Адамзат қоғамының өмірі мен баянды тіршілігі өзара көмекпен тікелей қатысты. Ислам діні садақа арқылы қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтардың арасын біріктіріп, олардың өзара түсіністігі мен бауырмалдығын арттырады. Әрбір садақа беруші адамның көңілі мен жүрегі қуанышқа толады, дүниеқорлық ауруынан арылып, материалдық қысымнан босайды, жүрегінде иманы бар адамдардың жомарттық пен жанашырлық сезімдері оянып, қызғаншақтық пен пайдакүнемдік қасиеттері жойылады.
Алла Тағала: «Алла жолында инфақ етіңдер (садақа жасаңдар). Өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Шын мәнінде Аллаһ игілік істеушілерді жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 195–аят),–деген қасиетті аяты арқылы мұсылмандарды қайырымдылыққа, жақсылыққа бұйырады. Әйгілі сахаба Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақа Раббының ашуын басып, беймезгіл өлімді қайтарады»,–дейді.
Құран Кәрімде: «Істеген жақсылықтарыңның жемісін Алланың қасында табасыңдар. Расында, Алла не істегендеріңді толық көруші»,–делінген («Бақара» сүресі, 110–аят). Басқа бір аятта: «Берген нәпәқаңыз бен атаған нәзіріңізді, күдіксіз, Алла біледі»,–дейді («Бақара» сүресі, 270–аят). Аяттағы «нәпәқа» сөзі садақа мағынасымен бірдей қолданылады. Дегенмен, туған–туыс, әйел, бала–шағасына берілетін жәрдем ақысын нәпәқа, ал басқа бөтен адамдарға берілетін көмекті садақа деп атау әдетке айналған.
«Нәзір» сөзі шариғатта белгілі шарттардың орындалуына байланысты немесе байланыссыз мұсылман баласының бір мүлікті, немесе малды садақаға атадым деп, құдайға уәде ету мағынасын білдіреді. Атаған нәзірді, айтқан уәдені орындау уәжіп.
Әлеуметтік жағдайы нашар жандарға (міскін, кембағал, жетім т.с.с.) садақа беру, материалдық көмек көрсету маңызы зор ғибадат. Садақа ғибадаттарының түрлері көп. Олардың бірі – рамазан айында берілетін пітір садақа.
«Пітір» сөзі «жаратылыс», «ауызашар» деген мағыналарды береді. Сондықтан, рамазан айының оразасынан шығу белгісі және осы айда біліп–білмей істеген қате–кемшіліктеріне каффәрат болу ретінде берілетін садақаны шариғат «пітір» деп атады.
Пітір садақасы һижраттың (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Мадина қаласына қоныс аударған сапары) екінші жылында Алла Тағаланың: «Әлдекім тазарса және Раббының атын еске алып, намаз оқыса, ол арманына жетеді» («Ағла» сүресі, 14–15 аяттар),–деген аяттары арқылы мұсылмандарға әмір етілді.
Ибн Аббас (р.а.): «Айтқан бос сөз және жасаған жағымсыз іс–әрекеттерден тазару, сондай–ақ кедей–кепшіктерді тамақтандыру мақсатында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айында ораза ұстаған адамдарды пітір садақа беруге бұйырды»,–деп риуаят етеді.
Рамазан айында ораза ұстаған адам біліп, білмей, болар болмас сөздер айтып, жағымсыз іс–әрекеттер жасап қоятыны белгілі. Бұл нәрселер оразаны бұзбаса да, оның сауабын кемітеді, ораза ұстаған адамда күдік тудырады. Берген пітір садақасы сол айда ұстаған оразасының кем–кетігін толтырып, қате–кемшіліктерін жояды. Әл–ауқаты төмен адамдар өздерінің мұсылман бауырларынан материалдық жәрдем алып, көңілдері шаттыққа бөленеді. Айт күнінде олардың қуанышына қуаныш қосылады. Қоғамда бауырластық күшейеді. Сондықтан, ислам шариғаты әр елде сол жердің кең таралған тағамынан мұқтаждарға пітір садақа беруге міндеттеді.
Ханафи мазхабы бойынша пітір садақа төрт нәрседен беріледі делінген. Олар: бидай, арпа, құрма, мейіз. Бұлардың бағасы жергілікті базардағы нарықпен есептеледі. Қажетіне ыңғайлы болған жағдайда аталмыш тағамдардың ақшасын берген абзал.
Құранда: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар»,–делінген («Әли Ғимран» сүресі, 92–аят). Расында, адам баласы өзінің сүйген, ұнатқан нәрсесін біреуге беруі оңайға соқпайды. Алайда, бұл арқылы ол нәпсі қалауына қарсы шығады. Осылайша ол мұқтаждарға көмектесіп, олардың көңілдерін көтереді. Жоғарыдағы аятта Алла пенделерін садақаға өзі сүйген, ең жақсы көргенін беруге бұйырады.
Пітір садақа беру күнделікті қажетінен артық байлығы нисапқа жететін ер мен әйелге, сәби мен қарт мұсылмандарға бірдей міндет. Дегенмен, дін ғұламалары мал–дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген азаматтар да пітір садақа берулері тиіс деп айтады. Нисап мөлшері 85 грамм алтын немесе оның құны.
Шариғатта әлеуметтік жағдайларына қарай адамдар үшке бөлінеді. Бұлар: міскін, пақыр және байлар. Міскін – қажеттілігінен артық бірде–бір дүниесі болмаған әл–ауқаты төмен адам. Пақыр – табысы, немесе мал–мүлкі өз қажетінен артылған, бірақ нисап мөлшеріне жетпеген әлеуметтік жағдайы орташа адам. Ал, байдың өз қажетінен артық мал–дүниесі нисап мөлшеріне жетіп, басқаларға материалдық көмек көрсететін дәрежеде болады.
Пітір садақа міскін мен пақырларға беріледі. Ал, байға, исламға қарсы шыққандарға, пасық (ғибадатқа ынтасыз), денісау бола тұрып, себепсіз жұмыссыз жүрген адамға, өзінің ата–анасы мен әйел, бала–шағасына пітір берілмейді.
Ислам ғұламалары: «Пітір садақа халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ислам дінін тарату жолына беріледі»,–деген. Егер мешіт өзінің есебіне түскен пітір садақаның ақшасы мен мал–мүлкін діни үгіт–насихат, тағлым, қайырымдылық және басқа да игіліктерге жұмсайтын болса, шариғат ондай ізгілікті құптайды.
Барша мұсылмандарды Алла тағала тура жолдан тайдырмасын, білгенімізге амал етуді жазсын, Қазақстанымыздың мерейі үстем, абыройы биіктей берсін, кедейлер кеміп, жомарт байлар көбейсін, берген садақаларымызды Жаратқанның Өзі қабыл етіп, екі дүниенің бақыты мен игілігін нәсіп етсін деп тілейік.
Талдықорған қалалық
«Нұр» мешітінің бас имамы
Алмас Сағидоллаұлы