Жалпы қоғамда адам баласының бір біріне деген мейірімділігі мен қамқорлығының уақыт өткен сайын азайып я кеміп бара жатқандығын көп естиміз. Мұндай жақсы қасиеттер адам бойынан оның көркем мінезділігі көрініп тұрса ғана табылатындығын аңғара бермейміз. Осы себепті де әрбәр пенде ең алдымен мінезін түзеп, көркем мінезді бола білгені дұрыс.
Ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алла тағала Қалам сүресінің 4-аятынд: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің»,-деп сипаттаған. Бұл жайында Ибн Касир тәпсірінде: аяттың мағынасы пайғамбардың (с.ғ.с.) мінез-құлқы Құранға бойсыну болып кеткен. Құран әмір етсе бұлжытпай орындайтын, тыйым салса жоламайтын, деп айтылған. Сондай-ақ, Қатада (р.а.) жоғарыдағы аят жөнінде мынадай дерек келтіреді: Сағид бин Һишам Айша анамыздан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінез-құлқы жайлы сұрайды. Анамыз: Құран оқыған емессің ба?-деді. Ол: оқимын,-деді. Анамыз: расында Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінезі құран болатын,-деп жауап берген.
Кез келген нәрсенің іргетасы болады. Исламның іргетасы да жақсы мінезге құрылған. Жақсы мұсылман болу үшін көркем мінезге бай болу керек. Тіпті тар құрсаққа сыйса да, кең дүниеге сыймай, ағайынмен ат құйрығын үзіп жатқан адамдардың арасын жақындататын күш – көркем мінез. Демек, адам баласының басын біріктіретін ортақ құндылық – жақсы мінез-құлық. Адамзаттың асылы болған, айтқан сөзі амалымен ұштасқан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қо-лыңнан келгенше адамдарға өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет», – деп өсиет еткен. Бұл кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Ешкімді тілімен де, ісімен де ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу – көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. Жақсымен жақсы қарым-қатынаста болу оңай. Ал мінезі мазасыз кісінің тілін табу, онымен үздіксіз қарым-қатынас жасау кез келгеннің қолынан келе бермейтіні белгілі. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деп текке айтпаса керек.
Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?», – деді сахабаларына. Ешкім үндемеді. Кейін (пайғамбар (с.ғ.с.) (өз сұрағын екі немесе үш рет қайталады. (Сонда адамдар): «Иә, Расулулла», – деді. Сонда ол (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсы мінез-құлықты-ларың», – деді».
«Мұсылмандардың иманда ең кемел-дісі – ең жақсы мінез-құлықтысы», «Қияметте таразыны ең ауыр басатын амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» деген хадистер де көркем мінездің маңызы қаншалықты екенін көрсетеді.
Әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешесі, ұстаздары, туған-туыс, құрбы-құрдастары жақсы жандар болып, қаншама ізгі тәлім-тәрбиеде өссе де, санасы, таным-түсінігі тайыз, мінезі ұсақ, жан-дүниесі терең сезімсіз, көзқарасы құбылмалы болып өсіп, ержетсе, мінезі көркем бола алмайды. Ол неге солай жаратылды, бұл да бір адам жанының жұмбақ әлемі. Алайда, адамдардың көркем мінезді болуына имандылық жолға түсуінің ықпалы зор.
Иә, біздің Ұлық Пайғамбарымыз қашанда әдептілікке, көркем мінез-қылық танытуға айрықша көңіл бөлген. Содан, айнаға қараған сайын: «Жаратылысымды көрікті еткен Жаратқан Ием, мінезімді де көркем ет», – деп тілепті. Өйтпегенде ше, көркем мінез – өркениет шарттарының бірі, ал пайғамбарымыздың болса өмір бойы адамзатты өркениетке жетелеп, оған жетудің бір ізгі жолы көркем мінезділік, имандылық екенін үмметіне көрсетіп кетті. Қазір әлем діндерінің қай-қайсы да Құран Кәрімнің Ислам дінін ұстанған мұсылмандардың бәрін көркем мінезділікке, тәлімді тәрбиелікке уағыздайтынын мойындайды. Пайғамбарымыздың шәріп – хадистерінде де көркем мінезділікке үндейтін өсиеттер көп.
Бастысы, осы имандылыққа бет бұрып, көркем мінез иесі болуға тырысып, болмасаңда ұқсап бақ деген Абай атамыздың нақылын есте сақтап, айналамызға мейірім шашсақ мерейіміз артары анық.
Ахметов Рахат
Шиелі аудандық мешітінің бас имамы