Имандылық тәрбиесі өркениетті ел болуға ұмтылған бүгінгі қазақ елінің алдындағы ең өзекті, ең негізгі мәселе. Ал жас ұрпақтың жүрегіне имандылық дәнін сеуіп, оны одан әрі дамыту аға буынның бірден – бір парызы болмақ. Әрбір пенде имандылық иірімдерін дінмен байланыстырғанда ғана түпкі мақсаттарына жетеді. Сондықтан да Құран, хадистерін, данышпан ақын – жазушылардың имандылық, адамгершілік туралы даналық сөздерін негізге ала отырып, Ұлыстың ұлы күні ислам дінінің беріктігі, салт – дәстүрдің діндегі орны туралы айтуды жөн санадым.
«Дәстүр»арабшада «дүстур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабшада мағынасы іс – әрекет жасалған ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады.
Салт – дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне айрықша мән берген елдің іргесі берік , келешегі кемел. Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдам астам уақыт өтті. Содан бері салт – санасы, әдет – ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтатуүшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп – екшейтін басты құрал шариғат болып саналады. Халық ұстанған дұрыс әдет – ғұрып Ислам заңнамасындағы құқықтық норма бастауларының бірі болып саналады. Аллаһ Тағала : « Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», — деп бұйырған. Пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет – ғұрыптар, дағдылары бар болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.)олардың Аллаһ Тағаланың әмір – тыйымына кереғар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Қазақша «ұрып»сөзі «әл – ьурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс – әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әдет» сөзі арабтың « әльаадад» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналаған істер дегенді білдіреді. Ендеше, әдет және ғұрыптың мағынасы бір десе де болады. Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбір хақ, діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт – дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылды. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни дін. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет – ғұрыптарда ғана көрініс береді. Әдет – ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтанда ғұламалар әр заманға және қалыптасқан әдет – ғұрыпқа сай тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге дін жолындағылардың шариғат ғылымынан, өзі отырған аймақтың әдет – ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі. Халық арасында қалыптасқан, тамыры тереңде жатқан салт – дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдармен қатар, жасыратыны жоқ, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы: болашақты болжау, балгерлермен айналасу, өлілерге табынып, олардан жәрдем сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сыйыну, табыну үрдістері мұсылманшылыққа жат қылықтар.
Міне, өскелең ұрпақ ненің жөн, ненің бұрыс екендігін бойына сіңіріп өсуі керек деген қағиданы жанымызға берік ұстанып, құлақтандыру мақсатында кездесуге шақырған білім ощақтарында, қоғамдық орталарда сөз алып, жамағатты тура жолдан адаспауға бағыт – бағдар беретін жайымыз бар. Қаланың бірнеше оқу орындарында болғанымызда аңғарғанымыз соңғы кезде жастардың жат қылықтардан бойларын аулақ салып, дінге деген сенімдері артып, ұлттық салт – дәстүр, әдет – ғұрыптарды сақтауға бой ұсынғандықтарын көріп шүкіршілік етеміз. Түрлі кездесулерде қойылатын сауалдар мен айтылатын пікірлерде қызығушылық қана емес, тұрақтылық пен сенімділікті аңғару қиын емес. Тағы бір түсінгеніміз, дәстүр мен мәдениет діннің тигізер әсері мол. Қазірде біз діни нанымы әлсіз болған халықтардың дәстүрімен бірге тілінің де жойылып, ақырында ұлт ретінде жер бетінен мүлде жоғалып жатқанына куә болып отырмыз. Елбасымыз бір сөзінде « Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған салт – дәстүрдің орны ерекше.
Қорыта келгенде айтпағымыз, дін – дәстүрдің таразысы. Ал діни рәсімдерді әдет – ғұрып деп есептеуге болмайды. Салт – дәстүр адамдардың арасында көп әдеттенгендіктен пайда болған дағдылар. Қанша ғасырлар өтіп, қаншалықты қоғам өзгерсе де, діни құндылықтар сол күйі қалады да, ұрпақтан – ұрпаққа өзгеріссіз ауысып отырады. Тек соны саф алтындай сақтап, мөлдір қалпында жеткізе білсек игі.
Аман Медетбеков Еркін ауылдық
мешітінің бас имамы