Адамзат баласының бақытты ғұмыр кешуі ақыретке иман етуге тікелей байланысты болмақ. Өйтсені, әркім жасаған істерінің есебін беретініне сенбейтін адамның өмірінің қайырлы болмайды. Ал әрбір аттаған қадамы үшін арғы дүниеде Аллаһқа есеп беретінін естен шығармаған адамның ғұмыры барынша салауатты өмірге бақытты болары сөзсіз.
Алла Тағала Ясин сүресінің (77-83) аяттарында: «Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да ашық қиқарлық істейді (77). Олар өз жаратылысын ұмытып, бізге мысал берді: «Міне, шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» - деді (78). (Мұхаммед (с.ғ.с.): «Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі» де (79). Ол сондай Алла, сендерге жасыл ағаштан от жаратты. Сол уақытта сендер оны жағасыңдар (80). Сондай көктер мен жерді жаратқан Алла, олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте күші жетеді. Ол, әр нәрсені жаратушы, толық білуші (81). Шын мәнінде Ол, бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола қалады (82). Барлық нәрсенің билігі қолында болған әрі сендер Оған қайтарылатын Алла, кемшіліктен пәк (83)» деп айтылған. Әлбетте, адамзат баласы өлгенненкейін қайта тірілетініне сенуі керек. Жастық желіктің алдын алатын, үмітсіздік шырмауына түскен қарттарға үміттің шырағы ақыретке деген иман ғана.
Инсан сүресінің 1-2 аятында: «Адамзат еске аларлық бір нәрсе болғанға дейін дәуірден бірталай мерзім өтпеді ме? (1). Шын мәнінде Біз Адам баласын біріккен тамшыдан жараттық. Оны сынаймыз. Сондықтан, оны еститін, көретін қылдық (2)». Иә, Адам баласы осы дүниеге міскін, әлсіз болып келген еді. Осы дүниеде жоқ еді, бір тамшы судан пайда болды. Сөйте тұра осы дүниеге келген соң өркөкіректеніп, Жаратқан Раббысын ұмытып кетіп жататырдар бар.
Құран кәрімнің «Зилзала» сүресінде: «Кімде-кім тозаңдай жақсылық істесе, жақсылығының қарымын сөзсіз алады. Ал кімде-кім тозаңдай жаманшылық істесе, оның жазасын тартады».Яғни, істеген әрбір ісінің, басқан әрбір қадамының, сөйлеген әрбір сөзінің ертең ана дүниеде есебін беретінін ойлап, жүрегімен бек сенген адам жаманшылық атаулыдан, жалпы күнәдан алыс жүреді. Өйткені иманды адам істеген қиянаттарының жазасынан бұл дүниеде құтылғанымен, ана дүниеде құтылмайтынын ойлап, күнәларының есеп күні алдынан шығады.
Имам Ахметтің Муснад кітабінде Басар бин Жаххаштан риуаят етілген хадисте: Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алақанына түкіріп, саусағын түкіріктің үстіне қойып былай деді: «Алла Тағала айтады: «Ей, адам баласы! Менің сендерді жаратқанымды неге жоққа шығарасыңдар. Мен сендерді мынадай нәрседен жаратып, өсіріп жетілдірдім». Алла Тағалаға күпірлік танытқан кім екен? Ол адам, өлгенненкейін тірілуді жоққа шығарды. Оның аты Аси бин Уайл. Ол адамға Алла Тағала дүние мен денсаулық берді. Осы дүниедегі нәрсенің бәрін берсе де ол Аллаға иман келтірмеді».
Бірде Аси бин Уайл қолында шіріген сүйегі бар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барып, әлгі қолындағы шіріп құм болып тұрған сүйекті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның бетіне шашып жіберіп: «Ей, Мұхаммед! Сенің Раббың осы сүйекті қайта тірілтеді деп ойлайсың ба?» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия. Алла Тағала сені өлтіреді. Сосын тірілтеді, сосын сені тозаққа кіргізеді» деді. (Бұл хадис Хакимнің мустауракнда 2/108 келген. Имам Муслим мен Бухаридің шарттарына сай яғни сахих хадис). Ақыретке кәміл сенген адам ешқашан өлімнен қорықпайды. Өлім – ол үшін жоқ болып, шіріген сүйекке айналып, мәңгілікке көз жұму емес. Керісінше, екінші бір мәңгілік өмірге көшу, жалған дүниеден бақи негізгі дүниеге қоныс аудару.
Алла Тағала Аси бин Уайлге және сол сияқтыларға айтады. Ясин сүресінің 78-аятында: «Олар өз жаратылыстары жайында ұмытып, бізге мысал берді». Ал, Бәләд сүресінің 8-10-шы аяттарында: «Оған екі көз жаратпадық па? (8). Әрі бір тіл, екі ерін? (9). Оған екі жол көрсетпедік пе? (10)». Осы Аси бин Уайлге бір кедей мұсылман келіп, ақшасын сұрайды. Ол кедей мұсылман оның қолында жұмыс істеген еді. Сонда Аси бин Уайл айтады: «Қиямет күні Алла бізді қайта тірілтетініне сенесің бе?» - деп сұрайды. Кедей мұсылман: «Ия, сенемін» деп жауап қайырады. Оның бұл сөзін Аси бин Уайл мазақ қылып күліп: «Онда Алла Тағала бізді қайта тірілтетін болса, қабірімде өзіммен байлықтарым болады. Сол кезде сенің ақшаңды қайтарамын» дейді. Осы жайында Алла Тағала Аси бин Уайл сияқтыларға Мариям сүресінің 77-80-ші аяттарында: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) аяттарымызға қарсы келіп: «Әлбетте маған мал, бала берілді» дегенді көрдің бе? (77). Ол, көместі білді ме? Немесе Алладан уәде алды ма? (78). Әсте олай емес. Оның айтқанын жазамыз да оған азапты арттырған сайын арттырамыз (79). Сондай-ақ, оның айтқанына Біз ие боламыз да ол Бізге жалғыз келеді» (80)».
Бірде Хазіреті Омар (р.а.) бір күні мешітке бара жатқан еді. Жолда мешітке қарай бетке асыға басып бара жатқан бір баланы көреді. Жүрісін жылдамдатып, балаға жақындап келіп:
– Ей, балақай, саған намаз әлі парыз емес. Неліктен аласұрып, мешітке қарай асығып барасың? – деп сұрайды. Бала тек қана былай жауап қатты:
– Ей, мұсылмандардың әміршісі, кеше біздің жақта бір бала қайтыс болды!
Міне, өлім сағаты қашан келетінің ешкім білмейді. Сондықтан жас күнімізден фәни өмірдің өткінші екенін естен шығармайық. Атам қазақ «Өлім барда - қаза бар, ақыретке таза бар» деп бекер айтпаса керек.
Сондай-ақ, Ясин сүресінің 78-79 аяттарында: «Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: «Міне, шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» - деді (78). (Мұхаммед (с.ғ.с.)): «Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі» де (79)». Алла Тағала бізді осы дүниеге жалаңаш әкелгеніндей қиямет күні де бізді жалаңаш етіп қайта тірілтеді». Өлім құбылысы – ақырет сенімін толық қабылдаған адам үшін мәңгілік өмірдің, шексіз бақыттың басы болмақ. Кезіндегі ең күшті мемлекеттердің бірі Иранды жеңіп, тізе бүктірген Сағд ибн Әби Уаққас өзінің жетістігінің себебін былай деп түсіндіреді: «Мұсылман әскерлер шейіт болып, мәңгілік бақытқа қауышу үшін ешнәрседен қорықпастан өлімге жүгіреді. Ал жаудың әскерлері болса, керісінше, өлімнен қашып, әрбір қадамын өлімге деген үреймен басады».
Иә, ақыретке сенбеген адам үшін өлімнен қорқынышты еш нәрсе жоқ. Өйткені олар үшін өлім – жоқ болып, тіршілік бетінен мәңгілікке өшу деген сөз. Мұндай жандар өлімді ойлап кетсе, ұйқылары қашып, өне-бойлары суып, мазалары кетеді. Әсіресе, өмірлерінің соңына таяп қалған ақыретке сенімі жоқ қарттар мен айықпас ауруға шалдыққан жандар үшін өлім өте қорқынышты. Қалған аз ғана өмірлері де олар үшін бейне бір тас қараңғы зындандай көрініп, тіршіліктен түңіліп, үмітсіз күй кешеді. Оларды осы қараңғы зынданнан жарық нұрға, үміт толы өмірге алып шығатын жалғыз күш, дара медет – ақыретке, қайта тірілуге деген берік сенім. Әнғам сүресінің 94-ші аятында: «Расында алғаш рет жаратқанымыздай бізге жалғыз-жалғыз келдіңдер. Сендерге берген нәрселерімізді арт жақтарыңа тастадыңдар». Ал кімде-кім Аллаға шынайы иман келтіріп, құлшылық етер болса, онда оны қияметте үлкен сүйінші күтіп тұр. Олар ол күні еш қайғыланбайды және уайымдамайды. Алла Тағала Әнбия сүресінің 101-104-ші аяттарында: «Күдіксіз өздеріне Бізден игілік жазылғандар, солар тозақтан аулақ болады (101). Олар тозақтың сыбдырын да естімейді. Сондай-ақ, олар жәннаттағы көңілдері қалаған нәрселерінде мәңгі қалады (102). Оларды қорқыныштың ең зоры уайымдатпайды да оларды періштелер: «Міне, бұл сендерге уәде етілген күн» деп қарсы алады (103). Ол күнде, көкті, кітаптың бетін бүктегендей бүктейміз де, әуел бастағандай қайта жаратамыз. Бұл бізге бір міндет. Шынында біз орындаймыз (104)».
Адам баласы бір сәт айналаңа қарағаны абзал. Күн мен түннің ауысуы, жердің айналуы, күн сәулесінің бізге жарықпен берілуі осы нәрсенің барлығын әлбетте бір реттеуші бар екені анық. Олай болса, біз Аллаға тәубе жасауымыз керек. Ертең-ақ Алланың алдына есеп береміз. Сол күні өкініште қалмайық.
Нағыз бақыт – осы иманнан туындаған, өлгенненкейінтірілуге негізделген бақыт Құран Кәрім (Мәриям сүресі, 19/4.) Хазіреті Зәкәрияның (а.с.) тілімен былай дейді: «Раббым,- дейді, Мен сүйегім саудырап, шашым ағарып, қалжырап барамын. Раббым, Саған дұға жасап, жалбарынған кездерімде еш бақытсыздыққа душар болмадым», – дегенін, артынан Оның қайырлы бала нәсіп ете гөр деп тілеуін әңгімелеген кезде дүниені тәрк етуге дайын тұрған адамның жанайқайын өте тамаша өлең ұйқасымен суреттейді. Бұдан шығатын қорытынды, адам баласы қартайғанда ғана өлімді ойлауы дұрыс емес.
Сәхл б. Сад (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) құлағына бірнеше күн бойы үйіне қамалып алып, жылауын тоқтата алмаған бір жігіттің хабары жетеді. Екі жиһан Сәруары (с.а.у.) әлгі жігіттің үйіне барады. Ішке кіргені сол екен, жас жігіт қуаныштан орнынан атып тұрып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құшағына қойып кетеді. Сәлден кейін әлгі жігіт жерге құлап түседі. Жігіт қайтыс болған еді. Рахмет Пайғамбарының (с.а.у.) көздері жасқа толып, аузынан мына сөздер төгіледі: «Досыңызды соңғы сапарына шығарып салыңыздар. Жәһаннамнан қорыққанынан оның өті жарылды. Аллаһтың атымен ант етейін, Аллаһ оны тозақтан аман сақтайды» делінген. (Манзури, Әбу Мухаммед, ат-Тарғиб уат-тархиб, IV, Бәйрут, 1968, 262-б).
Қасиетті құранның Назиғат сүресіде: «Алайда, кім Раббысының құзырынан қорқып, нәпсісін жаман әуестерден тыя білсе, оның баратын жері жәннат болары анық»деп сүйіншілейді.
Пайғамбарларыз Мұхаммед (с.а.у.) ақтық сәтінде Хазіреті Айшаның алақанынан қолын тартып: «Аллаһым, ендігі жерде о дүниені қалаймын» дейді. (Муслим, Әбу Хусейн ән-Нисабури, Сахих муслим, Сәлем, 46, Станбул). Ал бір күн бұрын Оның (с.а.у.) былай дегені бар еді: «Аллаһ құлының еркіне қалағанынша бұл дүние нығметтері мен Өзінің қасында бар нәрселердің арасында таңдау құқығын берді. Құл Аллаһтың қасындағы игіліктерді таңдады». (Ахмед бин Ханбел, әл-Муснәд, III, Бәйрут, 1993, 18-б).
Дүние мен ақырет арасында таңдау еркі берілген құл – Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) өзі еді. Мәселенің байыбына барған сахабалар сол кезде көз жастарына ие бола алмады. Ол қолын Хазіреті Айшаның қолынан босатты да, Рәфиқ А‘ланы (Ұлы Досын) таңдады. Тура солай алып тұлғалы Хазіреті Омар да маңдайын жерге тигізіп, «Аллаһым, мына жауапкершілікті менің мойнымнан ал, бұдан былай көтере алмаймын», – деп ақыретке деген сағынышын білдіреді. Ақырет сенімі, әсемдіктердің мекені – ақырет елі, тіпті бәрінен бұрын Жәмал Бақиды (Мәңгі Сұлу – Аллаһ Тағаланы) көру құштарлығы Пайғамбарымызға және өзгелеріне де осы сөздерді айтқызып, мәңгілік өмірді армандау тілек-қалауын оятқан еді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрған үлгілі қоғамының басты ерекшелігінің бірі – ақырет пен Жаратушы алдында есеп беруге деген сенімге негізделгендігінде. Бұл өмір – бір жағынан алып қарағанда ақыреттің кіріспесі, әрі ақыретке дайындайтын егістік алқабы және адам көңілінде ақырет шуағының сәулеленуі үшін берілген зор мүмкіндік. Сол үшін бұл өмірді «яумуд-дуния» (Дүние күні), о дүниені «яумул-ахир» (Ақырет күні) деп атаған. Бұл дүниеде жасалған амалдардың бәрі ақырет үшін де жасалған болады. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ақыретке деген сенімнің өшпейтін ұшқынын адамдардың жүрегінде тұтата біліп, ұлы қуанышпен жұбататындай өмірлік сабақ берді. Жүректер ақырет иманымен нұрланғаны сондай, сахабалар дүниеден баз кешіп, жалғанның барша жылтырақ алтынына көздерін тас жұмды. Төмендегі мысал мұны барынша аша түседі: Аллаһ Расулының алдына бір байлықты бөлісе алмаған екі сахаба келеді. Олардың әрқайсысы өзінікін дұрыс деп санайды. Екі жиһан Сәруары (с.а.у.) екеуін де тыңдап болған соң: Қазір біреуің өз арыз-шағымын жақсы жеткізіп, маған өзінің пайдасына үкім айтқыза алады. Мен де сендер сияқты пендемін. Кімнің дәлелі көңіліме қонымды болса, соған қарап үкім беруім мүмкін. Бірақ, ақыретте істің ақиқатына қарай үкімдер беріледі. Залым жазасын, жәбірленуші де сыйын сол жерде толық алады, – деуі мұң екен, екеуі де бірден қосарлана:
– Уа, Аллаһтың Расулы, маған тиесілі болған да оныкі болсын. Маған ешнәрсенің керегі жоқ, – дейді. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.) оларға мынаны өсиет етеді:
– Байлықты әділетті түрде бөліңдер. Сосын жеребе тастаңдар. Кімге не түссе, үлесіне разы болсын. Бір-бірлеріңе өткен ақыларыңды да кешіріңдер». (Бухари, Мухаммед ибн Исмаил, Сахих әл-Бухари, Шәһадат, 27, Станбул, 1979).
Бірде Ибраһим (ғ.с.) теңіздің жағасында келе жатып, бір өліп жатқан құсты жыртқыш құстар жан-жақтан шоқып, оны бөліп-бөліп жеп қойғанын көреді. Сонда Ибраһим (ғ.с.) таңқалып: «Қиямет күні Алла Тағала әлгі құстың денесін қалай тірілетеді? Оны жыртқыш аңдар бөлшек-бөлшек етіп жеп қойды ғой» дейді.
Бақара сүресінің 260-шы аятында: «Сонау заманда Ибраһим (ғ.с.) «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» деді». Алла Тағала жауап ретінде Бақара сүресінің 260-шы аятында: «Алла – маған сенбейсің бе?» - деді. Ибраһим (ғ.с.) Аллаға жауап ретінде Бақара сүресінің 260-шы аятында: «Әрине сенемін», «Бірақ жүрегім орнықсын», деді. Имам Бұхари (5/163) мен Муслимде (1/133) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Біз Алланың құдіретіне еш шүбә келтірмейтін болсақ, онда Ибраһимнің шүбә келтірмеуі бізден де күшті» дейді. Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.)-нан: «Менің құдіретіме сенбейсің бе?» деп сұрағанда Ибраһим (ғ.с.): «Жоқ әрине, бірақ жүрегім орнықсын, иманым түссін, сенімім күшейе түссін» дейді. Сонда Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.)-ға: «Құстардан төртеу ұста да өзіңе үйірлестіріп (сойып араластыр)». Яғни төрт құс алып оны бөлшектеп сойып, оларды бір-бірімен араластыр деді.
Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.)-ға әлгі құстарды енді не істеу керектігін айтады: «Сонан соң әр таудың басына бір бөлігін қой...» деді. Ибраһим (ғ.с.) Алланың бұйрығымен бөлшегі шыққан құстарды әр таудың үстіне бір бөлшек етіп қойып шықты да өзі ойға қарай түсті. Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.)-ға: «Енді оларды шақыр, дереу саған жетіп келеді» дейді. Осы мезетте Алланың құдіретімен мүше-мүше болып бөлініп, әр таудың басында жатқан әлгі мүшелерді Алла Тағала қайта тірілтеді де Ибраһим (ғ.с.)-ға айтады: «Күдіксіз Алланың өте үстем де хикмет иесі екенін біл» деді.
Құрметті мұсылмандар! Енді Алланың құдіретіне кім шүбә келтіреді? Енді кім өлгенненкейін тірілу жоқ деп айта алады? Егер өлгенненкейінтірілуге шүбәкелтірмесек, онда сол тірілетін күнге бүгін дайын болайық. Бүгін тәубеге асығайық, жақсы ғамалдар жасауға асығайық. Ертең сол күн келгенде өкініште қалмайық. Сол күні бізге ешкім және біздің ешнәрсеміз пайда бермейді.Алла Тағала Шуғара сүресінің 88-89 аяттарында: «Ол күні, малы да балалары да пайда бермейді (88). Бірақ кім Аллаға нағыз жүрекпен келсе ғана (пайда береді) (89)».
Алла Тағала бізді сол күні жамандық атаулыны алыс етсін. Сол күні біздің жүзімізді жарық етсін.
Әбудардан Таласбай,
Қаратал ауданының имамы.