Егемендігін алып, әлем жұртшылығына өзіндік бет-бейнесін таныстырғалы бері Елімізде көптеген игі шаралар өтіп жатыр. Солардың ішіндегі ең құндысы ретінде жақында Астанада Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткізілген «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І республикалық имамдар форумын атауға болады. Себебі, мемлекеттің басты құрамдас бөлігі болғандықтан діни кеңесті, дін тақырыбын алдыңғы орында атау керек-ақ.
Халқымыздың: «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», – деген сөзінің елеуіші қарар болсақ, аса қажетті құжаттар талқыланып, ел игілігіне ұсынылған форумның маңыздылығын байқауға болады. Шындығында кеңесу, ақылдасу, ой қорыту мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Күрмеуі қиын мәселенің шешуін ақылдасып табуды пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өсиет қылғаны баршаға аян. Сол себепті де Астанада өткен алғашқы форумның құндылығы арта түсері анық.
Шындығында қоғамның жақсы жағына дамығанын, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсарғанын, рухани-мәдени әлемнің жарқырап көрінгенін әркім-ақ қалайды. Себебі, қоғамның жегі құрты саналатын нашақорлық, араққұмарлық, жезөкшелік секілді жағымсыз әдеттер мен қылмыстар мемлекеттің дамуын тежеп, өркениет көшіндегі орнын кейінге шегереді. Сол себепті, жақсылықты қолдап, жамандықты тоқтату басты міндеттің бірі саналады. Ал, әрбір мұсылман баласы үшін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) қалған өсиет.
Бүгінгі таңда баршамызды әлемдік аренадағы діни қақтығыстар, соғыстар алаңдатады. Адамзат өркениетінде Қосөзен аталған аймақтағы Сирияның мемлекеттігін мойындамай, баршаны кәпір санаған лаңкестердің әрекеті расында да алаңдаушылық тудырары хақ. Бірлік пен татулықтың діні саналатын Исламның атына қара күйе жаққан осындай содырлардың әрекетін радикализм мен экстремизмнің айқын көрінісі санауға мәжбүрміз. Ал, ел мен жердің тұтастығын сақтауды, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдеуді мақсат еткен тұңғыш имамдар форумында көптеген құнды құжаттар қабылданғаны көптеген алаңдаулы көңілге қуаныш сыйлап, дегбірі қашқан көкірекке тыныштық берді.
Ақиқатында жақсылықтың бастауы діннен басталатынын ұғынатын уақыт жеткендігін форумға шақырылған белгілі тұлғалар растап, алғашқы имамдар форумына сәт-сапар тілеп жатты.
Елордағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен келелі кездесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдыруның заңды жалғасы іспетті. Соның ұйытқысына Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы айналғанын баса айтқымыз келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық аймағында ұзын саны 2 мың 500-ден астам мешіт ашылып, халықтың бірлігін ұйыстыратын рухани орталыққа айналғаны көпшілікке белгілі. Ондағы имамдардың мойнындағы жауапкершілік аса зор. Себебі, өскелең ұрпақтың жүрегіне уағыз-насихат арқылы жол тапқан мешіт қызметкерлерінің әрбір қадамы ұлттық тәрбие мен мемлекеттік мүддеге қызмет етері хақ. Оның үстіне өткен ғасырда құрсауға түскен Ислам дінінің құндылығына ынтыққан қауымның сұранысы да артты, талабы да күшейді. Бұл жағынан алғанда имамдар мен мәзімдердің атқарып отырған міндеті орасан. Бір ғана тіл мәселесіне келер болсақ, жұма уағызын, бес уақыт намаз кезіндегі насихаттарды мемлекеттік тілде орындайтын мешіт қызметкерлері бұл салаға өлшеусіз үлес қосуда. Кейбір мекемелер мемлекеттік тілді оқытуға арнайы қаржы бөліп, маман жалдап жатса, имамдар қауымы мемлекеттік тілдің тұғырына қонуына тегін-ақ еңбек етуде. Ал, халықтың білімін көтеру, жастардың тарихты терең тануына ықпал ету секілді жұмыстардың салмағы тіптен өлшеусіз. Сол себепті де мешіт қызметкерлеріне ерекше қолдау көрсету уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Осындай өзекті мәселені имамдар форумының талқысына салған бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жанашырлығы деп білген жөн. Астанадағы форумның ашылуында сөйлеген сөзінде бас мүфти:
– Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ашылған имамдар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы жандануда. Имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты жұмыс істейді. Осыған дейін республика аумағында салынған 9 медресе өз жұмысын белсендіру үстінде. Имамдардың атқарып жатқан қызметіне лайықтығын анықтау ретінде мешіт имамдарын аттестациялау жұмыстарын өткіздік, – деп атқарылған жұмыстар мен жоспарланған міндеттерді саралап шықты. – Өткен жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы жанындағы Ғұламалар Кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, жиһад ұғымы жайлы, теріс ағымдар ақиқаты туралы пәтуалар шығарды. Мүфтиятта жаңадан ашылған «Халал өнімдерді стандарттау», «Жастар ісі», «Баспасөз» бөлімдері қызметіне кірісті. Республика деңгейінде дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен насихатталды. Бұл өміршең бастама қысқа мерзім аралығында халық пен діндарлар арасында алтын көпірге айналды деуге болады. Осында отырған ел ағалары, зиялы қауым өкілдері бастамаға өздерінің қолдауын білдіріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Сәулелі сәтті пайдаланып, айрықша алғысымды білдіргім келеді. Алла разы болсын деймін.
Біз 2014 жылын «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, абыроймен атқарып шықтық.Дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аудардық. Діни басқармасы осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән берді. Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мазхабы имам Матуруди сенімі негізінде әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіріліп, салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді. Дәстүрлі мазхабымызды кеңінен тарату мақсатында 2015 жылды «Абу Ханифа жылы» деп жариялап, бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Осының шеңберінде «Нұр Мүбәрак» университетінің жанынан «Абу Ханифа ғылыми-зертеу орталығы» ашылып, жұмысты бастап кетті.
Атқарылған жұмыстар мен жоспарланған межелердің тізбегіне көз салсақ, шүкірлік айтуға тиістіміз. Одан бөлек, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Маямеров басқарманың 2020 жылға дейінгі қызметін даму тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданғанын, сондай-ақ, мұсылмандарды біріктіруші негізгі идеялық мақсаттары бар Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы дайындалғанын атап өтті.
Еліміздегі мұсылман үмбетінің бөлінуіне жол бермеуді мақсат ететін тұғырнама Құран Кәрім мен хазіреті Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) көрсеткен жолдан таймауға, мәзһаб пен сенімге байланысты бөлінбеуге, Ислам дінінің бейбітшілік пен бірлікке шақырған тура жолымен жүруіне шақырады. Бұл құжат Діни басқарма қызметін жаңа сатыға көтеретін бағдарламалық құжатқа айналады деп сенеміз. Одан бөлек, форум аясында әзірленіп, қабылданған «Имамның тұлғалық келбеті» атты тәлімдік құжаттама, «Дін қызметкерінің этикасының»маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Бүгінгінің имамын тек жаназа шығару, неке қию секілді міндеттерді атқарушы ретінде елестету өткен күннің еншісіндегі нәрсе. Расында имам – ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысына айналған тұлға. Сондықтан «Дін қызметкерінің этикасы» аса керекті құжатқа айналады.
Бір сөзбен айтқанда, Астанадағы имамдар форумы ел бірлігін, мемлекет тұтастығын, халықтың ауызбіршілігін ойластырудан туған бастаманың заңды жалғасы. Сондықтан осы тақілеттес жиындар көп болса деген ой мазалайды. Өйткені, нәтиже – сұранысты қанағаттандырады. Ал, діни жиынның, кеңестің нәтижесі басым екендігі баршаға мәлім.
Айтақын Бұлғақов