Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) жеткізілген хадисте: Ол: "Бірде Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) иығымнан ұстап: "Бұл дүниеде жат жерлік немесе жолаушы секілді бол",-деп айтты,-деген. Ибн Омар "Егер кеш батырсаң, таңға тірі шығамын деп күтпе, ал таң атырсаң кешке тірі жетемін деп күтпе, денсаулығыңнан ауруыңа, өміріңнен өліміңе керегін алып қал",-деп жиі айтатын/Сахих әл-Бұхари. 1998(6416). Адамзат рухы қашанда Ұлы Жаратушыны еске алып, оның ұлылығын дәріптеп, құлшылық ету арқылы қанағат тауып, иманы кемелденеді, рухы тазарады. Адамның қарны ашқанда асқазаны тамақты қажет ететіні сияқты, пенденің жаны, жүрек әлемі Аллаһты әрдайым еске алып, ғибадат етіп, әрбір қателігі үшін ұдайы кешірім сұрап, мінін түзеп, шүкіршілік ету арқылы рақат табады. Қысқасы, тәніміз түрлі дәмді тағамдармен қуаттанса, рухымыздың "дәмді" рухани азығы-Ұлы Жаратушыға тірліктің әрбір сәтінде бойұсыну, әмірлерін орындап, шектегендерінен тыйылу. Бір минут та естен шығармай, жүрегімізбен кемелдігін, мейірімділігін ойлап, тілімізбен зікір, шүкір ету. Бұл дүниеде жат жерлік немесе жолаушы секілді болу-кез-келген адамның қолынан келе беретін кемел амал ма?! Жолаушы ұзақ жолға шыққанда тек жеңіл-желпі жол азығын алады емес пе? Ал мүміннің жол азығы-асыл иман, тақуалық, Аллаһқа бойұсыну, рухани ілім, тәубе, ізгілік сынды құндылықтар болып табылады.
Аллаһқа иман -
Көңілге шипа күрсінген,
Иманмен бірге тәніңе енер тылсым ем.
Аллаһсыз жүрек-шіріген жеміс тәрізді,
Шырыны солып, топырақ татып, күл сіңген,-
демекші, Аллаһқа иман келтірген мүмін оның ұлы сөзі Құранда көрсетілгендей пәк ғұмыр кешіп, өзін тіршіліктің қым-қуыт күйбеңі мен алып тасқынынан рухани тараптан ажырата білу керек. Яғни, кіршең тірліктің күнәлі тасқынына жұтылып кетуден, шайтанның түрлі азғыруынан өзін әрдайым Ұлы Жаратушыға жақындау арқылы сақтап қала алады. Бұлай болмаған күнде ғұмырға келгендегі негізгі құлдық мақсатын ұмыт қалдырып, жат жерлік жолаушы екендігін де есінен шығарып, жүрегі мәңгілік дүние-жіпке байланып қалуы мүмкін. Ал, ниеті, жан әлемі дүниеге байланып қалған Аллаһқа иман келтірген пенде ешқашан да иманның ләззатын сезіне алмайды. Иманның жайқалған мәуелі бағы-салиқалы, игі амалдар мен терең ықылас, көркем мінез.
Бір адам Имам Ағзам Әбу Ханифаға келіп: "Ей, Имам, мен намаздарымды таза көңілмен оқи алмай жүрмін. Намаз оқып жатып түйелеріме қарап, бағып, ойым сол жаққа ауып кетеді. Сіз болса менен де байсыз, сіз қалай ғибадатыңыздың ләззатына қауышып, намазыңызға толығымен көңіл байлап жүрсіз?",-деп сұрайды. Сонда Имам Ағзам Әбу Ханифа: "Мен түйелерімді көңіліме байламаймын, астауға байлаймын...",- деп жауап берген екен. Яғни, жүрекке байланған дүние адамды тура бағытынан адастырып, көңіліне қара мөр басады, Аллаһтан ажыратады.
Хақ Тағаладан күнәлар мен тіршіліктің таусылмас күйбеңі нәтижесінде қашықтаған сайын дүниеге тұтқа болып қалмайтынын еш сезінбей, жаны жай таппай күн кешеді. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) күнәға қатысты:"Расында, құл жасаған күнәменен ризық-несібеден мақрұм етіледі",-деген(Мажа, Ахмад).Ғибадатқа ықылассыздығының, өзін күнәдан, харамнан сақтамағандығының салдарынан оқыған намазы да бей-жай селқос күйде болып, бара-бара жүрегі де тастай қатыгезденіп кетеді.
Қатайып қалған жаны осы өмірге келген жат жерлік жолаушы екендігін ұмыттырғаны соншалық, өзгелерге қақпан құрып, жамандық ойлап, зұлымдық жасаудан еш шімірікпейді, Аллаһтың бұйырған асыл бұйрықтарын ойыншыққа айналдырады. "Ей, иманға келгендер! Дәлелсіз /жорамал/ ойлардың көбінен аулақ болыңдар, өйткені жалаң ойлардың /күмәннің/ кейбірі – күнә. Сондай-ақ бір-біріңді аңдымаңдар, әрі бірің өзгелеріңнің сыртынан ғайбаттамасын /ол естіген кезде жақтырмайтын сөз айтпасын" (Хұжрат, 12). Алайда Жаратушы есеп көруде өте жылдам, өзін ұмытқан пендесін ол да ұмыт қалдырады. Аллаһтың назарында ұмтылу-адамзат үшін қасірет. Ақырет қамын ойлап, шынайы жолаушыға айналған төмендегі ғибратты әңгіме санаға салмақты ой салады деген сенімдеміз.
Бірде өмірді танығысы келген бір жас жігіт жер-жаһанды аралап, төрткүл дүниені тегіс айналып, саяхаттап жүреді. Саяхаттап жүрген елдерінің бірінде атақты бір ғалымның үйіне қонаққа барады.
Саяхатшы жігіт ғалымның тұрған үйінің дуалдарының кітаптарға толы екендігін көреді. Қатты таң қалады, бірақ мұның мәнісіне бара алмайды. Үйде жерге төсеулі бір кілем, дуалдың түбінде бір төсек, ортада тұрған бір үстел мен орындықтан басқа ешнәрсе болмайды. Таңданысын жасыра алмай ғалымға сауал қояды:
-Ғалым, неліктен сіздің үйіңізде ешқандай заттарыңыз, жиһаздарыңыз жоқ?
Ғалым қолымен әлгі заттарын меңзеп жауап береді:
-Бар, міне, олар!..
-Енді... Айтайын дегенім басқа жиһаздарыңыз, бұйымдарыңыз қайда?
Ғалым бұл сұрағына сұрақпен жауап береді:
-Балам, сенің де артықша ешқандай заттарың жоқ. Тек мына арқалап жүрген жол сөмкең ғана бар. Ал сонда сенің заттарың қайда?
Жас жігіт бұл күтпеген сұраққа былай деп жауаптайды:
-Бірақ көріп тұрсыз ғой мен жолаушымын...
Ғалым күлімдеп дұрыс айтасың дегендей болып, басын изейді де:
-Мен де жолаушымын!.. Мен де ақырет жолаушысымын... - деген екен.
"Егер кеш батырсаң, таңға тірі шығамын деп күтпе, ал таң атырсаң,
кешке тірі жетемін деп күтпе...",-деген күллі адамзат баласына жіберілген
рақым Пайғамбары (с.ғ.с.)-ның өсиеті ғұмырдың әрбір кезеңдерінде
жүрегіміздің төрінде жазылып, жадымызды жаңғырып тұрса, әрекетімізді
ақырет жолындағы шынайы жолаушының амалына ұқсатар едік. Аллаһ Тағала
баршамызға шынайы мүмін болуды жазсын!
Меруерт Бақдәулетқызы
Семей қаласы.