Алла тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адам игілігіне бола жаратқан. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – барлығы да қазынасы кең Жаратушы тарапынан пенделерге берілген. Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген, Раббымыз, бірақ, харамға жоламауды Құранда қатаң ескерткен.
Ал, шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға да үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер харам болып есептеледі. Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа». «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 5/88).
Хадистерде де Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Хұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен».
Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді» (Мүслим, зекет, 65).
Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді (Бұхари, Бую, 7). Сондықтан да харамнан сақтану адамды тақуалық мәртебеге жеткізеді. Харамды жасамаса көп сауапқа ие болуы мүмкін, харам жасалса, ауыр күнәға батып, жүректер қарайып, иман әлсірейді, адамның көңілі кірлеп, ғибадаттардан ешқандай рахат ала алмайды. Қиямет күніне барғанда да ауыр азап тартады.
Ал енді Шариғатта айқын дәлелдермен анықталған бір харам нерсені «халал» деп есептесе, иманынан айрылады. Басқаша айтқанда, бір адам арақ ішсе ауыр күнәһар болады, егерде арақты «халал» десе, өмірінде ішімдік ішпесе де діннен шығады. Себебі бұл жерде Аллаһ Тағаланың көрсеткен үкімін жоққа шығару мәселесі жатыр. Аллаһ Тағала Өзі сақтасын, бұл - «ол білмейді, мен білем» дегендей іс. Сондықтан харамды «халал» деген кәпірлік іс болып саналады. Харам болып есептелетін кез келген іс-әрекет өз сипатына қарай үш түрге бөлінеді: 1) батил — мүлдем тыйым салынған (бұған шариат заңдарын сақтамау, күш көрсету, озбырлық жасау, нахақ қан төгу, зинақорлық, діннен шығу жатады); 2) фасид — яғни ішінара арамдық араласқан, бірақ түзетуге болатын іс-әрекеттер; 3) сахих —харамдық жоқ, бірақ адамдықтұрғыдан қолдап-қуаттауға жатпайтын іс-әрекеттер (мыс., қылмыскерлерге қару-жарақ сату, т.б.).
Отбасы қарым-қатынастарындағы тыйым салынған байланыстар емшектес жандарға, өгей қызға үйлену, т.б.
Тыйым салынған тағамдар мен ішімдіктер.Адамды бұзатын ойын-сауықтар мен құмар ойындары.
Қажылық кезіндегі тыйым салынған іс-әрекеттер (мыс., қару-жарақ асыну, күнделікті киімін кию, құн алу, соғысу, ұрысу, т.б.).
Харам ас — доңыз, мас қылатын ішімдіктер, қан, жыртқыш аңдардың еті, Алланың атымен сойылған еттен басқасы.
Харам деп тағы да үлкен күнәларды да атайды: зина,өсім, құмар ойнау, жала жабу т.б.
Ислам шариғатында "харам" деп белгіленген болса, оны «Ашық харам» (харам лизатихи) деп атаймыз. Мысалы: арақ, ұрылық т.б.
Түпкі айырмашылығынан емес, қосымша себептерден харам болған нәрселер «қосымша харам» (харам лиғойриһи) деп аталады. Мысалы: кезкелген халал мүлік ұрланған жағдайда харам болып есептеледі.
Жоғарыдағы жайттар мұсылман үшін халал мен харамды бір-бірінен ажырата білудің маңызды екенін, не нәрсені де қолға алғанда әуелі дін тұрғысынан рұқсаты бар-жоғына, кісі ақысы араласпағанын ескеріп, таза жолмен келген-келмегендігіне мән беру керектігін ұқтырады. Бұлардың бұл дүниенің өзінде де жұртқа тигізер кесір-кесепаты ұшан-теңіз. Сондықтан дінімізде мұндай лас әрекет тыйым салынған.
Көксу аудандық Балпық би мешітінің
бас имамы Еділбек ЕРІМБЕТ.