https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Закарияның дұғасы.

12 Шілде 2015 0 comment Оқылды: 8612 рет

Аллаһтың жіберген шын пайғамбарларының бірі – Закария (ғ.с.) еді. Ол жасы ұлғайып, шашына ақ кіргенше перзент көрмеді. Мешітке барып, мінажат қылып, парыз намаздарын оқығаннан кейін, бос уақытында бір мезгіл жұртқа үгіт-насихат айтатын. Пұтқа табынған елдің бетін Аллаһ жолына бұруға тырысатын.

- Ей, жұртым! Аллаһтың рақымында шек жоқ, жүздеріңді Аллаһқа бұрып мінажат қылыңдар, құлшылық қылуға бір Тәңір ғана лайық! Адамға пайда-зияны жоқ пұттардан бас тартып, маған бой ұсыныңдар!  - деп насихат айтатын. Бірақ пұтқа табынған надан қауым пайғамбардың насихатына құлақ аспады. Ата-баба дінінен азғырушы деп қауым басшылары оны жақтырмайтын. Аллаһқа иман айтқан кедей-кембағалдар ғана пайғамбарлардың шыншылдығына кәміл сенетін. Оның шағын дүкені болатын. Содан түскен табысты кедейлер мен мүсәпірлерге теңдей бөліп беретін. Сол үшін де жұрт оны аса құрметтейтін, оның айтқандарына қатты сенетін. Закария (ғ.с.), негізінен Құддыстағы ғибадат үйінде қызмет қылатын. Өзіне мұрагер болар перзенті болмағандықтан, жамандыққа үйір тұратын қауымының пиғылынан секем алушы еді. Өзі дүниеден өтсе, артында қалған қауымы күнәһарлық жасап, хақ жолынан тайып кете ме деп қауіптенетін. Осы бір ой жегідей жеп, пайғамбарға маза бермейді. Ұйқысы қашқан ұзақ түндерде, неше түрлі ойларға беріліп ауыр күрсініп қоюшы еді. Уақыт сынаптай сырғып, жасының ұлғайып бара жатқаны жанына қатты бататын. Бірақ пайғамбар уайымға бой алдырмай, сабыр сақтады. Аллаһтың үкіміне қарсы шығуға болмайды. Аллаһтан рақым, жақсылық күту – парыз. Жоқтан бар жасайтын Жаратқанның құдіретіне шәк келтіру – күнә.

          Сол ғибадатханада Ғимран қызы Мәриям да ертелі-кеш құлшылық қылатын. Кезінде Мәриям туғанда шешесі: О, Тәңірім! Перзентімді Сенің жолыңа біржолата арнадым. Қызым үшін де, оның ұрпақтары үшін де бір Өзіңе сыйынамын, оларды қарғыс атқан шайтанның азғыруынан сақтауыңды тілеймін, - деп дұға қылған еді.  Жаратқан бұл тілекті қабыл алды да, баланы жақсы өсірді. Оның тәрбиесін Закарияға, (ғ.с.) жүктейді. Бір күні Закария (ғ.с.), мешітке келіп, намаз оқып болған соң, Мәриямның ғибадатханасына кірді. – О, тоба! – деді ол таңырқап. – Мына тұрған түрлі жемістер қайдан келген? Мәриямның ғибадатханасына Закариядан басқа ешкімге кіруге рұқсат етілмейтін. Ендеше мына жемістерді кім әкелген? Бұл не ғажап? Бөлмеге кірген сайын Закария Мәриямның қасында тұрған жемістерді көріп жүрді.  – Ей, Мәриям! – деді ол бір күні мұның сырын білмек боп – Бұл жемістер саған қайдан келді? – Оны маған Аллаһ жіберді, - деді Мәриям – Аллаһ қалаған адамына өлшеусіз ризық береді. Таңертең тұрғанда бас жағымда жемістердің тұрғанын көрем, жеп тауыссам, тағы пайда бола қалады. Оған таңданатын не бар, шын тілеген адамға Аллаһтың шапағаты шәксіз ғой. Мәриямның бұл сөзі пайғамбарға үлкен ой салды. Жасымның ұлғайғанына қарамастан, Тәңірден ұл тілесем қайтеді? Бар өмірім Аллаһқа арнап, жолымды жалғастыратын бір мұрагер тілесем оның несі айып. Жоқтан бар жасаған Аллаһ Тағаланың құдіретіне шәк келтіруге бола ма, деген ойға қалды ол  – Тәңірім! – Менің сүйегім салдырап, шашым ағарып қалжырап барамын! Дегенмен Саған жалбарынғанда тілегім жерде қалып көрген жоқ еді. Жасаған Ием! Қайырым етіп маған да бір ұрпақ бере көр! Тілекті шын қабылдаушысың ғой, - деп жалбарынды. – Туысқанымның баласы орнымды баса алмай жүре ме деп қорқамын. Ал әйелім болса бедеу болып шықты. Маған өз тарапымнан бір мұрагер бере көр. Ол маған да, Жақыптың әулеттеріне де мұрагер болатын болсын Тәңірім! Оны және өзіңнің сүйген құлың ететін бол. Аллаһ Тағала Закарияның (ғ.с.), тілегін қабыл етіп, қуанышқа бөлейтінін сездірді.  – Ей, Закария! – деді Аллаһ Тағала. – Тегінде саған періштелерді жіберіп, Жақия атты бір ұлың болатынын айтып, қуанышты хабар жеткіземіз. Біз бұрын ешкімге де мұндай ат қойған жоқпыз, - деді.  Күндер сырғып өтіп жатты. Бір күні Закария (ғ.с.), намаз оқуға мешітке келді де құлшылық қыла бастады. Кенет алаңсыз намаз оқып тұрған Закарияға (ғ.с.),-ға періштелер келді де былай деді: - Аллаһ саған келешектің кепілі етіп, әрі ұстамды, әрі сырбаз, жаны игі Жақия есімді бір пайғамбар береді, - деген қуанышты хабар жеткізді. Бұл пайғамбардың өмір бойы күткен қуанышы еді. Ол алғашында сенер-сенбесін білмей абдырап қалды. – О, Жаратқан Ием! Мен өзім қартайған, зайыбым құрсақтан қалған жандармыз. Сонда бізде қалай ұл болмақ? – деп сасқалақтады.  Сенің Тәңірің мынаны айтты, - деді жіберген періштелер. Мен үшін ол оп оңай! Өзің де бұрын жоқ едің ғой, сені де Мен жаратқам. Оған еш шүбаң болмасын. Мұны естіген пайғамбардың қуанышы қойнына сыймады. О, Жаратқан Ием! Маған зайыбымның жүкті болған белгісін білдіре көр, - деді ол шыдамсызданып. Кезінде Ибраһим (ғ.с.): Аллаһ Тағала өлген кісіні қайтып тірілте алады.  Қиямет-қайымда өліктерге қалай жан бітеді? Деп өз көңілін орнықтыру үшін сұраған болатын.  – Бұл дүниеге өзіңді берген  Аллаһ, енді саған неге бала бере алмайды, - деді Тәңірі. Закария бұл істің дұрыстығын сипаттау үшін:  – О, Жаратқан Ием! Маған зайыбымның жүкті болған белгісін білдіре көр, - деді. Оның белгісі – сен үшін күні бойы ешкіммен тіл қатыса алмай, адамдармен тек ымдасып сөйлесесің. Сен менің жарылқауымды есіңнен шығармай, ертелі-кеш тасбих тартып, ғибадат жаса, - деді. Закария оның белгісін сол сәтте-ақ сезді. Ол хұжырадан шығып, жұрт алдына барды да, оларға: Ертелі-кеш Аллаһты дәріптеңдер, - деп ишара жасады. Тіршілікте ешбір жанға жаманшылық жасап, қиянат қылмаған Закария (ғ.с.), қартайған шағында зор қуанышқа бөленді. Құдайдың құдіретімен оның бедеу әйелі ұл тапты. Нәрестенің атын періштелердің айтуынша Жақия деп қойды. 

Осы қисадан көп нәрсені түсінуге болады. Бұл күндері қоғамда, ерлі-зайыптылар көбінесе перзент сүймедік деп ажырасып жатады. Сабыр сақтап Алладан тілеп, үміт үзбегені жөн. Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағала әрқашанда жақсылыққа тілеген тілектерімізді қабыл алғай. Әмин!

                                                                              Құндызбек Медетбеков

                                                                              Панфилов ауданының бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз