https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Рамазан-береке айы

01 Шілде 2015 0 comment Оқылды: 2460 рет
                                      

Мейірімді де рахымды Алланың атымен бастаймын.

Барлық мақтау әлемдердің Жаратушысы болған Аллаға болсын, Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айы барша мұсылман жұрты үшін қасиетті де берекелі ай. Өйткені бұл айда адамзатты тура жолға бастайтын ұлы кітап - қасиетті Құран түскен. Бұл ай - мейірімі мол Рахымды Алланың кешірім сұраған пенделерінің күнәларын кешіретін,тәубе еткеннің тәубесін қабыл ететін ай. Мың айдан да қайырлы болып есептелетін қадір түні осы айдың ішінде. Ораза үнемі Алланы есімізге салып, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман  сезім мен ойлардан тазартып, басқаларға жамандық жасаудан сақтандырады. Ораза мінез-құлқымызды жетілдіріп, рухани биік дәрежеге жеткізеді. Мұсылман ораза кезінде тек ішіп-жеуден ғана емес сонымен қатар көзімен харамға қараудан, тілімен өтірік-өсектен, ғайбат айтудан, қолымен жаман нәрсе жасаудан, аяқпен  харам жерге барудан  аулақ болады.

   Жылдың он бір айында ас қортумен шаршап, бөгіп қалған денедегі асқорту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған. Нобель сыйлығының иегері, Француз ғалымы доктор Алексей Корель ораза жайында былай дейді ”Ораза кезінде денеде жинақталып қалған қоректік заттар іске қосылады. Содан кейін олардың орнына жаңалары келеді. Осылайша денеде жаңару процесі іске асады. Ораза денсаулық тұрғысынан өте пайдалы“. Ал Пайғамбарымыздың хадисінде ”Ораза ұстаңдар дендерің сау болады ” дейді.

   Бұл нұрлы да шуақты айда сана-сезімі дұрыс, балиғат (кәмелет) жасына толған, ораза ұстауға денсаулығы жарайтын әр мұсылман ер мен әйелге Алланың разылығын алу ниетімен отыз күн ораза ұстау парыз етілген. Ораза - мұсылманның бес парызының бірі. Құранда Алла Тағала былай дейді : «Ей иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді»  Бақара сүресі 185-аят.

 Пайғамбарымыз с.ғ.с «Барлық нәрсенің есігі бар. Ораза- ғибадаттың есігі».

«Рамазан айында сауап үмітімен ораза ұстаған адамның алдыңғы және соңғы (кішігірім) күнәлары кешіріледі»-дейді.

    Ораза - сөздікте тыйылу, ал шариғатта таң атқаннан күн батқанша ішіп-жеуден бас тартып ауыз бекіту және шахуатты сезімдерден өзін тыюы деген мағына беред».

  Әр нәрсенің шарты болғаны сияқты оразаның да өзіндік бір шарттары бар. Құлшылық - шарттары толық орындалғанда ғана қабыл болады. Ораза Алланың разылығы үшін  ұсталады. Денсаулыққа пайдасы үшін немесе басқа ниетпен емес. Ертең ауыз бекітемін деген адам кешке жатарда “Ниет еттім Алла разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға” деп жатады.Ниетті тілмен де жүрекпен де жасауға болады. Таңғы сәресіге ұйықтап қалған адам кешкі ниетімен оразасын жалғастыра береді. Ауызын ашпайды. Сондай-ақ ұмытып ішіп-жеп қою, құлағына су кіру, көзге, құлаққа дәрі тамызу, тіс жұлдыру, аз мөлшерде қан алдыру , еріксіз құсу, түкірік жұту, тамаққа шаң- тозаң кіру , суға шомылу, ауызды сумен шаю, бой дәретсіз болу оразаны бұзбайды. Байқамай ауызына су кетіп қалса, күнбе күн қазасын өтейді. Ал ауызы берік кезде  әдейілеп ішіп-жеу, шылым шегу, жыныстық жақындыққа бару, оразаны бұзады әрі бір күн үшін арасын үзбей алпыс күн ораза ұстау керек болады. Оған шамасы жетпесе алпыс жоқ-жітікті тойдырып тамақтандырады.

  Қарт, ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын адам, сапарда жүрген адам, аяғы ауыр, емізулі баласы бар әйел оразадан босатылады. Ауыру адам жазылғанда, аяғы ауыр әйел босанған соң, емізулі баласы бар баланы омыраудан шығарғанда, сапардағы адам үйіне келгенде, келесі Рамазан айына дейін бірге немесе бөліп болсын қанша күн қаза қалды, соны өтейді. Ораза ұстап жүргенде қатты шөл мен аштық қысса, денсаулығына зиян келуінен қорықса, шариғатта ауызын ашып жіберуге болады. Кейін қазасын өтейді. Ауыруынан айығуы үміт етілмеген адамдар жағдайы келсе, оразаның әрбір  күніне бір кедейді күніне екі рет таңда және кешке тойдырады.Немесе алпыс кедейді бір күнде таңертең яки кешке тамақтандырады. Құранда Бақара сүресінің 184 ші аятында Алла Тағала “Ораза ұстауға шамасы келмегендер бір жарлының тамағын төлесін”дейді. Оған шамасы келмесе Алладан кешірім тілейді. Қасиетті Құранда “Алла адамға көтере алмайтын жүкті бермейді дейді”. Ислам діні адамға ауырлықты емес жеңілдікті қалайды.

   Биыл Рамазан айы 18-маусымда кіреді. Қадір түні 13-шілдеден 14-не қараған түн. Ораза айт 17-шілде. Айт намазы 17-сі күні таңғы сағат 7:00 де оқылады.

  Қадірменді ағайын, келе жатқан қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын! Алла Тағала ұстаған оразамызды қабыл етсін!

Алакөл ауданының бас имамы Әнет Молдахметов

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз