https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

«ЖЫНЫСТЫҚ ЖИҺАД ЖАСАУ» – ИСЛАМҒА ЖАТ

02 Шілде 2015 0 comment Оқылды: 2732 рет

 Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде жиі талқыға түсіп, жағамызды ұстатқан «жыныстық жиһад», «халал проституция» сияқты мәселелер – азғындық пен адасушылық жолындағы күрестердің бір түрі. Исламды осындай жиіркенішті етіп көрсетіп, Алланың дініне жала мен өтіріктің күйесін жағып жүргендер екі дүниеде де оңбайды.

Құрметті оқырман, Исламда бір ғана неке бар, ол – ақ неке. Адамның ғұмыр бойына қол ұстасып, ыстық пен суықты бірге көріп өтуге серттескен өмірлік жарымен болатын ғұмырлық неке. Басқасы – адасу.

«Жыныстық жиһадтың» түбінде уақытша неке деген ұғым жатыр, яғни, «әз-зауадж әл-мунакаха» немесе «әз-зауадж әл-мутға» (уақытша некелесу). Исламның алғашқы жылдарында бұл некеге рұқсат етілген. Өйткені ол уақыт – Ислам әлі де кемелденіп жатқан дәуір болатын. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар», – демекші исламнан бұрын Араб жазирасында көптеген салт-дәстүрлер болды. Ислам келгеннен кейін олардың басым бөлігіне тыйым салынды. Мысалы, арабтарда әйел адам бірнеше ермен көңілдес болу үрдісі бар еді. Ол бірнеше еркекпен көңілдес болғандықтан дүниеге келген сәбидің әкесінің нақты кім екенін анықтау қиын. Сондықтан әйел өзі көңілдес болған бірнеше ер адамның арасынан қалаған біреуін таңдап, соны баланың әкесі деп танитын. Сөйтіп, әлгі ер адам дүниеге келген сәбидің әкесі болып табылатын. Ислам келіп, ақырын осындай дәстүрлерге тыйым сала бастады.

Ал енді біз: «Пайғамбардың жерінде немесе дәуірінде осындай дәстүр болған екен», – деп, осы нәрсеге бой ұрдық па? Жоқ! Ислам тыйым салған көптеген үрдістердің арасында уақытша неке де бар еді. Өкінішке қарай көңіл рахаты мен шаһуат ләззатын қалаған адам қалай болғанда да түрлі сылтаулар айтып, дінді жамылып Ислам талаптарын бұрмалап, өзіне бейімдеп алуға жақын тұрады.

Сонымен, сізге Исламда уақытша некеге тыйым салынғандығы жөнінде бірнеше жағдайды ұсынып отырмыз:

Бірінші жағдай: ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінің ең соңында жасаған «қоштасу хұтбасында» уақытша неке Исламда тыйым салынған іс екенін екі мәрте қайталап айтып кеткен.

Екінші жағдай: Әр-Раби ибн Субра әл-Жуһанидің әкесі пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында болған сахабалардың бірі. Бұл кісі әкесінің жеткізген хадисі жөнінде былай дейді: «Менің әкем: «Алланың елшісі Меккені алған жылы уақытша некеге тиым салды», – деп айтты» (Мүслим, Әбу Дәуіт, Ахмед және т.б).

Үшінші жағдай: мұсылмандардың кейбірі: «Исламда уақытша некеге рұқсат бар екен», – деп айтқан уақытта хазіреті Әли ашуланған күйде былай деген: «Шын мәнінде, сен адасқан екенсің... Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хайбар шайқасында уақытша неке қиюға және үй есегінің етін жеуге тиым салды» (Бұхари, Мүслим, Мәлик және т.б.).

Төртінші жағдай: Ахмад ибн Ханбалдың «Муснад» шығармасында уақытша некеге тыйым салынғаны турасында мынадай хабар келеді: «Бір күні ер адам Омардан уақытша неке туралы сұраған еді. Сонда ол ашуланып: «Алланың атымен ант етемін! Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде біз зинақор және азғын болмадық», – деп жауап берді».

Бесінші жағдай: Хазіреті Омар халифа болып тұрғанында: «Уа, халайық! Аллаға қасам етейін. Кім де кім отбасылы бола тұрып, уақытша неке қиятын болса, мен оны таспен атқызам», – деген. Уақытша некенің қаншалықты харам екенін осыдан-ақ көрініп тұр.

Алтыншы жағдай: «Дайм әл-Ислам» атты шығармада әл-Мағриби есімді қази (сот) уақытша некенің тиым салынғаны туралы Әли ибн Әбу Талибтың мынадай сөзін келтіреді: «Келін жақтан өкіл және екі куәгер болмаса неке жүрмейді. Бір немесе екі дирһем беріп, күндік немесе екі күн үшін некені қиюға болмайды. Бұлай жасау – зина. Некеде ешқандай сылтауға жол жоқ».

Сондай-ақ, өмірінің біраз уақытын «Неке» мәселесіне арнаған  Шальтут есімді ғалым өзінің «Әл-Фатауа» (пәтуалар) жинағында уақытша некеге қатысты: «Әйелге бір жылда он бір еркекке тұрмысқа шығуына, ал ер адамға күн сайын басқа әйел алуына рұқсат беріп, оған ешбір отбасылық міндет жүктемейтін заң – Алланың заңы емес», – деп ойын түйіндеген.

Құрметті оқырман, ендеше, «жыныстық жиһадқа рұқсат» деп пәтуа беру нағыз білімсіз, надандықтың нақ өзі. Осындай негізсіз, жалған пәтуаларға иланып қалмайық. Ал енді «жыныстық жиһад жасау» дегеніміз, зинақорлықпен тең. Жоғарыда бұған қатысты айтылған нақты дәлелдерді де көрдік. Дін мәселесіне қатысты қандай да бір жағдай туса немесе хабарлама шықса, онда ҚМДБ және білікті әрі білімді дін мамандарына хабарласып, істің ақ-қарасын біліп алған дұрыс. Құдайға шүкір бүгінде дін саласындағы отандық ғалымдарымыз мен сарапшыларымыз бой көтеріп қалды. Еліміз тыныш, бүлік пен бұзықтықтан аман болсын.

 Жалғас Садуахасұлы,

дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз