Жалпы Ислам діні адам баласын екідүниелік бақытқа жеткізетін, тыныштық пен бейбітшіліктің, ынтымақ пен татулықтың, мейірім мен шапағаттың үстінде құрылған. Ендеше, асыл дінімізге күйе жағып қаралап жүргендер, түрлі ағымдарға бөліп арандатып жүргендер Ислам дінін қорқынышты сипатқа жеткізуде. Сондай жарға жығар жат ағымның бірі – ТӘКФІРШІЛЕР. Жалпы бұл ағым елімізде кеңінен тарамағанымен ішінара кездесіп, жастарымызды жетегіне алып кетуде. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы үстіміздегі жылы өңірлерде теріс ағымдармен жүйелі түрде күресуді тапсырған болатын. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Астана қалалық Сарыарқа ауданының соты «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын діни-экстремистік бағыттағы ұйым деп шешім шығарды. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел түгел болса төбедегі келеді», деген аталы сөзге тоқталатын болсақ, ислам дінінің де негізгі ұстанымдарының бірі – бірлік пен татулық. Қасиетті құранда «Бөлініп, бөлшектенбеңдер, әлсірейсіңдер» деген қасиетті аятпен біз мысалға келтіріп отырған бабалар сөзі бір арнада тоғысып жатыр. Олай болса, ата бабамыз ұстанып бүгінге дейін ешқандай бұрмаланбай жеткен дініміз бен ұлттық тәрбиеміз біте қайнасып кеткен. Сыртқы күштердің әсерінен түрлі ағымдарға бөлініп, арандатып жүргендерге тосқауыл қою тәуелсіз мемлекетімізде тұратын кез келген мұсылман қауымының азаматтық міндеті.
Біз сөз етіп отырған ТӘКФІРШІЛЕР жарға жығатын жат ағым деп толық дәлелденгендіктен барша мұсылман қауымын осындай теріс ағымның жетегіне кетпей, исламның шынайылығын сезініп, адам болып өмір сүруіміздің жарқын жолы болған және дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ханафи мазхабын ұстанып, екі дүниенің бақытына жеткізетін жолымыздан жаңылмайық ағайын!
Аманжол Қасабек Қасабекұлы
филос.ғ.д, проф, академик
«Ғылым философиясы және өлкетану
орталығының директоры»