Қай заманда болмасын ел ішіндегі береке-бірлік, көршімен татулық ең маңызды рөлге ие болатын. Өйткені, жер бетіндегі өзара келіспеушілік пен дүрдараздықтар белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тизібей қоймайтын. Шүкір, тәуілсіздікке қол жеткізіп, күні бүгінге дейін достығымыз дархан, ынтымағымыз ырысты болып отыр. Көршілес мемлекеттермен тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, бірлігіміз бекемделе түсті. Әрине, бұл ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, көрегенді саясаты болса, екіншіден бейбіт сүйгіш ел азаматтарының қосқан үлес десек, орынды болар.
Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеяның мерейтойы атап өтілмек. Осынау игі шара достығы дархан, кең пейілді жұртымыздың бірлігін паш ету деп білемін. Осы реттеҚазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ өткен жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Құдайға шүкір, еліміз тұрақты даму үстінде. Сайын даланы мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі халқымызға берген Алланың сыйы, өлшеусіз рахымы десек, егеменді елді жарқын болашаққа бастаған ел басшысын тағайындап беруі Жаратушы иеміздің тағы бір үлкен нығметі. Халқымыз Тәуелсіздікті тойлап, оны мәңгілік етуді ойлап жүрген жоралы жұрт екенін әлем мойындады. Ендеше, Елбасы айтқандай, баршамыз Тәуелсіздігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет. Бейбіт заманды басты байлығы санаған сүйікті Отанымыз әлемге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Осы орайда жұртымыздың жанашыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, береке мен бірліктің ұйытқысына айналды» деуі тегін емес. Ендеше, биылғы достық жылы береке-бірлігіміз арта түсері анық.
Әлем елдері дінбасыларының басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз – Астана рухани келісімнің ордасы екенін еліміздің әрбір азаматы ғана емес, шетелдік қонақтар да мақтанышпен айтады. Әрдайым, бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан 130-дан астам этнос өкілдері Қазақстанның бірлігінің артуына айтарлықтай үлес қосуда. Ата Заңымызда айқындап жазылғандай, азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. Бұл – бейбіт жолды басты бағдар еткен еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығының үздік үлгісі. Халқымыздың кеңпейілі, қонақжай, бауырмал, дархан мінезі кең-байтақ даламызда бейбітшіліктің салтанат құруына негіз болды. Ұйымшылдыққа ұмтылған ұлтымыз бақыттың бастауы – бірлік деп білген. Қаблиса жыраудың толғауынан алар тағылым мол. «Бақыт, қайда барасың?» дегенде, «Көршімен болған бірлігі, тағат, ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барамын» деген екен. Яғни, достық пен ынтымақтың орталығы саналған Қазақстан ұлтаралық қарым-қатынас бағытында көш бастап келеді. Құдайға шүкір, еліміз тұрақты даму үстінде. Сайын даланы мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі халқымызға берген Алланың сыйы, өлшеусіз рахымы десек, егеменді елді жарқын болашаққа бастаған ел басшысын тағайындап беруі, Жаратушы Иеміздің тағы бір үлкен нығметі. Халқымыз Тәуелсіздікті тойлап, оны мәңгілік етуді ойлап жүрген жоралы жұрт екенін әлем мойындады.
Бас мүфти Ержан Маемеров жоғарыда аталған сұхбатында «Халқымызда: «Байлық байлық емес, бірлік байлық», – деген нақыл сөз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты имандылыққа үндеп қана қоймай, адамдарды ауызбіршілікке шақыруда. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда дін өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Мешіт имамдары жұма уағыздарында бірлігі жарасқан елге Алланың назары түсетінін айтып, халықты қанаттандырып отырады. Өйткені, діннің мақсаты – ізгілік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Еліміздегі барлық мешіттер мен медреселер бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында қызмет етіп келеді. Ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенемін» дегені көңіл қуантады. Біздер, аудан, ауыл имандары мешітте уағыз айтқанда, дұға жасағанда Алла тағаладан ел іргесі аман болсын, бейбітшілік болсын деп тілеу тілейміз.
Расында, Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты құндылығымыз. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Аллаһ Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып біздер үшін бірлікпен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Аллаһтың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандайда бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам атамен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттармен ұлыстарға бөлдік. Расында Аллаһ алдында ең абыройлыларың тақуаларың (Аллаһтан шынайы түрде қорыққандарың).Аллаһ барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар» (Хужурат сүресі, 13-аят) деп баяндалады. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Аллаһтың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың» деп ескертілген.
Ислам діні – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты дін. Сондықтан бейбіт сүйгіш дінді адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ислам адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қояды, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтайды, әлеуметтік әділетті көздейді. Адамды былай қойғанда, бүкіл тіршілік иесінің бірде-біріне қылдай қиянат жасамауға үндейді. Бейбіт сүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел басшылары ежелден елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім. Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді.
Ислам діні іргетасын қалаған күннен бері дінаралық түсіністіктің қажеттілігін уағыздап келеді. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға һижрат еткеннен кейін де ешбір пендені Ислам дінін қабылдауға мәжбүрлеген емес. Қайта өзге дін өкілдерімен жақсы мәміледе болуды насихаттаған. Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көршілермен қандай мәміледе болу керектігі туралы өз хадисінде: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар. Ол сенің көршің болғаны үшін. Егер көршің мұсылман болса, екі міндетің бар. Ол – бірінші көршің, екінші мұсылман болғаны үшін. Ал егер көршің мұсылман-туысқаның болса, үш міндетің бар. Ол – көршің, мұсылман әрі туысқаның болғаны үшін», – деген екен. Осы хадиске назар аударсақ, қоғамда сенімен бірге өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың әр нәрсеге өз құқы бар. Ол қандай дінде болсын, онымен біз жақсы мәміледе болуымыз керек. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге діндегілердің құқығын қорғау және олармен жақсы мәміледе болу мұсылманшылықтың міндеті екендігі жайлы да бірқатар хадистерінде айтып кеткен. Біз әлімсақтан кісілік кейпін сақтауға, ана сүтін ақтауға талпынған, дін мен дәстүрді үйлестіріп, үйлесімді, өнегелі өмір сүрген мұсылман халықпыз. Исламның қазақ топырағына келуімен көптеген жақсылықтарға қол жеткіздік. Салт-дәстүріміз, бітім-болмысымыз Исламмен біте қайнасып, өркениетке қадам басқан қазақпыз. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа», – деп Абай жырлаған бабалардың ізін басқан ұрпақпыз. Халқымызда: «Бірлік – береке бастауы» деген нақыл бар. Аллаһқа сансыз шүкірлер болсын тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап қайта оралған ата дініміз Ислам еліміз Қазақстанда едәуір қарқынды дамып келеді. Оның жарқын мысалы ретінде еліміздің түпкір-түпкірінде күн санап ашылып жатқан мешіттермен медреселер, Алланың жердегі үйі болған бұл қасиетті мекендерге келіп, Аллаға мінәжат етіп, сәждеге бас қойушылар қатарының көбейіп келе жатқандығын айтуға болады. Сондай-ақ халқымыздың ынтымақ бірлігі артып көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері дүрдараз болмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.
Аллаһ Тағала ел ішінде бүлік тудырып шатақ шығарудың қаншалықты үлкен күнәлі іс екендігін қатаң түрде ескертіп, «Фитна (бүлік) шығару адам өлтіруден де ауыр күнә»(Бақара сүресі, 217-аят) деп баяндайды. Яғни халықтың арасында әртүрлі іріткі фитналар тудыру, бүлікке алып баратын іс әрекеттерді жасау Исламда адам өлтіруденде ауыр қүнә болып саналады. Өйткені сол фитналардың нәтижесінде көптеген бейкүна жандардың, бейбіт халықтың қаны төгілуі мүмкін. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Бір адамның қанын нахақтан төгудің күнәсі жер бетіндегі бүкіл адамдардың қанын төккенмен бірдей болады» делінген. Сондықтан да жүрегінде шынайы иманы бар мұсылман адам мұндай іріткі фитнаға алып баратын іс әрекеттерді жасамауы, ондай істерден әрқашанда алыс туруы қажет. Бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермеуі тиіс. Мұсылмандар үшін ең маңызды нәрсе халықтың тыныштығы, елдің бірлігі. Бір елде турып нанын жеп, суын ішіп отырғандықтан бір бірімізге әрдайым құрметпен қарап өзара жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Өйткені Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, мүминдер бір-бірімен бауыр сондықтан бір-біріне ренішті болған бауырларыңды татуластырыңдар. Аллаһтан қорқыңдар» деп бұйыруда. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар.Ал бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар» делінген. Яғни, бір-бірімізді жақсы көрмейінше шынайы мұсылман болып саналмаймыз. Жақсы көру дегеніміз, өзің үшін пайдалы болғанды өзгелерге де қалап өзің үшін зиянды болғанды өзгелерге қаламау. Тіпті, өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін үнемі жоғары ұстау. Һижреттің 12 жылында Византиялықтармен Мұсылмандар арасындағы болған «Иәрмук» шайқасына қатысқан Хузайфа әл-Әдәуй атты сахабаның басынан өткізген мына бір оқиға қандай ғибрат аларлық десеңізші. Ол (р.а) соғыс бітісімен немере ағасының баласын іздестіре бастайды. Біраз уақыттан кейін оны жаралы хәлде тауып, аузына су тамызайын деп ұмтыла бергенде кенеттен жанында жатқан тағы бір жаралының ыңырсыған даусы естіледі. Солақ екен інісі суды ішпей жанындағы қиналып жатқан келесі жаралыға алып бар дегендей сыңай танытады. Хузайфа әл-Әдәуй суын алып дереу екінші жаралының жанына барады. Ол Астың ұлы Хишам болатын. Оғанда енді ішкізейін деп жатқанда жанынан тағы да бір жаралының ыңырсыған даусы естіледі де, Хишамда суды ішпей қояды. Жағдайды түсінген Хузайфа әл-Әдәуй суын алып үшінші жаралының жанына барады. Бірақ ол, суды ішпестен көз жұмады… Хузайфа әл-Әдәуй Хишамның жанына қайтып орлғанда олда көз жұмған болады. Енді неде болса немере ағамның ұлына ішкізейін деп асығып інісінің жанына келсе, Ол да (р.а) аманат жанын Раббысының жолында пида етіп жан тәсілім еткен болады.
Міне, қазіргі таңда біз мұсылмандарға осындай бауырмалдық қажет. Шынайы бауырластық бір-бірімізді жақсы көрумен болады. Бір-бірімізді осылай өз нәпсімізден артық жақсы көрген жағдайда ғана Ұлы Раббымыздың құзырында шынайы иман келтірген мұсылман ретінде саналмақпыз. Сондықтан өзара бөлінушілікке жол бермейік құрметті бауырлар! Аллаһ баршамызды бір дін, бір мәзһаб аясында бірігуді нәсіп етсін! Бірлік-қуаттың, күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік бәлекеттің, апаттың көзі. Аллаһ ынтымақ бірлігімізден айырмасын. Еліміздің еңсесі биік, дініміздің діңгегі берік болсын! (әмин).
Әбудардан Таласбай,
Қаратал ауданы орталық мешітінің бас имамы.
Алматы облысы