https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: Дінді жалған сезіммен емес, біліммен түсіну керек!

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1498 рет

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

– Құрметті мүфти, осы аптада Астана­да алғаш рет имамдардың республикалық форумы өтеді екен. Бұл басқосуды ұйым­дастырудың мәні неде, мақсаты қандай?

– Аса қамқор ерекше мейірімді Алла­ның атымен бастаймын. Қазір заман өз­герді, уақыт талабы да басқаша. Біз қазір тех­нологияның дамыған дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Ақпараттар ағыны адам санасын өзгертуде үлкен маңызға айнал­-ды. Адамзат санасы да күн санап өзгеріп, дамып, жетіліп келеді. Осы жағдайлардың бәрі Діни басқарма қызметкерлеріне, имам­дарға зор жауапкершілік жүктеп отыр. Баяғыдай құрғақ уағыздың дәурені өтті.

Бұл ретте ХХІ ғасыр имамын тек ме­шіт­ке қатысты құлшылық амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деп есеп­тей­мін. Бүгінгі имам біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәреже­де сұхбаттаса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Біз осыны қазіргі имам­дардан талап ете бастадық.

Имамды ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Форумның мақсаты – имамның тұлғасы мен қоғамдағы беделін арттыру, бір сөзбен айтқанда, имам­ның дәрежесін көтеру. Бұл тарихи кез­десуде бірнеше құжат қабылдауды қарастырып отырмыз.

– Қабылданар құжаттар дін қызмет­ке­ріне қандай міндеттер жүктейді? Оның діни саладағы мәселелерді шешудегі қауқары қандай болмақ?

– Енді осыған тоқталайын. Жаңа сөзім­де де айттым, бүгінгі имамға артылар үміт те зор, сенім де аз емес. Мұсылман қауымының күнделікті тыныс-тіршілігінде молданың атқарар қызметі көп. Сәбидің туғанынан бас­тап, оған азан шақырып ат қою, есей­генде шариғат талабын ескеріп, некесін қиып, дұға жасау, құдайы астарға қатысу, тіпті адамды ақтық сапарға шығарып сал­ғанға дейін діндардың қызметіне жүгінеміз. Имам тек өлім-жітімде ғана қажет деу – дұрыс емес. Отбасында келіспеушіліктер болса, көп адам имам кеңесін тыңдайды. Оқушылар мен студенттерге ізгілік, иман­дылық, адамгершілік, патриоттық бағытта дәріс өткізсе де имамдарды шақырады. Міне, айта берсек, имамның араласпайтын саласы жоқ. Ол қоғамдық іс-шараларға да араласады. Сондықтан осынау игі істерде имамның білігі мен тәжірибесі кемшіндеу көрініп жатса, әрине, әуелі дінімізге сын, Діни басқармаға сын болар еді.

«Дін қызметкерінің этикасы» деп ата­латын тәлімдік құжатымызды дайындап қойдық. Осы форумда, Алла қаласа, қа­был­даймыз. Бұл этика бізге, дін қызметкеріне не береді? Діни қызмет – мәртебелі міндет және имам, молдалардан жоғары адам­гершілік құндылықтар талап етеді. Пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетін: «Алла тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді» деп сүйіншілеген.

Имамдар форумын ұйымдастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі – дін қыз­меткерлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Имам этикасында бірнеше талап­тар жазылған. Құжатымыздың маңызды деген тұстары мынадай: біріншіден, имам­дардың заманауи ақпарат құралдарын, ғаламтор, байланыс құралдарын жете мең­геруі, шешендік өнер, сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Екіншіден, мешітке келушілерге көр­кем мінез көрсетуі, олардың өтініштері бойынша қажетті шараларды жүзеге асы­руы қажет. Үшіншіден, өзін жан-жақты да­мытуы, қосымша ілім алуы, дүниелік ілім­дерді меңгеруі, үгіт-насихат жұмыс­тарында уағызды Қазақстан тарихымен, салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен, би-ше­шен­дердің қанатты сөздерімен, мақал-мәтелдермен ұштастырып, қазақ халқы­-ның ұлы тұлғалары –әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкерім, Мәшһүр Жүсіп және тағы да басқа осы сынды ғұламалардың өсиетті өлеңдері мен ғибратты әңгіме­лері­мен көркемдеп айтуы қажет. Төртіншіден, ұжымда іскерлік танытып, қызметкерлер арасындағы ынтымақ, бауырмалдық құн­ды­лықтарды арттыруға ықпал етуі, олардың отбасы, әлеуметтік жағдайына мән беруі керек. Бесіншіден, жақсы істерге, қайы­рым­­дылық шараларға әрдайым өзі баста­машыл болуы, қоғамды ізгілікке бастауы тиіс. Осылай таратып айта берсек болады.

Бұл – онсыз да имамдардың бойында көрініс табуы тиіс талаптар, бірақ бұған дейін құжат негізінде ресми қабылданбай келген еді.

 Сонымен қатар Имамдар форумында Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы қабылданады деп естідік. Бұл құжаттың мұ­сылман қауымына берері қайсы? Қандай артықшылықтары бар?

– Бұл – Қазақстан мұсылмандарының діни саладағы бағыты мен бағдарын айқын­дайтын негізгі құжат деуге болады. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі мақұлдаған осы құжатта мұсылманның негізгі сенімі, зайырлы қоғамға қатысты ұстанымдары, ұлтымыздың алдындағы міндеттері, дінара­лық қарым-қатынасты нығайтудағы рөлі, салт-дәстүрлерімізге құрметпен қарауы, білім мен ғылымды меңгеруі, отбасы құн­дылығы, теріс ағымдарға қатысты ұста­нымы, т.б. мәселелер қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі мұсылмандардың күн­делікті тыныс-тіршілігінен бастап, ел тұ­тас­тығын сақтаудағы рөлі ескерілді. Тұғыр­нама халықтар достығы мен бірлігін одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деген се­німдемін. Өйткені қазір түрлі дін өкілдері мен ұлт өкілдерін бірлікке ұйытып отырған Елбасының осы бағыттағы бастамаларына баршамыз қолдау көрсетуіміз қажет. Діни татулық пен ынтымақты нығайтуда имам­дардың қызметі де үлкен мәнге ие. Мешіт қыз­меткерлері халықты имандылыққа шақырып қана қоймай, ұлттарды бірлікке ұйытып отырады.

Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашанда татулықты ту етіп келе­ді. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі бәрінен қымбат қазына деп санаған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргетасын бірлік­пен бекіткен. Алла елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез кел­ген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар бо­лары хақ.

Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген қанатты сөз бар. Алла тағала адамзат баласын «бөлінбеңдер» деп бауырмал болуға бұйырған. Сондықтан бізге қашанда бірлік ауадай қажет.

 Дінді жете түсінбеудің әсері ме, әлде секталардың ықпалы ма, кейбір жастары­-мыз кейде қоғамдық іс-шараларға қатыспай, дәстүрімізге қырын қарайтын секілді. Бұл мәселе жайлы имамдарымыз түсіндіру жұ­мыстарын жүргізе ме?

– Сауалыңыз орынды. Имамдар фо­румы­ның тағы бір маңызды тұсы – «Шы­найы мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатымызды қабылдауды ұйға­рып отырмыз. Бұл да біздің бауырларымызға зор жауапкершілік жүктейді. Неге? Өйткені дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұның бәрі мұсылманға тән сипаттар.

Алла елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Қоғамға пайдасы тиген пенде» деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз осындай мақсаттарды көздейді.

Бізге иманды қоғам қажет деп жа­тыр­мыз. Оны қалай іске асырамыз? Ол үшін бізге иманды педагог, иманды дәрігер, иман­ды басшылар қажет. Мұсылман адам барлық қызметте адал әрі әділ жұмыс іс-теп, өз саласының кәсіпқой маманы болуы қа­жет. Сонда ғана біздің еліміз өркендейді. Алла тағала әрбір істі ықыласпен, жана­шыр­­лықпен, әділ атқаруды бұйырған. Имам­дарымыз өз уағыздарында осы та­қырыптар төңірегінде жиі айтып жатыр, айта бермек те.

 Әділдік деп қалдыңыз, Елбасы Қа­зақстан халқына дәстүрлі Жолдауында, «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген ке­ңесінде де жемқорлыққа батыл тойтарыс бе­ру жайында қадап айтты. Көпшіліктің көп жи­налатын орындарының бірі – мешіт екені рас. Ендеше, мешіттерімізде де бұл індеттің қоғамға тигізер зияны мен зардабы жайында қалың қауымға түсіндіруді неге қолға ал­мас­қа?

 – Байқап қарасақ, мұсылманшылықты сонау ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ата-бабаларымыз шариғатқа да, адам­гер­шілікке де қайшы келетін әрекеттердің бәрі­не «қорлық» деген сөзді қоса айтып отырған. Мәселен, нашақорлық, сіз айтып отырған жемқорлық, зинақорлық, тағы басқа. Бұл індетке жолаған адамдар қор­лыққа ұшырайды деген ұғымды меңзеп тұр­ғандай сезіледі.

Мешіттерімізге жиі келіп жүретін адам­дар байқаған болар, Діни басқарма жұма уағыздарына қоғамдық мәселелерге қатыс­ты тақырыптарды жиі қосып отырады. «Өсімқорлық өсірмейді», «Зинақорлықтың зардабы», «Жемқорлық – індет», «Ажы­расудың зияны» сынды және тағы да басқа тақырыптарды қамтып келеміз. Алдағы уақыт­та да жалғастыратын боламыз.

 Жалпы, бұл жемқорлық індетіне ұшы­раған жандар бізде аз кездеспейді ғой. Бұған не айтасыз?

 – Әр істі істемес бұрын адам өз иманы мен ұятына жүгінгені дұрыс деп есептеймін. «Құдай көріп тұр ғой, мұным күнә емес пе?» деген сезім адам санасын билеп алмайынша, яғни осы түсінікті бірінші орынға қоймасақ, жазаның небір түрлері көп жағдайда көмек­тесе бермейтін секілді. Пайғам­барымыз (с.ғ.с) ұрлық-қарлыққа тыйым салғанда, бұл әрекеттің о дүниеде жазасы ауыр екенін ескертіп тұрып: «Егер қызым Фатима осы­ны істейтін болса, жазасын өзім берем» деген екен.

Жамандықтан тыйылуды әркім өзінен, отбасынан бастауы қажет. Қазақ «Адам­ның санасына берсін» демей ме?

– Мешіт салдырған – сауапты шаралар­-дың бірі. Дегенмен, жағдайы бар қалталы аза­мат­тар шарапатты бүгінгі қоғам аса зәру мәселелерге жасаса, оның сауабы молырақ болмас па еді? Мысалы, ауруханалар мен балалар үйлерін немесе мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге атсалысып, қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етер болса, мың алғысқа кенелмей ме?

 – Дұрыс айтасыз. Исламда «садақа жа­рия» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «са­дақа жария» дейді. Ол тек мешіт салумен шек­телмейді. Сіз айтқандай, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауыл­дарға су тартып, құдық қаздырту, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған са­уап­ты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Са­уап­ты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айна­ламызда. Қамкөңіл жанның кәдесіне жа-рау – ол да қайырлы іс. Сондықтан біз осы­нау игі істерді қолдаймыз.

Мені де мазалап жүрген мәселе бар. Алла­ға шүкір, қазір біздің елде медресе­ле­ріміз жеткілікті. Осы орайда, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім балалар бар де­ген­дей, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы­лардың балалары үшін Діни басқармаға қарасты қайырымдылық үйлерін, интер­нат­тар ашуға бел буып отырмыз. Әлгі ба­лалар түске дейін мектебіне барып келген соң, қайырымдылық үйіндегі тәрбиеші оның сабағына көмектеседі, сосын иман­дылық бағытта дәрісін оқиды. Тамағы, жатын орны – бәрі тегін. Оларды молда ету немесе діндар ету шарт емес. Ең бастысы, халқын қадірлейтін, Отанын сүйетін жаны таза, иманды азаматтарды қалыптастыру. Мұндай жүйе біздің елде бар. Бірақ біз қа­зақы тәрбие мен дәстүрімізді бойына сіңі­ріп өскен рухты, мемлекетшіл жастардың қатарын көбейткіміз келеді. Бұл шаруалар да «садақа жарияға» жатады. Сондықтан сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Бізге осындай қайырымдылық үйлері де қажет.

– Жақсы бастама екен. Алла жар болсын дейміз. Бала деп жатырмыз ғой, жағдайы бар жандар Алла ризашылығы үшін балалар үйлерінен ең кемі бір-екі баланы бағып-қағып, тәрбиелеп, өмірде өз орнын табуына мүмкіндік жасаса, бұл аса сауабы мол шара болары рас қой. Жамағат жиналар үлкен іс-шараларда осы сынды мәселелерге қатысты уағыздар айтылса ғажап емес пе?

– Имам тек сөзбен ғана жамағатты иман­дылыққа шақырмайды, ол ісімен де елге, халыққа өнеге көрсетеді. Біздің имам­дар арасында жетім балалар үйінен бала асырап алған азаматтар бар. Мәселен, Ақ­мола облысында ауыл имамы Мұрат деген бауырымыз жетім балалар үйінен 3-4 бүл­дір­шінді өз қамқорлығына алған. Өзінің балаларымен қосқанда, 8-9 баланы асырап, бағып-қағып, имандылық жолында тәр­бие­леп жатыр. Осындай азаматтарымыз көбейсе, қалталы бауырларымыз бұл іске қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біз мұны уағыздарда айтып жатырмыз.

Өткен жолы бір депутат ағамыз жетім балалар үйінен шыққан жастар жаман жол­ға түсіп, ары мен ұятынан айырылап жатқа­нын мәлімдеді. Осылай бір жақтан депу­таттар, екінші жақтан имам, молдалар, үшін­ші жақтан зиялы қауым өкілдері, өз­де­рі­ңіз бар, журналистер қауымы бұл мәсе­леде түсіндіру, насихат жұмыстарын жүр­гізсек, бір-бірімізге қолдау көрсетсек, мә­селе өз уақытымен шешіле береді деген үміттемін. Сонда жетімдер үйі азаяр еді. Бір баланы тәрбиелеп, қоғамда өз орнын тауып кетуіне үлес қоссақ, бұл үлкен сауап болар еді. Өзімнің де жетім қызды асырап алу ниетім бар. Алла қаласа, оған да жетемін деген ойдамын.

Кейбір отбасылар араларында бала болмағаны үшін ажырасып жатады. Әрине, ол да, сөзсіз Алланың сынағы ғой. Бірақ жетімдер үйінде көзі жәутеңдеген қаншама бүлдіршіндеріміз бар. Оларды неге асырап алмасқа?! Біріншіден, бала отбасының көз қуанышына айналады, екіншіден, ажырасу жағдайы азаяр еді.

 Жастар дегеннен шығады, дінді сая­сатқа айналдырып, жастарды теріс бағытқа бастау үрдісі туралы Бас мүфти не ойлайды?

– Иә, рас, біз осы заманда дінді саяси­ландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қата­рына қосылды. Ислам атын жамылған бүлік­ші­лердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсыл­мандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал деп айтар едім.

– Интернет сайттарындағы жаңа­лық­тарға жүгінер болсақ, жылына кем дегенде әлемде 40 мыңнан астам адам ислам дінін қабылдайды екен. Батыс зерттеушілері Еуро­пада мұсылмандар саны 15 миллионға жет­кенін жазады. Бәлкім, Батыстың исламға әртүрлі «измдерді» тіркеуінің бір астарын осы тұстан іздеген жөн бе?

– Жауап ретінде бір оқиғаны айтып берсем. Ислам тарихында өнеге мен ғиб­ратқа толы «Піл оқиғасы» деп аталып кет­кен үлкен оқиға болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеге келерден бұрын Йемен пат­шасы Абраһа Меккені жермен-жексен ету үшін піл және атты әскерден құралған үл­кен әскермен жорыққа шығады. Осы әскер Мекке қаласының жанына келгенде, Әбді­мүтәліп деген кісінің, яғни пайғамбары­мыздың атасының 200 түйесін кезіктіріп, өзіне тартып алады. Мұны естіген пайғам­бардың атасы Абраһамен кездесуге бара­-ды. Йемен патшасы жүзі жылы Әбді­мүт­әліпті көріп: «Не шаруамен келдің?» деп сұрайды. Абраһа оның Қағбаны қират­пауын, арабтарға тиіспеуін өтінеді, менен араша сұрайды деген ойда болады. Бірақ Әбдімүтәліп «Түйелерімді қайтар» деп қыс­қа қайырады. Абраһа патша мұны күтпеп еді. «Сені ата-бабаңның, өзіңнің дініңді қорғап, Қағбаны арашалайтындай бір маңызды іспен келді ме десем, тіршілігіңді айтып тұрсың ғой» дейді. Сонда Әбді­мү­тәліп: «Мен сол түйелердің иесімін. Ал Қағ­баны құтқарып, қорғап қалатын өз Иесі бар» деп Алланы меңзейді. Сол секілді, исламды Алланың өзі қорғайды. Дініміздің өз иесі бар, ол – Алла. Дінімізді мансұқта­ған әрекеттердің нәтижесінен, керісінше, исламды қабылдаушылардың саны артып жатқанын байқаймыз. Адам ақылы шек­теулі емес пе? Адамның жасаған айласы, қитұрқы әрекеті дініміздің сағын сын­дыр­мақ былай тұрсын, керісінше, ол исламға жасалған пиар деп түсінемін.

 Дін істері жөніндегі комитетпен бай­ланыстарыңыз қалай, көптеген мәселелерді кеңесе отырып, бірлесіп шешетін болар­сыз­дар?

– Әрине, қазір Діни басқарма мен Дін істері комитетінің арасындағы байланыс жақсы. Өткен жылы ынтымақтастық ба­ғытта ортақ меморандум қабылдадық. Біз­дің бастамаларымыз бен іс-шара­лары­мызға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 19 ақпанда өтетін І республикалық имамдар форумын өткізуде Дін істері комитетінің қосқан үлесі зор деп айта аламын.

 Соңғы кездері Ватикан қызық ұсы­ныстар білдіретін болып жүр. Онсыз да Ін­жілді христиан дін өкілдері бірнеше рет өзгеріске ұшыратқан ғой. Енді олар бір жы­ныстылардың да құқығын құрметтеу керек деген сынды әңгіме қозғауда. Бұл ретте исламның ұстанымы қандай?

– Исламның ұстанымы айтпаса да түсінікті. Дін былай тұрсын, адамгершілікке де жатпайтын, санаға да сыймайтын, адам­ның да жаратылысына мүлдем сай кел­мей­тін әрекетті Алла да, адамдар да сүймейді. Сондықтан бұл мәселе жайында әңгіме қозғап, уақытымызды босқа шығындамай-ақ қойғанымыз абзал.

– Өзге дін өкілдері шамалы қамқор­­лық­-ты жариялап жатады, соған қарап жұрт оларды қайырымдылық шараларына аса мән беретін секілді қабылдайды. Ал исламда Алла ризашылығы үшін деп, қа­зақтың «жаман бергенін айтады» де­ге­нін­дей жариялылықты қаламайды. Жалпы, көпшіліктің мешіттер тарапынан жаса­лынып жатқан қайырым­дылық шараларын білгені абзал секілді. Бұған қалай қарайсыз?

 – Сол сіз айтып отырған кейбір діннің ғибадатханаларына күніне небары 3-4 адам келеді екен. Зерттеп көрдік. Мешітке күні­не көмек сұрап келетін адам саны 30-40-тан асып кетеді. Жолдан қалып қойған жанға билетіне көмек көрсетіледі, енді бірі ауыр сырқаттанып қалған, оған жәрдем беріледі. Айта берсек, көпшілік әртүрлі жағдай­лар­мен келеді. Өткен жолы Мәуліт мерекесінде Алматы мен Астана қалаларында билеттен түскен қаржыны түгел жесір әйелдер мен жетім балаларға 150 мың теңгеден бердік.

ҚМДБ «Зекет» қорының өңірлердегі өкілдіктері жыл бойы мұқтаж кісілерге жалпы сомасы 52 173 496 теңге көлеміндегі қаражатқа қайырымдылық көмек жасады.

Өткен жылы қамкөңіл қариялар да ес­керусіз қалмады. Оларға мерекелер қар­саңында дастарқан жайылып, ерекше көңіл бөлінді. Діни басқарма атынан Астана мен Алматы қалаларындағы «Ардагерлер үйле­ріндегі» 4 қарияға кіші қажылыққа тегін жолдама да берілді.

2014 жаңа оқу жылы қарсаңында «Мек­тепке жол» республикалық қайырымды­-лық акциясы аясында 6 755 отбасына кө-мек көрсетілді. Тұрмысы төмен отбасыдан шық­қан балаларға, жетімдерге, жалғыс­басты аналардың ұл-қыздарына мектепке қажетті оқу құралдары, киім-кешектер тегін үлестірілді.

Біз 2014 жылы діни бағдарымызды айқын­дайтын Діни басқарманың 2020 жыл­ға дейінгі даму тұжырымдамасын қа­был­дадық. Діни қызметтің сапасын арт­ты­руға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көр­кем уағыз, жат ағымның жетегіне кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттан­дыру.

 Алла қаласа, бұл бағыттағы игі істер мен ізгі іс-шаралар болашақта да жалғасын таба береді.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН

www.aikyn.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз