https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

БИТКОИН КРИПТОВАЛЮТАСЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ

24 Jun 2022 0 comment Оқылды: 689 рет

Аса мейрімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Криптовалюта – криптографиялық технологияға негізделген цифрлық ақшаның түрі болып табылады. Криптовалютаның бірнеше түрі бар. Соның бірі биткоин. 

Биткоин – орталықсыздандырылған, тек қана дүниежүзілік желіде жүзеге асатын виртуальды валюта. 

Бұл жүйені әлемдегі ешбір банк, агенттік немесе мемлекеттік органдар қадағаламайды әрі ол еш жерде басылып шығарылмайды. Бұл валюта – «Bitcoin Mining» деп аталатын процесс, яғни математикалық алгоритмдерді есептеуге арналған бағдарламаны қолданатын миллиондаған компьютердің жұмысы арқылы шығарылады. 

Негізі ұлттық валюталар алтын немесе ішкі өнім бойынша қарастырылады. Ал биткоин ешқандай дүниемен қамтамасыз етілмеген. Кез келген адам компьютер арқылы өз ақшасының орталық банк жүйесі бола алады. Сондай-ақ, дүниежүзілік желінің әрбір мүшесі бұл операцияларды ешбір делдалсыз, ешкімнің қадағалауынсыз жүргізе алады. 

Қазіргі күндегі биткоин крипто-валютасы шариғатқа қайшы келеді. Оған дәлел:

1. Шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керек және оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт. Әбу Али Хасан әт-Тауси:

«Ғасырлар бойы ақшаны шығару құқығы патшадан өзгеге берілмеген» - десе, ибн Халдун оны былай түсіндіреді: 

«Ол – патшаның аса қажетті міндеттемелерінің бірі. Өйткені бұл арқылы адамдар өзара мәміле жасағанда ақшаның жасанды немесе жасанды еместігін ажыратады». 

Ал биткоин ешбір ұлттық валютаның сипатына келмейді. Өйткені ол мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдармен қорғалмаған. Нақты активтері жоқ, орталықтандырылмаған виртуальды ақша. Кез келген сәтте оның нарығы күрт өсуі немесе түсуі мүмкін. Бұдан адамдар зиян шегеді. Сондықтан бұл валютамен шұғылдану адамның мал-дүниесін арам жолмен жеуге әрі оның құқықтарын жоюға алып барады;

2. Сауда-саттықтың дұрыс болуы үшін сатушы мен сатып алушысы және ақша мен тауар белгілі болуы шарт. Алайда биткоинда барлық жағынан белгісіздік бар. Өйткені ол шифрлау принциптеріне сүйенеді әрі іс барысында адамның деректері туралы ақпарат болмайды. 

Биткоиинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады. Алла Тағала Құранда былай дейді: 

«Уа, иман келтіргендер! Бір-бірінің мал дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгісіздік саудасына (ғарарға) тыйым салған. 

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Кімде-кім бізді алдаса, ол бізден емес» - деген; 

3. Сауда -саттықта зиянға жол берілмейді. Биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан тыс қалады. Бұл елдің ішкі экономикасына кері әсерін беріп, қоғамның тұрақсыздануына алып баруы мүмкін. Өйткені ол арқылы тыйым салынған сауданың таралуы, ақшаның жымқырылуы, деструктивті топтардың қаражат аударымдары орын алуы ықтимал. Ал зиянның алдын алу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды», - деген. 

Осыған орай, биткоин криптавалютаны ақша деп негізге алатындай ешқандай ұлттық валюталардың сипаттары мен шарттары жоқ. Оған қоса бұл валютада (ғиш) алаяқтық, белгісіздік, мемлекет пен жеке тұлғаларға зиян тигізу қаупі бар. Сондықтан бұған тыйым салынады. 

Мысыр елінің пәтуа комитеті және Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі биткоинға тыйым салған. 

Үкім:

«Биткоин» криптавалютасында белгісіздік, алаяқтық болғандықтан және жеке тұлғалар мен мемлекетке зиян келтіретіндіктен шариғат бойынша пайдалануға тыйым салынады.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз