https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Намаз оқудың сауабы

12 May 2015 0 comment Оқылды: 11255 рет
  • Бисмилаһир-рахмани рахим!

   Он сегіз мың ғаламның жаратушысы, аса қамқор, ерекше мейірімді Алла адам баласына пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы Аллаға иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру және өмірінде бір рет қажылыққа бару секілді бес парызды біздерге нәсіп еткен еткен. Соның бірі – намаз оқу.   Демек, игі мұсылман баласының Алла тағала алдында атқарар амалы осы намаз оқудың маңыздылығы өте зор.  Өйткені, намаз оқу – үлкен құлшылықпен бірге бірге үлкен сауап болса, намаз оқымау – үлкен күнә.

Намаз – діннің ең негізгі амалдарына жатады. Пайғамбарымыз: «Намаз – діннің тірегі» деген. (Табарани, Бәйһақи) Тірексіз, негізсіз ғимарат болмайтыны секілді, намазсыз да мұсылмандық болмайды. Намаз оқитын адам дінін бекемдеген болады. Ал намаз оқымайтын адамның діні құлдырайды. Намаздарды мүстаһаб уақыттарында және шарттарына, әдептеріне мойынсұнып, мүмкін болса жамағатпен оқу керек. Хазреті Мұхаммед Масум «бұлардан біреуі орындалмай қалса аза (траур) тұтса орынды болады» деген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Бір мұсылман намаз оқи бастағанда жәннат есіктері ашылады. Раббымен арасындағы перделер көтеріледі. Бұл хал намаз біткенге дейін жалғасады.» (Табарани).

      Намаз оқымайтын адамның жасаған жақсылықтарына сауап берілмейді. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген: «Намаз оқымайтын адамның ғибадаттарына сауап берілмейді» (Әбу Нуайм).  Намаз оқымаудың зияндары көп. Намаз оқу үлкен ғибадат болғандықтан намазды тәрк ету де үлкен күнә. Хадис шәрифтерде былай делінеді:«Әдейі (үзірсіз) намаз оқымаған адамның басқа амалдарын Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Тәубе еткенге дейін ол Аллаһтың қамқорлығынан ұзақта болады» (Исфахани), «Бес уақыт намазын тәрк еткен адам Аллаһу та’аланың қамқорлығы мен мейірімінен махрұм қалады»(Ибни Мажә), «Намаз оқымаған адамның мұсылмандығы, дәрет алмаған адамның намазы жоқ» (Бәззар), «Иманмен күпіршіліктің арасындағы айырмашылық намазын оқу мен оқымауда» (Тирмизи) және «Намаз – иманның басы және жаһаннамнан құтқарушы болып табылады» (Мифтах-ул-Жәннат)делінген.

   Намаз оқу турасында Хазреті Сәйид Абдулхаким Аруаси былай деген: «Намазын оқымаған адам бәрінен де бұрын бүкіл мұсылмандарға зұлымдық еткен болады. Өйткені намазда «Әссәләму аләйна уә ала ибадиллаһиссалихин» деп айтумен бүкіл мұсылмандарға дұға етіледі. Намаз оқымаған адам күнделікті бес уақыт намазда сүннеттерімен бірге 21 рет қайталанатын бұл дұғадан мұсылмандарды махрұм қалдырады. Қияметте бүкіл мұсылмандар бұл ақыларын намаз оқымағандардан алады».  Намаз оқитын адам “Йа Раббым!” деген кезінде Аллаһу та’ала “Ләббәйк – айт, орындалсын!” дейді. Ал намаз оқымайтын адамға“Ләббәйк” демейді. Тек намазын дұрыс оқыған адам ғана қайыр мен берекеге, рахметке (мейірімге) себепші болады.

    Намаздың қадірін білмей, немқұрайлы қарайтын адамдар көптеген жазаларға ұшырайды. Нақтырақ айтсақ, өмірлерінің берекесі болмайды. Әр түрлі аурудың, төмендіктің, масқаралық пен қорлықтың ішінде өмір сүреді. Салихтерден құрмет көрмейді. Әр түрлі мұқтаждықтарға және қиыншылықтарға тап болады. Денсаулығының пайдасы, берекесі болмайды. Намаз оқымайтын немесе намазға мән бермейтін адамдар көбінесе жаман жерлерде жұмыс істейді. Шаршататын, жалықтыратын, ауыр жұмыстарда да осындай адамдар жұмыс істейді. Намазын дұрыс оқитын адам әрі салихтердің қатарында, әрі достарының, туған-туыстарының арасында сыйлы болады. Міне, осының бәрі намаз оқымаудың кесірі.

       Әлбетте, намаз оқитын адамда жаратылысындағы әдеміліктен басқа бір әдемілік, ажар, нұр және жамал болады. Намаз оқымайтын адам қаншалықты әдемі болуға, сәнденуге тырысса да, күнде жуынып, жаңа киімдер кисе де ондай әдемілікке қауыша алмайды. Намаз оқитын адамның жүзі әдемі болады. Ұзақ уақыт жуынбаса да, киімін алмастырмаса да, денесі мен киімінен жағымсыз иістер шығып тұрмайды. Ал намаз оқымайтын адам жиі-жиі жуынып, киімін алмастырып тұрса да, ондай пәктікке қауыша алмайды. Күніне бірнеше рет садақа берсе де, жетімдерді қуантса да, тойдырып киіндірсе де, бірнеше күн Құран кәрім оқыса да, жыл сайын қажылыққа барса да және осыған ұқсас ғибадаттарды, жақсылықтарды жасаса да ешқандай сауап ала алмайды. Аллаһу та’ала ол уақыттарды намазға тән қылғандықтан намазбен ғана өткізу керек. Егер де намазбен өткізбесе, ондай адамдардың істерінде қайыр мен береке болмайды және дұғасы қабыл болмайды.

Сондай-ақ, намазда Адам алейһиссаламнан бастап барлық мұсылмандардың және бүкіл махлұқтардың  ақысы бар. Намаз тәрк етілгенде Аллаһу та’аланың рахметі (мейірімі) перделенеді. Аллаһтың рахметінің келмеуіне, үзілуіне себепші болғаны үшін барлық махлұқтар намазын тәрк еткен адамды жек көреді. Олар мұсылмандардың дұғаларының берекесінен махрұм қалады. Өлгенде мазарының қасынан өткен бір мұсылманның оқыған «Фатихасынан» керегінше пайдалана алмайды. Аллаһу та’ала ондай адамдарды илаһият мақамында ерекше қызмет болып саналатын намазға қабылдамағандықтан, осы маңызды қызметтен қуылған болады. Бұл қызмет үшін берілетін пайдалардан да махрұм қалады.

    Ерекше айта кетерлік жайт, намаз оқымаған адамның өңі бұзылып, төсек тартып жатып қалады. Үсті-басын, көрпе-төсегін және басқа да нәрселерін кірлетіп ластайды. Тіпті өзіне ең жақын болған туыстары, балалары, әйелі, әке-шешесі де өлімінен жиіркенеді. Ешкімнен құрмет көрмейді. Бұл адам үлкен бір патша болса да, өлім аузында жиіркенішті түрде жан тапсырады.

   Байқасақ, намазын оқымаған адамның өлімінде қорқыныш, үрей, өкініш және уайымның белгілері, көздері көкке қарағаны көрінеді. Көздерінің түсі өзгереді. Жоғарыға немесе төменге қарап қалады. Шашы, сақалдары шатасып, мұрнының қуыстары құрғап қалады. Қымбат төсекте, сәнді, әдемі бөлмеде жатса да, қор болып өледі. Намаз оқымаумен иман әлсірейді. Намазға құрметі болмағандықтан періштелер, өлілер және басқа жаратылыстар да оған құрмет көрсетпейді.  Намаз оқымайтын адамның өлерінде бет-әлпеті бұзылып кетеді. Намазын оқыған адамның өлімінде тірі кезіндегі кейпі бұзылмайды, тірі секілді көрінеді. Оның өлімін көрген адам өлімінен бейхабар болса, ұйықтап жатыр екен деп ойлайды. Намаз оқымаған адам қанша тамақ жесе де аштық сезінеді. Барған сайын аштығы күшейе береді. Шыдай алмайтындай жағдайға келеді. Қаншалықты көп және дәмді тағамдар жесе де бұл азабы тынбайтын болады. Тұрақты түрде аштықтың сыздаған азабын тартады. Соңында қиналып, бүктеліп жатып өледі. Өйткені намазды тәрк ету үлкен күнә, жазасы да сол дәрежеде үлкен болады. Намаз оқитын адамның жүзі өлер алдында күлімсіреген, жарқын, нұрлы болады. Жүзінен қуаныштың белгілері көрінеді. Өз кемшіліктерін және Хақ та’аланың мейірімін, ихсанын көріп маңдайынан тер шығады, мұрнының іші аздап суланады. Құлағының арттары және мұрын қуыстары жәңіл түрде терлейді. Әдемі иіс шығады. Реңінде өзгеше бір әсемдік байқалады. Ең ләззәтты тағамдар жегендей болып тоқ күйде жан тапсырады.

      Бір айта кетерлігі, осынау ғибадат иманның бөлігі емес. Яғни иман еткенімен бір ғибадатты орындамаған немесе бір харам нәрсе істеген адам кәпір болмайды. Бірақ намаз турасында ғалымдардың мұндай ауызбірлігі болмады. Ханбали мазһабында бір намазды үзірсіз (себепсіз) тәрк еткен адам кәпір болады және өлтіріледі. Өлтірілгеннен кейін жуылмайды, кебінге оралмайды, жаназа намазы оқылмайды және мұсылман мазарына жерленбейді. Аяғына жіп байлап, бір шұңқыр қазып көміледі. Үстіне қабір белгісін де қоймайды. Шафии және Маликиде үлкен күнә жасағаны үшін жаза ретінде өлтіріледі. Ханафиде намазын бастағанға дейін соққыға жығылып қамауға алынады. Намаз оқымау имансыз өлуге, намаз оқу болса, екі өмірде де бақытты болуға себеп болады.

   Аллаһу та’ала «Иман келтіргеннен кейінгі ең үлкен міндет – намаз оқу» деп бұйырған. Намаз оқымайтын адамның ғибадаттары, жасаған жақсылықтары қабыл болмайтыны секілді тапқан табысы да берекесіз болады. Өз міндетіне немқұрайлы қарамайды. “Менің намаз оқитын уақытым жоқ” немесе басқа да себептер айту бейқам адамның намаз оқымау үшін тапқан сылтаулары. Бұл намаздың маңыздылығын білмеуден туындайды. Хадис шәрифте: «Бір кісі намазын әдейі, ешбір үзірсіз оқымаса, Аллаһу та’ала оның басқа ғибадаттарын пайдасыз қылады» (И. Ғазали) делінсе, «Аллаһу та’ала намаз оқымайтын адамның жақсылықтарына сауап бермейді» (Сәфәри ахирет) деп айтылады.

   Осы секілді намаз оқымаудың күпірлік екендігін білдіретін хадис шәрифтер де көп. Мысалы,  «Намазды әдейі тәрк еткен адам кәпір болады» (Табарани),  «Намаз оқымайтын адамның діні жоқ.» (Ибн Наср), «Намаз оқымайтын адамның мұсылмандығы жоқ» (Бәззар),  «Бізбен кәпірдің арасындағы айырмашылық  – намаз. Намазын тәрк еткен адам кәпір болады» (Нәсаи), «Иман – намаз деген сөз. Намазды ықыласпен, уақытына және басқа да шарттарына сай оқыған адамға мүмін деп айтады» (Ибн Нәжжар).

     Саадәти Әбәдийа кітабында «Намаз оқымайтын адамның ислам дінінен нәсібі жоқ» хадис шәрифі және басқа да хадис шәрифтерде былай делінген:  «Ғибадаттар иманның бір бөлігі емес» екенін әһли сүннет ғұламалары бірауыздан білдірген. Бірақ тек намазда ғана мұндай ауызбірлік болмады. Фиқһ имамдарынан Имам Ахмед бин Ханбал, Исһақ бин Рахауәйһ, Абдуллаһ бин Мубарак, Ибраһим Нахаи, Хакам бин Утайба, Әийуб Сахтияни, Даууд Таи, Әбу Бәкір бин Шәйбә, Зубәйр бин Харб және басқа да көптеген ұлы ғұламалар «Намазын әдейі тәрк еткен адам кәпір болады» деген. “Әл-фиқһу аләл мазаһибил-әрбаа” кітабында да былай делінеді: Ханбалилер мен Абдуллаһ бин Мубарак, Исһақ бин Рахауәйһ және Шафиидің кейбір шәкірттері былай дейді: Намазды үзірсіз (себепсіз), әдейі тәрк еткен адам кәпір болады. Бұл сөз хазреті Әлиден де нақыл етілген. Бұлар дәлел ретінде Тәубе сүресінің 5-ші аятын білдірген: «Егер де мүшриктер тәубе етсе, намаздарын толық орындаса және зекеттерін берсе оларды бос қойыңдар!». Расулуллаһ алейһиссалам бұл аяти кариманы былай ашықтаған: «Мушриктер “Лә илаһә иллаллаһ” дегенге дейін, намаз оқығанға және зекет бергенге дейін олармен соғысуға әмір етілдім»(Бұхари).

  Қалған үш мазһаб өкілдері: «Намаз оқудың, зекет берудің парыз екеніне сенбесе, бұларды орындамағаны үшін ренжімесе (өкінбесе), күнәға батқанын білмесе кәпір болады» деген.  Яғни Ханафи, Малики және Шафииде намаз оқымаған адам кәпір болмайды. Тек қана мән бермесе кәпір болады.

   Қорыта айтқанда, намаз оқудың пайдасы мол екеніне көз жеткізген шығарсыз, құрметті жамағат! Алла тағала баршамызға бес уақыт намазды қаза қылмай, қылған құлшылықтарымызды сауаптан жазсын! (Әмин!).

Әбудардан Таласбай,

Алматы облысы, Қаратал ауданының бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз