамбарымыз (с.а.с.): «(Ей, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер», деген аятты оқып:
- Көркем мінез - туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, - деп қорытқан. Және бір жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез», - деген.
Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:
- Дін деген не? - деп сұрағанда:
- Ол - көркем мінез, - деп жауап қатқаны тағы бар.
Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да Пайғамбарымыздан «Көркем мінез» деген жауапты алған.
Тағы басқа да хадистерінде:
- Қайда болсаңдар да Алла тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуып-шаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар! - деп үмбетіне кемелдік жолын сілтеді. Ешкімді сөзімен де ісіменде ренжітпей, жамандыққа жақсылық жасай білу де - көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі екенін түсіндірген адам. Әбу Усама (р.а) былай деген екен: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзі Құран еді. Әрдайым Алланы еске алып, насихатын қысқа айтып, намазын болса ұзақ оқитын-ды. Кедей- әлсіздерге көмек көрсету үшін онымен бірге жүруге намыстанбайтын, керісінше ондай істерді қуана отырып орындайтын». Міне көріп отырғанымыздай екі дүниенің ардақтысы болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осындай өнегелі мінез-құлыққа ие болған. Иншалла біздің де мінезіміздің жақсы болуы үшін Аллаға дұға етіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезінен үлгі алайық.

Көксу аудандық Балпық би мешітінің
бас имамы Е.ЕРІМБЕТ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз