https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Ниет түзу болса, амал да түзу болмақ

12 May 2015 0 comment Оқылды: 5550 рет

Бір күні Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләм: «Менің ізбасарларымды рақым ет», деп дұға қылды. Оны естіген сахабалар: «Я, Расулуллаһ, сіздің ізбасарларыңыз кім?»-деп сұрады. Сонда ол: «Менің хадисімді жаттап, оны халыққа үйреткен кісілер»,-деп жауап қайырды. Бұл хадисты имам Табари риуаят еткен.

Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләмның сөздерін халыққа жеткізу, оны үйрету – ұлық мәртебе. Суфъян Сәури: «Мен хадис ілімінен артық ілімді білмеймін, хадис ілімімен айналысу нәпіл намаздан да, нәпіл оразадан да артық»,-деген. Ибн Хиббән: «Расулуллаһтың құзырында қиямет күні ең артық адам – ол хадис білгірлері»,-деген.

Құрметті оқушылар, мен де сіздерді Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләмның хадистерін бірге үйренуге және жаттап баруға үгіттеймін. Алла тағала қиямет күні баршамызға сүйікті пайғамбарымыздың шапағатын нәсіп еткей!

١) قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ: إِنَّمَا الْأَعْمَالُ  بِالنِّيَّاتِ وَ إِنَّمَا لِكُلِّ امْرِءٍ مَا نَوَى فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إِلَى اللهِ وَ رَسُولِهِ  فَهِجْرَتُهُ إِلَى اللهِ وَ رَسُولِهِ وَ مَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ لِدُنْيَا يُصِيبُهَا أَوِ امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إِلَى مَا هَاجَرَ إِلَيْهِ

1) Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә сәлләм: «Расында, барлық істер нақты ниеттен туады. Әркімнің алар үлесі де ниетіне байланысты. Егер кімде-кім Алла мен оның елшісі үшін қоныс аударса, ол адамға Алла мен оның елшісі үшін қоныс аударғанның сауабы жазылмақ. Егер әлдекім баю яки үйлену үшін қоныс аударса, ойлаған мақсатына жетпек. Қандай ниетпен қоныс аударса, соған лайық үлесін алмақ»,-деді. (Сахих Бухари: І том, 2-бет; VII том, 231-бет; VIII том, 59-бет. Сахих Муслим: ІІ том, 103-бет).

“Һижрат» деген сөз көшу, қоныс аудару, тәрк ету деген мағыналарға саяды. Ал оның шариғи мағынасы дін дұшпандары тарапынан қысым көрген меккелік мұсылмандардың Алланың бұйрығымен өз туған жерлерін тастап, Мадина қаласына қоныс аудару, көшу деп түсіндіріледі.

Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләм Меккеден Мадинаға һижрат еткен күннен бастап һижри жыл санауы басталды. Сегізінші һижри жылында Мекке фатх етілді, қала толық мұсылмандардың қолына өтті. Мекке фатх етілгенге дейін Мадинаға көшу, Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләмның құзырына қоныс аудару игі амал саналған. Мекке азат етілген күнде Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләмның «Мекке фатх етілген күннен бастап һижрат тоқтады» (Сахих Муслим: ІІ том, 93-бет) деп айтқан сөзімен «һижрат» амалы өзінің алдыңғы күшін жойды. Алайда, XVII ғасырда қазіргі «сәләфтардың» көсемі Мухаммад ибн Абдулуаһһаб мұсылмандарды һижрет жасауға бұйырып, Пайғамбарымыз салләллаһу аләйһи уә салләмның сөзіне  қарсы шықты, үлкен бүлікке жол ашты.

Хадистің түсіндірмесіне оралайық. Риуаяттардың бірінде, бір кісі Мадина қаласына көшіп кеткен бір мұсылман әйелге үйлену үшін дінді қабылдап, Мадинаға һижрат жасайды. Оның мақсаты Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләмның алдына бару емес, бәлкім сол әйелге үйлену еді. Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләм бұл кісінің ниетін біліп, осы хадисты айтты. Мұндағы «Мадина қаласына һижрат жасау» мысалы басқа да жағдайларға қатысты.

Пенденің ісі үш кезеңнен яғни білу, қалау, күш-қуаттан тұрады. Адам баласы өзі білмеген істі ниет етпейді, ал ниетсіз іске қол ұрмайды. Мысалы, шөлдеген адам шөлді су ғана қандыра алатынын біліп, әуелі су ішуге ниет етеді, кейін оны ішеді.

«Ниет дегеніміз не?»-деген сұраққа: «Ол – білу себебімен бір істі істеуге көңіл қойып қалау» деп жауап береміз. Ниет – ол әрбір істің, ғибадаттың рухы. Ниетіне қарай бір іс үшін адам баласы не сауапқа кенеледі, не күнәға батады. Ниет бұзық болса, амал да бұзық, ниет түзу болса, амал да түзу әрі дұрыс болмақ. Біреудің малын ұрлау ниетімен өз малын алған адам күнаһар деп танылады. Өйткені оның ниеті әуелде ұрлық болды. Өз малын алу ниетімен біреудің малын білмей алған адам шариғат және ахлақ принципы бойынша айыпсыз саналады.

Әбу Ханифа мазхабында намаз, ораза, зекет, қажылық секілді негізгі ғибадаттарда ниет ету шарт. Ниеттің орны –  жүрек. Тілмен айту немесе айтпау ниетке жатпайды. Мысалы, ойында екінті намазын оқып жатқан адам, тілімен бесін намазын оқыса да немесе ештеме оқымай, үндемей тұрса да, намазы дұрыс деп табылады. Ал екінті намазын оқығанда, тілімен осы намазды оқып жатса, ал жүрегі ештемені ниет етпесе, намазы бұзылады. Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләм және оның сахабаларының намазда тілмен ниет оқығандары риуаят етілмеген. (Зад әл-мәғад: І том, 52-бет. Фатх әл-қадир: І том, 186-бет). Демек олар көбірек ниетке көңіл бөлген.

Өкіну бар күнәні жоққа шығарса, ниет жоқ істерді пайда етеді. Жорықтардың бірінде Расулуллаһ салләллаһу аләйһи уә салләмның «Мадинада бір қауым тұрады. Олар бір себеппен бізге қосыла алмады. Бірақ, олар біздің әрбір ісімізде серік» (Сахих Бухари: ІІІ том, 213-бет) деген мазмұнда айтқан сөзі Мадинада қалып қойса да, соғысқа бірге шықпаса да, ниеттеріне орай шайқаста сахабалармен бірге болғанын және сауапқа кенелгенін білдіреді.

Мүбах істер ниеттің себебімен ғибадатқа немесе күнәға айналады. Жақсы іске ниет еткен адам, ол іс істелінсе де, істелінбесе де, сауапқа кенеледі. Бірақ ниетсіз жасалынған іске сауап жазылмайды. «Рия» амалы да күрішке түскен піте сияқты бар сауапты жойып отырады. Риядан сақтану оңай емес. «Мүминнің ниеті амалынан жақсы» (сахих Бухари: VIII том, 59-бет) деген сөздің хикметі де осы.

Дегенмен, нақты іс-әрекет адамның ішкі әлемін айқындап, оның ниетін бейнелеп тұрады. Егер адамның ішкі дүниесі мен ниет-ынтасы түзу болса, оның нақты істері, сөздері мен әрекеттері де дәл сондай болмақ.

«Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің оқытушысы: Х. Аманқұлов

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз