https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Пайғамбарлар мөрі

12 May 2015 0 comment Оқылды: 3261 рет

Алла Тағаланың өзі жаратқан пенделеріне деген сүйіспеншілігі ананың балаға деген сүйіспеншілігінен ана құрлым жоғары. Ол қас-қағым сәтте өте шығатын өмірде әрбір пендесінің бақытты болуын қалайды. Сол үшін де адамға ақыл, сана-сезім берді. Өкінішке орай қарапайым адамдар тұрмақ, оқыған адамдардың өзі өмірдегі басына түскен түйткілді мәселелердің шешімін таба алмай күйзелісте болатыны жиі байқалады. Бұндай табиғи құбылыстың шешімін дінмен ғана дұрыстауға болады. Алла Тағала жаратқандықтан тек қана өмірдегі кездесетін түйткілді мәселелердің шешімін өзі ғана жақсы біледі. Тіпті, кез-келген адамның жанына бататын қиыншылықтардың алдын алып, саналы да, парасатты және жаратылысқа пайдалы өмір сүрудің үздік үлгісін көрсету үшін пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафаны (с.ғ.с) елші етіп жіберді.

Ол тумысынан таза, қоғамда адалдығымен әйгіленіп, ел ортасында айнымас сенімге ие болған, тектілігі жүзінен ерекше байқалып тұратын, ешбір адаммен салыстыруға келмейтін жеке дара тұлға еді.

Қырық жасынан пайғамбарлық келген күннен алпыс үш жасқа дейін өмірінің әрбір минутын адамзаттың екі дүниеде бақытты болуына арнаған ізгі жан. Осы жылдар ішінде бейбіт өмірді, береке-бірлікті және тәуелсіздікпен мамыражай заманды ойлағандықтан, еңбек демалысы тұрмақ, бір күн демалуды ойына да алған емес.

Осы еңбегінің жемісін адамзат бүгінгі күнге дейін жеп келе жатыр. Оның пайғамбарлығы келген уақыт өте қиын, надандық жайлаған заман еді. Ұлағатты тәрбиесінің нәтижесінде араб жазирасын адам сенгісіз өркениетпен, мәдениеттің ошағына айналдырды. Әрбір тәрбиелеген сахабалары кез-келген мемілекетті басқара алатындай көсемдік деңгейге жетті. Бүкіл әлем осы мектепті зерттеу арқылы біліммен өркениетке қадам басты. Бұл пікірімізді шығыстану ілімінің пайда болуы айғақтайды.

Шынында да пайғамбарымыз (с.ғ.с) ерекше тұлға еді. Оны бүкіл әлем ғалымдары мойындап, ол туралы қалам тербеген. Ақиқатында миллиондаған ғалымдарды топтастырса да, ол кісіге жетуі әсте мүмкін емес. Өйткені ол Алла Тағала тарапынан жіберілген пайғамбар еді. Ол арқылы Алла Тағала өзінің сөзі Құран Кәрімді халыққа жеткізді, әлемдердің сырын ашып, ғылыммен, ақыл жетпейтін көптеген ғажайыптардан хабардар етті. Жаратушы Иемізді  дұрыс тану, оған қалай құлшылық қылу керек екенімізді тек пайғамбар арқылы ғана үйрене аламыз.

Басқасын айтпағанда ол үйреткен адамдар арасындағы заңдылықтың өзі, оның пайғамбар екеніне анық дәлел. Бүгінгі ғылым дамыған заманның өзінде адамдардың шығарған заңын бірнеше жылдан кейін түбегейлі өзгертуге мәжбүр боласың немесе бір мемлекеттің заңы екінші мемлекетке жарамайтыны тағы бар. Ал Ислам заңы мыңжарым жылдан бері бүкіл әлемге ортақ болып күшін жоймай, керісінше күн өткен сайын қажеттілігі артып келеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  үйреткен заңдылықты сақтай білген адам, бүгінгі күндегі орын алып жатқан: отбасының бұзылуы, жас қыздың тұрмысқа шықпай жүкті болуы, ата-анасын құрметтемеу сияқты толып жатқан келеңсіздіктерден ада болып, адамгершіліктің шыңына жетіп, берекемен бақытта, абыройлы өмір сүрер еді. Себебі, ол заңдылықта таңертең оянғаннан бастап, түнгі ұйқыға кеткенге дейінгі үлкенді кішілі өмірдің барлық құрылымдарына жауап береді.

Құран Кәрімде: «Расында сендер үшін, Алладан ақырет күнінен үміттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшін пайғамбарда әлбетте тамаша үлгі өнегелер бар»,-делінген.

Пайғамбарымыз өз сөзінде: «Мен кемел мінездерді толықтыру үшін жіберілдім»,- деген.

Бірде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шәкірті, сол қоғамның көсемдерінің бірі, бірнеше мемілекетті билеген халифа Әбу Бәкір (р.ғ) ойланып отырып пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Ия Алланың елшісі, мен көптеген патшалармен, ғалымдармен сұхбаттастым. Олардың ешқайсысы сіздің парасатыңыздың қасында салыстыруға келмейді. Сізбен біз бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз және сіздің ата-анаңыз да болмаған. Осынша көркем әдептілікке сізді кім тәрбиелеген»,- деп таңқалысын жасыра алмай сұрақ қояды. Сонда Алланың елшісі: «Өте көркем әдептілікте тәрбиелеген ұлы Раббым еді»,-деп жауап берді.

Ізгілік атаулының қайнар көзі екенін жақсы түсінген қасиетті қазақ жұрты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөздерін мақал-мәтел, ал сүннет жолын салт-дәстүр етіп санаға сіңірген. Соның нәтижесінде ұлағатты ұлтқа айналды. Ұланғайыр жерді ұрпақтан-ұрпаққа аман сақтап аманаттап отырды. Арлы өмір сүре білді.

Құдайға шүкір бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктеріміз шаш етектен. Ғылымы дамыған бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Экономикамызда ешкімнен кем емес.

Енді бізге ар-ұят, обал-сауап, мейірімділік, жанашырлық, адалдық, сыйластық және жақсы қарым-қатынас тәрізді өмірдің сәнін келтіретін рухани қасиеттер керек.

Дана Абай атамыз айтқандай:

Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ

Мүмин болсаң, үйреніп сенде ұқсап бақ,-деп айтқан өсиетінің астарында әрбір қарақөзіміз пайғамбарымыздың жолын үйреніп, ұқсап бағып, көңіліне қаяу түспей, бақытты да саналы өмір сүрсе екен деген ізгі ниет еді.

Алматы облысы Талдықорған өңірінің өкіл имамы және «Иман» мешітінің бас имамы Серікхан Рымханұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз