https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Дос таңдаудың маңызы қандай?

12 May 2015 0 comment Оқылды: 3217 рет

Адам баласы өзінің аз ғана ғұмырында басқа адамдармен қатынаспай, араласпай, достаспай тұра алмайды. Ағайын-туғандарды былай қойғанда адамның сырлас-сыйлас досы деген болады. Қазақта: «досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» немесе «ағаш тамырымен мықты, адам досымен мықты» деген аталы сөздер бар. Сондай-ақ, «тектімен  достас, тексізбен қоштас» деп те өсиет қалдырған текті бабаларымыз.

Ал, дана Абай атамыз болса: «Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды — әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады» депті, қарасөзінде.

Ендеше адам өмірінде достықтың маңызы қандай һәм адам кіммен дос болу керек?! Яғни адаммен адам достасуы үшін оның әуелгі шарттары бар. Осы шарттар сақталмаса достық баянсыз болмақ. Дос таңдаған кезде ең әуелі оның имани сеніміне көңіл бөлу керек. Себебі жүрегінде Аллаға деген иманы бар адам ешкімге қиянат жасамайды, Алладан қорқады. Сонымен қатар иманды адам әрдайым маңайындағыларды ізгілікке шақырып, Алла разылығы үшін сауапты істер атқарады. Орындалған  әрбір сауапты іс өз иесіне тек ақыретте ғана емес, осы дүниеде де жемісін береді. Алла Тағала ондай адамдардың  отбасын бәле-жаладан қорғап, сапарға шықса жолын жеңілдетіп, көп жағдайда жақсылық істерге себепші қылып қояды. Оның шарапаты айналасына тиіп жатады.

Алла Тағала өзінің иманды құлдарына: «Сендердің шынайы достарың Алла және оның елшісі және намазды толық орындайтын, зекет беретін, әрі рукуғ қылушы мұсылмандар…» («Мәида» сүресі 55-56 аят), — деп үкім еткен. Жоғарыдағы аяттың үкімі бойынша – мұсылман мұсылманға дос. Яғни, қазақтың «досына қарап адамын таны» деуі тегін емес. Өйткені досың қандай болса, сен сондайсың. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!» дегені айтылады (Әбу Дауд және Тирмизи риуаят еткен).

Енді мына бір Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисі арқылы жеткен оқиғаға назар аударсақ:  Сонау бір ерте заманда достығы жарасқан, бір-біріне шын жанашыр үш адам сапарға шығыпты. Олар жан қимас достар екен. Бір кезде үш жолаушы қатты жаңбырға тап болып пана іздейді. Ақырында бір үңгірге тап болып, жан сауғалайды. Киімдерін шешіп, суын сығып кептіріп, енді жайланып отыра берген мезетте, сонау таудың басынан найзағай ұрып домалатқан үлкендегі есік пен төрдей алып тас аунап келіп, мүсәпірлер отырған үңгірдің дәл аузына кептеліп қалады. Жолаушылар жан дәрмен жүгіріп жетіп, кептелген таста қозғап көрсе, жылжыту мүмкін емес. Тіпті үш жолаушыны былай қойғанда тасты орнынан қозғауға жүз адамның күші жете ме, жоқ па неғайбыл. Әбден амал-айласы таусылған үш бейбақ тасты қозғау мүмкін емес екенін, тек бір Алладан басқа жәрдемші жоғын түсінеді. Содан үшеуі ақылдаса келіп: «Әрқайсымыз өзіміздің шынайы Алла ризашылығы үшін істеген амалдарымызды себеп қылып, дұға тілейік», — деп келіседі. Сөйтіп бірінші дос қол жайып, өзінің ең жақсы амалын себеп қылып Алладан дұға тілейді. Дұғаның соңында бет сипап қараса үңгір аузындағы алып тас сәл қозғалып, жылжығаны байқалады. Үшеуі қуаныштан жүгіріп барса, тас әжептәуір жылжыған, бірақ адам сыйатындай емес. Тура осы әдіспен қалған екі дос та дұға тілейді. Алла Тағала олардың дұғаларына жауап беріп, нәтижесінде тас қозғалып адам сыйатындай мөлшерде ашылады. Сөйтіп үш дос жақсы амалдарының арқасында бостандыққа шығады.

Ғалымдар осы хадистен бірнеше даналықтар шығарады: біріншіден, бұл достар өздерінің жақсы амалдарын шынайы Алла ризашылығы үшін істеген, олай болмаған жағдайда дұға да қабыл болмас еді. Екіншіден, бұл адамдардың үшеуі де Алла ризашылығы үшін достасқан иманы толық тақуа жандар. Егер де олардың ішінде біреуі пасық болса, тас қозғалмай қоюы әбден мүмкін.

Міне, бұл оқиға иманына қарап дос болғанның қиыншылықтағы артықшылығы. Бұндай достар ақыретте де дос күйінде табысады. Ал, ақыреттік емес, бұл дүниенің ісі үшін достасқандар ақыретте бір-біріне дұшпан болуы әбден мүмкін. Құранда Алла Тағаланың: «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір біріне дұшпан болады» (43\66) деген аяты бар.

Олай болса дос таңдауда қателеспеңіздер ағайын!


Мейіржан Сандыбаев

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз