https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Сәлем берудің тәртібі

12 May 2015 0 comment Оқылды: 22215 рет

Ата – бабаларымыз сәлемді сәнге емес, ізет пен инабатқа, үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге құрметі деп білген. Жақсы адам алыстан сәлем береді демекші. Сәлемдесу – батыс елдерінде көбіне: «Қайырлы таң, Қайырлы күн, Қайырлы кеш, Қайырлы түн!» болып келеді. Неміс ұлты оң қолын көңілдене көтеріп, есендік ілтипатын білдіреді. Шығыс елдерінде сәлемдесудің түрі тіпті көп, қызығы өз алдына. Мәселен, көне қытайдың халқы бір – бірімен амандасқанда «Чылым – ю?» дейтін болған. Мағынасы – «Тамақ іштің бе?» дегені.

Төс қағысу, құшақтау, бір тізерлеп отыра қалып, қолын кеудесіне қою, маңдайдан иіскеу, қолынан сүю, де осы шығыс халықтарына тән амандасудың дәстүрлері. Ал жалпы, Исламда сәлем берудің астарында үлкен мағына бар. Қасиетті Құранға көз жүгіртсек, бұл жайында мынандай әдемі аятқа көзіміз түседі: «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар!» («Ниса» сүресі, 86-аят).

Өйткені, сәлемдесу, амандық – саулық сұрасу адамдардың бір – бірімен тез тіл табысуына, әңгімелесуіне, араласуына, өзара сыйластық, татулық, бауырмашылдық, жолдастық, достық құруына жол ашатын кілт. Сәлем – амандық тілеп, басқа мұсылман бауырыңа дұға етуің. «Ассалаумағалайкум» дегенде: «Саған Аллаһтың амандығы болсын», сені Аллаһ жамандықтан, пәле – жаладан, ауру – сырқаттан, күнә атаулыдан сақтасын» деген сияқты көптеген мағыналарды өз ішінде қамтиды.

Сәлем беру пайғамбарлар мен періштелердің сүннеті. Әбу һурайра (р.а.) Аллаһ елшісінің былай деп айтқанын жеткізеді: «Аллаһ Тағала Адамды жаратқанда оны бірнеше періштеге жіберіп: «Бар да оларға сәлем бер және олардың саған қалай жауап бергенін ұғып ал, өйткені сен үшін және сенің ұрпағың үшін сәлем беру – олардың саған айтқан жауабы болады», — деді. Сосын оларға:  «Ассалаумағалайкум», — деді, ал олар жауап ретінде: «Ассаламу ғалайка уа рахматуллаһи!» — деп, оның сәлеміне: «Уа рахматуллаһи» ( және Аллаһтың рақымы!) – деген сөздерді қосты».

Сәлемдесу – сүннет, ал оған жауап беру уәжіп болып табылады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Мұсылман адамның басқа мұсылманда алты ақысы бар», — деді. Сонда сахабалар: «Ия, Расулулла! Олар не?» — деп сұрайды. Сонда олар: «Егер оны кездестірсең, оған сәлем бер…», — деп жауап берген еді. Сәлем берудің тәртібіне келер болсақ көпшілікке сәлем берілсе, олардың естулері үшін сәлемді үш рет қайталап айтқан жөн. Әнәс (р.а.) келген хадисте Пайғамбарамыз «Көпшілік қауымға сәлемін үш рет қайталап беретін». Имам ән – Науауи: «Жамағат көп болған кезде осылай сәлем беріледі», — деп түсіндірген. Танысақта, танымасақта барлық мұсылманға сәлем беруіміз керек.

Бірде Пайғамбардан (с.а.у.) «Исламдағы істердің қайсысы абзал», — деп сұрағанда, ол кісі: «Біреуді тамақтандыру, таныған адамға да, танымағанғада сәлем беру», — деді. Өйткені бұл хадис адамдардың арасында сәлемді жаюға шақырады, бұл іс адамдардың арасында сүйіспеншілікті орнатады. Және бір хадисінде «Көліктегі адам жаяу жүргіншіге, жүріп бара жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамға», «Жасы кіші үлкенге сәлем береді» деп жеткен. Кейбір ғұламалар осы хадистегі аталған топтың бірінші болып сәлем берудің хикметін былай түсіндіреді: «Жасы кішінің жасы үлкенге бірінші болып сәлем беруі – үлкенге деген сый – құрметті білдіру үшін, көлктегі адамның жаяу адамға сәлем беруі көлектегі адамның такәпарлануға жол бермей оны қарапайымдылық, сыпайылыққа тәрбиелеу үшін, жүріп келе жатқан адамның отырғанға сәлем беруі бөлмеге кіріп келген адамның міндетіндей болғандықтан деп түсіндірген.

Бір ғалым: «Өзіңнен үлкен адамды көрсең, оның жасы менен үлкен, менен гөрі сауапты амалдарды көбірек  жасаған болар» деген ниетпен құрметте. Ал өзіңнен кіші адамды көре қалсаң, мұның жасы менен кіші, ендеше менен гөрі аз күнә жасаған болар деген ниетте оны да құрметте – деп айтқан екен. 30 томдық мол мұра қалдырған үлкен ислам ғұламасы Мәшһүр Жүсіп:

«Біздерге сәлем беру болды – сүннет,
Пайғамбар сүннетін тұт болсаң үммет»,– деп сәлемдесудің ең әуелі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың істеген істерін өнеге тұтатын, ізінен ерген мұсылман баласының барлығына тән сауапты іс екенін екі – ақ жол өлеңмен түсіндіріп берген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше – жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша – толық иманға келмейсіңдер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» – дейді. Мұны естіген сахабалар үнемі бірін – бірі көрген жерде ыстық ықыласпен сәлемдесу арқылы араларындағы сүйіс – пеншіліктерін, құрметтерін нығайтуға ұмтылған.

Тіпті, мынадай қызықты, әрі өнегелі жайттар да кездескен. Бірде Тұфайл ибн Ұбей өзімен бірге базарға барғысы келген Абдуллаһ ибн Омарға:
– Сіз, базарға не үшін бармақсыз? Бір нәрсе сатып алатын, не бір нәрсе сатайын деген түріңіз байқалмайды. Одан да келіңіз мына бір жерге отырып, біраз әңгіме дүкен құрысайық, – дейді.
Сонда Абдуллаһ ибн Омар оған:
– Біз кейде үйден тек сәлемдесу үшін шығамыз. Кездескен кісілермен амандасып, есен – саулықтарын сұрасып қайтсақ болғаны, – деп жауап берген екен. Әнас ибн Мәліктің айтуынша, тағы бірде мынадай оқиға болады: Бір күні Омар ибн Хаттабқа біреу келіп сәлем береді. Ол сәлемін алып тұрып: «Қалың жақсы ма?» деп әлгінің қал – жағдайын тәптіштей сұрады. Ол Құдайға шүкіршілік айта жауап қатты. Сонда хазреті Омар: «Менің сенен естігім келгені осы еді» деп, қай кезде де ең әуелгі сөздің Аллаһ тағаланы еске алып, бас амандығы үшін шүкіршілік айту болғаны дұрыс екенін ұқтырды.

«Екі мұсылман кездескенде бір – бірлерінің қолын алып, қал – жағдай сұрасса, Аллаһ тағала сол мезет оларға жүз рақымын төгеді. Соның тоқсан тоғызы сол екеудің ең кішіпейілдісі мен ең ізеттісіне, анағұрлым жылы жүз танытқанына бұйырады», «Екі мұсылман баласы кездескенде олар бір – бірімен амандасып, қол алысқанда Аллаһ тағала олардың осы сәт бір – біріне тілеген тілек – дұғаларын қабыл алады. Қолдары ажырамай жатып, күнәларын кешіреді» деген хадистер адамды жылы жүзділікке, кішіпейілділікке тәрбиелеп қана қоймай, сәлемдескен кезде адамның күнәлардан арылатындығын, сауапқа кенелетіндігін білдіруде.

Жүсіп Баласағұн бабамыз өз өлеңінде:
«Сәлем – жолы есендіктің адамға,
Сәлем бердің – саулық бердің аларға;
Игі тілек, танытқанға мейірім –
Аллаһ сыйлар деннің саулық, қайырын», – дейді.

Ислам дегеннің өзі сол есендік, татулық, бейбітшілікті бүтіндеуден туады. Кейде сәлемді артығымен қабыл алу мақсатында «Ассалаумағалайкум уә рах-матуллахи» (Сізге Құдайдың тыныштығы, есен-саулығымен қатар рақымын да тілеймін) деп, оған «Уа алайкумассалам уа рахматуллахи уә баракатуху» (Сізге Құдайдың тыныштығын, рақымын, оған қоса берекетін де тілеймін) деп те жауап беріліп жатады.

Мұқағали ақынның:

 «Бағамын деп әркімнің қас – қабағын,
Балам қабақ шытса да жасқанамын
Сәлемімді біреулер алмай кетсе,
Екі иығым салбырап, пәс қаламын»,– деп күйінгеніндей, өкінішке орай,

сәлемге салқын қарайтындар да кездесіп жатады. Бірақ, ондайларға бола іштей ренжіп, сәлемдесуден суып қалудың реті жоқ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәләм – Аллаһ тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сәлем беруші, сәлем алушының есіне сәлемді салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа ие болады. Байқаусызда біреу сәлеміңді алмаса, әрбір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелер алады» деген.

Мұсылманшылықты болмысына сіңіре білген қазақ халқы сәлемдесуге үлкен мән берген. «Әдептен құр қалмассың, Үлкенге сәлем бергенің» деп Керейұлы Ақтан ақын айтқандай, сәлем беруді мәні терең әдептілікке балаған. Амандасқанда алыс – жақынды түгел түгендеп шұрқыраса амандасқан. Берген сәлеміне қарап – ақ адамның қандай адам екенін таныған. Тіпті, келіннің үлкендерге иіліп сәлем салып тұруы секілді оның жасқа, шамаға, жынысына қарай реттілігін де дәстүрге тамаша енгізе білген. Сөз қадірін биік қойған қазақ тіпті «Сәлем – сөздің анасы» деп баға берген.
Оны әйгілі Бұқар жыраудың мына бір өлеңінен жақсы байқауға болады:

Әй, айташы, айтсаң айт!
…Құдіретімен жаратқан,
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы – сәлемді айт! деп жырлаған еді.

Аллаһ Тағала баршамызға екі дүние бақыты мен шынайы иман келтірген құлдан болуымызды нәсіп етсін Әмин!

Аман Медетбеков

«Еркін» мешітінің бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз