https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ысырап

02 Sep 2015 0 comment Оқылды: 2787 рет

Алла Тағала: «О, Адамның ұлдары! Әр мешіттің қасында жамылғыларыңа ораныңдар. Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, себебі Ол ысырап жасаушыларды ұнатпайды» — деген (әл-Араф сүресі, 31 аят).

«Ысырап» – ішіп-жеуде, киім кигенде, қаражат, мал-дүние жұмсағанда мақсатсыз, рәсуа жасауды білдіреді. Бұл дүниеге, ақша мен атаққа ғана қатысты емес. Уақытты бос өткізу, мағынасыз, пайдасыз өсек-аяң айтып алтын уақытты зая кетіру, біліміңді пайдасыз істерге жұмсау да ысырап. Алла Тағаланың бізге берген әр нығметін мақсатсыз, әділетсіз пайдалану ысырап болып табылады.

Алла елшісі өз үмбетіне: «Қиямет күнінде 4 сұраққа жауап бермей ешкім құтылмайды…»-деп ескерткен. Сол сұрақтар:

* Өз өміріңді қалай өткіздің?

* Біліміңді қалай пайдаландың?

* Дүние-мүлікті қалай тауып, қайда жараттың?

* Күшің мен денсаулығыңды неге жұмсадың?»

Тіл, есту қабілеті, көз жанары, ойлау қабілеті, көркем мінез-құлық, мықты денсаулық мұның бәрі Алланың адамға берген нығметі. Бірақ өкінішке қарай көпшілік бұл нығметтердің қадірін білместен, ұсақ-түйекке көңілі толмай күпірлік етіп жатады. Сондықтан да ысырап – бұл Алла Тағалаға бойұсынбау болып табылады.

Ысырап берекеден айырады. Адам өзінде барға қанағат етпей, көп дүниені алуға ұмтылады, көп күшін жұмсайды. Алла Тағала: «Туысқаныңа, кедейге және жолаушыға тиісті ақысын бер, бірақ шектен тыс ысырап жасама. Шынында ысырап жасаушылар — шайтанның ағайыны, шайтандар өз Жаратушысына шүкірлік етпейді»-деген (әл-Исра сүресі, 26-27 аят).

Әрине адамның өмірде көптеген қажеттіліктері болады. Және оларды бақылау қажет. Құранда олар туралы: «[Олар] [өз қаражаттары мен мүмкіндіктерін, уақыты мен күшін] жақсылыққа жұмасаса ысырап жасамайтындар және сараңдық танытпайтындар, олар бірінші мен екіншінің [алтын] ортасын табады [әр істе орта қалыпты ұстайды және жақсылыққа жақын, қажет жерінде — жомарт»-делінеді (Фуркан сүресі, 67 аят).

Бұл дегеніңіз адам барлық нәрседен өзін шектеп, бар бола тұра жоқшылықта өмір сүруі керек деген сөз емес. Тек шегін білуі керек. Алла елшісі: «Жеңдер, киініңдер және қаражаттарыңды ысырап қылып, өзгелерге көрсету үшін жұмсамаңдар. Алла Тағала құлының берген нығметтерді пайдаланғанын жақсы көреді»-деген.

Қарағанды облыстық орталық мешіті

Әмина Омарова

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз