Ертеде сіңірі шыққан кедей жігіт болыпты. Жүк тасып, басқа да майда-шүйде жұмыстар жасайды екен. Одан тапқан табысы күнделікті тамағына әзер жететін көрінеді. Сөйтіп, бір күні әлгі жігіт: «Тоймай ішкен асым құрысын, қорлықпен көрген жасым құрысын. Әттең тонның келтесі-ай»,-деп ұрлық жасап, көбірек табыс табуға бел байлайды. Содан бір күні әлгі жігіт түн ортасы таяғанда ханның үйін нысанаға алады…
Ханның үйіне терезесінен кіріп қалса, үйдегі адамдар әлі ұйықтай қоймапты. Дереу перденің артына тығыла қалады. Сөйтіп үйдегі әңгімеге құлақ түреді: «Әй, кемпір, қызымыз болса бой жетті. Енді ары қарай көп созудың қажеті жоқ шығар. Қыз балаға ана болған жарасады. Кімге қол ұстатсақ екен»-дейді. Сонда кемпірі: «Білмеймін, отағасы. Өзіңіз қалаған адамға бересіз де»,-деп жауап береді. «Аа, олай болса былай жасайық»,-деп сөзін бастаған хан: «Мешітке бір бақылаушы қояйық. Сол мешітке күнделікті бес уақыт намазын оқу үшін қырық күн қалмай барып жүрген бір адамға қызымызды берейік. Әрі біздің бүкіл қазынамыз да сол сенімді адамда қалсын»-дейді. Мұны сырттай естіп тұрған кедей жігіт үйдегі бірде-бір затқа тиіспей шығып кетеді. Байдың қызына қызыққаны соншалық, бес уақыт намаз оқуды үйреніп, қырық күн бойы мешіттегі жамағат намазынан қалмай, қатысып жүреді.
Содан қырық күн өткеннен кейін бір кісі қасына келіп, оны хан шақыртып жатқандығын айтады. Ханның алдына барса, баяғы уәдесі бойынша қызын беру ұсынысын жеткізгенде жігіт былай депті: «Уа, тақсыр! Менің мешітке қалмай барып жүруімнің басты мақсаты сіздің қызыңызды алып, байлығыңызға мұрагер болып қалу еді. Бірақ, мен мешітке барған осы қырық күн ішінде көп уағыз тыңдадым, құран жаттадым, жан-жағымдағы адамдардан насихат үйрендім. Менің көкірек көзім ашылған секілді. Мен ақиқаттың не екенін білдім, нағыз бақыттың не екенін де енді түсіндім. Сіздің қызыңыз бен байлығыңызды ала алмаймын. Себебі мен сіздің үйіңізге ұрлыққа түсіп, қызыңызға байланысты айтылған әңгімені тығылып тыңдап тұрдым. Сосын үлкен олжаға оңай қол жеткізгім келді де, қарап қала алмадым. Бірақ Құдай тағала жүрегімді иман нұрымен тазалап берді. Алла қаласа алдағы уақытта ел қатарлы өз нәпақамды адал жолмен табуға тырысамын» деп кешірім сұраумен болады.
Шындықты байлық пен мансаптан жоғары қойған жігіттің көркем мінезіне разы болған хан өткен ісіне кешірім етуімен қатар бой жеткен қызын да береді. Кедей де болса тақуалығы асып тұрған мұсылманның адалдығына ырза болады.
Сөйтіп екі жас бақытты да, баянды ғұмыр кешіпті.
Қарағанды Мешіті