1. Зүл-Хижжә — Аллаһ Тағала қасиетті еткен айлардың бірі. Себебі, осы айда мұсылман пенде Хақ Тағала оған міндеттеген қажылық парызын орындайды. Бұл – Зүл-Хижжә айында орындалатын құлшылықтың ұлығы.
Өкінішке орай жыл сайын қажылыққа бару әрбірімізге нәсіп емес. Сол себептен Аллаһ Тағаладан тілерім: «Уа, Жаратушы Ие! Біздің әрбірімізге мабрур (кемшіліксіз әрі қабыл болған) қажылықты нәсіп етіп, қалған ғұмырымызды тек Өзіңе құлшылық етумен өткізуімізді нәсіп ете гөр!»
Зүл-Хижжә айында қажылықпен қатар умра (кіші қажылық) орындалады. Ал қажылық және умра – ғибадаттың абзалы.
Жалпы қажылық пен умраның артықшылығына қатысты хадистер жетерлік. Бұл айтылғанға дәлел болғанға мына хадистің өзі-ақ жеткілікті. Пайғамбарымыз Мухаммад с.ғ.с. айтады:
الْعُمْرَةُ إلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلاَّ الْجَنَّةُ
«Бiр рет ғұмраға барғаннан кейiн екiншi рет ғұмраға бару – арада iстелген күнәларға кәффарат болса, шариғат талабына сай орындалған қажылықтың сыйы тек жәннат болады»;[1]
2. Ораза ұстау. Шамасы жеткен адам Зүл-Хижжәнің бастапқы тоғыз күнін ауыз бекітумен өткізген жөн. Тіпті оған жағдайы келмеген адам ара-арасынан бірнеше күн ұстаса болады. Бұл мәселеде «не құрлым көп болса, сол құрлым жақсы» деген қағиданы ұстанған жөн.
Ескерту: шариғат бойынша айт күні ораза ұстау – мәкруһ. Осы себептен Зүл-Хижжә басында тек тоғыз күн ораза ұстауға рұқсат.
Ораза құлшылықтың ең абзал түрі екенінде ешбір күмән жоқ. Жаратушы Иенің:
كُلّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ أَلاَ الصَّيَامَ هُوَ لِي وَأَنَا أَجْزِي بِهِ
-«Адам баласының бар амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Оразаның есесін Мен Өзім беремін»-дегені осының айғағы емес пе?![2]
Келесі мәселе: қажылық сапарына шыққан пенде – дін жолында жүрген болып есептеледі. Әрине, пенденің көкейінде абырой, атақ үшін емес, бәлкім: «Тек Аллаһ Тағаланың разылығы үшін»-деген ниет болған жағдайда. Ал дін жолында жүрген пенденің оразасының сыйы қндай болмақ?
Расулуллаһ с.ғ.с. айтады:
مَا مِنْ عَبْدٍ يَصُومُ يَوْماً فِي سَبِيلِ اللهِ إِلاَّ بَاعَدَ اللهُ بِذَلِكَ الْيَوْمِ وَجْهَهُ عَنِ النَّارِ سَبْعِينَ خَرِيفاً
«Қайсы бiр пенде Аллаһ Тағала жолында бiр күн ораза ұстаса, Аллаһ Тағала соның себебінен оның жүзiн тозақ отынан жетпiс жылға алыстатады»;[3]
3. Арафа (Арапа) күні ауыз бекіту. Имам Әбу Дауд риуаят етеді:
كَانَ رَسُولُ الله صلى الله عليه وسلم يَصُومُ تِسْعَ ذِي الْحِجَّةِ وَيَوْمَ عَاشُورَاءَ…
«Расулуллаһ(солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Зүл-Хижжәнің тоғызыншы жұлдызында (яғни, Арафа күнi), Ашура күні… ораза ұстайтын».[4]
Ескерту: Арафаның тоғызыншы жұлдызында тек қажылықта жүрмеген мұсылмандар ораза ұстайды. Қажылық парызын орындап жүргендер Арафа күні ораза ұстамайды. Себебі, бұл күн олар үшін мейрам;
4. Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде ерекше көп зікір ету. Бұл – шарғи ұлық сүннет амалы.
Біріншіден: бұл Аллаһ Тағаланың әмірі:
«وَيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ فِي أَيَّامٍ مَعْلُومَاتٍ»
«Олар белгілі күндерде Аллаһ Тағаланың есіміз зікір етсін». («Хәжж» сүресі, 28 ят)
Абдуллаһ ибн Аббас р.л.ғ. бұл аяттағы «белгілі күндерде» сөзін «Зүл-Хижжә айының бастапқы он күні» деп тафсирлеген.[5]
Екіншіден: Абдуллаһ ибн Омар р.л.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.:
فَأَكْثِرُوا فِيهِنَّ مِنَ التَّهْلِيلِ وَالتَّكْبِيرِ وَالتَّحْمِيدِ
-«…Осы күндерде көп тәһлил, тәкбир және тахмид айтыңдар!»-деген.[6]
Сонымен қатар, «Сахих Әл-Бухариде» былай айтылған: «Ибн Омар және Әбу Һурайра р.л.ғ. Зүл-Хижжә айының бастапқы он күнінде базарға барып тәкбир айтатын әрі сондағы адамдар оларға қосылып Аллаһ Тағаланы ұлықтайтын. Ал Мухаммад ибн Алидің р.л.ғ. нәфіл намаздардан соң тәкбир айтатын әдеті болатын».[7]
Осы айтылғанның негізінде ғалымдар: «Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде ерекше көп зікір айту – мустахаб»-деген тұжырымға келген.
Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде айтылатын тәкбир үлгілері: Исхақ (рохимаһул-лаһ) табиғин ғалымдардың Зүл-Хижжәнің бастапқы он күнінде: «Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар. Лә иләһә илләл-лаһу уал-лаһу әкбар. Аллаһу Әкбар уа лилләһил-хәмд»-деп тәкбир айтатыны жайында риуаят еткен. Сонымен қатар әркім өзі білген тәкбир түрлерін айтса болады. Мысалы: Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар кабиро. Немесе: Субханал-лаһи, уәл-хамду лил-ләһи, уә лә иләһә иләл-лаһу, уал-лаһу әкбару, уә лә хаулә уә лә қууата иллә бил-ләһ. Болмаса: Лә иләһә илләл-лаһу, уахдаһу лә шәрикә ләһу, ләһүл-мүлкү, уә ләһүл-хамду, уә һуа ъалә күлли шайин қадир.
Ерлер тәкбирді біршама көтеріңкі дауыспен айтса, әйелдер іштей айтады. Бұл такбирлер топ болып айтылмайды. Яғни, әркім өзі айтқаны абзал. Сонымен қатар, бұл іске өзгелерді мәжбүрлеу дұрыс емес. Біздің міндет – ескерту, есіне салу. Әрі қарай санасы бар пенде бұл амалды өзі-ақ істеп кетері сөзсіз.
Құрметті мұсылман қауым! Бұл үлгідегі зікірлер жәй зікір емес. Бәлкім, Хақ Тағаланың: «Сендерді тура жолға салған Аллаһ Тағалаға шүкірлік етулерің үшін Оны ұлықтаңдар»-дегеніне сай,[8] Жаратушы Иеге болған шүкіршілігіміздің үлгісі.
Тәкбирге қатысты келесі мәселе: Зүл-Хижжә айында айтылатын тәкбирлер екі түрге бөлінеді: мұтлақ (шектелмеген) және муқаййад (шектеулі).
Мұтлақ тәкбир – Зүл-Хижжә айының бірінші күнінен айтылады әрі аталуына сай оны айтудың уақыт, сан, рет және орын тұрғысыдан шектеу жоқ. Яғни, мұтлақ тәкбирді Аллаһ Тағаланы зікір ету мәкрүһ болмаған кезкелген орында айтса болады. Мысалы, үйде, мешітте, дүкенде, жолда кетіп бара жатып т.с.с.
Муқаййад тәкбир – Зүл-Хижжа айының бес күнінде, яғни «ташриқ» күндерінде намаздардың парызынан соң айтылатын тәкбир. Дәлірек айтар болсақ, тәкбирді айту Арафа күнінің таң намазынан басталып, айттың төртінші күнінің аср намазымен тәмамдалады.
Муқаййад тәкбирдің бір ғана үлгісі бар. Ол: Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар. Лә иләһә илләл-лаһу уал-лаһу әкбар. Аллаһу Әкбар уа лилләһил-хәмд.
Зікірге қатысты мәселе: «зікір» ұғымын тек кәлима айту, «субханал-лаһ», «әл-хамду лил-ләһ» т.с.с. қайталап айтумен шектеу дұрыс емес. Себебі, пендені Хақ Тағаланың разылығына лайық ететін кезкелген ізгі амал зікірге жатады. Осы себептен, бұл қасиетті күндерде зікірлердің абзалын, яғни көп Құран оқысақ тіпті жақсы болады;
5. Аллаһ Тағаланың дидары үшін мұқтаждарға көп ихсан қылу. Ихсан – жақсылық істеу. Тіпті сүннет талабына сай біреудің жүзіне жайдары қараудың өзі ихсанға жатады. Егер мұсылман бауырыңызға жылы шырайлы болудың өзі бір жақсылық болса, онда бір мұқтаж мұсылманның қажетін өтеу қаншалықты сауапты болмақ?!;
6. Құрбандық шалу. Құрбандыққа қатысты ескеретін мәселе: Құрбан айтта құрбандық шалуды ниеттенген адам Зүл-Хижжәнің бірінші күнінен бастап шаш-сақалына және тырнақтарын алмайды. Себебі, Расулуллаһ с.ғ.с. былай деген:
وَأَرَادَ أَحَدُكُمْ أَنْ يُضَحّيَ فَلْيُمْسِكْ عَنْ شَعْرِهِ وَأَظْفَارِهِ
«…Араларыңнан құрбандық шалуды қалаған адам құрбандық шалғанға дейін шашы мен тырнағын алмасын».[9]
Мұның мәнісі: пенде денесінің не құрлым көп бөлігін құрбандыққа куә ету. Ескерту: шариғат бойынша бір отбасы атынан бір құрбандық шалынады. Сондықтан бұл шаш және тырнақ мәселесі құрбандық иесіне тиесілі. Мысалы, отағасына. Ал бала-шаға шаш-тырнағын ала береді;
7. Көп дұға ету. Құрметті мұсылман қауым! Зүл-Хижжәнің бастапқы он күні – дұға маусымы. Мұсылман пенде осы кезде Хақ Тағалаға көп мінәжат етіп, көп дұға еткені абзал. Себебі, дұға – ғибадаттың негізі. Дұғада өзіміз үшін, отбасымыз, Отанымыз, бүкіл мұсылман үмметі үшін Жаратушы Иенің рахметі мен жарылқауын тілеген жөн;
8. Тәубеге келу. Құрметті мұсылман қауым! Тәубеге келу – мұсылманның борышы. Күнәміздің кешірілудің бірден-бір жолы – тәубешіл болу. Тәубеге келу – осы амалдар маусымында істелетін ұлық амалдың бірі.
Негізінде әрбір амалдың негізгі қызметі – пендені Аллаһ Тағаланың разылығына лайық ету. Тәубе пендені сол Жаратушы Иенің разылығына лайық ететін амалдың бірі. Себебі, біріншіден:
«إِنَّ اللهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ»
«Ақиқатында, Аллаһ Тағала тәубешіл пенделерін жақсы көреді».[10]
Екіншіден:
كُلُّ بَنِي آدَمَ خَطَّاءٌ، وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ.
«Бүкіл адамзат – қателесуші. Ал сол қателесушілердің ішіндегі ең абзалы – тәубешілдері».[11]
Амалдар қабыл болатын, Аллаһ Тағаланың рахметі молынан жауған осы амал маусымында ғапыл болып қалмайық, құрметті жамағат!;
9. Көп нәпіл құлшылық істеу. Жоғарыда ораза, зікір, дұға жайында айтып өттік. Соған қосымша көп садақа берсек, өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйсақ, көп нәпіл намаз оқып т.б. құлшылық түрлерін орындасақ, ин ша Аллаһ, нәпіл құлшылықтың ақысын берген боламыз, құрметті мұсылман қауым!
Бұл мәселеде бізге Пайғамбарымыздың с.ғ.с.:
مَا مِنْ أَيَّامٍ أَحَبُّ إِلَى اللهِ أَنْ يَتَعَبَّدَ لَهُ فِيهَا مِنْ عَشْرِ ذِي الْحِجَّةِ
-«Пенделер Тәңіріне құлшылық ететін күндердің ішінде Аллаһ Тағала үшін Зүл-Хижжәнің он күнінен артық жақсы көретін күндер жоқ»-дегені демеу боларында күмән жоқ.
Сөзді нәпіл құлшылықтың артықшылығына қатысты хадиспен тәмамдасақ. Пайғамбарымыз Мухаммад с.ғ.с. айтады:
إِنَّ اللهَ قَالَ مَنْ عَادَى لِي وَلِيًّا فَقَدْ آذَنْتُهُ بِالْحَرْبِ وَمَا تَقَرَّبَ الْيَ عَبْدِي بِشَيْءٍ أَحَبَّ الْيَ مِمَّا افْتَرَضْتُ عَلَيْهِ وَمَا يَزَالُ عَبْدِي يَتَقَرَّبُ الْيَ بِالنَّوَافِلِ حَتَّى أُحِبُّهُ فَإِذَا أَحْبَبْتُهُ كُنْتُ سَمْعَهُ الَّذِي يَسْمَعُ بِهِ وَبَصَرَهُ الَّذِي يُبْصِرُ بِهِ وَيَدَهُ الَّتِي يَبْطِشُ بِهَا وَرِجْلَهُ الَّتِي يَمْشِي بِهَا وَإِنْ سَأَلَنِي لاَعْطِيَنَّهُ وَلَئِنْ اسْتَعَاذَنِي لاَعِيذَنَّهُ
Хақ Тағала айтады: «Мен Маған жақын болған пендеммен жауласқан адамменжауласамын. Пендемнiң Маған жақын болу мақсатымен iстеген амалдарының iшiндегi Мен үшiн ең жағымдысы –оған парыз еткенiмдi орындауы. Пендем Маған нәпiл ғибадатты ыждағаттылықпен орындауменжақындайды. Егер пендемдi жақсы көрсемМен оның еститiн құлағы, көретiн көзi, ұстайтын қолы және жүретiн аяғы боламын.Жақсы көрген пендем Менен қажетiн сұраса, сұрағанын беремiн. Менен пана тiлесе, қамқорлығыма аламын»;[12]
10. Айт намазын оқу. Айт күні айт намазын оқу – үлкен ғанимет. Әлемде түрлі жұрттың түрлі мейрамы бар. Мұсылмандардың айты да –мейрам. Алайда, мұсылман мейрамының өзге мейрамдардан ерекшелігі неде? Өзге мейрамның бәрі – адамдардың қиялшылдықтың нәтижесі. Сондықтан олардың көбі Аллаһ Тағаланың разылығына емес, бәлкім наразылығына тап етеді. Ал біздің мейрам – бір әкім, көсем не болмаса данышпан емес, бүкіл әлемді жаратушы Аллаһ Тағаланың үкімі мен сыйы. Сондықтан да мұсылман айт кезінде екі нығметке бөленеді. Оның біріншісі – мейрам қуанышы. Екіншісі – Хақ Тағаланың рахметі мен разылығы. Алайда, осының қадіріне жетсек еді-ау, құрметті мұсылман бауырлар!
Айт намазын оқу – уәжіп амалға жатады. Дегенмен, айт намазын парызға жатқызып, өз сөздеріне құжатты дәлел келтірген ғалымдар да болған.
Жоғарыда айтылғанға қосымша айтарымыз: қасиетті күні істелген амал да қасиетті болары сөзсіз. Мұсылмандар үмметі үшін осы қасиетті амалдар маусымында істелген әрбір іс-әрекет өзінің сауаптылығымен, пендені Аллаһ Тағаланың разылығына лайық етумен қасиетті.
Хақ Тағаланың назарында бір күннің қасиеттілігі қаншалықты жоғары болса, сол күні істелген күнәнің де салмағы соған сай ауыр болады. Сондықтан ғұмырымыздың осы қасиетті бөлігін қадірлей білейік, құрметті мұсылман қауым!
[1]«صحيح البخاري”, 1 – باب وجوب العمرة وفضلها, ح 1683.
[2]صحيح البخاري، 9 — باب: هل يقول إني صائم إذا شتم، 1805
[3]كنز العمال، الصوم، 10809
[4]تهذيب سنن أبي داود، 8 — كتاب الصيام، 817 — باب في صوم العشر، 2435
[5]صحيح البخاري، 19 — كتاب العيدين، 11 — باب: فضل العمل في أيام التشريق
[6]مسند الإمام أحمد، المجلد الثاني، مسند عبد الله بن عمر بن الخطاب رضي الله تعالى عنهما
[7]مسند الإمام أحمد، المجلد الثاني، مسند عبد الله بن عمر بن الخطاب رضي الله تعالى عنهما
[8]«Бақара», 185 аят.
[9]كنز العمال، 12179
[10]«Бақара», 222 аят.
[11]سنن ابن ماجه، 30 — باب ذكر التوبة، 4251
[12]صحيح البخاري، 38 — باب: التواضع، 6137