https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Имам әл-Матуриди ақидасы

04 Jun 2015 0 comment Оқылды: 1834 рет

Хижри жыл санауы бойынша IV ғасырдың басында әһли сүннет кәламы (ислам дінінің сенімге қатысты мәселелерін  зерттейтін ғылым саласы) пайда болды. Бұл ғылымның негізін Самарқандық имам Әбу Мансур Әл-Матуриди қалады.

Имам Матруди, әсіресе, Ислам ақидасы мен кәлам саласында ақыл-ойға басты мән берген. Қазіргі таңда әһли сүннет ақидасы деген сөз естілсе, артынша Имам Матуриди және Имам Әшғари атты ғалымдар аттары дереу жадыға келеді. Бұның себебі осы екі имам ислам тарихында ойып орын алатын екі әһли сүннет ақидасының мектебін құрған.

 Имам Матуридидің толық аты-жөнін Кәмаладдин әл-Баязи өз еңбегінде былай деп береді: «әл-Имам Абу Мансұр Мұхаммад ибн Мұхаммад ибн Махмұд әл-Матуриди әл-Әнсари». Әлемдегі барша мұсылмандардың 90 пайызын сунниттер, қалған 10 пайызын басқалар құрап тұр. Сол 90 пайыздың 87-пайызын Матуриди-Әшғари мектебіне қарасты әһли сүннет уал жамағат құрайды. Әһли Сүннет фихқта төрт мәзһабқа негізделеді.

1-Ханафи 
2-Шафиғи
3-Малики 
4-Ханбали. 

Ал, Ақида саласында екіге бөлінеді: Әшғари және Матуриди сеніміндегі ұстаным. Бұл сенім ілімін кеңінен дамытып жайған ғалымдар Әбу Мансұр әл-Матуриди мен Әбул-Муии әл-Насафи еді. Имам Матуриди сенім мәселелерін талқылауда имам Әбу –Ханифаның іліміне тікелей жүгінетін.

Имам Матуридидің еңбектеріне келсек, Кәлам саласында танымал еңбегі «Китаб ат-Таухид», ал тәпсір саласындағы танымал еңбегі – «Тәуилату әл-Куран». Ол, сондай-ақ, тағы басқа осындай үлкен кітаптарға еңбегін сіңіріп, шәкірттер тәрбиелеген. Осындай еңбектерінің нәтижесінде IХ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың басында Мауараннаһрда Матуриди сенім мектебі қалыптасты.

Бұл мәзһаб әуелден Ханафи-Матуриди ретінде Хорасан мен Мауараннаһрда, кейіннен Орта Азияда кеңінен жайылып, қазіргі күнге дейін  өз жалғасын табуда. 

Имам Матуриди Шейх, Шейхул ислам, Имам ал-һуда (тура жол имамы), Аләмул һуда(туралықтың білгірі), Роиса Машаиихи Самарқанд (Самарқанд ғалымдарының басшысы), Имаму Аһл-сунна, Имам Ал-Мутакаминии деген лақап атпен де танылған.

Әбул Муии әл-Насафи имам Матуриди жайлы былай дейді: Ол пікір таластарда қарсыластарын уәжге жығып, бар сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беретін.Оның пікіріне сүйсінген ұстазы Шейх Әбу Наср әл-Яди: 

وَرَبُّكَ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ وَيَخْتَارُ ۗ مَا كَانَ

«Раббың қалағанын жаратады да сұрыптайды», - деген аятты айтып, Матуридиді мақтайтын. Тіпті ұстазы Әбу Мансур әл-Матуриди келмей дәрісін бастамайтын. Сондай-ақ, кейінгі дәуір ғұламалары да «Матуриди алдыңғы қатарлы имамдардан. Ол хақ дінді тура түсіндіру жолында ерекше қызмет еткен тұлға» деп мақтан еткен.

Екі имам да Құран Кәрімді зерттеу барысында ақыл мен қисынға мейлінше сүйенген. Олардың бірі екіншісіне қарағанда ақылға көп арқа сүйеді. Имам Әшғари Алла тағаланы Құран-хадис арқылы тануға көбірек мән берсе, имам Матуриди имам Ағзамның жолын ұстанып, Алланы ақылмен тануға бейімділік танытты. Имам Әшғари ақыл-ой бір нәрсенің жаман-жақсысын шариғатсыз ажырата алмайды десе, имам Матуриди шынайы ақыл жақсы-жаманды өздігінен ажырата алатынын айтады. Имам Матуриди ақиқатқа жету үшін ақылды қолданғанда, әсіре сілтеп жібермей, ақыл мен қисынға орнымен жүгінеді. Ал имам Әшғари мен оның ізбасарлары нақылға (Құран мен Сүннетке) көп мән беруімен өзгеше. Осыған орай, Матуридилікті Мұғтазила мен Әшғарилік арасындағы ақида мәзһабы деп түюге негіз бар. Ал Әшғарилік – Мұғтазила мен фиқһ-хадис ғалымдарының арасындағы мәзһаб. Имам Матуриди ақылға шариғаттың шеңберінде жүгінді. Нақылмен бірге, ақылды да ақиқатты танудың қайнар көзі деп білді. Имам Әшғари да ақиқатқа дәлел келтіруде нақылға ақылды сүйеніш еткен. Бірақ ол ақылды ақиқатты танудағы нақылға көмекші құрал ғана деп түсінді. Ал имам Матуриди ақылды да сенім мәселелеріне қатысты дәлел келтірудің дербес қайнар көзі деп білді, бірақ мұғтазилиттер секілді нақылсыз жалаң ақылмен ақиқатты табуға бас қойып қателікке ұрынбады. Ақыл бойлай алмайтын жайттарды мойындады. Аят, хадис негізінде ақылмен әрекет етуді үндеген имам Матуриди Құран Кәрімге түсіндірме жасағанда, мағынасы айқын білдірілмеген аяттарға мағынасы анық аяттар негізінде жорамал жасау тәсілін қолданды. Оның пікірінше, егер адамның ақылы діни мәтіндерді тәуил жасауға күші жетпесе, оларға иман келтіріп қана тоқтаған жөн. Сахабалар мен табиғиндердің мағынасы анық емес діни мәтіндерге қатысты ұстанымдары да осындай еді. Имам Матуриди Құран Кәрімді мүмкіндігінше аяттармен тәпсірлеуге тырысты. Себебі Құран Кәрім аяттарында қарама-қайшылық кездеспейді: «Егер Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық табатын еді» [1]. Имам Матуридидің мағынасы анық емес аяттарға түсіндірме жасауы, фиқһшылар мен хадисшілердің ұстанымына қайшы келсе де, сол дәуірдің заманауи қажеттілігі еді. Ислам қанатын кеңге жайған сайын, ескі діндер мен мәдениеттердің ықпалына ұшырай бастады. Ислам ғұламалары мутәшәббиһ аяттарға түсіндірме жасамағанмен, дүбәра сенімдегі кейбір ғалымсымақтар Исламдағы мағынасы анық емес мәтіндерді өз білгендерінше белгілі бір ғылыми тәсілсіз жорамалдай бастады. Олардың азғын пікірлерінен дінді құтқару мақсатында имам Матуриди мутәшаббиһ аяттарды Ислами негіздерге қайшы келмейтіндей тұрпатта жорамалдап, халық сенімінің бұзылуына тосқауыл қойды. Сүнниттік ақида мен кәләм мектебін құрушы екі мектеп те алдымен нақылға (аят пен хадис) сүйеніп, одан кейін ақылға мән береді. Олар ақида саласында ақылға мүлдем мән бермеген фиқһ-хадис ғалымдары мен ақылды шектен тыс қанаттандырып жіберген Мұғтазила ағымының ортасынан орын тепті. 

Әшғарилік пен Матуридиліктің арасындағы ең басты өзгешеліктері

• Имам Матуриди бойынша Алла пендесіне күші жетпейтін нәрсені жүктемейді және оны күші жетпейтін іске жауапты қылмайды. Себебі, Құранда былай дейді: «Алла кісіге шамасы келмейтінді жүктемейді...», [2]. Ал Имам Әшғари пікірінше, Алла қаласа, пендеге күші жетпейтін нәрсені бұйырып, оған жауапты етуі мүмкін;

• Имам Матуриди адамның ақылымен Алланың бар және бір екенін білуі парыз десе, имам Әшғари парыз емес деді. Матуриди бойынша діни үгіт-насихат болсын-болмасын, адам Алланы ақылымен тауып, сенуі керек. Мысалы, тау басында өмір сүрген адам біздің сеніміміз бойынша Алланың бар екендігін ақылымен тауып, оған сенуі керек. Бірақ оған дінді ешкім үйретпегендіктен мұндай жағдайда ондай пенде діни міндеттерден жауапқа тартылмайды. Әшғарилер бойынша діни үгіт-насихат жасалмаған жердегі адамдар Алланы ақылымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес;

• Имам Матуриди «иманкемімейді де артпайды да» десе, имам Әшғари «иманныңкемуі де, кемелденуі де мүмкін» деді;

• Имам Матуриди қазір мүмін болған адамды мұсылман дейміз, бірақ та өлер алдында кәпір болса, күпірлікке кірген болып табылады десе, Имам Әшғари күпірлікпен өлген адам өмір бойы кәпір болған болып саналады дейді. Өмірінің соңында мүмін болып өлген адамға да осылай (өмір бойы мүмін болған) дейміз деді;

• Имам Матуриди: «Иншалла мүмінмін» деуге болмайды (бұлай деу өзінің иманына шүбә келтірушілік) десе, имам Әшғари бұлай деп айтуға болады деп ұқты. (Осы себептен де, Матуридия мәзһабындағылар: «Дінің не?» деп сұрағандарға, «Әлһамду-лилла, мұсылманмын» деп жауап береді. Ал, Әшғария мәзһабындағылар: «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап береді;

• Имам Матуриди «иман мен Ислам» бірдесе, имам Әшғари «екеуі екі басқа нәрсе, Ислам сенім мен бойұсыну болса, иман сенімін амалмен дәлелдеу» деп білді;

• Әшғарилер жан алқымға келгенде жасалған тәубе қабыл емес десе, Матуридилер мұндай тәубенің қабыл екендігін білдіреді. Бірақ, жан алқымға келгендегі иманның жарамсыздығын айтады;

• Әшғарилер бойынша бір нәрсенің жақсы немесе жаман (хусн-қубх) екенін ақыл біле алмайды. Бұлардың жақсы немесе жаман екендігі Алланың әмірі мен тыйымдары нәтижесінде анықталады.

• Матуридилер бойынша жақсы мен жаманды ақылмен білуге жол ашық. Алла бір нәрсенің жақсы болғандығы үшін әмір етіп, жаман болған нәрсеге тыйым салған;

• Әшғарилер бойынша Алланың жасағандарынан себеп іздестірілмейді және бір хикметпен байланысы да жоқ. Өйткені Алла жасағандарынан жауапты емес.

• Матуридилер бойынша Алланың жасаған нәрселерінің бір хикметі бар және себепке сүйенеді. Өйткені, Алланың әр бір ісінде бір хикмет бар. Ол бәрін біледі және Хәкім;

• Имам Әшғари Алла Тағаланың адамдарға дінді түсіндіруші пайғамбарлар жіберуі уәжіп емес десе, имам Матуриди пайғамбарлардың жіберілуі Алланың Хикмет сипатының қажеттерінен деді.

Негізінен екі ғұлама да өз пікірлеріне Құран Кәрім және ақыл мен қисын тұрғысынан нақты дәлелдер келтіре алған. Осылардың кейбіріне тоқталып өтер болсақ.

Имам Матуридидің пікірінше, пайғамбардың ер адам болуы міндетті. Ол өзінің пікіріне Құран Кәрімнен мынандай дәлел келтірді:

1. «(Мұхаммедс.ғ.с.) сенен бұрын да уахи етіп тек ер адамдарды ғана елші етіп жібердік. Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» [3].

2. «Сенен бұрын да кенттердің халқынан өздеріне уахи етіп, ер адамдарды ғана жібердік» [4].

3. «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, ер адамдарды ғана жіберген едік» [5]. Сондай-ақ, ғалымның пікірінше, халиф, әкім, әмірші, қолбасы және қазының да әйел затынан тағайындалғаны дұрыс емес.

Себебі, әйел затының нәзіктігі бұл міндетті көтере алмайды. Бірақ әйел адам пәтуа бере алады деді. Ал имам Әшғаридің көзқарасы бойынша, пайғамбар әйел затынан да келуі мүмкін. Оның дәлелі ретінде Құран Кәрімнің мына аяттарын ұсынады: «Біз Мұсаның анасына уахи еттік» [6], «Мұсаның анасына: «Оны еміз де, оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да, оны пайғамбарлардан қыламыз» деп уахи еттік» [7].

Бұл ойдың иелері осы аяттардың әйел затына да Алладан уахи түсетінін білдіретіндігін, ал уахидің келуі пайғамбарлық белгілерінің бірі екендігін айтқан. Сондай-ақ, имам Әшғари ұстанымы әйел адам пәтуа бере беретіндігін, әкім және дін уағызшысы да бола алатындығын алға тартқан. Себебі, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – олардың да парызы.

Руслан Тыныштықұлы,
ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы 

muftyat.kz

1. «Ниса» сүресі, 82-аят
2. «Бақара» сүресі, 286-аят
3. «Нахыл» сүресі, 43-аят
4. «Юсуф» сүресі, 109-аят
5. «Әнбия» сүресі, 7-аят
6. «Таха» сүресі, 38-аят
7. «Қасас» сүресі, 7-аят
 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз