Қай заманда болмасын адамның ақыл-ойымен бірге алған ілім-білімі де жоғары бағаланған. Қазақ халқы «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп, білім алудың артықшылығын мақалға қосқан. Өйткені, білім мен ғылым дамыған сайын адамның ой-өрісі де өсіп, қоршаған ортаны тани түседі, дүниетанымы өзгереді. Бүгінде еңбек нарығында оқымаған адамнан гөрі оқыған азаматқа сұраныс арта түсті. Адамзат баласы шығарған қарапайым еңбек құралы уақыт өте келе түрленіп, жетіле түскенін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Бұл — алған білімнің арқасы.
Білім алуды асыл дініміз де құптайды. Алла тағала Құран кәрімде: «Сендерден иман келтіргендердің (зейінділердің) дәрежесін Алла әлдеқайда көтереді. Сендердің істеп жатқан істерің туралы Алла толық хабар біліп отырады» делінген. Олай болса, біздің ілім үйрену және оны басқаларға үйрету жолындағы ізгі амалдарымыздың барлығы да қайырлы істердің қатарынан саналмақ. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хадисінде: “Ілім іздеу - әр мұсылман ерге де, әйелге де парыз ” — деген. Сондықтан бұл өмірде алтын уақытты босқа өткізбей, білім алуға талпынғанымыз абзал.
Бір айта кетерлігі, Алла тағала тарапынан адамзат баласына пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы түсірілген Құран кәрім оқып, оны мағынасын түсіну бұйырылған. Бұл адамзат баласының бұ дүние мен ақыретте азаптан құтылып, жоғары дәржеде, кемел ғұмыр сүруі үшін қасиетті кітапты жиі оқып, тағылым алуға үндейді.
Жаратушы Алла адамзатты жаратылыстардың үстемі етті. Өзгелерден ерекше оған ақыл-ой берді. Сол адамзатқа берген ақыл-ойын, зейін-зердесін пайдаланып, оны дамытып, өз дәрежесінде қолдану қажеттігі қасиетті Құран Кәрімде де айтылған. Құран Кәрім адамдардың ақылы мен зейінін шектеуді мақсат етпейді, керісінше әлемнің әртүрлі құбылыстары мен жер бетін, өз жаратылысын, жануарлар, өсімдіктер, аспан әлемдерін зерттеп, ой-жүгіртіп, зерделеуін тілейді. Осылайша адамның Жаратушының берген ақыл-ойын қолданып, нашар әдеттерді жұқтырмай, кіршіксіз де таза сана-сезіммен шындықты сөзсіз түсіне алатынын дәріптейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) : “Бесіктен қабірге дейін ілім ізде” — деген. Яғни, адам баласын ес кіргеннен қартайған шағына дейін оқып, үйренуге шақырады. Ата-анасы баласына кішкентай кезінде ақыл-кеңесін айтса, оқушы мектепте білім алып, кейін жоғары оқу орнына түсіп, болашақ мамандығының негізін қалайды. Тіпті, қызмет бабында жастайынан алған білімін жетілдіріп, тәжірибесін ұштай түседі.
Ал дана халқымыз “Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім ізде” — деп өсиеттеген. Ата-бабаларымыз ертеден-ақ “Білім — өнер қазығы, өнер-өмір азығы” — деп ұрпағына өнер білімді насихаттады. Өнер, ілім, білім иелерін қадірлеп, қастерледі. Оларға бұл қасиет Алланың берген сыйы деп санады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтты: “Ғылым дамыған кезде Ислам да дамиды ” — деп жастарды үнемі білім үйренуге, ғылым іздеуге шақырып отыратын еді.
“Алла тағалаға құлшылық ету үшін ең абзалы — дін ілімі. Ал, шайтан үшін дін ілімін білген бір ғалым білімсіз мың адамнан артық. Әр нәрсенің тірегі бар, ал діннің тірегі — дін ғылымы” -дейді
Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ғылым-білім туралы айтылған хадистерінен Ислам дінінің білімді, ой-өрісі жоғары, ілім иелерін бағалайтыны анық көрінеді. Оның себебі Алла Тағаланың адамзатқа берген сыйы — ғұмырын өркениет, мәдениетті дамытатын, кемелдендіретін ғылымның рөлін үмбеттеріне айқындап көрсетуі деп ойлаймын. Құран Кәрімде, Пайғамбарымыздың хадистерінде де ғылым орнының жоғары екендігі, ал адамның оны игеруі қоршаған орта мен өз жаратылысын дамытуға қосқан үлесі, өзінің ілім – білімін адамзаттың пайдасына қолдану қажеттігі екендігі айқын көрсетілген. Хадисте: «Уа, Алла! Өзіңнен пайдасыз білімнен сақтанамын». «Амалсыз білім жеміссіз ағаш» — деген нақыл сөз бекер айтылмаған.
Ислам ілімінің ғұламасы АбдуллаҺ бин Мубарак (а.р): «Кім ғылымға талпынса, сол үйренеді. Ал білім алған адам, күнәһар болудан сақтанады» деген еді. Бұдан шығатын қорытынды, білімді адам әр қадамын ойланып басып, әрекет етеді. Сондай-ақ, хазіреті Әли (а.р): «Ғалым өлсе де өмір сүреді, ал надан тірі өлік» дегені біздерге ой салса керек. Мұны қазақ халқы «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп ұрпақтарға білім алудың зор пайдасы бар екенін өсиет еткен.
Алла Тағаланың бізге берген ғұмырын бос ойын, арзан күлкі, жағымсыз әдеттерге емес, осы дүниеде, ахиретте де пайдасы тиетін ілім-білім, ғылым үйренуге жұмсайық. Себебі білімсіз мұсылман Алла Тағаланың шынайы діні — Исламның мән –мағынасын, қасиетін түсіне алмайды. Ол қараңғыда жалғыз аяқ жолмен келе жатқан жанға ұқсайды. Ондай жанның адасуы да оңай. Олай болса, біз надандықпен күресіп, жарыққа, ілім-білімге ұмтылайық.
«Білім — нұр, надандық — қараңғылық» деген секілді нақыл сөз, «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғәріп»; «Білім — гауһар, бағасы жоқ, надандық — кесел, дауасы жоқ» деген мақалдар күні бүгінге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ. Сондықтан ағайын, асыл дініміз бен еліміз үшін пайдасы көп ғылымды көңілімізге ұялатуды Алла нәсіп етсін. Әмин!
Әбудардан Таласбай,
Қаратал ауданының бас имамы.