Жақында www.turkystan.kz журналисті Күлпара Жұмағали мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен өткен «Ең үлкен жиһад – нәпсіңмен күрес» атты сұхбатын оқыдық. Мүфти мен журналист арасында кеңінен өрбіген әңгіме бүгінгі күннің өзекті тақырыбын толықтай қамтығанына біз де үн қосуды жөн деп білдік. Ең алдымен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы орталығының еліміздің жүрегі саналатын Сарыарқаның өріне, Астанамыздың төріне баруы жағымды жаңалықтың бірі. Сөзін осы тақырыптан бастаған Бас Мүфти мырза журналистің көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берген. Соның ішінде елді алаңдатып отырған бірер мәселеге ой қоспақпыз.
Жасыратыны жоқ, ата бабамыздан жалғасып келе жатқан асыл дінімізге қазіргі таңда сан түрлі жала жабылып, қараушылардың қатары көбейіп келеді. «Жиһад» сөзін желеу қылып, жат ағымдардың арандатуына түсіп қалған қазақ жастарының өз Отанын былай қойып, өзге елдің жоғын жоқтауы дұрыс емес, әрине. «Отанды сүю – иманнан» деген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің мүбәрәк хадисінде анық айтылған. Ендеше әр мұсылманға ең алдымен өзінің туған жерін қорғап, елінің тыныштығын сақтау парыз. Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы журналистің осы ойға қатысты сұрағына кеңінен тоқталып, анық, айқын дәлелдермен пікірін білдірген. Шынымен де өз ішінен шыққан басшыға бойұсыну, әмірге бағыну Алла тағаланың бұйрығы. Ал жат ағымның жетегіне еріп, жат жерде қолына қару ұстап, Алла жолында жиһадта жүрміз деу, Құдай сақтасын нағыз арандатушының тірлігі. Өзімен қоймай отбасын, мына өмірден хабары жоқ балаларын соғысқа үйретіп, «бауыздаймыз, өлтіреміз» деген ауыр сөздерді санасына сіңіру баршамызды алаңдатып отырған күрделі мәселе. Сыр-сұхбатта осы жағына да терең мән бере айтылған. Тағы бір айта кететін жағдай дін қызметкерлерінің, яғни, имамдардың біліктілігі мен білімін көтеру мәселесі де кеңінен айтылған. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дін саласындағы мамандар жоқтың қасы еді. құдайға шүкір, бүгінгі таңда олардың қатары көбейіп, білімді жастар ислам дінінің құндылығы мен қасиетін терең зерделеп оқып, көңілдеріне тоқып, іске асыруда. Бас Мүфти қызметке келген тұстағы қолға алған негізгі мәселенің бірі осы имамдардың сауаттылығы мен уағыз-насихат айтудағы елге жеткізе білуге аса мән беруі болды. Шынымен де, құран тілі мен хадис сөздерін кейбір қарапайым халық бірден қабылдай алмайды. Содан барып, «бұрын дінімізде мұндай жоқ еді, бұл қайдан шыққан?» деген сауалдар мазалайтын. Ал енді Ержан қажының нұсқауымен аталар сөзін негізге ала отырып, мақал-мәтелдерді, жыраулардың өз иірімдерін, сонымен бірге дінімізді насихаттап жүрген ақындарымыздың өлеңдерін мысалға келтіре отырып, аят пен хадистің аясын қарапайым жұртқа түсінікті жеткізуді өз міндетімізге алдық. Қазір жиһад деп қолына қару алып, бүлік шығарып, бейбіт елдің берекесін алатын уақыт емес, керісінше бес саусақтың біріккенде ғана жұдырыққа айналатыны сияқты, мұсылмандардың бірлігі алаңдатуы керек. ислам деген осы екен деп, біреудің айдап салуына еріп кете беруге болмайды. Аталарымыз «Отан – отбасынан басталады» дегенді бекер айтпаған. Кез келген мұсылмен ең бірінші өзінің отбасына жауап беруі керек. бала тәрбиесі, оның ішетін тамағының адал болуы, киетін киімінің бүтін болуы. Елі үшін еңбек етіп, айналасына пайдасын тигізуі нағыз мұсылмандықтың белгісі және нағыз жиһад деген осы. Сондықтан Бас Мүфтидің сұхбаты дер кезінде шығуымен құнды екенін айта отырып, сонда айтылған қарапайым қағидалардан бастап, исламды қан-төгістің емес, бейбітшілік пен татулықтың, адамгершілік пен адамдықтың діні екенін бұқара халыққа жеткізуді батсы міндетіміз деп білеміз.
Аманжол Қасабеков
ғалым, философия ғылымдарының
докторы, профессор