Адамзат жаралғалы бері болмыстың (бар мен жоқтың) сырын ұғынып, алуан табиғат құбылыстарын түсіндірудің ешқашан бастары қосылмайтын әрі ірге ажыратып аулақ та кетпейтін «материалистік» және «идеалистік» аталған екідай жолы – қос сорабы бір біріне бой бермей, әлі тайталасып келеді. Өн бойы «тауық бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа бұрын жаралды ма?» дегенге саятын қарабайыр дилеммадан тұратын қарама-қайшы көзғарастардың арғы-бергісін қазбаламай-ақ, әңгімеміздің әлқиссасын кезінде мерзімді басылымдарды бір дүрліктірген петерборлық оқушы қыз Мария Шрайбердің азаматтық ұстанымынан ұзатқанымыз жөн сияқты.
Ол 2006 жылғы 1 наурызда жалпы білім беру мекемелерінде Дарвиннің эволюциялық теориясын оқытуға қарсы шығып, оны мемлекеттік стандарт негізінде оқулыққа енгізуді мақұлдаған Ресейдің Білім министрлігін сотқа берген еді. Марияның пікірінше, «адамның тегі маймылдан шықты» деген пікірді миға тықпалайтын Дарвиннің эволюциялық даму және табиғи іріктелу «теориясы» жалған, практикалық сынақ түрінде де, археологиялық олжа түрінде де бұлтартпас ғылыми деректермен дәлелденбеген. Сондықтан, болжам деңгейіндегі Дарвин ілімі келешекте өзінің жаратылыс сырын анық түсінетін, адамзаттың дамып-жетілу жолын шынайы да толық күйінде ұғынатын тұлға ретінде қалыптасуына кесірін тигізетінін айтты. Мемлекеттік стандарт бойынша меңгеруге (оқып, жауап беруге) міндетті саналатын «Биология» оқулығы тарауларының РФ «Білім туралы» заңының 2,14,50-баптарында; «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы» заңының 3-бабында, «Ождан бостандығы және қоғамдық бірлестіктер туралы» заңының 3-бабында көзделген азаматтық құқыларына өрескел нұқсан келтіретінін бірнеше негіздемелермен дәлелдеп берді. Мәселен, солардың бірін тарата айтатын болсақ, Стандартпен бекітілген оқулықтағы Дарвин ілімініне негізделген адамның шығу тегі жөніндегі жалған (ғылыми емес) түсіндірме Марияның «Ақпарат… туралы» заңда көзделген қарапайым құқына – шынайы ақпарат алу еркіне қол сұғады екен. Сонымен қатар, оқулықтағы дүниенің жаратылуы туралы атеистік пікірлер оның дүниетанымдық сенімін қорлап, ар-намысына тиеді екен…
Осылайша талдан талға секіріп, ыржақтап жүретін миғұла мақұлқатқа ет-жақын туыс болудан ада-күде бас тартқан 11-сыныптағы оқушы қыздың – Марияның ұстанымы қоғамдық пікірдің қоламтасын үрлеп қоздатты да, Орыс православия шіркеуі де демін ішіне тартып қала алмады. ОПШ мен священниктер одағының хатшысы Михаил Дудко сот отырысының қарсаңында: «Дарвинизм мектептерде әлем мен адамның жаралуы жөніндегі баламасыз әрі бірден бір ғылыми болжам ретінде оқытылуға тиіс емес қой. Әлбетте, бұл теорияны түкке алғысыз қылып, бірден лақтырып тастаған жарамас, тек дүниенің жаралу көрінісін көзге елестетін көп ілімнің бірі ретінде ғана дәрістелгені жөн-ау. Бұл болжам күллі әлем жандыны жансызға біртіндеп айналдыратын табиғи эволюция жолымен пайда болған жоқ, оны Құдіреті күшті Ие жаратты дейтін христиандық дүниетанымға да қарама-қайшы келеді» дей келіп, әлі күнге атеистік идеологияның жалаңқат уағыздамасынан арыла алмаған жаратылыстану оқулықтары келешекте илахи иланым жолындағылардың да ой-ожданына құрметпен қарап, пікір-көзғарасына орын қалдырғаны әділетті боларын айтты.
Сотқа жауапкер тарапынан қатысушы – Санкт-Петербург қаласы әкімдігінің Білім беру жөніндегі комитетінің өкілі, әрине, Марияның шағымында мазмұндалған талап-тілектердің құқықтық тұрғыдан қисындылығын түгел мансұқтап, дарвин арқылы туысып, әбден бауыр басқан «атасынан» қыл елі ажырағысы келмегені белгілі. Ең қызығы, сот талқысында маймылдың.., тойыс, мемлекеттік білім беру стандартының мүддесін қорғаған арнаулы комитет қызметкері шағымданушының:
- Оқулықтар тек тәжірибе арқылы расталып, дәлелденген, шынайы әрі сенімді ақпаратты ғана беруге тиіс емес пе?- деп төтелей қойған сұрағына:
- Жоқ, тиіс емес..,- деп мізбақпай жауап бергені еді. Бірақ, білім беру мекемелері қиял-ғажайып ертегілер құрастырушы әуесқойлар клубы емес, нақты білім, шынайы ақпарат беру арқылы ұрпақтар буынының дүниетанымын, азаматтық көзқарасын қалыптастыруға құзырлы ресми сала болғандықтан, сот төрешілері даудың басы – 10,11-сыныптарға арналған «Биология» оқулығын тарихшы, жаратылыстанушы, пәлсапашы мамандардың қатысуымен ғылыми сараптамадан өткізу жөнінде шешім шығарды…
Қит етсе, етегімізді түріп алып, Еуропаның, Американың үлгі-өнегесіне жүгіретін әдетімізбен тап осы салаға қатысты Батыс әлемінің ой-санасында толқындап жататын өзгерістерге зер салсақ, соңғы жылдары ғаламдық ғылыми қауымдастықтың бәрі бірдей эволюциялық теорияны мойындамайтынын, оның қателілігін бірнеше дәйекпен дәлелдеп шыққанын, олардың көпшілігі Ақыл-еспен Жарату Үлгісін – креационизмді ашық жақтайтынын аңғарамыз. Соның бір мысалы – медицина ғылымының докторы, «Американың бас бала дәрігері» атанған Бенджамин Споктың «Сәби және оның күтімі» атты кітабы. 1942 жылы тұңғыш басылымы шыққалы бері 50 миллион тиражбен таралып, әлемнің 42 тіліне аударылған осы классикалық еңбектің «Олар адамзат тарихын қайталайды» деген тарауында автор Дарвин салған «дара» жолға түсіп, қырын жүріп, қиыс кеткенін өзі аңдамай қалады. Яки, адам ұрығы да бағзыдағы мұхит суында пайда болған алғашқы тірі организм сияқты ана жатырында титімдей түйіршік — жалғыз жасуша түрінде тіршілік ете бастайды. Бірнеше аптадан соң құрсақ шуында жүзіп жүретін шақалақтың алқымында балықтікі тәрізді жыбырлаған желбезек өсіп шығады-мыс. Бір жасқа толар шағында әуелі еңбектеп, іле-шала тәй-тәйлап жүре бастайтын сәби қылығы миллиондаған жылдар бұрын алақанын жерден ажыратып, біртіндеп табанымен тік тұрып, ақырын адымдап жүруге үйренген ата-бабаларымыздың өткерген жолын елестеді дейді.
Алайда, Спок кейін, әбден шау тартып, жер таянған кезінде Йель университетінің қабырғасында, студент шағында «жұқтырып алған» дарвинизм теориясы мен эволюция идеясының адамзат баласына, жалпы, қоғамдық дамуға қаншалықты кесапат әкеліп жатқанын түйсінді. 95 жасқа келгенге шейін бая-шаясы көп, баяны жоқ пәниден тағлымды тәжірибе жиған ол жалпы адамзат қауымының, бөле-жара айтқанда, Американың бас ауруына айналған айықпастай дерт атаулы – жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, нәсілдік кемсітушілік, ұйымдасқан қылмыстық әрекеттер, таз-тақыр кедейлік дегендер ілім-білім мен қаржы-қаражаттың жетімсіздігінен емес, ахлақтық соқырлық пен рухани мешелдіктен туындап жатқанын ойға түйеді. Сол «соқырлықтың» себебін іздеген Спок өзінен бір ғасыр бұрын Шыңғыстаудың бауырында жатып-ақ әлемдегі ғылыми-пәлсәпалық ойдың даму әлібіне өзінше баға беріп, «Үш анық» атты концептуалдық құндылығы теңдессіз трактат жазып қалдырған қазақтың бір ғұлама қара шалы – Шәкәрім қажының тұжырымдарын айнытпай қайталайды: яғни, заманауи әлеуметтік проблемаларды туындатқан әлгі көр соқырлықтың себеп-салдары дарвинизмге,фрейдизмге және т.б. гуманитарлық ой-ағымдарға арқа сүйеген атеистік ілімде, имансыз пайымда жатыр дейді. Діннің ықпалы әлсіреп, дарвиншіл һәм секулярлы (зайырлы) таным белең алғандықтан, қазіргі қоғам ақыл-есінен адасып, өзі отырған бұтақты балталап отырғанын айтады. Әсіресе, оның «шыр айналып, дүниені кезіп келіп, барлық мәселені адамгершіліктің өлшемімен безбендеу керек деген иланымға маңдай тіредім» деп ағынан жарылған пікірі тағы да мынау пәни мен анау бақидың баянындай ақиреттің мәні – ар-ождан, ынсап пен мейірім туралы Шәкәрім тұжырымының қасына түнеп шыққандай әсер қалдырады екен…
Иә, жер-жаһанның оқуын түгесіп, отыз жылдай ізденумен жазған «Үш анық» атты ғылыми-пәлсәпалық трактатында Шәкәрім Құдайбердіұлы жаратылыстану ғылымындағы екі түрлі, бір-біріне қарама-қайшы дүниетаным – «әлемдегі нәрселердің бәрі өздігінен жаралған» дейтін материалистік және «барлықты (жанды мен жансызды) жаратушы Ие, құдіреті күшті себепші барын» жақтайтын идеалистік көзғарастарға талдау жасай келе, илаһи иланымды мансұқтайтын, жұмыр басты пендені имансыздықтың жолына итеріп жығатын атеистік албатылыққа дем беруші дарвинизм ілімін, эволюция теориясын бас көтертпес дәйектермен тас-талқан қылады. «Бұл кезде бүкіл Еуропа мойындап отырған сияқты Дарвин сөзіне қарсы дау айтқаныма орысша ғылым оқыған жастар тексермей, үстірт қарап, мені сөгуі мүмкін» дей келіп, кезінде эволюция ілімін сынаған неміс ғалымы Дидвар Дортманның кітабын оқып шығуға, салыстыра салмақтауға кеңес береді. «…біріне-бірі ұқсағандардың бәрін мынадан туып өзгерді дей беруді менің ақылым қабыл алмайды… жерден өскен өсімдік, хайуан себептеріне, топырақ, суы,ауасының өлшеуіне қарай біріне бірі ұқсас, ұқсаңқыраған, тіпті ұқсамаған болып өнген. Менің сөзімді сынау үшін даладағы, сортаңдағы, балаулы сайдағы, өзен бойындағы өсімдік, шөп, бұтаның бір арадағысының ғана бірі біріне ұқсағанын, ұқсаңқырағанын, тіпті ұқсамағандарын көріп, солардың топырақ, су, ауа сияқты себептерін тексеріп қараңыз. Егер Дарвин мен Маиеннің сөзі дұрыс болса, ол өсімдіктер де бірінен бірі туып өзгерген болып табылады. Меніңше, жылқы мен есектен қашыр туса да, екі жылқыдан қашыр тумайды. Бұл сөзімнің қорытындысы – тәмам барлықтың ата-анасы (Жаратушы иесі – М.І.) бір екені рас. Жаралған себептерінің ыңғайына қарай біріне бірі ұқсас не ұқсаңқырап, не тіпті ұқсамай жаралып жатыр. Бұл сөзді маймылдан туғанға арланып айтып отырғаным жоқ, қайта жаманнан жақсы туғанға қуанатын орным бар» деп, Дарвин ілімінің, «сатылап жоғарылау» теориясының табан тірер постулаттарының бірі – биологиялық түрлер мен ареал мәселесінің мәнісін қарапайым да қисынды дәйектемемен түсіндіріп береді. Содан соң Шәкәрім дүниеде ешнәрсе нәрсе жоғалмайды, тек қана түрін өзгертіп, өздігінен басқа нәрсеге айналып жатады, бірақ оны өзі сезбейдіге саятын айналыс теориясын, сондай-ақ ғаламдағының бәрі өз ішінен жаралған дейтін Литерие пәлсапасын; жан-жануарлар жаратушысыз, теңіздегі түрлерден тұқымдастық жолымен таралған дейтін Маиеннің уәжін; барлықты тәнмен сезінеміз,ал жоқты сезіне алмаймыз, сондықтан Жаратушы да, жан да жоқ дейтін Бюхнер дәйектемесін; тіршілік иелері бір-біріне ұқсамайды, әрқайсы өз уақыты келгенде өздігінен өсіп-өнген, содан-ақ жаратушы Құдірет иесі жоқ екенін білуге болады дейтін Демокриттің әртүрлілік теориясын жіктей келе, осынау «ғылым жетістіктерінің» маңдайын тасқа тіреп, мәңгіртіп тастаған ХХ ғасыр басындағы жаңалықтарды – магнетизм, спиритизм, телепатия құбылыстарын зерттеу нәтижелерін алға тартады. Яғни, көзіміз көріп, қолымыз ұстамаса да, «ақыл көзімен көретін»ақиқаттың бірі – жанның бар екендігін, оның ешқашан да жоғалмайтынын («…өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар») дәлелдеп шыққан жаратылыстану ғылымының тәжірибелерін жүйелеп, жіктей келе, мәжусилеу ежелгі грек «атомшыларынан» тек тартатын материализмнің терістеуін теріске шығаруды ғана мақсат тұтпайды, күллі адам нәсілінің ізгілікке көзін ашып, көңілін бұрар ахлақтың адал жолын нұскауға талпынады. «…ақырет – өлгеннен соңғы өмір жолы… Екі өмірге де керекті іс –ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім…Мен сол ұждан, совесть қайдан шығып тұр десем, оған жауап жоқ сияқты. Меніңше, совесть – жанның тілегі. Неге десеңіз, жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Соның қатты бір керегі — совесть-ұждан. Оны осы өмір үшін ғана керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады» деген ой тұжыра келіп, Шәкәрім бабамыз осы ұғымдардың ақиқаттығына иманымен иланбаған адамның (қоғамның да – М.І.) жүрегін тазартуға ешбір ғылым- өнердің, ешбір жол-заңның әдді жетпейтінін айтады. Ал, оған нанған, яғни, ынсап, әділет пен мейірімнің ақ жолын ұстанған адамның ар-ожданын ештеңе қарайта алмайтындығы туралы Шәкәрімнің уәжін түрік ғалымы, дін исламның жалаугері Харун Яхья өзінше өрбітіп, эволюция теориясының тумай жатып өз деміне тұншыққан ілім екенін ғылыми дәйектермен дәлелдеп шығады. Материалистердің бірді айтып, мыңды бүгіп қалатын екі жүзді ұстанымдарын батыл сынайды. Бағзы заманалардың қойнын ақтарып жүрген археологтардың әлі күнге шейін маймылдан адам кейпіне өту кезеңін айғақтайтын түр пішімін (нұсқасын) әлі таппағанын, ал табылған қаңқалардың қазіргі адам нәсілінің кейпінен түк те айырмашылығы жоқтығын айналып өтуге тырысады. Өздері төбелеріне көтерген эволюциялық құбылыстың өзегі саналар өтпелі түрлердің, мәселен, жартылай балық-жартылай бауырымен жорғалаушының немесе жартылай бауырымен жорғалаушы-жартылай құстың бағзы дәуірлерде табиғатта болғанын дәлелдейтін бірде-бір қаңқа-қалдық табылмағандығы туралы тіс жармайды. Тіпті, жан-жақты жетілген заманауи зертханалар жағдайында, өздері айта беретін, «бастапқы атмосферада» белок қорытып шығару мүмкіндігі дәлелденбей қалғандығы, белок құрамында жүздеп кездесетін аминқышқылдардың бірде-бірін синтездеу сәті түспегендігі жөнінде де эволюцияшылар жұмған ауыздарын ашпайды. Осылайша түрлі тәжірибе жасап, түк нәтиже шығара алмау арқылы «дарвин ізбасарлары» тіршіліктің сатылай эволюциялық жолмен дамып жетілу үдерісі табиғатта ешқашан болмағанын және болуы мүмкін еместігін өздеріне өздері дәлелдеп бергенін айтады Харун- ғұлама.
Жалпы, Жер-жаһандағы, Он сегіз мың да бір ғаламдағы жүздеген, мыңдаған биологиялық түрді ұқсастықтарына бола бір-біріне туыстырып, жегжат-жұрағат қылудың пәруайсыздығын айту үшін, әрине, соншалықты ғұлама болудың да қажеті шамалы-ау. Мәселен, «…адам мен маймылдың сыртқы ұқсастығы мүлдем ештеңені білдірмейді. Мүйізтұмсық пен саратан-қоңыздың сырт кейпі бір-біріне ұқсайды, алайда дөңкиген сүтқоректі жануар мен жыбырлаған жәндіктің арасына эволюциялық байланыс орнатуға тырысу шектен шыққан ақымақтық болып шығар еді» деген пікірден таймағандар Харун Яхьядан да бұрын – атеизмнің шалығы асқынып тұрған кешегі Кеңес заманында да, шүкірәнә, мына қазақ топырағынан табан тайдырмағаны анық. Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Тәркі дүние» атты шағын әңгімесінде «Адам – маймылдың ұрпағы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағалы жүрген Саламатин мен қайын атасының ортасындағы ескі мен жаңаның бітіспес күресіндей «ғылыми дискуссия» соның бір жарқын мысалы іспетті:
« – Оттап… Адам атаны қайда қоясың? Мұз үстінде жүкті боп тоғыз айдан соң толғатқан Хауа ананың бейнеті әлгі нәжісін жеп қисақтаған маймылыңнан кем соғып па? – дейтін әкесі ашу қысқандағы дағдысымен түкірігіне шашалып,- Дүниені келістіріп жаратқан Алла. Жасаған иемнің құдіретіне қол сұғайын деп пе ең? Хауа ананы Адам атанаң қабырғасынан… Қабырғаммен кеңесейін деймін мен де анда-санда. Ол әйеліммен ақылдасайын дегенім. Аяқ астынан алжиын десе, ғалымға да оп-оңай-ау…
Бастырмалатып сөйлеген атасына қарсы келмей ақырын бағатын иіні жүдеу Саламатин. Оның үнсіздігі кірпі шаш, қиқар шалдың жынын қайта өршітетін.
- Ал, айт, дүние неден жаралды?
- Жай көзге көрінбейтін суда өскен бір клеткалы балдырдан.
- Түһ! – Қиқар шал күйеу баласының бұл сөзін естігенде отырған
орнынан ұшып кете жаздайды. Әттең, қанаты жоқ. Айналасын қарманады. Қарсы алдындағы меңіреу аспирантты жіберіп ұратын ештеңе таба алмай қос қолы ауаны қармай береді.
- Не дедің? – Сосын алақандай көзін ежірейтеді.
- Бір клеткалы…
- Клеткаңмен қоса құры зәніңді…
- Ау, ит-ау, айтшы, көзге көрінбейтін пәлеңнен піл мен динозавр қалай өсіп шықты? Аузыңа су ұрттап алдың ба, жағың неге қарысып қалды? Мә, бір түйір топырақ, мықты екенсің, осыдан тау жасап берші маған.
- Енді, миллиондаған жылғы даму эволюциясы…
- Революция болса да, черт с ней. Ал, миллион жыл күтейін…
- Қағынбай жайыңа отырсаңшы,- деп шешесі ара түсер еді,- Баланың миын су қылып жібердің ғой.
- Балдырдан маймыл, одан адам шыққан деп. Қаралай жыныңды қоздырып. Бәлкім, адамнан маймыл туған шығар. Оның құлаққа қонады.
- Туса, туған шығар, ауылдағы Қойшыбай құрдасыңның маймылдан несі артық?
- Сен кемпір де аяқ астынан прәпесір бола қалыпсың: Маймылға кіндіктерің байланып қалған екен, қидым сендерге. О несі-ай!..»
Міне, қарапайым қазақтың ой-санасы, дәстүрлі дүниетанымы өн бойында жауабынан сауалы көп жалаң иін, жүдеубас аспирант кейпіндегі шала қарпылған киіздей түбі шикі ілімге – эволюция теориясына өре-тұра қарсы шығады, Мария Шрайбер сияқты бас салып сотқа бермегенімен, ауа қарманып айбат шегеді. Енді қайтсін, жеті қазынаның біріне балағанымен, итке теңесе кәдімгідей апшып қалатын қазаққа келіп, «айтпақшы, сіз анау тал басында, тау жақпарында тыраңдап жүрген мақұлықтың туысқаны екенсіз» деген соң қалай қорланбасын, одан да құлақ үйреніскен «әй, иттің баласы» деген балағат «айналайын» сияқты естілер. Айтпақшы, атақты Бенджамин Спок сияқты Р.Отарбаевтың Саламатины да асарын асап, жасарын жасаған, «мешін-бабасының» арқасында атағы жер жарып тұрған шағында дарвинизмге иек артқан тұжырымынан ада-күде бас тартады. Соңғы бір ғылыми-тәжірибелік зерттеудің нәтижесінде ол адамзат баласы мен миғұланың бір-біріне үш қайнасы сорпасы қосылмайтынына көзін жеткізеді. Өйткені, маймыл дегеніміз – бар болғаны, жануар, ақыл-ес пен ойлау қабілеті жағынан жарықтық ит пен жылқыдан асып бара жатқаны шамалы, қарын тойдырудан бөтен қайғысы жоқ мақұлқат. Ал, Адам – жан (рух) қалауы
арқылы ерік күшін ұстанған, ойлап, сөйлей білетін, шешім қабылдап, таңдау жасай алатын тірлік иесі. «Құдіреті күшті Құдай бізге сыйлаған, ешқашан өлмейтін, өңін бермейтін, өзін Жаратушыны іздеп, тынымсыз талпынатын нақ сол жан ғана адам баласын жануарлардан алшақтатып, өткел бермес арна болып тұр. Тән-тұрпаттардың әлдеқандай ұқсастығы адамның және өзге тіршілік иелерінің арасында жатқан бөгесінді бәрібір аттап өте алмайды. Ғаламда жан берілген бір ғана тірі организм бар, ол – адам, тек сол жаратушы Хақ тағаланың үмбеті» дейді Харун Яхья. Қасиетті Құран-кәрімнің аяттарында да құдіреті күшті Алла тағаланың «өз рухынан дем салып», Өзіне жақындату, жанымен Раббын тануына мүмкіндік беру арқылы адамзат нәсілін Өзі жаратқан тіршілік иелерінің бәрінен үстем қылып шығарған. Тек жан арқылы ғана адам қарынқам хайуан мен құлқынқұл пендеден өресін асқақтатар, «Алланың өзі рас, сөзі де рас» деп ұлы Абай мегзеген Абсолюттік ақиқатқа жақындатар рухани деңгейге («инсан кәмалият») жете алады. Мына пәнидегінің бәрі өткінші, байлық, мансап та, атақ-даңқ та артта қалады, азып-тозады, тек «жақсылықпен өмір сүрген» жан (рух) ғана мәңгілік, ол дүниауи болмыстың тәни қауашағынан босап шыққан соң әр сөзі мен ісі үшін өзін жаратып, рух бітірген Алла тағаланың алдында жауап береді екен…
P.S. Қалыптасқан кәсіптік дағдымен дарвинизм теориясына қатысты көзғарастарын білу мақсатында құзырлы мекемелердің мамандарына, мектептерде «Биология» пәнін оқытып жүрген ұстаздар қауымына, жоғары сынып оқушыларына тақырыптық сауалдама таратып, діни ұйым өкілдерін де әңгімеге тартуды ойға түйген едік, бірақ бұл ниетімізден осы мақаланың нүктесін қояр тұста айнып қалдық. Себебі… Ішкі мақсатымыз – жаратылыс сырын түсіндірудің әрқилы көзғарастарына төреші болып (бәрібір, Шәкәрім бабамыздан асырып ешкім ештеңе айта қоймас!), пікірталас өрбіту, түбегейлі тұжырым түю емес, оқырман қауымға мәселенің мәнісін аңдату ғана еді. Оның үстіне, демократиялық, зайырлы қоғам құру жолын таңдаған еліміздің Негізі заңында азаматтарға сенім жолын, дүниетанымдық негіздерді таңдауына толық ерік берілген. Ендеше, түп-тегін кімнен немесе неден шығарса да әркімнің өз қалауы, алда-жалда арамыздан Дарвин табыстырған «түп аталарынан» қыл елі ажырағысы келмейтіндер шығып жатса да, таңданатын түгі жоқ. Иә, әркімнің өз ырқы…
Ал, өзіміз әрісі – Адам атаның, берісі мынау жалғаннан «көктің ұлы, құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбеті, шадиярдың сәруарымын» деп өткен қара шалдардың кіндігін таралған ұрпақ екенімізді ғана мойындаймыз…
Мақсaт ІЗІМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі