Бұл – әкемнің маған айтқан соңғы сөзі еді. Естіген сәтте өмірдің мәнін түсінгендей болдым. Өліммен бетпе-бет келгендей күй кештім. Әлі күнге дейін есіме түссе еріксіз егілемін. Егілмей қайтем, оны әкемнің өзі де жылап жатып айтқан еді. Жай жылап емес, жан-жүрегімен… Қазір оны қағаз бетіне түсіру де оңай болып отырған жоқ. Бірақ, әкемнің артынан сауабы барсын деген ниет қолыма қалам алғызды.
2010 жыл. Өкпе ауруханасының реанимация бөлмесі. Әкемнің нәр татпағанына он күндей болған. Тек дәрімен (системамен) қоректеніп жатыр. Әкем өзі арық кісі еді. Қазір… Қабырғасы ырсиып, қаңқасы қалған, тап бір сүйектің сыртын өте жұқа терімен қаптап қойғандай. Денеге ешқандай сұйықтық бармағандықтан, терісі әбден құрғап кеткен. Аузын ауық-ауық сулы матамен сүртіп қоямыз. Өлімнің иісін сезіп, өмірмен қош айтысар сәтін, періштенің келіп жанын алып, Алланың құзырына оралатынын сезіп жатқан секілді. Өзіне әлемдердің Ұлы Раббысынан басқа ешкімнің жәрдемші бола алмайтынын жан-тәнімен ұғынып жатқандай. Себебі, Оған жалбарынып, еңкілдеп жылайды. Сондағы маған айтқаны:
– Осы аурудан айығып, аман-есен төсектен тұрар болсам, Алла бұйырғандай, Пайғамбар ﷺ көрсеткендей өмір сүрер едім. Бар өмірімді құлшылыққа арнар едім. Егер төсектен тұра алмасам, дүниеден тым болмаса иманыммен өтсем екен… Я, Алла, Өзің жәрдем ете гөр! Я, Алла, Өзің жәрдем ете гөр…
Өмірімде дәл осылай жылаған адамды көрген емеспін. Көзінен жас та шықпайды, тек системамен қоректеніп жатқандықтан, анда-санда сап-сары бір тамшы дәрі тамады. Әлгі сөздерді айтады да, «Я, Алла! Я, Алла» деп жылайды. Артынан кәлимасын қайтарып, ізінше қазақшасын да айтады. Әрі қарай «Фатиха» мен «Ықылас» сүресін оқып, қайтадан «ақырет, ақырет… не деп жауап берем… қалай жауап берем… Я, Алла Өзің жәрдем ете гөр. Я, Алла, Өзің жәрдем ете гөр» деп қыңжылады. Осылай жылаумен болды. Бұл – әкемнің аузынан естіген соңғы сөздер еді. Алла оны рақымына бөлесін! Пендешілікпен біліп те, білмей де жасаған күнәсін кешірсін! Тәубесін қабыл етіп, мейіріміне бөлесін! Әмин!
Сәл шегініс…
Осынау қайғылы оқиға орын аларда ата-анам мен бауырларым Қызылордада, мен Алматыда тұратынмын. Шешемнен «әкең ауырып қалды» деген хабар келді. Ес білгелі әкемнің ауырдым деп, дәрі ішіп, төсек тартып жатқанын көрмеппін. Оның үстіне, телефон арқылы сөйлескенде жақсымын, уайымдама дегендіктен бе, аса қаперге алмадым. Әйтсе де, жағдайын білейін деп алып-ұшып келдім. Пеші бар шағын бөлмеде жатыр екен. Біраз әңгімелестім. Аздап молдалардан естігендерімді еске түсіріп: «ауру Алланың сынағы, сабыр етіп, Алладан шипасын сұрайық. Дертті берген Алла емін де береді» дедім.
Әкем:
– Уайымдама, балам, әлі-ақ жазылып кетермін. Кезінде денесін құрт жеп, шіруге айналған Аюб Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) өзін Алла ауруынан құлан-таза айықтырған. Оның қасында менікі жай, әншейін ғой,– деді.
Әкем барынша сабырлық танытып, тек Алладан жәрдем сұрап, Одан басқа ешкімге тәуекел етпей отыр екен. Әйтсе де, тексерту керек, емдету керек деп шештік. Оны ағам міндетіне алды, ал мен қайта Алматыға кеттім.
Көп ұзамай ағам әкемді емханаға апарып, толық тексеруден өткізді. Сөйтсе, өкпесі, бауыры, бүйрегі, асқазаны бәрі де қатерлі ісікке шалдыққан екен және ең асқынған түрі болып шықты. Дәрігерлер бірден өкпе ауруханасына жатқызыпты.
Әкем бұрын Құранның қысқа сүрелерін жаттап жүретін. Ауруханаға барарда қарындасыма айтып: «Намаз оқып үйренейік» деген кітапты алып кетіпті. Күнде хабарласып тұрамын. «Шипаны беруші Алла, Одан ғана көмек сұрап, дәрі-дәрмегіңізді ішіңіз. Намазбен және сабырмен сұрасаңыз, тілегіңіз тез қабыл болады» деп қоямын. Ол «иә, иә, оқып жүрмін, Алладан сұрап жатырмын» дейді. Аз уақыттан кейін келеңсіздіктер орын алып, әкем реанимация бөлімінен бір-ақ шықты. Кейінгі жағдайы жоғарыдағыдай…
Әкемнің демі үзілер сәті жақындағанын сезіп, арғы дүниеге дайындалып, жылап-еңіреп Аллаға жалбарынып жатқаны есіме түссе, тура сол жағдай өз басымнан өтіп жатқандай күй кешемін. Мұндайда +өмірдің өтпелі екеніне көз жеткізіп және бізге Ұлы Раббымыздан басқа ешбір жәрдемші жоқ екенін еске алып, тәубеме келемін. Қайран әкем, өмірден өтіп бара жатып-ақ, насихатын айтып кетті ғой… Алла оны рақымына бөлесін!
Ал, бауырым! Менің әкем құлшылықсыз өткен өміріне өкініп, ойым мен жүрегіме дәл осындай «із» салып кетті. Мардымды намазсыз ғұмырды жоқтаған әкемнің өлімі – маған ғана емес, саған да уағыз. Әп-сәтте құшағына алатын ажал келмес бұрын, әкем секілді өзегің өртенбесін десең, тіршілігіңді құлшылықпен толтыруға асық!
Бекарыс НҰРИМАН
http://asylarna.kz