Бiр адам ата-анасын жылаған күйде қалдырып, Нәбидiң (с.ғ.с.) алдына һижрат етуге ант бергелi келген едi. Нәби (с.ғ.с.): «Ата-анаңды жылатқан екенсiң, ендi барып қуандыр”-деп бұйырды.
Хадистi Абдуллаһ ибн Ъамр (р.л.ғ.) риуаят еттi.
Түсiнiктеме: “һижрат” - қоныс аудару. “Һижрат” сөзінің тіл саласындағы мағынасы: қоныс аудару, Отан мен жанүядан айырылысу. Шарғи мағынасы: фитнадан, яғни бүлінушіліктен сақтанып күпірлік ортадан ислами, яғни дін болған ортаға қоныс аудару. (“Сахихүл-Бухари”)Сонымен қатар “һижрат” сөзі “Хақ Тағала тыйыған нәрседен тыйылу” деген ұғымды да білдіреді. (“Тухфатүл-Ахуази”) Бұл айтылғанға Расулуллаһтың (с.ғ.с.): “ҚауымғаҚұран Кәримдi көп оқитыны имам болады. Егер Құран оқуда тең болса, сүннәттi жақсы бiлетiнi, егер сүннәтте тең болса, бұрын һижрат еткені. Егер һижраттары тең болса, онда жасы үлкенi. Бiреудiң үйiнде өзгелер имамдыққа өтпейдi және үй иесiнен рұқсатсыз сыйлы орнына отыруға болмайды” -деген сөзі дәлел. (Хадистi Аус ибн Дамъажтан р.л.ғ. Имам Термизи риуаят еттi) Хадистегі “бұрын һижрат еткені” сөзі “Құдай жолына ертерек мойын бұрғаны” деген ұғымды білдіреді. (“Ъаунүл-Маъбуд, шарху “Сунәни Әби Дауд”) Ислам тарихының бастапқы кезеңінде екі һижрат болған. Оның бірі: мұсылмандардың бір тобы Меккеден Хабашстанға (Эфиопия) һижрат етуі. Бұл һижрат мұсылмандарды мушриктердің қауіпінен сақтау мақсатында жасалған болатын. Екінші һижрат жоғарыда айтылғандай фитнадан сақтанып күпірлік ортадан ислами ортаға қоныс аудару болып табылады. Бұл һижрат Расулуллаһ (с.ғ.с.) Меккеден Мадинаға қоныс аударғаннан бастап мұсылмандар Меккені иелену мерзімге дейін жалғасты. (“Тухфатүл-Ахуази”)
“Ата-анаңды жылатқан екенсiң, ендi барып қуандыр” – шариғат бойынша адам сапар шегу үшін ата-ананың рұқсаты керек. Алайда дін жолындағы соғыс, мәселен Отанды қорғау талабы туындаған жағдайда қоғам қажеті жеке тұлғаның қажетінен жоғары қойылады. Мұндай жағдайда ата-ананың рұқсаты талап етілмейді. (“Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран”)