Осы бір оқиға әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Менің де хақ жолға түсіп, шынайы мұсылман болу бақытына қауышума себеп болды.
Иманжан деген досымыз болатын. Бала күнімізден тай-құлындай тебісіп, қатар өстік. Мектепте жүрген кезде сотқарлығымен аты шығып, сыныптың атаманы болатын. Сөйтіп мектепті де бітіріп, бір сыныптан төрт бала арман қуып Алматыға келдік. Оқуға түстік. Ол Қазақтың спорт және туризм академиясына, ал қалған үшеуміз қазақ білімінің қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факултетіне түстік.
Иманжан бала күнінен сүйегіне біткен шатақ мінезінің кесірінен оқудан екі мәрте шығарылып, бәріміз араласып жүріп оқуға қайта қабылданған болатын. Қойшы әйтеуір не керек жүрген жерін қырып-жойып, шайтансуға әуестігінен талай жерді лайдады. Жанында жүріп аброй таппайтынбыз. Бірақ адам түгелдей жаман болуы мүмкін емес қой, Иманжанның бір жақсы қасиеті еркек секілді сөзіне берік, және жалған айтпайтын. Осы қасиетін бәріміз ұнататынбыз.
Бір күні қаладағы бір мейрамханада белгісіз біреулермен төбелесіп, басынан қатты соққы алып жансақтау бөлімінде жатыр дегенді естіп, жанымызды қоярға жер таппадық.
Біздің қолымыздан не келеді, әншейінде мешітке аттап баспайтын Әсет пен Талғатты ертіп алып Алладан Иманжанның саулығын тілеп, айығып кетуін сұрадық. Мешітке садақамызды салдық. Осы дұғамыз қабыл болды ма, әлде өзінің татар дәм-тұзы бұйырды ма күн санап беті бері қарап, арамызға қайта қосылды.
Бірге туған бауырдай болып кеткен досымыздың амандығы бәрімізге олжа болды. Енді ол, ауруханадан аман-есен айығып шыққанын жуып, кафеге барып баяғы әніне басатын болар деп ойлағанбыз, олай болмады.
Күндер өте Иманжанның мінезінің күрт өзгергенін байқадық. Бұрынғы озбыр қылықтарының бәрін тастап, имандылыққа бет бұрып намаз оқып жүргенін көрдік. Адамдармен де қарым-қатынасы жақсарған. Сабырлы. Қатыгездіктен, жүрегі жұмсарып, мейрімділене түскен. Біз Иманжанның өмірінің бұлай күрт өзгенгеніне таң қалып кейде әңгіме қылып жатсақ, ол: «Өмірді дұрыс сүру керек, қолдағы барды бағалай білу керек. Аллаға құлшылық етіп, намаз оқығаннан жаным рахат табады»-дейтін.
Осылай уақыттар өтіп, өмірі жаманшылықтың ортасынан табылатын досымыздан кейінірек үлгі-өнеге ала бастадық.
Арада бірнеше айлар өткен кезде Иманжан досымыз жансақтау бөліміне қайта түсіп, хал үстінде жатыр деген хабарды естіп, төбемізден суық су қүйып жібергендей есеңгіреп қалдық. Кеше ғана дені сау шауып жүрген, ойымыздан тағы бір сәтсіздікке тап болды-ау – деген күдік кетер емес.
Ауылдан анасы Әмина апа келіп дәрігерлермен сөйлесіп, мән-жайдан хабардар болғасын, Амина апаға ең болмаса рухани демеу берейік деп ауруханаға келдік. Ішке кіруге рұқсат жоқ, Әмина апаны шақырып алып досымыздың жағдайынан хабар алғымыз келді. Жатаханада бір бөлмеде жататын Айдос деген курстасы: «Кешқұрым басын жуып, шашын кептірместен даладағы суыққа қарамай дүкенге барып келемін деп шығып кеткен. Сәлден кейін келді де басын ұстап ауырып барады деп жатып қалды. Таң ата науқасы ауырлай бастаған соң жедел жәрдем шақырып осы ауруханаға алып кетті»-деп Амина апаға айтыпты. Ал, дәрігерлер менингит деп диагноз қойған екен.
Шарасыз пендеден қандай көмек болсын, анасымен бірге қайғырып, ақыры жақсы болар деп үміттендік.
Сәрсенбінің сәтті күні амалып тауып, жансақтау бөлімінің жауапты дәрігерінен рұқсат алып, досымыздың бетінен сүйіп, жүзін көрейікші деп палатаға кірдік. Қасына анасынан басқа ешкімді кірігізбейді. Амина апа бізді көріп, баласының жанына араша түсер ме деп, үмітті көзбен қарайтындай. Сосын Иманжанға қарап: «Балам айналайын көзіңді ашшы, әнекей достарың келіп тұр»-дегені сол еді, алты күннен бері комада жатқан досымыз жайап кірпігін қозғалтты. Мен қуанғаннан: «Досым, Иманжан қалайсың?»-деп айқалап жіберіппін. Анасы: «Дәрігер, дәрігерді шақыр!»-деп, безек қағып кетті.
Иманжан көзін ашты, абыр-сабыр болып жатқан бөлме іші тып-тыныш бола қалды.
Досым көзімен дәрет алайыншы дегендей белгі берді. Қалауын лезде орындадық. Сосын басын сәл көтеріп намаз оқуға ыңғайланды. Намазды ұзақ оқыды. Екі жаққа қарап намазын аятады. Көзімен бәрімізді шолып шықты да, сылқ түсті. Тыныштыққа бөленген бөлме ішінде құлақ тұндырар дауыстар естіліп жатты. Ал, мен болсам досымның маған қараған соңғы жанарынан: «Намаз оқыңдар, құлшылық өмірдің мәні, адам баласының кашан өлгені, қалай өлгені, қай жерде өлгені маңызды емес, кім болып өлгенің маңызды»-деп жатқанын ұқтым.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Қалай өмір сүрсеңдер, солай өлесіңдер, қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер» деген хадисі менің досыма арналып айтылғандай. Иманжан біріншіден, қанша бұзық болғанымен Аллаға жағатын уәдеге беріктігі, жалған айтпайтын адалдығы бар еді. Екіншіден, Алла басына сынақ беріп аурухана төсегіне таңғаннан кейін, тәубеге келіп имандылыққа бет бұрды. Алла Құранда: «Тәубе етіңдер, мен тәубені қабыл етушімін»-демеп пе еді? Менің досым тәубе етті, Алла тағала сертін орындап, жақсы құлының жанын жақсы амалдың үстінде алды.
Мұндай сынақтар әрбіріміздің басымыздан өтіп жатыр, бірақ одан сабақ алып, натиже шығаратындар аз. Өкінішті…
Алматы қаласы
Таугүл-3 мешітінің бас имамы Нұржан Таласұлы