ЭФИОПИЯ ЕЛІНЕ АЛҒАШҚЫ ҚОНЫС АУДАРУ
Аллаға серік қосушы меккеліктердің қуғын-сүргіндері қатты күшейген сәтте Пайғамбар (с.а.с.) иман келтіргендерге діндерін сақтау үшін Эфиопия еліне көшуге бұйырды. Онда оларға қылдай қиянат жасамайтын Нәжжаши атты әділ патша бар екендігін айтты. Қоныс аударушылардың саны он бір ер, бес әйел болатын. Бұл алғаш уахи түскеннен кейінгі бесінші жыл еді. Алайда қоныс аударушылар сол жылдың өзінде Меккеге қайтып оралды. Олар Меккедегі жағдай жақсарып, адамдардың көпшілігі иман келтірді деп ойлады. ЭФИОПИЯ ЕЛІНЕ ЕКІНШІ РЕТ ҚОНЫС АУДАРУ Қоныс аударушылар Меккеге қайтқан соң мұндағы жағдайдың жақсармағанына көздері жетіп, Эфиопияға қайта көшті. Бұл жолы олардың саны көбейіп, сексен екі ер, он сегіз әйел болды. Бұл алғаш уахи түскеннен кейінгі алтыншы жыл еді. Мұсылмандардың бұлайша әрі-бері қоныс аударулары құрайыштықтардың оларға қарсы ұйымдастырған жәбір-жапаларының қаншалықты қатты болғандығын көрсетеді. Мұсылмандар екінші мәрте қоныс аударғаннан кейін оларды кері қайтару үшін құрайыштықтар Эфиопия патшасы Нәжжашиге Амр ибн Ас бастаған топты жіберді. Алайда әділ патша Амр ибн Аспен бірге мұсылмандардың өкілі Жағыфар ибн Әбутәліптің де сөзін тыңдаған соң олардың өз діндерін сақтау үшін Құдайға серік қосушылардың қиянаттарынан қашып шыққандықтарына анық көзі жетіп, мұсылмандарды Меккеге қайтарудан бас тартады.