Мұхаррам айы – мұсылман жыл санауының басы, яғни, алғашқы айы. Бұл ай тарихта мұсылмандардың Меккеден Мәдина шаһарына қоныс аударғанымен тарихта қалды. Екі дүние сардары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) пайғамбарлықтың 12-ші жылы зүлхиджа айында Ақаба деген жерде мәдинелік Ансарлардан «Екінші Ақаба биатын (ант, уәде)» алғаннан кейін келесі, яғни, Мұхаррам айында Меккеден Мәдинаға қоныс аударды.
Хижра жыл санауы бойынша 16-шы жылы (638-жылы) халифа Омар (р.а.) Мәдинада серіктерімен кеңесіп, тарихи маңызы бар оқиғаларды есте қалдыру мақсатында жылнама мәселесін көтерді. Әзірет Әлидің ұсынысымен әрі кеңеске қатысқандардың құптауымен хижрет бойынша жыл қайыру Ислам тарихының басы әрі мұсылман күнтүзбесі ретінде қабылданса, мұхаррам айы сол күнтүзбенің алғашқы айы ретінде бекітіледі.
«Мұхаррам» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаға саяды. Осы айда соғысу харам болғандықтан «Мұхаррам» деп аталғанын айта кету керек. Бұл турасында Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде былай айтылған:
- «Шын мәнісінде, Алланың құзырында айлардың саны – он екі. Жер мен көк жаратылған күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысуға тыйым салынған айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)…»[1].
Мұхаррам айының маңыздылығы Құран аяттарында, хадистердің көбісінде жан-жақты айтылып, қадыр-қасиеті сөз болады. Нәсәи жинағында риуаят етілген бір хадисте сахаба Әбу Зәр былай дейді:
- Мен Пайғамбарымыздан түндегі қайырлы уақыт пен айлардың ішіндегі ең абзалын сұрадым. Сонда Ол (с.ғ.с): «Түннің ең қайырлы уақыты – түннің соңғы үшінші бөлігі. (Рамазаннан кейінгі) Айлардың ең абзалы– сендердің «мұхаррам» деп жүрген Алланың айы», –деп жауап берді»[2].
Ендеше, адамзат ардақтысы (с.а.с.) «айлардың абзалы» деп ерекше маңыз берген мұхаррам айының қандай ерекшеліктері бар? Аят пен хадистерге сүйене отырып, Мұхаррам айының мән-маңызын былайша жіктеуге болады:
1. Cоғысуға тыйым салынған төрт айдың бірі [3].
2. Мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға хижрет еткен (көшкен) айы.
3. Нәпіл ораза ұстаған адамның сауабы мол ай. Алланың Елшісі (с.а.с.) өзінің асыл сөздерінің бірінде былай деп кеткен:
- «Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам»[4]
Хадиске мән беріп қарасақ, осы айға қатысты мынадай екі маңызды тұжырымға келуге болады:
- Өзге айлардан қарағанда Мұхаррам айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол.
- «Алланың айы» деп аталуына қарағанда оның айрықша қадыр-қасиетін және өзге айлардан қайырлы екендігін аңғаруға болады.
Тағы бір хадисінде былай делінген:
- Әзіреті Алиден келген бір хадисте, бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у): «Уа Расулаллаһ! Рамазан айынан кейін, қай айда ораза ұстауыма кеңес етесіз?, деп сұрағанда , Ол (с.а.у):«Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррамда айында ораза ұста! Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн бар, сол күні Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл еткен етін. Қалғандардың да тәубесін қабыл етеді»,- деп жауап берген.[5]
4. «Ашура күнінің» Мұхаррам айында болуы да оның маңыздылығын арттыра түседі. (3-қараша, сәрсенбі, 2014 жыл)
Бұл күні ораза ұстаудың сауабы мол. Мүслімнен жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күнгі ораза жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Өткен жылдағы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі»,[6] – деп жауап берген.
Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады. Ислам келмей тұрғанда да арабтар осы күні ораза ұстайтын, осы күні Кағбаның жабуын ауыстыратын болған. Бұған Айша анамыздың мына сөзі дәлел:
- «Исламнан бұрын Құрайыш арабтары Ашура күні ораза ұстайтын. Пайғамбарымыз да сол кездері ораза ұстайтын еді. Ол (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударғанда өзгелерге де осы күні ораза ұстауды әмір етті. Кейінірек Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін, Ашура күні ораза ұстамайтын болды. Бұдан соң ол осы күні қалағаны ораза ұстады, қаламағаны ұстамады»[7]
Айша анамыз тағы бір сөзінде былай дейді:
- «Рамазан парыз болмай тұрып, олар Ашура күні ораза ұстайтын әрі осы күні Қағбаның жабуын ауыстыратын»[8]
Пайғамбарымыз (с.а.у) Мәдина қаласына хижрет еткеннен кейін осы қаланың байырғы тұрғындары болып табылатын Яхуди дініндегілердің де Ашура күні ораза ұстайтынын көреді. Олардан мұның себебін сұрағанда «Бұл күні Мұса пайғамбар және оның қауымы Перғауынның құлдығынан құтылып, Перғауын және оның ізбасарлары суға тұншықты. Осылайша перғауынның құлдығынан құтқарған Аллаға шүкір етіп, Мұса пайғамбар ораза ұстаған» деген жауап алады. Сонда Алланың Елшісі: «Біз Мұса пайғамбарға сендерденден де жақынырақпыз»,– деп сол күні ораза ұстауды мұсылмандарға кеңес етеді [9].
«Ашура» сөзі арап тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Бұл күн мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни, оныншы күн деген атау берілген.
Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у) осы күні ораза ұстайтын. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі оразасы сүннет боп қалады. Сахаба Абдулла ибн Аббастан осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда Ол (р.а):
- «Пайғамбарымыздың осы күнгі нәпіл оразаның қадірін, өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын…», – деп жауап берді.
Сахабалар да осы күні ораза ұстаған. Олар тек өздері ауыз бекітіп қоймай, жас балаларын да осынау қайырлы қадамға баулитын. Муаздың қызы Әр-Рабиғ бұл жайында былай дейді:
- «Ашура күні таңертең (Һинд ибн Әсмәны) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласының маңындағы ауылдарға жіберіп (ондағы мұсылман болған кісілерге осы күні ораза ұстасын деп айтты да):«Оразаға ниет еткен адам ауыз бекітсін. Ал, кім нәр татып қойған болса, сол күннің ары қарайғы уақытын оразамен аяқтасын», – деді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы кеңесінен кейін біз ораза ұстадық және жас балаларымызға да ұстаттық. Мешітке барғанымызда киізден істелген ойыншықты ала баратынбыз. Балалар ашығып жылай бастаса әлгі ойыншықпен алдандыра тұратынбыз».[10]
Ашура күні ораза ұстаудың маңызы?
Ашура күні Алла тағала өзінің пайғамбары Мұсаны (ғ.а.) перғауынның зұлымдығынан құтқарғанын айтып өттік. Аллаға шүкіршілігін білдіру мақсатында Мұса (ғ.а.) осы күні ораза ұстаған. Осыны естіген Пайғамбарымыз:«Біз Мұса пайғамбарға сендерден де жақынырақпыз» деп, ораза ұстайды. Демек, бұл күні ораза ұстаудың мәні осында жатса керек, яғни, Аллаға шүкіршілік білдіру.
Ашура күніне байланысты қанша күн ораза ұстау керек?
Ашура күнінен өзге оның алдында бір күн және кейін тағы бір күн ораза ұстау ұнамды (мұстахаб), яғни, Мұхаррам айының тоғызы, оны және он біріне сәйкес келеді. Өйткені, Имам Ахмет риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген[11].
Мүслім келтірген сахих хадисте Алла Елшісі: «Егер келесі Ашура күніне дейін аман болсам, Ашура күнінен өзге оның алдында бір күн, яғни, Мұхаррамның тоғызыншы күні де ораза ұстаймын» [12], –деу арқылы тек Ашура күні ғана емес, оның алдында бір күн ораза ұстаудың ұнамды іс екенін айтып кеткен. Дегенмен, тек Ашура күні ораза ұстаса да жетеді.
[2]Нәсәи – №4612 хадис.
[3]Тәубе — №36 аят.
[4]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1163 хадис.
[5]Тирмизи, Китабуссиям, №741 хадис.
[6]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1162 хадис.
[7]Сахих Бухари – 2002.
[8]Сахих Бухари – 1952.
[9]Сахих Бухари – 3727
[10]Сахих Бухари – 1859; Муслим — 2725
[11]Ғаунул Мағбуд, Китабус саум, №2445 хадис түсіндірмесі.
[12]Муслим – №2723 хадис.