https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

«Ислами әдеп» деген не?

30 May 2015 0 comment Оқылды: 4657 рет

Қазақ сөзіне айналған «әдеп» сөзінің шығу төркіні – араб тілі. Дәл сол «әдеп» (أدب) сөзінің синонимы «مكارم الأخلاق» (макаримүл-ахләқ), яғни «әдептілік, көркеммінезділік» деп айтады.

Шариғат саласында да әдептілік дәл осы «مكارم الأخلاق» (макаримүл-ахләқ) сөзімен белгіленеді.

Ендігі кезекте осы әдептілік мәселесін дін тұрғысынан егжей-тегжейлі талқыласақ.

Дін тұрғысынан әдептілік тақырыбын алты негізгі тармаққа бөлсе болады. Ол:

- Әдептіліктің тілдік және шарғи мағынасы;

- Әдептіліктің маңыздылығы;

- Әдептіліктің шарт-талаптары;

- Әдептілік нышандары;

- Әдептілік жолдары;

- Әдептілік нәтижесі.

1. Әдептіліктің тілдік және шарғи мағынасы.

Тіл (лингвистика) саласында әдептілікті «табиғи қасиет, табиғи қалып, инабаттылық, дін» деп те айтады. Зерделей білген адам араб тіліндегі «әдептілік» сөзінің тілдік ұғымының өзі адамға жат емес екенін көрсетіп тұрғанын аңғарады.

«Әдептілік» сөзінің шарғи ұғымына келер болсақ, ол (сөзбе-сөз): пенденің ойланбастан өз жаратылысына сай ізгі амал істеуі. Осы ұғым өзіне «барша жақсы амал» ұғымын қамтиды. Ол: жақсы ойда болу, өтірік айтпау, біреуге көмектесу т.с.с.

Айта кететін жайт; Әдептілік пайғамбарларға, шыншыл әрі ізгі пенделерге тән сипат. Әдептілік пенденің Аллаһ Тағаланың назарындағы дәрежесін көтереді. Көркеммінезділік – жәннатқа лайық болудың бірден-бір жолы. Сонымен қатар, әдептілік дегеніміз жайдарылық, тек жақсылық істеп, өзгелерге азар жеткізбеу.

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ъанһу) Нәбиден (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Уа Расулуллаһ! Көркеммінезділік деген не?»,-деп сұрағанда, Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) былай деп жауап берген:

"تُعْطِي مَنْ حَرَمَكَ، وَتَصِلُ مَنْ قَطَعَكَ، وَتَعْفُو عَمَّنْ ظَلَمَكَ"

-«Қолыңды қайтарғанға беруің, сенімен қатынасын үзген біреумен қатынасыңды жалғастыруың, саған зұлымдық еткенді кешіруің». («Мажмаъуз-Зауаид», 13473)

2. Әдептіліктің маңыздылығы.

Имам Ахмад Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм):

"إِنَّمَا بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ صَالِحَ الأَخْلاَقِ"

-«Мен көркеммінезділікті толықтыру үшін пайғамбар етіліп жіберілдім» деген. («Мажмаъуз-Зауаид», 13683)

Басқа бір риуаятта: «مَكَارِمَ الأَخْلاَقِ» деген. («Кәшфүл-Хафа», 916)

Осыған қатысты Хақ Тағала «Әли Имран» сүресінің 164-ші аятында:

"لَقَدْ مَنَّ اللّهُ عَلَى الْمُؤمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولاً مِنْ أَنْفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ"

- «Расында, Аллаһ Тағала мүміндерге қамқорлық етіп, олардың өз араларынан елші жіберді. Ол оларға Аллаһ Тағаланың аятын оқиды, оларды күнәдан тазартады және оларға Құран мен даналықты үйретеді»,-деген.

Тафсирлерде осы аяттағы «даналық» сөзі «сүннет» деп айтылған. Ал, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сүннеті өзіне өзге мәселемен қатар әдептілікті де қамтиды. Бұл мәселеде шәк жоқ! Әдептіліктің діндегі орыны қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ байқаса болады.

Имам Әл-Хаким Сәһл ибн Сағдтан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте:

»إن الله كريم يحب الكرم ويحب معالي الأخلاق ويكره سفاسفها«

-«Ақиқатында, Жомарт болған Хақ Тағала жомарттықты жақсы көреді. Сонымен қатар, Аллаһ Тағала адамгершіліктің жоғары қасиеттерін ұнатып, ақымақтықты жеккөреді»,-деген.

Демек, адамгершіліктің шыңы болған әдептілік Жаратушы Иенің разылығына лайық болудың бірден-бір жолы десек қателеспейміз.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) көптеген хадисінде мұсылман қауымын әдептілікке үндеген әрі үндеп қана қоймай, өзі осы мәселеде өнеге болған.

Абдуллаһ ибн Омар (родиял-лаһу ъанһу) айтады:

"لَمْ يَكُنْ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَاحِشًا وَلاَ مُتَفَحِّشًا. وَكَانَ يَقُولُ: إِنَّ مِنْ خِيَارِكُمْ أَحْسَنُكُمْ أَخْلاَقًا"

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсiздiк iстемейтiн әрі ол: «Сендердiң абзалдарың мiнез-құлығы жақсы болғандарың»,-деп айтатын». («Сахихүл-Бухари», 5688)

Муғаз ибн Жабәл (родиял-лаһу ъанһу) айтады:

"قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم: اِتَّقِ اللهَ حَيْثُمَا كُنْتَ، وَأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَة تَمْحُهَا وَخَالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَن"

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) маған былай деп өсиет етті: «Қайда болсаң да Аллаһ Тағаладан қорқушы бол! Бір жамандық істеп қойсаң, артынша оны жуып-шаятын жақсылық істе әрі адамдармен (қарым-қатынаста) көркеммінезде бол». («Әл-Жәмиъус-Сағир», 115)

3. Әдептіліктің шарт-талаптары.

Әдептілік мәселесінде мұсылман пендеден екі нәрсе талап етіледі:

1. Хақ Тағалаға деген ықылас;

2.Әдептілік амалы Аллаһ Тағаланың сөзі болған Құран мен Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сүннетіне негізделуі тиіс.

Мұның мәнісі: Ақыретті көздеген мұсылман пенде әрбір ісін тек Аллаһ Тағаланың дидары үшін істейді. Бұл – оның әмірлік мақсаты. Сондықтан да, ол барлық мәселеде, соның ішінде, әдептілік ісінде Құран мен сүннетке назар салады. Осылай болмаған жағдайда табандылық керек орында әлсіздік, шындық қажет жағдайда жалған болуы ықтимал.

Тағы бір айта кететін жәйт; біреулер тіршілік ісін «дүниеауи-діни» деп бөліп жатады. Ал, негізінде мұсылман үшін бар әрекеті діни, яғни, Ақырет үшін болуы тиіс. Болмаса, әрекетімізді «дүниеауи-діни» деп бөлуді «бірде былай, бірде олай», «бірде мұсылман, бірде мұсылман емес» деп түсінсе болады. Ал, мұсылман өмірінің әр мезетінде «мүмин» (иманды) болуы тиіс.

Келесі мәселе: мұсылман бір мезетке болса да дінде болмауы мүмкін бе? «Иә» дегеніміз «ол аз уақытқа болса да имансыз болады» дегенмен тең емес пе?! Бұлай болуы дұрыс емес! Демек, мұсылман пенде үшін «дүниеауи-діни» деген ұғым жат. Ол үшін бар ісі, тіпті, ұйқысының өзі Аллаһ Тағаланың разылығы үшін болуы міндетті. Яғни, мұсылман шаршаса, «Ұйықтап демалуым керек. Сонда құлшылыққа деген құлшынысым бүгінгіден де басым болады» деп ұйықтайды.

Әдептілік мәселесіне келер болсақ, Имам Бухари Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте былай делінген:

"خَيْرُكُمْ إِسْلاَمًا أَحَاسِنُكُمْ أَخْلاَقًا إِذَا فَقَّهُوا"

«Араларыңда діндарлығы абзалы, егер дiннен хабары болса, мiнез-құлығы көркем болғандарың»(«Әл-Әдәбүл-Муфрад», 285)

Жоғарыда мұсылман пенде әрбір ісінде, ғұмырының әр мезетінде діндар болуы тиіс деп айтқан болатынбыз. Ал, хадистен діндарлық пен көркеммінезділіктің өзара тығыз байланыста екені көрініп-ақ тұр. Демек, діндарлық пен әдептілікті бөлек қарастырудың жөні жоқ.

4. Әдептілік нышандары.

«Әдептілік нышандары» деп шариғат талаптарына сай көркеммінезділіктің белгілерін айтамыз. Әрбір мұсылман пенде бойында төмендегі ислами әдептілік нышандарына қол жеткізуды көздеп, сол арқылы иманын кемелдендіруі тиіс. Олар төмендегінше:

1. Өзі қалаған нәрсені өзге мұсылмандарға да лайық көру.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"لاَ يَبْلُغُ عَبْدٌ حَقِيقَةَ الإِيمَانِ حَتَّى يُحِبُّ لِلنَّاسِ مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ"

«Өзiне тiлегендi өзгелерге де тiлемейiнше пенде иманның ақиқатына жете алмайды». («Канзүл-Ъүммәл», 103)

Тағы бір хадисте былай деген:

"لاَ يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى يُحِبُّ لأَخِيهِ مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ"

«Өзiне тiлегендi өзінің мұсылман бауырына тiлемейiншесендердің бірің де ақиқат иман келтірген болмайды». («Сахиху Муслим», 71)

2. Төменде аталып көрсетілген сегіз мәселеде сабырлық ету. Себебі, мұның бәрі көркеммінезділіктің нышанына жатады. Ол:

1. Тағдыр мәселесінде.

Аллаһ Тағала айтады:

"مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ فِي الأَرْضِ وَلاَ فِي أَنْفُسِكُمْ إِلاَّ فِي كِتَابٍ مِن قَبْلِ أَن نَبْرَأَهَا إِنَّ ذَلِكَ عَلَى اللهِ يَسِيرٌ (22) لِكَيْلاَ تَأْسَوْا عَلَى مَا فَاتَكُمْ وَلاَ تَفْرَحُوا بِمَا آتَاكُمْ وَاللهُ لاَ يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ (23)"

«Жер жүзіне сендерге бір бейнет келетін болса, ол жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шәксіз бұл Аллаһ Тағалаға жеңіл. Бұл өткенге өкінбеулерің және өздеріңе берілгенге сүйінбеулерің үшін. Аллаһ Тағала барлық тәкаппар әрі мақтаншақты жақсы көрмейді». «Хадид», 22-23 аят

Дана халқымыздың «Болған іске өкінбе, келер іске бекін», «Артық байлыққа тасыма, қолың жетпесе жасыма», т.б аталы сөздері осы мәселеге қатысты айтылып, тағылымды тәрбие беріп тұрған жоқ па.

2. Сабырлық мәселесінде.

Аллаһ Тағала айтады:

"لَتُبْلَوُنَّ فِي أَمْوَالِكُمْ وَأَنفُسِكُمْ وَلَتَسْمَعُنَّ مِنَ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَمِنَ الَّذِينَ أَشْرَكُواْ أَذًى كَثِيرًا

وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ فَإِنَّ ذَلِكَ مِنْ عَزْمِ الأُمُورِ"

«Сендер мал-жандарың мәселесінде міндетті түрде сыналасыңдар. Сондай-ақ, сендерден бұрыңғы Кітап берілгендерден және мүшріктерден де көптеген реніш естисеңдер. Егер сабыр етсеңдер әрі сақтансаңдар, шәк жоқ, бұл - маңызды іс». («Әли Имран», 186 аят)

Атамыз қазақ сабырды мақұл көріп, «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» дейді.

3. Кеңпейіл, кешірімді болу мәселесінде.

Аллаһ Тағала айтады:

"وَجَزَاء سَيِّئَةٍ سَيِّئَةٌ مِثْلُهَا فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الظَّالِمِينَ"

«Жамандықтың жазасы істелген жамандыққа тән. Ал кім кешірім етіп, жарасса, оның сыйы беру Аллаһ Тағаланың еншісінде. Ақиқатында Аллаһ Тағала залымдарды жақсы көрмейді». («Шура», 40 аят)

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"وَمَا زَادَ اللهُ عَبْداً بِعَفْوٍ إِلاَّ عِزًّا وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ للهِ إِلاَّ رَفَعَهُ اللهُ"

«Аллаһ Тағала кешiрiмдi болған пендесiнiң абыройын арттырып, Жаратушысының разылығы үшiн кiшiпейiлдi болғанның дәрежесiн көтередi». («Сунәнут-Тирмизи», 2098)

Дана қазақ бұл мәселеге қатысты «Кең болсаң, кем бомайсың» деген.

4. Тағдырға разы болу.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады.

"مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ رِضَاهُ بِمَا قَضَى اللهُ لَهُ، وَمِنْ شَقَاوَةِ ابْنِ آدَمَ تَرْكُهُ اسْتِخَارَةَ اللهِ، وَمِنْ شَقَاوَةِ ابْنِ آدَمَ سُخْطُهُ بِمَا قَضَى اللهُ لَهُ"

«Адам баласының бақыты – Аллаһ Тағаланың белгiлеген тағдырына разы болуы. Адам баласының бақытсыздығы – жақсылықты Аллаһ Тағаладан тiлемеуi және Оның белгiлеген тағдырына разы болмауы». («Канзүл-Ъүммәл», 30781)

Бақытты болу, бақытқа қол жеткізу – әрбір пенденің асыл арманы. Алайда бақыттың өлшемі мен ұғымы адамзаттың санына сай. Біреу бақыт деп денсаулықты түсінсе, біреу байлық деп біледі. Әлде біреулер жиғаным деп түсінеді. Бірақ оның бәрі өткенші. Ешкімнің де тақиясына тар келмейтін бақыттың бір түрі бар. Ол – Аллаһ Тағаланың разылығына лайық болу. Ал, мұның бірден-бір жолы – тағдырға разы болу. Хақ Тағаланың разылығына лайық болу мәртебесі мен мәңгі жәннатты нәсіп етіп жатқан нәрсе нағыз бақыт болмағанда, басқа не нәрсе баянды бақыт болмақ?!

5. Тек жақсылық істеу.

Аллаһ Тағала айтады:

"وَلا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ"

«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандыққа жақсылықпен жауап бер. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу өте жақын достай болып кетеді». («Фуссилат», 34 аят)

Бұған қатысты аталарымыздан қалған «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейтін даналық сөз бар.

6. Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю.

Аллаһ Тағала айтады:

"وَأْمُرْ بِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنكَرِ وَاصْبِرْ عَلَى مَا أَصَابَكَ إِنَّ ذَلِكَ مِنْ عَزْمِ الأُمُورِ"

«Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтар әрі басына түскен қиыншылыққа сабыр ет. Әлбетте, бұл маңызды іс». («Лұқман», 17 аят)

7. Хақ Тағаланың нығметіне шүкіршілік ету.

«Зумар» сүресінің 10-шы аятында Аллаһ Тағала:

"إِنَّمَا يُوْفَى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ"

Ақиқатында сабырлы болғандарға сауаптары есепсіз етіліп беріледі» деген.

Шүкіршілік – сабырлықтың бір көрінісі. Қалайша дейсіз бе? Иманды, тура жолда болғаны үшін Хақ Тағалаға шүкіршілік ету үшін сабырлық керек, Жаратушы Ие берген нығметіне үнемі шүкіршілікте болу үшін сабыр керек, Хақ Тағалаға деген шүкіршілік тек тілде емес, бәлкім, жүрек пен амалда болу үшін сабырлық керек. Осы айтылғаннан-ақ шүкіршілік пен сабырлықтың арасындағы тығыз байланысты байқауға болады.

8. Барлық істе адамзаттың төресі болған Пайғамбарымыз Мухаммадты (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) өнеге тұту.

Бұл мәселеге қатысты Аллаһ Тағала «Ахзаб» сүресінің 21-ші аятында былай деген:

"لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُوا اللهَ وَالْيَوْمَ الآخِرَ وَذَكَرَ اللهَ كَثِيرًا"

«Араларыңда Аллаһ Тағаланың сауабы мен Ақырет күнінен үміттенген және Хақ Тағаланы көп зікір еткендер үшін Аллаһ Тағаланың елшісінде көркем өнеге бар». («Ахзаб» сүресі, 21 аят)

Қазіргі күні біз кімге еліктеп, кімге ұқсауға тырысып жүрміз? Жаныңыздағы өзін «мен мұсылманмын» деген біреуден Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) шығу тегі, отбасы мүшелері, оның сахабалары, Ислам тарихы жайында сұрап көріңіз, ол не деп жауап берер екен? Құдай ақы, жауап берсе де, оның өзі көп болмас. Бірақ бір әншінің әндері мен әдеттері, ол кіммен қосылып, кімнен ажырасып жатқанын сұрасаңыз, мүдірмей айтып береді. Тіпті, одан өзіңіз күткеннен де артық жауап аларыңыз сөзсіз. Ал негізінде қалай болу керек еді?

5. Әдептілік жолдары.

Шыны керек, көп жағдайда біз «әдептілік» дегенде ілтипатты болу, дөрекі сөйлемеу, жайдары болу, т.с.с. түсінеміз. Рас, осы айтылғанның бәрі әдептілікке жатады. Дегенмен, бұл істің бір жағы ғана десек қателескен болмаймыз. Себебі, әдептілікке деген діни көзқарас бұл айтылғаннан әлде қайда ауқымды, кең категория. Мәселен:

1. Аллаһ Тағала мен пенденің арасындағы әдептілік. Мұның мәнісі: пенде Хақ Тағаланы Жаратушы Ием деп тану, Оның әмір-талаптарын орындау, істе дегенін істеу, тыйған нәрсесінен тыйлу;

2. Пенде мен Нәбидің (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) арасындағы әдептілік: Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сүннетіне еру. Барлық істе оны өнеге тұту;

3. Мұсылмандардың өзара әдептілігі: мұсылмандар бір-бірін бауыр деп білу. Бір мұсылман өзін екінші мұсылманнан жоғары қоймау. Жақсылықта бір-біріне ортақтасу, жамандықтан қайтару;

4. Мұсылман мен өзге дін өкілдерінің арасындағы әдептілік: мұсылман өз қылықтарымен дінге тіл тиюіне жол бермеу. Өзге дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болу. Мұсылман өз иманын күшейтіп, өзге дін өкілдерін ақиқатқа, яғни Ислам дініне үндеу;

5. Мұсылманның құлшылықтағы әдептілік: Аллаһ Тағала міндеттеген құлшылықты өз уақытында, өз орнында, шариғат талаптарына сай орындау. Құлшылық ісіне немқұрайды қарамау. Мұсылман құр сөз емес, құлшылық екенін ұғыну;

6. Мұсылман мен өзге жаратылыс арасындағы әдептілік: жер, жер өнімдері, таза ауа, су, т.б. қадірін білу. Айналасын ластамау. Қолындағы малға тиісті деңгейде қарау. Тіпті, малды бауыздағанның өзінде оған артық азар жеткізбеудің жағдайын қамтамасыз ету. Мысалы, бауыздалатын малдың мойынын мұқалып қалған пышақпен ормастан, өткір пышақпен бауыздау. Аллаһ Тағаланың несібе етіп бергенін ысырап етпеу.

Осы айтылғанға қосымша мұсылманның туыс, көрші, ауылдасқа қатысты әдептілік қағидалары, жұмыс мәселесі т.с.с. айтса болады. Алайда, біздің мақсат соның бәрін тізіп беру емес, бәлкім, әдептілік жайында түсінік беру.

6. Әдептілік нәтижесі.

«Әдептілік нәтижесі» дегенде әдепті болудың артықшылықтары ойға оралады. Мұны шариғатта «فضائل» (фадаил) деп бір ғана сөзбен атайды. Сонымен, әдептіліктің артықшылығына келер болсақ:

- Әдептілік – береке көзі.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"حُسْنُ الْجِوَارِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ يُعَمِّرَانِ الدِّيَارَ وَيَزِيدَانِ فِي الأَعْمَارِ"

«Жақсы көршілік және көркеммінезділік елді көркейтіп, ғұмырды ұзартады». («Канзүл-Ъүммәл», 5408)

- Әдептілік Ақыретте таразының оң жағын салмақты етеді.

Нәби (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"مَا مِنْ شَيْءِ يُوضَعُ فِي الْمِيزَانِ أَثْقَلُ مِنْ حُسْنِ الْخُلُقِ"

«Қиямет күнi таразыға қойылған нәрсенiң iшiнде көркем мiнезден ауыр нәрсе болмайды». («Тухфатүл-Ахуази», 2011)

Әнас ибн Малик (родиял-лаһу ъанһу) айтады:

"أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَقِيَ أَبَا ذَرٍّ فَقَالَ: يَا أَبَا ذَرٍّ، أَلاَ أَدُلُّكَ على خَصْلَتَيْنِ هُمَا أَخَفُّ على الظَّهْرِ وَأَثْقَلُ فِي الْمِيزَانِ مِنْ غَيْرِهِمَا؟ قَالَ: بَلَى، يَارَسُولَ اللهِ، قَالَ: عَلَيْكَ بِحُسْنِ الْخُلُقِ وَطُولِ الصَّمْتِ، وَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ مَا عَمِلَ الْخَلاَئِقُ بِمِثْلِهِمَا"

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Әбу Заррды (родиял-лаһу ъанһу) кездестіріп: «Уа, Әбу Зарр! Мен саған істеуге өте жеңіл, таразыда тым ауыр екі нәрсе жайында айтайын ба?»,-деп сұрады.

- Уа, Расулуллаһ! Әрине, айтыңыз.

- Көркеммінезді болып, көп сөйлеме. Мухаммадтың жаны билігінде болған Хақ Тағаламен ант етемін! Жаратылған ешбірі осы екі амалдан артық іс істей алмайды». («Канзүл-Ъүммәл», 8405)

- Әдептілік – кәміл иманның белгісі.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"أَكْمَلُ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَانًا أَحْسَنُهُمْ خُلْقًا وَخِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسَائِهِم"

«Мүминдердiң iшiнде иманы ең кәмiлi  мiнез-құлқы жақсы болғаны. Ал сендердiң ең жақсыларың  әйелiмен жақсы мәмiледе болғандарың». («Муснадүл-Имами Ахмад», 2/472)

"إِنَّ مِنْ أَكْمَلِ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَاناً أَحْسَنُهُمْ خُلُقاً وَأَلْطَفُهُمْ بِأَهْلِهِ"

«Расында, мүминдердің ішінде иманы ең кәмілі – меніз-құлқы жақсы және жанұясына мейірімді болғаны». («Сунәнут-Тирмизи», 6212)

- Әдептілік пендені Аллаһ Тағаланың сүйіспеншілігіне лайық етеді.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"أَحَبُّ عِبَادِ اللهِ إِلَى اللهِ أَحْسَنُهُمْ خُلُقاً"

«Пенделердің ішінде Хақ Тағала үшін ең сүйіктісі – мінез-құлығы ең көркем болғаны». («Кәшфүл-Хафа», 131)

- Әдептілік пендені жәннатқа жетелейді.

Нәби (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"أَنَا زَعِيمٌ بِبَيْتٍ فِي رَبَضِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْمِرَاءَ، وَإِنْ كَانَ مُحِقًّا، وَبَيْتٍ فِي وَسَطِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْكَذِبَ، وَإِنْ كَانَ مَازِحًا، وَبَيْتٍ فِي أَعْلَى الْجَنَّةِ لِمَنْ حَسُنَ خُلُقُهُ"

«Мен ақ екенiне сенiмдi бола тұрып айтысудан бас тартқан адам үшiн жәннаттың маңайынан, әзiлдеп болса да өтiрiк айтпаған адам үшiн жәннаттың ортасынан және көркем-мiнез құлық иесiне жәннаттың ең жоғарысынан үй нәсiп болуына кепілдік беремін».(«Таһзибу сунәни Әби Дауд», 4792)

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ъанһу) айтады:

"سُئِلَ رَسُولُ اللهِ، صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، عَنْ أَكْثَرِ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ الْجَنَّةَ، قالَ: تَقْوَى اللهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ، وَسُئِلَ عَنْ أَكْثَرَ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ النَّارَ، قَالَ: الفَمُ وَالْفَرْجُ"

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) адамның жәннатқа кiруiне көп септiгiн тигiзетiн нәрсе жайында сұралғанда: «Тақуалық пен көркем мiнез»,-деп жауап бердi. Кейiн адамның тозаққа кiруiне себепкер болатын нәрсе жайында сұралғанда: «Тiл мен жыныс мүшесiне ие болмауы»,-деп жауап бердi». («Тухфатүл-Ахуази», 2012)

- Әдептілік түні бойы құлшылық етіп, күні бойы ораза ұстағанның сауабын нәсіп етеді.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"إِنَّ صَاحِبَ حُسْنِ الْخُلُقِ لَيَبْلُغُ بِهِ دَرَجَةَ صَاحِبِ الصَّوْمِ والصَّلاَةِ"

«Расында көркем мiнез иесi күндiз ораза ұстап және түнi бойы намаз оқығанның дәрежесiне жетедi». («Тухфатүл-Ахуази», 2011)

- Әдепті мұсылман Ақыретте Нәбимен (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бірге болады.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلاَقًا، وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَيَّ وَأَبْعَدَكُمْ مِنِّي يَوْمَ الْقِيَامَةِ الثَّرْثَارُونَ وَالْمُتَشَدِّقُونَ وَالْمُتَفَيْقِهُونَ"

«Араларыңдағы мен ең жақсы көретiнiм және Қияметте маған ең жақын болатындарың мiнез-құлқы жақсы болғандарың. Ал, мен үшiн ең жексұрын әрi Қияметте менен ең алыс болатындарың сөз құмар, мақтаншақ және мылжың болғандарың». («Тухфатүл-Ахуази», 2027)

- Әдепті мұсылман үшін тозақ харам.

Нәби (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"أَلاَ أُخْبِرُكُمْ بِمَنْ يَحْرُمُ عَلَى النَّار، أَوْ بِمَنْ تَحْرُمُ عَلَيْهِ النَّارُ؟ تَحْرُمُ عَلَى كُلِّ قَرِيبٍ هَيِّنٍ لَيِّنٍ سَهْلٍ"

«Мен сендерге кiм тозақ үшiн харам болатынын (яғни, тозаққа кiрмейтiнiн) айтайын ба? Ол өзiнiң жұмсақтығы және кеңшілігіменбасқаларға жақын болған адам». («Әл-Жәмиъус-Сағир», 2863)

Міне, осындай дүние нығыметтерінің ішінде көркем мінездің осындай ұшан-теңіз жақсылықтары бар.

Абдусамат МАҚАТ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз