Имамдардың журналисі дерсің…
Наурыз мерекесіне берілген демалыс күндерді «Керімағаш» шипажайында өткіздік. Мақсатымыз – демалу емес. Жұрт жиі айтатын осы ауылдың имандылыққа ұйысқан берекелі де мерекелі тіршілігімен танысуды көздеп, жолға шықтық. Хадистен оқығанымыз бар еді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап». Осы хадисті нақылға айналдырған халқымыз: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – дейді. Сапардағы серігіміз – Талдықорған өңіріндегі орталық «Иман» мешітінің наиб имамы Ардақ Нүсіпханұлы. Өзі имам болса да, әлеуметтік желілерде асыл дінімізді насихаттауда белсенді. Мақалаға да қаламы жүйрік. Молдалардың журналисі ме деп қаласың… Көлікте жолай уағыз айтты. Жақсы сөзбен жол қысқарып, 350 шақырымды әп-сәтте бағындырдық. Бір кезде Алматы облысы Панфилов ауданындағы Керімағаш ауылына аяңдап қалыппыз. Ауыл іргесінен Керімағаш имамы Дәулет бауырымыз күтіп алмаса, әбден адасады екенбіз. Құмды, тасты жол. Жолдың екі шетін сексеуіл көмкерген. Құдды ертегідей әсер қалдырды. Жол түзелер, ең бастысы адам пейілі түзелсе болғаны деп ой түйдік.
Азанмен оянатын ауыл
Шалғайдағы шағын ауылдың қоңыр тіршілігі көңілге қонды. 70-тен аса түтін бар екен. Көпшілігі «Керімағаш» шипажайында жұмыс істейді. Шипажай ауласына салынған «Сүлеймен» мешіті келім-кетімнің күнделікті бес уақыт намазда бастары түйісетін құтты мекеніне айналған. Дәулет имам қызметкерлердің, ауыл тұрғындарының діни білімін арттыруға ықпал етіп келеді екен. Алла разылығы үшін һәм халық игілігі үшін мешіт тұрғызып берген «Керімағаш» шипажайының директоры Сүлейменқажы Көшкінұлының: «Имамға көмектескеніміз – Исламға қызмет еткеніміз», – деген сөзі жадымызда қалыпты. Иә, мешітке қамқорлық жасау, ізгі шараларға ұйытқы болу – иманды азаматтардың асыл парызы емес пе?
Салт-дәстүрді сақтап, ел үмітін ақтап, мұсылмандығы мығым болған бабаларымыздың айтқан сөзі осы орайда ойға оралады. «Азаны бар ауыл азбайды», – дейді халқымыз. Таң намазына шақырылған азан үнімен ауыл оянады. Жамағат намазға жиналып, парызын өтеп, күнделікті тіршілігіне кіріседі.
Мешіті бар ауыл, расында да, нақ берекенің өзі емес пе? «Сүлеймен» мешітіне келіп, дәріс тыңдайтын, ізгілікке ұмтылған ізбасар шәкірттердің де қатары молайыпты. Олардың дәріске қатысуы, намазға келуі, игі іс-шараларда белсенділік танытуы, бәрі-бәрі Сүлеймен атаның жіті назарында. Өзі де иман жолында жүріп, көпшілікке үлгі.
Ауыл дегеннен шығады, жер қойнауынан 3013 метр тереңдіктен шығып жатқан минералды табиғи су керімағаштықтардың игілігіне жарап тұр. Ішсе – тәнге шипа, шомылса – дертке дауа, пайдаланса – дайын ыстық су. Ауылдың жылу жүйесі осы шипалы сумен жылиды. Көмір тасып, қаржы шығындап қажет жоқ. Керімағаштың бұл кереметіне таңданбауға лажымыз қалмады.
Сөзге араласқан Болат қажы Сүлейменұлы: «Бұл, шынымен де, Алланың адамға берген теңдессіз нығметі», – деп бастады әңгімесін. – Осы шипажай 1990 жылы ашылды. Содан бері табиғи шипалы су бір сәтке тоқтаған емес. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе? Бұл не деген ғажап құбылыс. Адам қолымен жасай алмайтын жүйе ғой. Алла Тағала халқымыздың пейілі мен ниетіне осы бір шипалы суды баршамызға нәсіп етіп қойды. Бірен-саран түтін болмаса, қыста осы сумен бүкіл ауыл жылиды. Алла Құранда: «Егер шүкір етсеңдер арттыра беремін», – деген ғой. Осының бәрін берген Жаратушыға шүкір етеміз, – деп ой түйді.
Арақтан алыс ауыл
Ауылды тым асыра сілтеп мақтап кетті демеңіз. Естігеннен емес, көргеннен айтып жатқан жағымды оқиғалар. Сапар барысында ауыл тұрғыны, «Керімағаш» санаториін салдырған Сүлеймен Көшкінұлы ақсақалмен сұхбаттастық. 1936 жылы туыпты. 1990 жылы «Республикаға еңбегі сіңген қызметкер» атағын алған. Панфилов аудандық орталық мешіттің ақылдастар алқасының мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы. Жасы сексенге таяп қалыпты демесеңіз, әлі тың. Діни басқарманың сайттарын үнемі қарап отырады екен. Бір жағымды жаңалықтың ұшын шығара бастасаңыз «ә, оны өткен жолы www.muftyat.kz-тен көргем» деп өзіңді ұялтады. Мешіттегі бес уақыт намаздан қалмайды. Біз ауылды жақсылыққа, ізгілікке үнемі үндейтін абыз атадан ауылдың арақтан қалай құтылып жатқанын сұрадық.
– 2002 жылы осы ауылда мешіт аштық. Әуелде жұмаға адам аз келетін. Қазір, Құдайға шүкір, ауылдың 80 пайызы жұмаға қатысады. Біз де уағында партияда болдық. Атеистік идеология әсер етті дегендей. Енді егемен ел болып, Тәуелсіздік алғанда өз дінімізбен қайта қауыштық. Намазға жығылып, ата дінді ұстанып жатырмыз. Адамдар иманға келіп, арақтың зияны мен күнәсін түсініп, одан бас тартуда. Әуелгі жылдары той-томалақтар арақпен өтуші еді. Оған ешкім таңқалмайтын. Қазір керісінше, арақсыз тойлар көп. Арақ қойса, ауыл жамағаты таңғалатын болды. Аты жаман арақ дегеніңіз талай отбасының ойранын шығарды, ажырастырды, әйелді жесір, баланы жетім қалдырды емес пе? Құдайға шүкір, қазір халықтың діни сауаты біршама көтерілді. Имандылықтың не екенін енді түсіне бастадық. Адам иман байлығы арқылы бақытты емес пе? Біздің соған көзіміз жетті, – дейді Сүлеймен ақсақал.
Керімағашты шипажайсыз елестету мүмкін емес. Мүмкін ауылдың атын шығарған, берекесін кіргізген осы «Керімағаш» шипажайы ма дерсің… Бұлай деуімізге де себеп аз емес. Ауыл келіншектері шипажайда демалушыларға ас әзірлесе, шаруа жұмыстары – ер кісілердің мойнында. Тұрақты жалақылары бар. Ауыл үшін ондай көлемдегі жалақы үлкен жетістік. Бізді қуантқан бір жағдай болды. Болат ағаның имандылыққа үндеген сөзі мен ісінен әсерленген, ең әуелі Алланың қалауымен намаз оқып, әуретін қымтаған қыз-келіншектер де осы жерден жұмыс тапқан. «Неге басыңа орамал тағып алғансың? Әлі жас емессің бе? Өмірің алда ғой. Мына түріңмен сені кім жұмысқа алады?!» – деп «кеңес» беріп, жаны «ашитын» адамдар жоқ. Керісінше, санаторий басшылары иманын сақтап, әуретін жапқан қыз-келіншектерді қызметке қабылдап, сол арқылы дінге де, иман жолындағы азаматтар мен азаматшаларға да қамқорлығын көрсетіп, қолдау білдіріп келеді. Әйтпесе, орамал таққан келіншекті немесе бойжеткенді көп жерде қызметке қабылдамайтынын несіне жасырайық?!
Шеттен келген қандастарымыз да санаторийден екі қолға бір күрек тауыпты. 10-15 отбасы нәпақасын тауып, ризығын теріп жүр. Олар әуелі Аллаға шүкір, содан кейін жомарт жан, пейілі кең кісі Болат Сүлейменұлына алғыс айтады.
Шипажай қызметкерлері имамнан жүйелі түрде дәріс тыңдайды. Олардың дүниелік істерімен қоса діни рәсімдеріне, яғни құлшылықтарына да мән беріледі. Демалушыларды да қызықтыратын тұс – осы. Демалушылардың алдында құрақ ұшады. Әдепті, биязы.
«Мен әлемнің бірнеше қалаларындағы шипажайларда болдым. Бірақ «Керімағаштан» ерекше әсер алдым. Мұнда өткен жылы да келдім. Маған қызмет сапасы, қызметкерлердің қарым-қатынасы ұнады. Әдеппен мәміле жасайды. Бұл жерде тән мен рухың демалады екен. Қазақша концерт тыңдадық. Қазақтың әндері қандай ғажап!» – дейді Германияның Вольфсбург қаласынан келген Ольга Мецке.
Ал демалушы Наталья Михайлқызын шипажай басшыларының мұсылманға, қазаққа тән қонақжайлы мінезі, көркем қарым-қатынасы таңқалдырыпты. 57 жастағы Көксу ауданынан келген Нағима Мұқаш апа: «Осы жерге келген сайын өз төркінімде жүргендей сезінем», – деп ағынан жарылды.
Шипажайда шипалы су, оттегі коктейлі, минералды ванна, балшықпен емдеу, классикалық массаж, фитошай, жоғарғы бүрку, табиғи Шарко душы, ішек шаю, т.б. 12-ден астам ем түрлері бар. Минералды ванналар жоғары жүйке жүйесін реттеу мен бейімдеу механизмдері арқылы және ішкі секреция бездерінің қызметіне жаңа қарқын берумен ағзаға оң әсерін тигізеді.
Асхана, мәдениет залы, кітапхана, дүкен, қысқы бақ жұмыс істейді. Мұсылмандық талапқа сәйкес, ер кісілерге ер адам, әйел адамдарға қыз-келіншектер қызмет көрсетеді.
Дене қуыстарына жиналған тұздар мен суықты шығаратын қара балшық дүнген азаматы 66 жастағы Вангар Харовтың буын ауруларынан айығуына септігін тигізіпті. Ол осымен екінші рет келіпті. «Мұнда барлық жағдай жасалған. Бастысы тамақтан күмәнданбайсың. Халал. Малды өздері бауыздайды екен. Сүт өнімдері де өздерінен шығады», – деп пікір білдірді бізге В.Харов.
Шипажайда адал асқа аса мән беріледі. «Аллаға шүкір, ет, сүт, айран, кілегей, қаймақ, нан, көкөніс т.б. азық-түліктер өзімізден өндіріледі. Өзіміздің шаруа қожалығымыз бар», – дейді директор.
Түйін сөз
Таза ауа, қырғауыл мен қоянға толы әсем құмды бұталары «Керімағаш» шипажайының аумағында өзіндік ерекше микроклимат қалыптастырған. Жол бойы жиделі дала мен шеңгелді шөлден келіп кіргенде жазиралы Керімағаш жерұйықтай болып көрінеді.
Жұма – шипажайда ресми демалыс. Демалушыларға дәстүрге сәйкес, ас әзірленіп, шелпек пісіріліп, ауыл имамы Құран оқып, емделушілердің ішіндегі қариясы бата жасап, қасиетті жұма кәдімгідей мұсылманның мерекесі ретінде тойланады екен. Жұрт ағыл-тегіл жұма намазға ағылып, мәз-мәйрам тіршілік кешеді. Мұны мұсылмандығымыздың, қазақтығымыздың жарқын көрінісіне баладық.
Қайтқанда… Аядай ғана ауылдың иманға ұйысып, қоңыр тіршілік кешіп, берекелі өмір сүріп жатқаны тәнтті етті. «Қариясы қариялығын жасап, жастары тіршілігі мен құлшылығын қатар атқарып жүрген барлық ауылдың тынысы мен тіршілігі осындай-ақ болса, шіркін-ай», – деген ойға шомдық.
Ауыл тұрғындарына жұмыс беріп, сауапты һәм салауатты кәсібін жүргізіп отырған Сүлеймен қажы атамыз сөзін: «Мұның бәрі Алланың бізге берген нығметі. Адам жақсы ниеті арқылы мақсатына жетеді. Дінге, халыққа қызмет еткеннен артық бақыт жоқ. Адал жұмыс әрқашан адамды жақсылыққа жетелейді», – деп түйіндеді. Біз де бұдан артық ештеңе айта алмадық… Алла баянды етсін деп тіледік. Солай болғай.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Астана – Керімағаш – Астана