https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Бас мүфтидің үндеуіне үн қосылды

22 Jun 2015 0 comment Оқылды: 1513 рет

Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі жарияланды. Ислам дініндегі бұл Қасиетті айда, мен мұсылманмын деген адам ораза тұтып, игі істер жасауға ұмтылады. Қазақ халқы үшін де ислам діні сонау заманнан бері рухани өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде ерекше орынға ие. Түргеш қағанаты кезеңінен Қазақстан территориясында тарала бастаған ислам діні, Қарахан мемлекеті тұсында алғаш ресми дін ретінде қабылданғанын тарихтан білеміз. Міне, сол кезден бері елімізді мекен еткен барлық ру-тайпалар ислам дінін ұстанып, оның қағидаларына сүйеніп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері және заңнамалары да ислами тұрғыда қалыптастырып келеді. Тарих тәлкегіне орай тек, ХХ ғасырдың 20-жылдарынан, тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі аралықта дінімізді, тілімізді жоғалтып ала жаздадық. Алланың қалауымен, халқымыздың тілеуімен тәуелсіздігімізді алғаннан бері ата дініміз қайта жаңғырып, еліміздің дамуында, өскелен ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып отыр. Көп ұлтты мемлекетіміздегі бірлік пен татулықты қалыптастыруда да ислам дінің алар орны үлкен. Себебі дінімізде адамдарды ұлты мен дініне бөліп, алалау мұсылманға жат қылық екені тайға таңба басқандай айтылып кеткен. Егер тізбектеп айта берсек ислам дінінін мемлекеттегі істерді тұрақтандыру және дамыту үшін, жеке адамдардың патриот болып, жалпы адами келбетте қалыптасуы үшін бағытталған тәрбилік құндылықтары көп. Соның ішінде бүгінде тілге тиек етіп отырған Оразаның да орны ерекше. 

Расымен де Бас мүфти Ержан Малғажыұлы хазретіміздің атап кеткендей Рамазан- қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі осы айда жасалған барлық қайрымды істердің сауабы үлкен. Рамазан айы мен үшін бір есеп айы іспеттес болып келеді. Осы айда алдынғы оразадан осы оразаға төрт көзіміз түгел аман-есен жеткеніміз үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Және де осы екі ораза айлары аралығында өзімнің істеген істеріме, жеткен қандайда жетістіктеріме, Алланың берген әртүрлі құндылықтарына тағы да шүкіршілік етемін. Осыған орай барлығына тәуба қылып, Алла разылығы үшін рамазан айында ізгі істер мен құлшылығымды еселендіруге тырысамын.

Үндеуде айтылып кеткен ойларға толығымен қосыламын. Әсіресе жомарт, жанашыр азаматтарды мұқтаж адамдарға, әсіресе соның ішінде су тасқынынан үйсіз, күйсіз қалған отандастарымызға қамқор жасауға, табиғи апат себебінен қираған көпірлер мен жолдарды жөндеуге үлес қосуға және жетім, жесір, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақыруы, Бас мүфтиіміздің елдегі негізгі әлеуметтік мәселелерді тереңінен түсінуі және халыққа оң бағыт беруі деп түсінемін. Сонымен қатар Елбасымыздың Ұлытау төріндегі толғауы негізінде ұлт, дін және тіл жайлы айтылған ойларын қолдайтындығын көрсетіп, оны халыққа тағы бір мәрте жеткізіп отыр. Бұл дегеніміз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Елбасы саясатын қолдап, оны іске асыруда әрқашан еңбек ететіндіктерінің дәлелі деп білемін. Білдірген тілектерінің ішінде халықты құдай астар мен тойлардың басталуын ауызашар уақытынада ұйымдастыру туралы айтақан ойы да көңілге сиымды. Шынымен де ораза тұтқан адамға дастархан басында ауызашар уақытын тосып отыру ауыр келеді. Сондықтан ондай шараларды атаған уақытқа қою орынды деп ойлаймын. Және де халықты осы айда отбасы құндылығын арттыруға шақырады. Отан- отбасынан басталса, ондағы өсіп жатқан әрбір бүлдіршіннің, жастардың иманды, Отаны мен халқын сүйетін, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын ардақ тұтар азаматтар болып өсуі бәріміз үшін маңызды. Себебі жастар ол біздің болашағымыз. Ертеңін ойлайтын әрбір азамат бұған көңіл бөлсе болашағымыздың жарқын болары анық. Расымен де Рамазан- ол бірлік айы. Осы айда ұйымдастырылатын ауызашар, игі іс-шаралар мен қайрымдылық акциялары да көп ұлтты халқымызды ұлты мен дініне қарамай ортақ істерге апарады деген сенімдемін. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі бүгінгі күннің талабына сай, уақытылы жарияланды деген ойдамын. Осы айда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттеріміз қабыл болып, келесі Оразаға еліміз тыныш және халқымыз аман-есен жетуге нәсіп етсін.

   

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті,

Мәдениет және өнер факультетінің деканы,

Тарих ғылымдарының кандидаты

Толамисов Амангелді Ғабдылкәрімұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз