Ұлы Раббымыздың адамзат ұрпақтарын ардақтап жаратып, саналы өмірін жоғары деңгейде парасатты өткізу үшін Ислам дінін жіберуі пенделеріне деген орасан зор сүйіспеншілігі еді. Шындығында адам ақылмен ардақталған құнды жаратылыс. Ондай болса Ислам дінінің заңдылықтары адам санасының ең жоғарғы деңгейде өсуіне, жан-жақты дұрыс қалыптасуына ықпал етер Иләһи күш. Оның айғағы Құран Кәрімнің сан-алуан сырлары мен қырларын және де тереңде жатқан мұғжизалық кереметтері мен бірге пайғамбарымыздың (с.а.с) 23 жылдық тағлымға толы өмірінің мән-мағынасын ашып, шариғи үкімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізуде жалпы Ислам түсінігімен мақсатының дұрыс қалыптасуына мәзһабтардың тигізер пайдасы орасан зор.
Осы күнге дейін көптеген ғалымдар мәзһаб туралы және оның Исламнан алар орны туралы айтып келген болатын. Шындығында Ислам дінінің мән-мағынасымен мақсат мұратын ашатын осы мәзһабтарымыз. Ислам дініндегі мәзһабтың орны өмірдегі адам өміріндегі ауаның орны тәрізді. Адамзаттың негізгі мақсаты ұлы Раббысына дұрыс құлшылық ету болса, сол құлшылықтарды ислам дінінің мақсат еткеніндей қылып түсіндіргенде осы мәзһабтарымыз. Себебі кез-келген адам Құран Кәріммен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің негізгі діттеген мағынасын түсіне бермейді. Сол үшінде осындай мектептердің болуы Ислами заңдылық. Негізінен мәзһаб деген сөздің немесе бүгінгі күндегі формасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынада болмағанымен негізгі мағынасы болған. Өйткені мәзһаб ижтиһадтың жемісі. Ал ижтиһадқа келетін болсақ, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында да, сахабалардың заманында да болған. Бәлкі де үмбеттің қияметке дейін дұрыс сақталуы үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәзһабтардың болуына әкеп тірегендей. Дініміз келген күннен бастап адамзатты ойлануға шақырып, ойлануда дұрыс нәтижеге жеткен Омар (р.ғ) сынды кейбір сахабаларды Құран Кәрімде пікірлерін құптап түскен аяттарда бар екені белгілі. Тіпті пайғамбарымыз (с.ғ.с) көптеген істерде сахабалардың пікірлерімен санасқан. Оларды ойлануға шақырып, дұрыс пікір білдіргендердің беттерін қайтармай, керісінше разылығын білдіретін. Кейде сахабалардың арасында бір мәселелерде әртүрлі пікір болса, ол пікірлері бір-біріне қайшы бола тұра шариғатқа қарсы келмегендіктен олардың барлығын құптайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардың асыр намазын Бәну Хурайзаға жетіп оқуын тапсырғанымен кейбірулерінің жолда намазын өз уақытында оқып, ал қалғандарының Бану Хурайзаға жеткен соң екі намазды қосып оқығандығы жайлы сияқты көптеген мысалдарды келтіруге болады. Себебі бұл нәрсенің барлығы ижтиһад еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ілім иелерін ижтиһад жасауға қызықтырып, ижтиһад жасау барысында дұрыс нәтижеге қол жеткізсе екі сауапқа кенеліп, ал қателескеннің өзінде бір сауап алатындығын айтқан. Осыдан келе мәзһабтар Ислам дінінің келуімен қалыптаса бастаған десек артық айтпағанымыз болады. Ғалымдарымыз Ислам дініндегі аятпен хадистерді топтастыра келгенде жолдардың ең негізі мазһаб екендігін айтқан.
Біздің жақсы білуіміз керек болған жайт мазһаб деген уақытта тек Абу Ханифа сынды ғалымды ғана ойламай, керісінше сол мазһабтағы бүгінгі күнге дейінгі барлық ғалымдар деп түсінуіміз керек. Ол ғалымдардың баршасы әрбір шығарылған үкімдерді зерттеп, шариғатымыздың негізіне сәйкес келуін қадағалаған. Нәтижесінде берілген үкімдердің баршасы шариғат аясынан екеніне көз жеткізген. Тағы бір айта кетеріміз мәзһабтардың арасындағы ижтиһади үкімдердің бір-біріне сәйкес келмеуі шариғи заңдылық деп білсек, онда мәзһабтағы бір мәселеде бір үкімнің дәлелі жағынан басымырақ болса, ал келесі мәселеде басқа мәзһабтағы келесі үкімнің дәлелі басымырақ келуі де заңдылық. Дәлелі жағынан дәрежесі төменірек болғанымен оған амал етілмейді деген сөз емес, бәлкіде ол үкімнің де шариғатта негізі мен ғалымның ижтиһады болғандықтан оған амал етіледі. Ислам діннінің түсінігін қалыптастырған сахабалармен табиғиндердің амалына қарасақ, өздерінің істеріне нақты дәлелдері бола тұра, халифалардың ұстанатын дәлелдеріне амал ететін. Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а), Осман (р.а) және Али (Алла разы болсын) ұстанған дәлелдеріне бой ұсынатын. Абдуллаһ ибн Масғудтың (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузынан естіген қырағаты болғанына қарамастан, мұсылмандардың береке-бірлігі үшін өз қырағатын өртеп, халифа Османның (р.ғ.) айтқан құрайыш қырағаты бойынша оқып, басқаларға үйреткені сияқты көпетеген мысалдарды келтіре беруге болады.
Мәзһабтарды Ислам дінін үйрететін мектептер деп қарастырсақ, ол мектептердің қалыптасуына бірнеше себептер болған.
Атап айтқанда Ислам дініміздің аясы кеңейіп, жер-жерге тарала бастады. Ислам дінінің аумағының кеңеюімен және уақыттың өтуімен әртүрлі сұрақтар пайда бола бастады. Жер-жердегі сахабалар Құран Кәріммен сүннетте болмаған мәселелерді және аяттармен хадистердегі мағынасы астарлы болған мәселелерді өз ижтиһаттарымен шешкен болатын. Сонымен қатар сол сахабалар шәкірттер оқытты. Ал табиғиндер де шариғаттың үкімдеріне өз ижтиһаттарымен үкімдер айтты. Міне осыдан бір-біріне сәйкес келмейтін үкімдер пайда бола бастады. Бірақ ол үкімдердің ешқайсысы Құранмен сүннет аясынан шықпайтын еді. Қарапайым мұсылмандар өздерінің өлкелеріндегі ғалымдардың ғана үкімдерін білетін еді.
Бұл негізгі себептерінің бірі болса, екіншіден Ислам дінінің нәзік тұсатарын теріс түсіндіріп, халықтың арасында алауыздық тудырушы жат пиғылды дін бұзарларда шыға бастаған болатын.
Олардың дінді бұрмалаған теріс түсініктеріне ғалымдарымыз тиісті жауаптарын беріп, Құранмен хадисті егжей-тегжейлі, жан-жақты зерттей бастады. Бұлда мәзһабтардың шығуына өзіндік себеп болды. Бұл тұрғыдан келгенде үмбетті әртүрлі дін бұзарлардың теріс бұрмалауынан сақтап қалу үшін мәзһабтың орны ерекше болды.
Мәзһаб — Ұлы Раббымыз жақсы көрген ижтиһадтың жемісі деп қарасақ, Ислам дінін жалпылама топшаласақ, осы мазһаб жолы ең негізгі жол екені анық байқалады. Ислам дінін бүгінгі күнге дейін осы жүйемен бізге жеткендігін ескерсек, мәзһабтарды мойындамау және қарсы шығу бүкіл Исламды жоққа шығарумен бірдей. Ал негізінен мәзһабтардың бір жүйеге қойылуы Ислам үмбеті үшін үлкен жеңілдік болды. Себебі Пайғамбырымыздың (с.ғ.с.) және сахабалардың заманында дәрет және намаздың бүгінгі күніміздегі белгіленген формалары болғанымен, бірақ олардың шариғатымызда көрсетілген сегіз үкімдері белгіленбеген болатын. Ғибадат құлшылықтарды алып қарағанның өзінде олардың парыздарын, уажіптерін, сүннеттері, мәкруһтері және муфсидтері сияқты үкімдерін, сонымен қатар оларды қалай орындауымыз керек екенідігі жайлы жан-жақты зерттеп түсіндіріп берген де, — осы мәзһаб ғұламалары. Бұл үкімдер құлшылықтың дұрыс болуы үшін өте маңызды. Өйткені бір ғана намазымыздың өзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) белгілеген формасын білгенімен адам баласы болған соң қателеседі, жаңылады, орындарын ауыстырып алады және ұмытатыны да белгілі. Атап айтқанда парыз орындалмай қалса намаздың дұрыс болмайтындығы, уажіб орындалмаса сәһу сәжде жасау керек екендігі, сүннет орындалмаса ғибатадқа кедергісі жоқ екендігін білуіміз сияқты ілімдер ғибадат жасаушылар үшін өте маңызды болады. Мысалы қарапайым ғана дәрет алу барысында реттік орындарын ауыстырып алып, бірінші қолдарын шынтақпен жуып, кейін беттерін жуған адамның дәреті дұрыс бола ма?, — деген сияқты мәселелер тек ижтиһадпен ғана шешіледі. Бұл мәселеде Құран Кәрімде айтылғандай: «Ей, иман келтіргендер! Егер намазға тұрсаңдар, жүздеріңді және шынтақпен қоса қолдарыңды жуыңдар және бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобықпен қоса (жуыңдар)…» деген. Осы аяттағы «уа» префексі «және» деген мағынаны білдіретіні белгілі. Демек реттік тәртіпті білдірмейді. Мысалы: «Ардақ және Талғат келді»,- дейтін болсақ, олардың қайсысы бірінші келгені анық белгілі емес. Сол сияқты дәретте де ретімен алу шарт емес десе, кейбір ғалымдар аятта бірінен соң — бірі келгендіктен, дәл сол тәртіп — шарт деп иждиһат еткен.
Ислам дінінің басты құндылықтары береке-бірлік, ынтымақ деп қарасақ, осы тұрғыда да мазһабтарымыз негізгі ұйытқысы болары анық. Өйткені мазһабтарда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және сахабалардың сүннет жолымен реттелген керемет жүйесі бар. Ол жүйеде ешқандай бірлікке сызат түсіретін қайшылық жоқ. Ғұламаларымыз Құран аяттарымен хадистерді топтастыра келе формулалармен қағидаларға жүйелеген. Ғұламаларымыздың бірігіп құрған қағидаларына сәйкес амал қылу кез-келген Алла тағаланың разылығын көздеп, ахиреттен үміт еткен мұсылманға міндеттеледі. Қағидаларымызда айтылғанындай ғалым иждиһат етіп дұрыс шешім айтса екі сауап, ал қателескен адам бір сауап алады. Бұл қағиданы жақсы түсінген адам намаздағы таласып жүрген сүннет амалдары иждиһади маселе екенін жақсы ұғып, араларындағы мәселе тек жақсы немесе абзал деңгей екенін біледі де түсініспеушілік тудырмау үшін көпшілік ұстанған пікірді амалға асырады. Негізінен басқа бір қағида да айтылғанындай бір ижтиһатпен жүрген адам екінші бір ижтиһаттағы адамды өзінің ижтиһатына мәжбүрлемейді. Егер бір өлкеде қалыптасқан ижтиһатпен жүрген халықтың арасына екінші бір ижтиһатты ұстанушы адамдардың келуімен бірлікке сызат түсетін болса, онда жамағатта береке болуы үшін өздеріндегі қалыптасқан ижтиһатқа шақыруға рұқсат етіледі. Сонымен қатар шариғатымызда бір өлкеде қалыптасып қалған ижтиһадты өзгертуге әрекет жасауы құпталмайды. Сонымен бірге тағы бір қағидаларымызда айтылғандай бір ижтиһад екінші ижтиһадты теріске шығармайды. Егер оны басқа көптеген мужтаһид ғалымдар теріске шығарған жағдайда ғана ол ижтиһатқа амал етілмейді. Бүгінгі күнгі намазға бет бұрған кейбір жастарымыз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сахабалардың және табиғиндердің қанша ғасырдан бері үлкен-үлкен ғұлама ғалымдарымыздан қалыптасқан үлкен мектепті жете түсінсе екен дейміз.
Ал мужтаһидпен муқаллидқа келер болсақ, ол өмірдің өзгермес заңдылығы. Себебі барлық адам үлкен ғалым болмағы міндет емес. Бәлкім үлкен деңгейге жеткен ғалымдар бұқара халықпен салыстырғанда өте аз болады. Ондай болса, сол мужтаһиттік деңгейге жеткен ғалымдарға бұқара халықтың артынан ермегі ләзім. Бұл өмірдің айнымас заңдылығы болғандықтан Құран Кәрімде оны құптап: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»,-делінген. Осы аятта адамдардың екіге бөлінетіндігі және білмейтін адамдардың білетін адамдардан тәлім алып үйренуі керек екенін анық аңғарамыз. Әрбір адамның мужтаһид ғалым болуы ақылға сыйар іс емес. Ал шала-пұла білім алып, Исламды терең меңгермей пәтуа беруден қатерлі іс жоқ. Шариғатымыз оған жол бермейді. Олай болса барлық ғалымдарымыз мойындаған мүжтаһид ғалымдарға еру шариғатымызға жат амалға жатпайды. Төрт мәзһабтың негізін салушы ғалымдарымыз жайлы сын айту үлкен айып. Олардың баршасы әбден зерттеліп көпірден өткен ғалымдар деп баға берілген адамдар.
Имамның жолын ұстану қажетті, бұған нақты дәлел болатын бірнеше хадистер бар. Солардың бірі «Мүснәд Әхмәд» кітабындағы Мұғауия ибн Әби Сүфян (р.а) риуаят еткен хадис, онда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Кімде-кім имамсыз дүниеден өтсе, ол жахилият өлімімен өлген (дүниеден надан күйінде өткен) болады»,- деп айтқан болатын.
Сондықтан, саналы адам ретінде тақуалық қылып, Абдуллаһ ибн Мәсғудтың (р.а.) сөздеріне мән беріп, оған амал қылғандары дұрыс болған болар еді:
«Ей, адамдар, сендерге шариғат үкімдеріне бойұсыну және жамағат ұстанған жолды ұстану қажет. Өйткені, бұл екеуі Алланың ұстануға бұйырған арқаны. Сондай-ақ, жамағаттағы оның имамдары ұстанған шариғатындағы және шариғат үкімдеріндегі кейбір сендер ұнатпайтын үкімдер – олар сендер өздеріңше дұрыс деп санап, соның салдарынан жамағаттан бөлектеніп алып істеп жүрген – ұнатқан нәрселеріңнен жақсырақ».
Міне бұл тек Абдуллаһ ибн Масғудтың (р.а.) ғана пікірі емес, бәлкіде барлық сәләф заманындағы сахабалармен табиғиндердің пікірі еді.
Бүгінгі таңдағы еліміздегі мұсылман бауырларымыздың баршасы деп айтсақта болар, мүжтаһид ғалымның білуі керек болған Құран Кәрімдегі насих-мансух, мухкам-муташабих, асбабун-нузул, заһирмен-хафи, мутлақпен-муқаийат сынды алғы шарттарының не екенін естімегенде. Хазреті Али бір күні бір адамның харам халал жайлы үкім айтып отырғанын естігенде, одан насыхпен мансух жайлы сұрады. Ол адамның ондай ілімнен бейхабар екенін білгенде ашуланып: «Өзіңніңде өзгеніңде басын ауыртпа», — деген мағынада ескерту айтқан. Бұл мәселеде осы сынды дәлелдерді мыңдап келтіре беруге болады.
Сөз соңында айтарымыз құдайдан қорқып, ақыретін ойлаған кез-келген мұсылман ғалымдарымыз көрсетіп берген, ғасырлар бойы қалыптасқан жолмен жүріп, екі дүниенің бақытына қауышуды нәсіп еткей.
ҚМДБ Талдықорған өңіріндегі
өкіл имамы: Серікхан Рымханұлы