https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Құрбандық мал бауыздаумен шектелмейді

12 May 2015 0 comment Оқылды: 2793 рет

Құрметті Наурызбай Тағанұлы! Жауапты да сауапты қызметіңіз құтты болсын! Алдымен құрбан айттың мән-маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

Алла қаласа, санаулы күндерден кейін мұсылман қауымының ортақ мерекесі болып табылатын Құрбан айт мейрамы басталмақ. Құрбан айттың қадір-қасиеті мен мұсылманға тән атқарылар сауапты істерді білмек ниетпен ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Өтпенов Наурызбай қажымен арнайы сұқбаттасқан болатынбыз.

 - Құрметті Наурызбай Тағанұлы! Жауапты да сауапты қызметіңіз құтты болсын! Алдымен құрбан айттың мән-маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

– Ассаламу алайкум, құрметті мұсылман қауым! Жаратқан бір Аллаға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Екі дүние сұлтаны Мұхаммед пайғамбарымыз саллаллааһу алайһи уә сәлламға сансыз салауаттар болсын! Ислам әлемі аңсай күткен айтулы ұлық мереке – Құрбан айт та келіп жетті. Осыған орай баршаңызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Дінімізде бұл мерекенің алар орны ерекше. Өйткені, қасиетті Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айт Ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүние келген. Асыл дініміз мұны діни дәстүр, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырды. Мінекей, содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі зүлхижжа айының оныншы жұлдызында басталып, 3-4 күнге жалғасып келеді. Бұл мерекенің алғашқы күні биылғы қазан айының 15-жұлдызына сәйкес келіп отыр. Мұсылмандар таңертең үйлерінен шығып, жолай тәкбір айтып, Құрбан айт намазына қатысқаннан кейін мереке өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына айналады. Қасиетті Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мәдина шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен аяқталады.

Қасиетті құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Алла тағала Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал», – десе, ардақты Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!», — деген.

 –Ал құрбандық шалу кімдерге міндет?

–Құрбандық шалу мұсылман, ақылды, балиғат жастағы жәнеҚұрбан айт уақытында жолаушы емес кісіге міндет. Сонымен қатар негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшерінде қаржысы бар болуы тиіс.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін қаражат. Зекет ғибадаты секілді құрбандық шалу міндет болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады.

 –Құрбандыққа төрт түлік малдың қайсылары шалынады?

–Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.

 -Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

-Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілдіірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандыққұлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

 –Құрбан шалушы астаналықтарға құрбандық шалудың рәсімін толығырақ айтып берсеңіз?

–Құрбандық шалған кезде мына жәйттарға назар аударған жөн. Ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады.

Сосын «Иә, Алла тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, пайғамбарымыз (с.а.с): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!

Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда осы сөздерді айтып тұрғаны жөн. Егер малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі «бисмиллаһ» деп айтпаса ол малдың еті желінбейді. Сондықтан «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп айтуы қажет.

- Құрбандық барысындағы тазалық пен ысырапқа да тоқталсаңыз.

- Алдымен мынаны айта кетсем, малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күткен жөн. Ал, құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмау керек. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Сонымен қатар құрбан шалушылардың қаперіне ысырапқа жол бермеу керектігін сала кеткіміз келеді. Малды бауыздап тек оның етін ғана алып қалған ағзаларын тастап кету дұрыс емес. Өзіңіздің шалған құрбандығыңыздың ішек-қарын, бас-сирағын және басқа ағзаларын тазалап алу керек. Оның бір түйір еті де ысырап болмағаны игі. Ысырап етуді Алла тағала жек көреді.

 –Сойылған құрбандықтың еті кімдерге таратылады?

–Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болсын өзіне жеуіне болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді:«Құрбанның етінен өздеріңжеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».Ал, әз пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап (ұнамды іс). Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

 –Қала тұрғындарының көпшілігі мал бауыздай алмайтындығы белгілі. Яғни, қасапшының көмегіне жүгінеді. Енді, қасапшы ақысы ретінде құрбандық малының етінен яки терісін беруге бола ма?

–Жалпы, құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, бас-сирағын және сүтін сату – дұрыс емес. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Сахаба Әли (р.а) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.с) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз», – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге немесе қайырымдылық қорларына беруге болады.

 –Елордамызда қасиетті мерекеге дайындық қалай жүріп жатыр? Сонымен таныстыра кетсеңіз.

–Астана қаласының әкімдігінің ұйытқы болуымен елордамызда Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өтілуде. Құрбан шалушыларға арнайы қала сыртынан арнайы мал шалатын орындар даярланып, онда мешіт қызметкерлері, қасапшылар, тазалықшылар, тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері және сол секілді тиісті мекемелер жұмылдырылуда. Бұл еліміздің Бас шаһарында тазалықты сақтап, мереке кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылып отырған ұтымды шара. Алла разы болсын!

Нақтырақ айтқанда, құрбандық малдарын сатып алу және сою «Алтын таға» мал базарында (Астана-Қосшы тас жолы бойындағы); сондай-ақ, «Пищекомбинат-Астаналық плюс» ЖШС (М.Дулатұлы көшесі, 191); «Нұрбереке 555» ЖШС (Көк базары), Алаш тас жолы, 30; «Шаумен» шаруа қожалығы, («Астана-Софиевский тас жолы» — 9 шақырым); «Темеш» шаруа қожалығы, («Астана-Софиевский тас жолы» — 7 шақырым); «Мақсат 2007» ЖШС, «Теміржолшылар» тұрғын алабында (Ақжар көшесі, 20) ғана жүргізіледі. Ислам діні – тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау мақсатында құрбан шалу рәсімін арнайы орындарда ғана атқаруға шақырамыз.

Ал, мешіттерде Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен құрбандық шалу ісінің шарттары мен талаптары түсіндірілуде. «Құрбан айт мүбәрак болсын!» атты брашуркалар 10 мың тиражбен астаналық жамағатқа тегін таратылып жатыр.

Сондай-ақ, биылғы Құрбан айт мерекесінің құрметіне Астана мешіттері мен ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Құрбан шал!» сауапты акциясы өтеді. Шара барасында ірі қара малдар құрбандыққа шалынып, құрбандық еттері Астана қаласы мен Ақмола облысындағы мұқтаж жандарға таратылады. Яғни, шараға қатысушы 1 кісіден 7 кісіге дейін бірігіп, бір сиырды құрбандыққа шалады. Құрбан шалушыға үштен бір бөлігі беріліп, еттің қалған бөліктері таратылмақ.

Құрбан шалуға жағдайы жететін барша мұсылман бауырларымызды сауапты акцияға атсалысуға шақырамыз!

 -Айт күндерін қалай атап өтеміз?

–Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с):«Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намазоқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылайістесе біздің сүннетімізге ергені…», - деген.

Сол себепті бұл күні әуелі, жақсылап денені толықтай жуғаннан кейін әдемі, таза киімдерімізді киіп, үстімізге хош иіс сеуіп, мешітке айт намазын оқуға барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. Бұл күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше имандылық сән-салтанатымен өткізуге болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.

 -Оқырманға тілегіңіз…

Жаратқан Иеміз құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай. Алла тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз исламға күш-қуат берсін. Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болғай. Әмин!

 Сұқбаттасқан

 Қайырбек Отызбаев,

 Қазақстан журналистер одағының мүшесі,

 Астана қаласы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз