https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Ислам діні — мемлекетіміздің ынтымағының кепілі

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1786 рет

        Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Маемеров «Ғибратнама» атты кітабында ынтымақ пен бірлік туралы «Айналадағы адамдардың жағдайымен, халықтың әдеп-ғұрпы, таным-түсінігімен санасқан жөн. Ислам шариғаты негіздерінде де «әдеп-ғұрыптан үкім алынады» деген қағиданы ескерген абзал. Өйткені, асыл дініміз даналық жолын, орталықты ұстануға үндейді. Еліміздің бірлігі мен тыныштығы үшін кейбір мәселелерде қоғамның түсінігіне қарау қажет. Олай болмаған жағдайда, мұсылман жастарының арасында бөлінушілік, алауыздық орнайды. Ел бірлігі бұзылып, дініміз дүдәмал күй кешеді.  Бұл – өте қауіпті» деген еді. Сондықтан ел ішіндегі ынтмақ пен бейбітшілікті, өзара достықты сақтаудың маңызы зор.      

     Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Ұлттық бірлік – біздің  стратегиялық таңдауымыз”деген тақырыпта баяндама  жасағаны баршамызға мәлім. Онда дінімізге  жан-жақты тоқталып:  “Бұл арада еліміздегі ең көп санды конфессия, Қазақстан мұсылмандары діни  басқармасына ерекше рөл  беріледі.  Өз  діндарлары  арасында осындай адамгершілік-тәрбиелік жұмысты  біз орыс православие  шіркеуі  мен Қазақстандағы  өзгеде конфессиялардан күтеміз.  Діни сала-әркімнің жеке өз ісі, бұл  мәселені адам  өзі  шешеді. Соңғы  кездері біз қандай да бір діннің тереңіне бойламай, діндердің ізгілігіне, шынайылығы мен  жалпыға  ортақ басқа да қырларына  дендеп  енбей  жатып діндарлықтың сәнге  айналғанын көріп отырмыз. Адамдарды  қандай да  бір дінді  қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Бұған діндердің өзі  тиым салады”-деді.  

     Шынайы мұсылмандарға тән ізгілік, құранның  талап  еткеніндей болса, онда барша әлем бейбітшілікпен тыныштыққа  бөленбек.  Қасиетті Құранда (Фуссилат сүресі, 34-аят): «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең  көркем  түрде  жолға сал. Сол уақытта сені  мен екеуің араңда дұшпандық  еткен  біреу өте  жақын  достай  болып кетеді» делінген. Ислам қандай ұлт, қандай тіл, қандай  мемлекет болсын — барлық мұсылмандарды  бір-біріне бауыр етіп  көрсетеді. Исламда Аллаһу Тағаланың  алдында барлық адам бірдей. Намаз оқығанда барлық адамның дәрежесі бірдей. Бай мен кедей, ақ пен қара барлығы қатар тұрып, бірге сәждеге жығылады.

    Ислам діні — өте қисынды дін. Құран Кәрімде түсініксіз, тіршілік талаптарына және жаратылыс ғылымдарына теріс келетін ешқандай үкім кездеспейді. Берген бұйрықтары пайдалы  нәрселерге жетелейді. Пұттарға, суреттерге, мүсіндерге табыну сияқты алғашқы қауымдарда және пұтқа табынушылар қабылдаған, әлі де христиан дінінде кездесетін ақылға қонымсыз нәрселер Ислам дінінде кездеспейді.

    Христиан діні адам баласын  Аллаһу Тағаладан қорқуға шақырады, ал Ислам Аллаһты сүюге шақырады. Мұсылман адам өзінің Аллаһтың сүйіспеншілігінен  құр қалуынан қорқады. Мұсылман бол деп ешкім  ешкімді  қинай алмайды.

   Құран Кәрімнің “Бақара”сүресінде (256-аят): «Дінде — зорлық жоқ» деп бұйырды. Алайда, христиан миссионерлер адамдарды  күштеп немесе ақша ұсыну арқылы өз діндеріне кіргізуге  тырысады.

     Ислам діні алкогольді ішімдіктерді, құмар ойындарын және есірткі заттарды харам деп есептейді. Әлемдегі ең жаман азғындықтар осы үшеуінен туындайды. Ислам адамдарды бір-бірін жақсы көруге, бір-біріне жәрдемдесіп, бауырларша өмір сүруге  шақырады.

    Ислам – кедейлерге,жетім-жесірлерге, жолаушыларға және қай діннен болсын, мұқтаж адамға жәрдем беруді бұйыратын жалғыз дін. Мемлекеттерді дамытуды, адамдардың рух, тән және пікірлеу тұрғысынан еркін өмір сүруін қалайды. Аллаһу Тағаланың бұйрықтарын құрметтеуді, бүкіл тірі жанға мейірімді болуды  бұйырады. Ислам жанды-жансыз әрбір  жаратылғанға деген  жауапкершілікті жүктенген.

    Жаман әдеттерден аулақ болып, нәпсіні тәрбиелеуге шақырады. Жалқаулыққа,уақытты бос өткізуге тиым салып, ғылымға, техникаға, өнеркәсіпке, саудаға, егіншілікке, өнерге үлкен мән береді. Діні, отаны, сенімі басқа болған адамдарға күш көрсетуге тиым салады. Жеке адамның, жанұяның  және ұлттардың құқықтары мен міндеттерін  көрсетеді. Тірілерге, өлгендерге,туылатындарға,баршаға өзіне тән құқық және жауапкершілік жүктеуде. Ислам діні адамзаттың  осы дүние  мен ақыретте  бақытты болуын көздейді.

    Аллаһу Тағала адамдардың бұл дүниеде тыныштық пен еркіндікте өмір сүруін, ақыретте шексіз бақытқа кенелуін қалайды.Сол үшін бақытқа жеткізетін  пайдалы нәрселерді жасауды бұйырады. Зиянды нәрселерге тиым салады .

     Ислам діні  адам  баласының  ой-пікірі мен  өмір  сүру  бостандығына құрмет көрсетіп  қана  қоймай, адамдар  арасындағы кикілжің, айтыс-тартыс, өсек-аяңға, тіпті  өзгелер жайында жаман  ойлауға  да  тиым  салған. Ислам  террор  мен  әр түрлі  ұрыс-керіске  үзілді-кесілді  қарсы  шығып, адамдардың пікіріне  құлақ  салып  тыңдауды  әмір  етеді.

      Ислам діні — бейбітшілік, зиялылық, имандылық, қанағаттылық, қайырым, мейірім діні. Ол  тек арабтарға немесе белгілі  бір  ру, тайпа, ұлт, нәсіл  емес, бүкіл  адамзат  баласына түсірілген.  Олар ынтымақта болсын, бірін –бірі  танысын,достықта өмір  сүрсін деп түсірген. Құран Кәрімнің «Худжрат» сүресінің 13-аятында : «Ей  Адамзат!  Сендерді біз  әуелде бір еркек, бір әйелден ( Адам мен Хауадан), бір ата, бір анадан жаратып өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың  үшін көптеген  ұлт,  ұлыс  етіп көбейттік» делінген.

    Қасиетті  Құранда  осындай бір-бірімен  бейбіт  жағдайда өмір  сүріп, ізгілік пен игілікті  істер  істеуге шақыратын аяттар аз емес. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  хадистеріде  жетерлік.

   Тәуелсіздігімізді  алғанға  дейін ,елімізде небәрі  68-ғана мешіт болса, тәуелсіздігімізді алғаннан  кейін 2500-ге жетіп  отыр. Елбасымыздың өзі үлгі  болып, мешіт, медресе салып берген болса, Қаратал жерінен шыққан азаматтарда туған жерлеріне мешіт салып,ел алғысына бөленуде. Аллаһ Тағала дінімізге қуат беріп, тәуелсіздігіміз баянды болып, ел іргесі аман болсын, бейбітшілік заман  болсын!  Әмин. 

                                                   

Әбудардан Таласбай,   

              Қаратал ауданының бас имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз