https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Ең тәттісі – сыйластық

12 May 2015 0 comment Оқылды: 2566 рет
Сыйластық – қазақ халқында ежелден қалыптасқан, қанға сіңген қасиет. Баланың ата-ананы, жиеннің нағашысын, келіннің қайын жұртын сыйлауы және құдалар, бажалар, құрдастар, абысын-келіндер арасында қалыптасқан өзара құрмет, сыйластық бұрыннан бар. «Адам сыйлағанның құлы» деген қазақ өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынып, сұрағанын береді. Ал сыйлағанды түсінбеген жанға «сиыр сипағанды білмейді» деп сәлеміне лайықты әдебін жасаған. «Сыйлап берген су да тәтті» деп алдына қойылған асқа емес, пейілдің адалдығы мен көңілдің тазалығына баса мән берген.

Жалпы халық арасында «сыйластыққа, татулыққа жететін ештеңе жоқ» деген жақсы мәтел бар. «Жақсы сыйлағанның құлы, жаман қорыққанның құлы» деп сыйластықты сырбаздықтың сыны етіп қарастырған. Ал, Саққұлақ би сыйластықтың мәртебесі турасында: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», − деген екен.

Сыйластық «сіз, бізден» басталады да, шынайы адал қарым-қатынасқа, сырластыққа, достыққа ұласады. Бұл достардың арасында болатын сыйластық. Халық нақылында «Сырласуға дос жақсы, сыйласуға жат жақсы» делінеді.

Сондай-ақ, ағайын адамдардың, мақсат-мұраты бір жандардың бір-бірін құрметтеп, сыйлауы жақсы тәрбиенің белгісі. Қазақ халқында «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген мәні терең өсиет сөз бар. Яғни жақын адамдардың араздастыруға, бір жамандық қылуға ниеттенген пиғылы бұзық адам олардың бір-бірін жат адамдай сыйлағанын көргенде арам ойынан айнып, қастық қарекетінен түк шықпайтындығын ұғынады. Өйткені олардың арасындағы өзара құрмет, сыйластық күшті. Араларынан ат алдырмайтын татулықтары берік. Бір-біріне «сіз-біз» десіп, жайылып жастық, иіліп төсек болып тұрады. Жақсысын асырады, жаманын жасырады. Ендеше осы өсиетті орындаған жандар ешқашан жағымсыз жағдайда қалмайды. «Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеден сый күтпе» деген мақал да осындай мағынада айтылған.

Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) сыйластыққа былай деп шақырады:

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға шүйгумен
Көлден көлге қоныңыз.
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!

Қазақ арасында қалыптасқан осындай сыйластық пен құрметтің бір негізі төл діні – Исламда жатыр.

عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِنَّ الْمُؤْمِنَ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا»، وَشَبَكَ أَصَابِعَهُ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Әбу Мұсадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, мүмін мүмін үшін (біртұтас) құрылыс сияқты, бірін-бірі бекітіп тұрады», – деп, саусақтарын айқастырған[1].

عَنْ أَبِي ذَرِّ الْغِفَارِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اِتَّقِ اللهَ حَيْثُمَا كُنْتَ، وَأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَةَ تَمْحُهَا، وَخَالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَنٍ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ. 

Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Қайда болсаң да Алладан қорық, жамандығыңның артын оны өшіретін жақсылықпен ұластыр әрі адамдармен көркем мінезбен қарым-қатынас жаса», – деп өсиет еткен[2].


[1] Бұхари риуаят еткен.
[2] Термези риуаят еткен.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз