https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Адамның «чипі» құйымшақта

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1838 рет

Бірде саңлақ сахаба Әбу Һурайра (радыйаллаһу ‘анһу) Пайғамбарымыздың (салаллаһу ‘алейһи уәсәлләм) «Сүрдің бірінші үрленуі мен екінші рет үрленуі арасында қырық уақыт бар», – деген хадисін жеткізеді. Сонда сол жерде отырған сахабалар: «Уа, Әбу Һурайра, қырық деген не? Қырық күн ба?», – деп сұрайды. Бұған Әбу Һурайра: «Нақты ештеңе айта алмаймын», – дейді. Отырған сахабалар да: «Әлде қырық жыл ма?», – деп сұрайды. Әбу Һурайра тағы да: «Ештеңе дей алмаймын», – деп жауап береді. Сахабалар тағы да: «Әлде қырық ай ма?», – дейді. Бұған да ол: «Ештеңе айта алмаймын», – дейді, сосын хадисті әрі қарай жалғастырып: «Осы уақыт ішінде адамның құйымшағынан
(عَجْبُ الذّنَبِ) басқа барлық жері шіріп, жоқ болады. Бұдан кейін қайта жаратылу басталады. Бұл жаратылыс адамның осы құйымшағынан басталады. Сосын Алла Тағала көктен жаңбыр жаудырады да барлық адамзат өсімдіктер секілді қайта жан бітіп тіріледі», – дейді (Бұхари, Мүслим).

Мүслимнің сахих хадистер жинағында кездесетін тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уәсәлләм): «Адам баласының барлық жерін топырақ жейді (яғни, шірітеді). Тек құйымшақ қана шірімейді. Адам құйымшақтан жаратылған және содан қайта құрылып, қайта жаратылады», ­– дейді (Бұхари, Мүслим).

Әуелі мынаны білуіміз керек. Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уәсәлләм) ақиқаттан басқа ешнәрсе сөйлеген емес. Қасиетті Құранда Алла Тағала (жәллә жәләллуһу): «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана. Оған оны өте күшті Жәбірейіл (‘алейһи сәләм) үйретті», – дейді (Нәжм сүресі, 3-5-аяттар). Алла Елшісінің өзі де аузынан шыққан әр сөзді жаттау мақсатында жазып алып отыратын сахаба Абдуллаһ бин Әмірге: «Жаз, жаным құдірет қолында болған Алланың атымен ант етемін, бұл ауыздан ақиқаттан басқа ешнәрсе шықпайды!», – дейді.

Демек, бұл құйымшақта бір сыр мен хикмет бар. Ғылыми жаңалықтар Пайғамбарымыздың (салаллаһу ‘алейһи уәсәлләм) бұл хадистері, жалпы Ислам діні тұнған ғылым екенін, түбі ғажайып дүниелер мен таңғалуларға жетелейтінін, Алланың құдіретіне бас шайқаудан басқа шара қалдырмайтынын, сондай-ақ, Ислам дінінің ақиқат дін, нұрлы дін екенін дәлелдеп беруде. Біз соны жеткізіп көруге тырысайық.

Жоғарыдағы хадистерден түсінгеніміздей:

  1. Адам баласының құрсақтағы жаратылысы мен дамуы осы құйымшақтан басталады;
  2. Құйымшақ – адам бойындағы еш шірімейтін жалғыз ғана мүше, бөлшек, сүйек;
  3. Қиямет күні қайта жаратылуымыз, түзілуіміз, құралуымыз осы бір құйымшақтан басталмақ.

Адамның құйымшақтан түзілетінін түсіну үшін әуелі эмбриологиялық даму кезеңін қысқаша баяндап өткеніміз жөн болар. Эмбрионның даму кезеңі аталық (сперматозоид) және аналық жыныс жасушаларының қосылуынан басталады. Бұдан зигота пайда болады. Келесі саты – «бөлшектену», яғни бір жасушалы зиготаның көпжасушалы ұрыққа айналу кезеңі. Осылайша ұрық жатырдың шырышты қабығына енеді. Бұл жерде ұрық түйіні ұрық қалқанына айналады. Уақыт өте келе ол екі жапырақшаға (қатпар), яғни эпибласт (эктодерма) пен гипобластқа (эндодерма) бөлінеді. Негізгі үрдістер эпибласт ішінде өтеді. Эпибластың жасушалары белсенді түрде көбейе бастап, ұрықтың бас бөлігінен оның каудальды бөлігіне қарай көш түзейді. Олардың миграциясы эпибластың шеткі екі жағынан екі ағын түрінде байқалады. Жасушалардың бір бөлігі эпибластың ортасынан ерте қайта бастайды, қалғандары ақырына дейін жетіп кері жылжиды. Жасушалар ағыны кездескеннен кейін, бір-бірімен араласпай, қатарласа ұрықтың бас бөлігіне қайтады. Осының нәтижесінде эпибластың ортасында «алғашқы ұрық жолағы» деп аталатын жасушалар жиынтығы түзеледі. Ал жолақтың алдыңғы бөлігінде «Гензен түйіні» деп аталатын «алғашқы түйін» пайда болады. «Алғашқы ұрық жолағынан» мезодерма түзіледі. Осылайша эктодерма, эндодерма, мезодерма болып үш ұрық жапырақшасы қалыптасады. Ал бұл үшеуінен адамның барлық органдары мен ұлпалары түзіледі. Атап айтсақ,эктодермадан жануарларда жабындары, адамда және өзге сүтқоректілерде терінің үстіңгі қабаты, тері туындылары, яғни май және тер (сүт) бездері, шаш және тырнақ, жануарларда мүйіз және тұяқ, сезім мүшелері, жүйке жүйесі (ми және жұлын, т.б.). Эндодермадан барлық асқорыту мүшелері: қарын, ішек, өңеш, т.б., барлық бездер (тері безінен өзгесі), асқорыту бездері де: бауыр, ұйқы безі, қалқанша безі, гипофиз бөлігі, бүйрекүсті безі және т.б., тынысалу жүйесі: өкпе, кеңірдек, ауатамыр және т.б. түзіледі. Ал мезодермадан өзге жүйе мүшелері: бұлшық ет, сүйектер, буындар, сіңірлер; қан тарату жүйесі: жүрек, тамырлар, қан; несеп-жыныс жүйесі: бүйрек, несеп ағарлар, қуық және жыныс мүшелері. Міне, осы барлық органдардың қайнар көзі болған «алғашқы ұрық жолағы» мен «алғашқы түйін» бұдан кейін ең соңғы омыртқаға қарай тартылып, одан құйымшақ қалыптасады. Былайша айтқанда, қалыптасып жатқан адам жайындағы барлық ақпараттар ең соңында «чипке» айналып құйымшаққа орнатылады. Пайғамбарымыздың «адам құйымшақтан жаратылған» деуінің сыры да осы.

img14

Демек, әр адамның құйымшағы өзі жайындағы барлық ақпаратты тасыған бір «чип». Адамның Қияметте қайта жаратылуы осы бір «чиптен» басталмақ. Әрине, Алла Тағаланың адамзатты қайта жаратамын десе, бұл құйымшақсыз-ақ жаратуға құдіреті жетеді. Алла еш нәрсеге мұқтажсыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Адам баласы: «Мен өлгеннен кейін қайта тірілемін бе?», – дейді. Әуел баста өзін жоқтан бар етіп жаратқанымызды адам баласы ойламай ма?» (Мәриям сүресі, 66-67-аяттар). Егер жоқтан бар етіп жаратып отырса, Алла Тағалаға қайта тірілту деген сөз боп па? «Жаратылысты жоқтан бар еткен де, оны өлтіріп қайта тірілтетін де Алла. Бұл оған алғашқы жаратуынан да оңай» (Рұм сүресі, 27-аят). «Алла Тағала нені жаратуды қаласа, тек қана «Бол!» дейді, ол да дереу бола қалады» (Бақара сүресі, 117-аят).

Ал құйымшақ қайта жаратылуымызға бір себеп қана. Яғни, өсімдіктің өсіп шығуына тұқым қалайша себепші болса, адамның да қайта жаратылуына осы құйымшақ себеп. Былайша айтсақ, құйымшақ – адамның тұқымы. Өсімдіктің түрі, түсі, ағашы, жапырағы, ол өсімдік жемісті болатын болса, оның дәмі, пішіні, иісі, түсі, қысқаша айтқанда, өсімдікке қатысты қандай ақпарат бар болса, соның бәрі бір ғана тұқымда жинақталғаны секілді құйымшақта да адам жайлы барлық ақпарат қамтылған. Онсыз да Алла Тағала адамзаттың Қияметтегі қайта тірілуін осы өсімдіктің мысалымен береді.

Мәселен:

«Алла өзінің рахымы (жаңбыр) келер алдында жел соқтырып, сүйінші хабарын жібереді. Жел ауыр бұлттарды көтерген кезде оны өлі қуаң жерлерге жөнелтеміз де, жаңбыр жаудырып, әртүрлі жеміс-жидек өндіреміз. Сол сияқты өлілерді де тірілтеміз. Бұдан, әрине, ғибрат аларсыңдар» («Ағраф» сүресі, 57-аят).

«Алланың рахмет іздеріне қара! Оның жерді өлгеннен кейін қалайша қайта тірілтетінін көрмейсің бе? Ол расында өлілерді де тірілтеді. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді» («Рұм» сүресі, 50-аят).

«Алла желді жөнелтіп, бұлттарды қозғайды. Ол бұлтты өлі жерге айдаймыз. Бұлттан жаңбыр жауып, сол жаңбырмен жансыз жерді қайта тірілтеміз.Өлілердің тірілуі де дәл осы секілді» («Фатыр» сүресі, 9-аят).

«Сен  жердің құрғап қалғанын көресің. Біз жаңбыр жаудырған мезгілде жер қайта құлпырып, көктейді. Бұл Алланың дәлелдерінен. Шүбәсіз жерді тірілткен Алла өлілерді де тірілтеді. Өйткені, Оның әр нәрсеге құдіреті жетеді» («Фуссилат» сүресі, 39-аят).

«Ол аспаннан өлшеммен жаңбыр жаудырды. Онымен өлілерді тірілттік. Сендер де сол секілді қабірлеріңнен қайта шығасыңдар» («Зухруф» сүресі, 11-аят).

«Жерді қуарған қу медиен күйінде көресіңдер, оған жаңбыр жаудырсақ, ол жанданып, көпсіп, әралуан әсем өсімдіктер өнеді.  Осы дәлелдер бойынша, шын мәнінде Алла – хақ. Ол өліні тірілтеді, оның барлық нәрсеге қуаты жетеді» («Хаж» сүресі, 5-6 аяттар).

«Сондай-ақ, жансыз жерді сол жаңбыр суымен тірілттік. Өлілердің тірілуі де осы секілді» («Қаф» сүресі, 11-аят).

«Алла аспаннан жаңбыр жаудырып, онымен өлі жерді тірілтеді. Шынында, әне соның өзінде сөз тыңдар қауым үшін дәлелдер бар («Нахыл» сүресі, 65-аят).

Міне, бұл аяттардың барлығы Қиямет күні адамдардың да қайта тірілуі қурап, солып, өліп қалған өсімдіктердің қайта жандану процесіне ұқсас болатындығына дәлел.Яғни, Алла Тағаланың: «Сендер де сол секілді қабірлеріңнен қайта шығасыңдар», «Өлілердің тірілуі де дәл осы секілді» деуі арқылы бізге осыны меңзейді. Ендеше жоғарыдағы хадисте айтылғандай, Алла Тағала көктен жаңбыр жаудырады да адам да құйымшақтан қайта түзіліп, бойына қайта жан бітеді.

Сондықтан да, құйымшақтың шірімеуі заңды да, ақылға да қонымды. Бұны ғалымдар да тексеріп көрген екен. Йеменнің зерттеушілері Осман әл-Жейлани мен шейх Абдуль-Мәжид Аззандани 2003 жылы Рамазан айында құйымшаққа бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олар қызып тұрған отқа құйымшақты 10 минут бойы ұстап тұрған. Қызған отта қақталып тұрған құйымшақтың түсі бастапқыда қызарып, кейін қарая түскен. Содан кейін ғалымдар күйген құйымшақтың қалдықтарын жинап, стерильді колбаға салып, Йеменнің ең атақты Сана қаласындағы Аль-Аулаки зертханасына әкеледі. Сана университетінің гисталогия мен патология профессоры Салих аль-Аулаки қалған ұлпаны зерттеп, лаулаған оттың құйымшақтың жасушасына еш әсер етпегенін байқайды. Яғни, газдың отына май жасушасы мен жілік майы ғана жанған, ал құйымшақтың жасушалары еш зарар көрмеген, тіршілігін жоймаған.

Бұған ұқсас зерттеуді қытайлық ғалымдар да жасаған. Олар құйымшақты қуатты радиоактивті сәуленің астында ұстаған. Сосын күшті химиялық қышқылдарға салған. Нәтижеде адамның бұл сүйегін түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес деген қорытындыға келген. Ағылшын микробиолог-ғалымдарының да тәжірибелері осыны көрсеткен. Олар адам мәйітін 6000 градустық отта да өрттеп көрген, -286 градус суықтықта та ұстап көрген. Алайда, бәрі-бір құйымшақтағы тіршіліктің белгілерін жою мүмкін емес болған. Демек, бұл зерттеулер де құйымшақтың шірімеуін ғылыми түрде дәлелдеп отыр.

Қорытындылай келгенде, Алла Тағала Құранда: «Құранның анық ақиқат екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді көрсете береміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» («Фуссиләт» сүресі, 53-аят), – дейді. Сондай-ақ:«Араларыңнан аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әpi хикметті, сондай-ақ, білмегендеріңді үйрететін Елші жібердік»,– дейді («Бақара» сүресі, 151-аят, «Әли-Имран» сүресі, 164-аят, «Жұма» сүресі, 2-аят). Бұл жердегі хикмет Пайғамбарымыздың – сүннеті. Барлық ғылым мен хикметтің қайнар көзі болған Құран мен Пайғамбарымыздың сүннетін берік ұстану – шүбәсіз, даналыққа жетелейді. Өкінішке қарай, көбіміз мұның қадірін жете түсінбеудеміз. Ендеше Құранға қырын, сүннетке салғырт қараудан сақтасын Алла!

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз