Бейсенбі күні Елорданың төріндегі «Бейбітшілік және Келісім» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбында І республикалық имамдар форумы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге тарта имамдар, ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі мүшелері, Парламент және Сенат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым қатысты.
Жиынды ашқан ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы тұңғыш өтіп отырған имамдар форумының басты мақсаты мен маңызына тоқталып, еліміздегі діни ахуалды айт келе өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы құрылған басқарманың бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын да ерекше атап өтті. Ең маңыздысы – Исламның жат пиғылдылардың саясаттың қаруына айналдырып, түрлі ағымдардың арандатып жүрген «терроризм мен экстремизм» сияқты қара күйесінен мақтадай таза екенін, асыл дініміздің бейбітшілік пен келісімнің қайнар бұлағы болып қала беретінін тереңінен түсіндіргені болды. Форумға арнайы келіп өз сөзінде: «Халқымыздың рухани өміріндегі айтулы оқиға», деп бағалаған Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасының құттықтау хатын оқып берді. Қашан да еліміздің тыныштығы мен іргеміздің бүтіндігін басты назарында ұстаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында былай делінген: «Форум – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметінің жаңа бір белесінің көрінісі. Діни басқарма талай жылдан бері халықты иман жолына ұйытатын игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Форумның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қарсаңында өткізілуі оның маңызын арттыра түседі. Ислам діні қазақтың тарихында маңызды рөлге ие. Еліміздегі көптеген шығыс халықтарының руханияты Ислам құндылықтарына негізделген. Этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінде әлемге танымал. Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын атап өтуде. Қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға қосып келе жатқан зор үлестері үшін алғысымды білдіремін. Парасаттылық пен отансүйгіштік сынды рухани құндылықтарды халық санасына сіңіру сіздердің абыройлы міндеттеріңіз. Діни ілімді ел тарихымен, ұлт мәдениетімен бірге таратып, зиялы қауыммен, жастармен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал. Бүгінгі форум Мүфтият қызметіне тың серпін беріп, діни мәселелерді шешудегі имамдардың рөлін арттырады. Сіздердің жауапкершілігі мен сауабы мол рухани қызметтеріңізге зор табыс тілеймін.
Сөз орайы келгенде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да Елбасының атадан балаға мұра болып келе жатқан асыл дінімізге жасап отырған қолдауы мен қамқорлығына шексіз алғысын білдірді. Сонымен бірге еліміздегі 2500-ден астам мешіттің бұл күнде рухани құндылықтың қара шаңырағына айналғанын айтып, алғаш құрылған күннен бастап бүгінге дейін Исламның тәуелсіз елімізде кеңінен қанат жаюына аянбай еңбек етіп келе жатқанын да тіліне тиек етті. Елімізде тұңғыш өтіп жатқан форум дініміздің абыройын көтерумен қатар осы салада еңбек етіп келе жатқан имамдардың да беделін арттырып, зор жауапкершілік жүктейтіні де назардан тыс қалмады. Жасыратыны жоқ қазір кейбір топтар дәстүрлі дінді жоққа шығарып, нәтижесінде небір лаңкестік оқиғалардың белең алып отырғаны ащы да болса шындық. Бас мүфти бұл мәселе төңірегінде де тұщымды ойын ортаға салды. Ислам халифатын құрамыз деген желеумен дінге күйе жағып, елдің үрейін туғызып, жалған ұрандап жүргендердің әрекеті «Білімсіз діннің соқырлығынан» екені ашық айтылды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков діни басқарманың жұмысына көңілі толатынын жеткізіп, «Имам деген сөз – иман деген сөзбен бірдей болуы керек», деп мешіт қызметкерлерін осы сенімнің үддесінен шыға білуге шақырды. Сонымен бірге Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев сөз алып, еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің Елбасы саясатының өзегі екенін айта келіп, осы бағытта діни басқарманың да атқарып жатқан жұмысының оң нәтиже беріп келе жатқанын атап өтті.
Рас, елімізде өтіп отырған тұңғыш форум арқылы мемлекетіміздегі дін саласындағы күрделі мәселелер түбегейлі шешіліп кетпесі анық. Бірақ, елді «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиыңдар», деген Алланың әмірін орындап жүрген дін қызметкерлерінің қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, ізгілікке ұйытқы болуы көңіл қуантады. Ата-бабаларымыз ұстанған асыл дініміз Исламның – тұрақтылық пен келісімге һәм тыныштыққа шақыратынын білетін мұсылман қауымы үшін тұңғыш форумның берері мол игі бастама екені айдан анық.
Жұматай Оспанұлы