Біз ежелден, амалдағы мәзһабым-Имам Ағзам яғни Ханафи, сенімдегі мәзһабым-Матруди деп айтып келеміз. Қазақ халқының болмысына етене жақын Орта Азия өркениеті тудырған Матруди ақидасы қасаң қағидаларға емес ізгі құндылықтарға негізделеді, соған арқа сүйенеді.
Әбү Мансур әл-Матруди фиқһты шариғат қағидаларын Самарқандтағы Ханафи мәзһабының фиқһ ғалымдарынан үйренген. Имам Матруди жастайынан ақыл мен пікірталасы мол ортада өсті. Фиқһ мәселелері бойынша Ханафи мәзһабынын ұстанады. Мәселен Имам Ағзам Әбү Ханифа ақиданың негіздерін айтып кетсе, Имам Матруди сол негіздерді кеңінен тарқатып, толыққанды егжей-тегжейіне дейін түсіндірген. Имам Матрудидың ақида іліміне қосқан үлесі сенім мәселелеріне шариғат негіздерін бұзбай, ақыл мен қисын арқылы дәлел келтірүге болатындығын көрсетүі еді. Әсіресе ақылға ерекше мән берді. Оған шариғаттың шеңберінде жүгінді. Имам Матруди Муташабиһ аяттарға түсініктеме берүде шариғат рұқсат еткен және араб тілінің шеңберінен шықпайтын әдісті қолданған. Матруди ақидасын ұстанатын қазақ халқының діни және дүнияуи танымы ең алдымен ақыл-парасатқа негізделгеніне оның күллі рухани мурасы дәлел бола алады. Ақыл жастан деп түсінетін қазақ халқы үшін ақылы асқанды аға тұтып жүретіндігі қазақ мінезіне тән.
Бірде Тезек Төре айналасындағы игі жақсыларды жиып: Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайтын, тоймайтын қорғаушың мен қолдаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады?- деп сурапты. Айналасындағы шешендер тосылып кідіріп қалғанын байқаған Бөлтірік шешен сауалға былай деп жауап беріпті: Азбайтын байлық біреу, ол-ақыл. Тозбайтын байлық біреу, ол-ақыл. Тоймайтын адал қорғаушың біреу, ол-ақыл. Жарығы тұтас елге түсетін шырақ біреу, ол-ақыл. Жел жетпес жүйрік біреу, ол-ақыл.-деп жауап берген екен.
Матруди ақидасына сүйенген бабаларымыз дін мен дүние ісін ақылға салып топшылауға келгенде жаза басқан жері жоқ. Абай атамыз да: «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектік бірлән өсер» - деп топшылаған. Осы тұрғысынан Абай хакімнің сенім тұрғысынан имам Матруди ақидасын ұстанғанын айта кеткен жөн. Ханафи мәзһабының ғалымдары имам Матрудидың көзқарасы мен имам Әбү Ханифаның көзқарасы толық үйлесетініне бірауыздан келіскен. Шариғаттағы төрт имамның ақидаларында ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Төрт имамда, Исламдағы барлық муштахид ғұламалар да шариғаттағы амал етү мен «Ақида» дәлелдерін Құран мен сүннеттен алған. Имам Матруди барлық күш-жігерін, әхли сүннет мәзһабын қорғауға және мұсылмандардың осы мәзһаб туы астында жинауға сарп еткен. Қазақ дүние танымындағы Матруди ақидасының іздері айқын екенін және Матруди көзқарастарына Орта Азиялық, соның ішінде қазақы ділдің елеулі әсер еткенін парасат пен пайымдау орынды болмақ. Сөз соңында айтарымыз, айналасына білім нұрын шашқан заңғар имам, Матруди тұлғасына мұсылман баласы құрметпен қарауы тиіс. Аллах Тағала баршамызға түзү, тура, жақсылардың және тақуалардың жолын нәсіп етсін! Баршамызға Алла жар болсын!
Панфилов ауданының бас имамы Медетбеков Құндызбек.
Жаркент қаласы 28.05.2015жыл.