Әрбір мұсылман сират көпіріне иман келтіреді. Мәселен, «Марйям» сүресінің 71-72 аяттарының тафсиріне қатысты имам Бухари және имам Муслим Абдуллаһ ибн Аббастан р.л.ғ. риуаят еткен хадисте былай делінген: «Сират – жәһаннамның үстіндегі көпір. Ол қылыштың жүзінен жұқа. Әрбір пенде одан амалы дәрежесіне сай өтеді. Сауапты амал қаншалықты көп болса, соншалықты дәрежеде сираттан тез өтеді. Сауабы ең көп болғандар сираттан найзағайдай өтеді. Одан кейінгілер – желдей, ал одан кейінгілер – шапқан аттай, кейінгілері – тез жүрген түйедей, кейінгілер – жүгірген адамдай, одан кейінгілері – жай жүріспен жүрген адамдай өтеді. Сираттың екі таманында періштелер тұрып: «Уа Тәңірім! Сақта! Уа Тәңірім! Сақта!»-деп тұрады».
Мына пәни дүниеде түрлі көпір бар. Олардың ұзақтығы да, кеңдігі де түрліше. Дегенмен, бүниенің ешбір көпірі Ақыреттің сират көпіріне жетпейді. Оған қоса сираттан Адам атадан ғ.с. бастап Ақыретке дейін өмір сүрген барша адамзат өтеді.
Сираттың көтерілуі – мың жылдық жолға, тегіс жері – мың жылдық жолға, төменге түсетін жері – мың жылдық жолға тең келеді. Алайда, сират көпірі қаншалықты кең болмасын, кәпірлер мен мұнафықтар үшін жіптен жіңішке, қылыштың жүзінен өткір болады. Сонымен қатар ізгі пенде үшін сират жарық болса, күнәһар пенде үшін қараңғы болады.
Сираттың соңында – жәннат, астында – лаулаған жәһаннам болады.
Адамның ғ.с. әрбір ұрпағы сираттан міндетті түрде өтеді. Сираттан өту барысында соның әрбірі сұраққа тартылады.
Сират көпірі жеті бөліктен тұрады. Сонда сұраққа жауап бере алғандар сираттан аман өтіп, ал жауап бере алмағандар…
Сираттың бірінші бөлігінде әрбір пенде иманынан сұралады. Сонда имансыздарға неткен өкініш десеңші!
Сираттың екінші бөлігінде намаздан, үшінші бөлігінде – зекеттен, төртінші бөлігінде – оразадан, бесінші бөлігінде – қажылықтан, алтыншы бөлігінде – жүнубтіктен пәк болудан, ал жетінші бөлігінде – ата-ананың ақысы үшін сұралады. Сонда барлық сұраққа жауап бере алған пенде ғана жәннатқа кіріп, жауап бере алмағандар тозаққа түседі.
Дүниенің қайсы көпірін осымен салыстырғанға келеді?!