https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Тозақтың сипаты және атаулары

24 May 2015 0 comment Оқылды: 9919 рет

Жалған дүниеге келген әрбір пенде сапарда кетіп бара жатқан жолаушы. Осы дүниеге келіп өмір сүру, өлу, қабір өмірі, қайта тірілу, есеп беру сияқты бөліктерден тұратын ұзын саяхаттың аяғы не Жәннәт, не Тозақ болып екеуінің бірімен аяқталады.Бұл екеуінен басқа барар жер жоқ. Иман етіп, ізгі амал жасағандар Алла тағала кеңшілігімен жәннатқа кіреді. Ал, иман етпей, күпірлікпен күн кешкен адам Алла тағаланың әділдігімен тозаққа түседі. Адамның тозаққа кіруі – Алла тағаланың зұлымдығы емес, керісінше әділдігі. Өйткені, адамға иман ету таңдауы берілген. Сондай-ақ, иман мен Алла әмірін тәрк етіп және тыйым амалдарды істегенге азап бар екені ескертілген. Сондықтан азаптау – Алла тағаланың әділдігі мен хикметі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат тұрғындары өлмейді, қартаймайды, олардың киімдері тозбайды және жастық шақтары өтпейді»,-деп айтқандай осы екі мекеннің тұрғындары да мәңгі жасайды. Демек, Жәннат пен тозақ жаратылған, бұл екеуі ешуақытта жоқ болып кетпейді.

«Аллаһ жаханнамды жаратқан уақытта мың жыл қыздырды, қып-қызыл болды, сосын мың жыл қыздырды аппақ болды. Сосын тағы мың жыл қыздырды, қап-қара болды. Бұл тозақ өте қараңғы, оның ыстығы сөнбейді. Шоқтары өшпейді. Сізді Пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант, егер одан иненің көзіндей тесік ашылса, дүние оның ыстығынан жанып кетеді. Аллаға ант егер Алла өзінің кітабында баяндаған бір құлаш тозақ шынжырын таудың үстіне қойса, ол тау еріп кетеді және жер жеті бөлікке бөлініп кетеді. Алла Тағалаға ант егер бір кісіні батыста жазаласа, шығыста тұрған адам оған берілген ауыр азаптан жанады.  Оның ыстығы өте күшті. Түбі өте терең, безегі - темір, ішімдігі - ірің, киімдері оттың бөліктерінен, оның жеті есігі болып, әрбір есігі әйелдермен ерлер үшін бөлінген»  деп,  Жабрайыл (а.с) Пайғамбарға (с.а.у)  жаханнамды сипаттап берді.

 

Тозақтың атаулары
Тозақты көбінесе – нәр (от) деп атайды. Сонымен бірге, Құран Кәрімде тозақтың сипатын көрсететін бірнеше атауы бар. Олар:

1.Жәһаннам
Бұл ең көп кездесетін атауы. Бұл сөз түнеру және жақтырмай қарау етістігінен алынған. Құранда Тұр сүресінің 14 аятында: «Олар сол күні, тозаққа итеріліп тасталады»,-делінген.

2.Ләзо
Мағынасы – жалын. Тозақ отынан шарпыған жалын денені өртеп, теріні жейді. Алла тағала Мағарыж сүресі 15-16 аятында: «Әсте олай болмайды! Шын мәнінде ол тозақ, жалындаған от. Теріні сояды»,– деп ескертеді.

3.Хұтама
Хұтама – бұзу, сындыру етістігінен алынған. Тозақ отының қаттылығынан от өзінен өзі бөлінеді және ішіндегі мақлұқаттарды да бөліп тастайды. Құран Кәрімде Хүмәзә сүресінің 4-9 аятында: «Олай емес, әлбетте ол «Хұтамаға» тасталады. Хұтаманың не екенін қайдан білесің? Ол – Алланың жағылған оты. Сондай жүректерді шалатын. Расында, олар ол отқа қамалады. Ұзын діңгектерге байланады»,-дейді.

4.Саъир
Саъир – қатты жану, өртену дегенді білдіреді. Құранда Шура сүресі 7 аятында: «Осылайша қалалардың орталығы (Мекке халқын) әрі маңындағыларды қорқытуың және де болуында шәк жоқ күні, жиналуды ескертуің үшін саған арабша бір Құран уахи еттік. Ол күні бір топ жәннатта, бір топ тозақта», – деп ескертеді.

5.Һәуиә
Һәуиә – терең жерге зымырап құлау дегенді білдіреді. Құран Кәрімде Қариға сүресі 8-11 аятында: «Ал, енді біреудің таразысы жеңіл тартса, онда оның орны «Һауиә» болады. Ол һәуиәнің не екенін білесің бе? Ол – жалындаған от»,-делінген.

6.Жахим
Жахм етістігі – қатты жану мағынасын білдіреді. Құранда Хаққа сүресі 30-31 аятында: «Оны ұстаңдар да байлаңдар. Сосын оны тозаққа салыңдар».

7.Сақар
Күннің қатты қызып, заттарды балқыта түсуін арабтар сақар күн деп айтады. Құранда Мүдәссір 26-30 аятында: «Оны жағатын тозаққа саламыз. Ол тозақтың не екенін қайдан білдің? Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. Ол, адам терісін өртеп кетеді. Оған он тоғыз (періште) қарайды»,-дейді.

Айша (р.а.) анамыз жеткізген хадисте: «Дұрыс амал жасаңдар, жақсыға жақын болыңдар және жақсылықты сүйіншілей жүріңдер. Себебі, ешкім амалымен жәннатқа кірмейді. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі! Сіз де ме? – деді. Пайғамбар: «Иә, мен де. Тек Алла тағала рахымына бөлесе ғана. Біліңдер, Алла тағалаға ұнамды амал аз болса да ұдайы жасалғаны»,– деп айтылған.

Пайғамбармыз (с.а.у): «Расында, Қиямет күні тозақылардың ең жеңіл азаптысы табандары астына екі шоқ қойылған кісі, одан (әлгі кісінің) миы қазан не құмған қайнағандай қайнап тұрады» деп айтты.

Қайсы біріміз азаптан құтылып және Алланың разылығын алуды қаласақ, бұл дүниенің қиыншылықтарына сабыр етуі, Жаратушының бұйрықтарын орындап, күнә істерден, дүние шахуатынан сақтануымыз керек. Жаратушы Жаббар Ием баршамызды қабыр азабынан, тозақ отынан сақтасын. Мүміндер үшін дайындап қойған жаннатқа кіруді нәсіп етсін.

Ақсу ауданының бас имамы   Анарбай Тасболатұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз