Аллаға шүкір, айлардың сұлтаны — Рамазанды аман-есен, құлшылықпен өткіздік. Жаратушы Иеміз дұға-тілектерімізді, қасиетті айдағы әрбір ізгі істер мен сауапты амалдарымызды, пітір-садақаларымызды Өз құзырында қайырымен қабыл еткей!
Иманмен өмір сүрейік
Рамазан — рухани жаңару айы. Пенде осы айда игі амалдары арқылы Жаратушыға жақындай түседі. Адамның бойында Алладан қорқу, тақуалық сипат көрініс табады. Рамазан — 11 айға рухани азық жинауға берілген үлкен мүмкіндік, шексіз нығмет. Құл ораза ұстау арқылы жаны мен тәніне рухани қуат алады. Халқымыз Рамазан бойы жақсылықтарға ұмтылып, барынша сауап алуға тырысып, екі дүние бақыты үшін берілген мол мүмкіндіктер мезгілін Құдайға құл, сүйікті Пайғамбарымызға үмбет болумен өткізді.
Алайда кейбір бауырларымыз білместікпен Рамазаннан кейінгі айларда босаңсып, баяғы әдетіне салып, қателіктер мен асыл дініміз Ислам құптамайтын іс-әрекет пен қылыққа барып жатады. Рамазаннан кейін өзін тастап қоятын, құлшылықтарға мән бермейтін адамдарды байқаған бір ғалым: «Сендер сонда Рамазанда ғана мұсылмансыңдар ма?» — деп ашына сұрақ қойған екен. Иә, осы бір сұрақ баршамызды толғандыруы тиіс.
Ұдайы Құран оқып, оны көңілге тоқып жүрсек…
Біз осы айда барынша Құранға ден қойдық. Алланың қасиетті сөзін бірнеше рет қайталап, хатым еткендер де бар. Тым болмаса мағынасын түсіну үшін Құранға үңілгендер де жоқ емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде: «Алла Тағаланың алдында ең қайырлы амал — аз да болса үнемі қайталанып, жасалатын игі амал», — деген. Үнемі Құранды оқып, оны көңілге тоқып жүру — пендені жақсылыққа жетелейді. Өйткені, Алла Елшісі өсиетті сөзінде: «Сендердің жақсыларың — Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», — деп сауапты амалдың сансыз пайдалары мен игіліктерін атап көрсеткен. Құран — екі дүниенің жақсылығына кенелудің кілті. Адамның өмір сүру үлгісі мен жүйесі көрсетілген қасиетті Құранға ұдайы көңіл бөлмеуіміз — үлкен қателік, орны толмас өкініш.
Алла үйіндегі игі амалдың сауабы
Ақ жаулықты аналарымыз, батагөй ата-ағаларымыз, жалындаған жастарымыз Рамазан айында намазды мүмкіндігінше мешіттерімізде өтеді. Үйде оқыған намазбен салыстырғанда, Алла үйінде өтелген парыздың сауабы еселеніп жазылатынын баршамыз жақсы білеміз. Мұсылман 25 есе сауап жинайды. Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте Пайғамбар: «Жамағат намазы біреуіңнің жалғыз оқыған намазынан жиырма бес есе артық және таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады», — деген. Тағы бір хадисте: «Егер бұл екі намазда (таң мен құптан) қандай сауап барын білсе еді, мешітке еңбектеп болса да жетер еді», — деп, мешітте намаз оқудың сауабының қаншалық көп екенін үмбетіне жеткізген.
Намазды мешітте оқу пенденің пейілін жақсартады, уақыты жүйеленіп, өмірі ізгілікке толы болмақ. Мешіт — мұсылмандарды, жалпы жамағатты біріктіретін, ауызбіршілігін нығайтатын, адамдар арасында мейірім, қайырым сезімдерін оятатын рухани орда. Рамазаннан кейінгі уақыттарда да мүмкіндігінше мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға қатысқанымыз абзал.
Қайырымдылық жалғасын тапса…
Рамазан — қайырым мен мейірім айы. Аузы берік адам бұл айда күнделікті азығына, ас-тамағына ақшасы жетпейтін кедей-кепшіктің жағдайына түсіп, олардың хәлін мейлінше түсінеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», — деп хәкім Абай дөп басқан емес пе?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», — деген қазақтың қанатты сөзінде де ғибрат мол. Рамазан — барша адамзатты жақындастыратын ай. Бай мен кедейді, патша мен пақырды теңестіретін ораза адамдарды Алла алдында бірдей екенін сезіндіреді. Аш адамның хәлін түсінген халқымыз, бауырларымыз, аға-әпкелеріміз Рамазан айында оларға садақасы мен азық-түліктерін үлестірді. Осы қайырымды іс басқа кезде де жүйелі түрде өз жалғасын тауып отырса, Алла алдында қайырлы амал болмақ.
Алла тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Рамазан бойы жасалған құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын Жаратушы Иемізден тілейміз. Рамазаннан рамазанға дейін тақуалығымызды жалғастырып, амандықпен, имандылықпен, жақсы-лықпен жете берейік! Мұратымыз асыл, иманымыз кәміл болғай! Әумин!