Дін жолы — имандылық жолы. Дінсіз адамның арды-ұятты аттауы, қиянатқа баруы оңай. Өйткені, ол дінсіздіктің нәтижесінде құдайдан қорқу сезімінен ада. Ұят – Алла Тағала құлдарына нығмет етіп берген тамаша көркем мінездердің бірегейі. Ол күнә мен қылмыс жасаудан, опасыздық пен ұждансыздық әрекеттерінен сақтайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» деген. Ал ұяттың кемуі Құдайдан қорқуды да азайтады. Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» деп ұяттан ажыраған кісі иманнан да қол үзетінін білдірген. Олай болса, ұялудың астарында Алладан қорқу, Алланы жақсы көру сынды ізгі қасиеттер де жатады. Ұнамсыз, нашар істермен бетпе-бет келгенде, «ұят болады» деп оны жасаудан тартынуымыз Алла Тағаладан қорқудың белгісі.
Хакім Абай отыз алтыншы қара сөзінде ұят жайында: «Шын ұят сондай нәрсе: шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырмай, мына байғұсқа не болды, енді мұның өзі не болады дегендей, бірнәрсе іштен рақым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіне жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты…
Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «жә, жә, оған мен ақ ұялатын болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің» дейді. Немесе, «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түгілен қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жайдан- жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?! дейді. Ондай адамдарға «Ұялмас бетке талмас жақ бітеді» деген мәтел дәл келеді.
Адамда ұят сезімі оянған кезде ол өзі жасаған әрекетіне өкінішпен қарайды, істеріне қанағаттанбаушылық пайда болады. Сонымен қатар ұят сезімін қасындағы адамдардың теріс әрекеті де тудыруы мүмкін, әсірісе бұл адамдар туысқан немесе өте жақын дос болған жағдайда. Адамның ұялғандығын оның денесі нақты көрсетіп тұрады — беті қызарады, көзін жерге қаратады. Бұндай адамдарға «Өлімнен ұят күшті» деген дәл келеді.
Иманның бір бұтағы болып саналатын «ұят» — арсыз, жаман қасиеттерден аулақ болу, іс-әрекеттермен қимылдарда орташа болу, кез келген бір істе шектен шықпау деген сөз. Ұят сезімі – барлық жақсылықтардың негізі, бүкіл жаманшылықтар мен арсыздықтардың кері жағы.
Аллаһ жақсы көретін осы ұят сезімі жайлы Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткен хадистерде:
« Иман жетпіс немесе алпыстан астам тарамнан тұрады. Оның ең абзалы ( яғни, жоғары дәрежесі ) – Аллаһ Тағаладан басқа тәңір жоқ деп куәлік беру . Ең төмені- жолдағы зиянды нәрсені алып тастау. Ұялу ( яғни , сыпайылық ) – иман тармағының бірі». Хадисті Әбу Һурайрадан ( р.л.ғ. ) Имам Мүслим риуаят етті.
«Дөрекі сөз жаманшылықтан басқа ешнәрсе әкелмейді. Ал ұят пен әдептілік болса, кірген жерін безендіреді» (Мүслим, Бирр, 78).
«Ұят иманнан» (Бұхари, Иман, 3).
Адам баласын ахлаққа жатпайтын жаман іс — әрекеттер мен ой – пікірлерден тек қана ұят сезімі қорғай алады. Мүминді арсыздықтардан қорғау тұрғысынан әдеп пен ұяттың маңызы – жүздеген заңдармен мықты қуатты күштерден де жоғары тұрады. Ар – намыс пен ұяты бар адамға қандайда бір жағымсыз әрекет кезінде «Ұялмайсың ба?» деудің өзі жеткілікті.
Арсыздық пен ұятсыздықтың қоғамда жайылуын қалайтын адамдар өз халқы мен отандастарына өте жаман зиян әкелген болады. Мұндай тірлік жасаушылар міндетті түрде өздері де осы жамандықтарының салдарын көреді. Өйткені, арсыздық – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тілімен айтқанда, құрдымға кетудің себебі:
«Еш күмәнсіз, Ұлы Аллаһ Тағала қандай да бір пендесін жоюды қаласа, одан ұятты тартып алады. Ұятты алған соң, ол пенде ашуға ұшыраған адам болады. Ал ашуға ұшыраған соң, одан сенімділік сипаты (аманат) алынады. Аманат алынған соң, ол тек қана қиянатшы болады. Қиянатшы болған соң, одан рақым (мейірімділік) алынады. Мейірімділік алынған соң, оған тек қана лағынет (қарғыс) айтылатын болады, яғни малғұндық халге түседі. Лағынетке ұшырап, малғұн болған соң, оның Исламмен болған байланысы толығымен үзілетін болады»
Ұяттан жұрдай болып, қоғамда да ұятсыздық пен арсыздықты жаюды қалайтындар жайында Аллаһ Тағала былай дейді:
«Күмәнсіз, жаман сөздер мен іс — әрекеттердің мүминдер арасында жайылуын қалайтындар үшін дүниеде де, ақыретте де өте күйзелтуші, ауыр азап бар» (Нұр сүресі, 19-аят).
Мүмин кісі намысымен ар – ұятына ие болуы керек. Нәпсілік қалауларымен сезімдерге беріліп кету әбден мүмкін болғандықтан, ар- намысты қорғау әрі нәпсіге ие болу үшін жүректі үнемі жақсы сезімдермен, ой – пікірді әрдайым ізгі қасиеттермен қамтамасыз етіп отырған жөн. Адамзаттың бойындағы әшекейі болып саналатын ұят сезімі – бүкіл жаманшылықтардан қорғайтын рухани қалқан болып саналмақ. Ол адам баласының Аллаһқа және де бүткіл пенделерге деген міндеттерін толық орындауына септігін тигізеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Алла Тағаладан ұялудың ақысын беріп ұялыңдар» деді. Сонда олар: «Уа, Расулулла, біз Алладан ұяламыз, Аллаға шүкір» деді. Алла Елшісі: «Ол емес, кім Алладан ұяттың ақысын беріп ұяламын десе, басын және басындағыларды, ішін және ішіндегілерді сақтасын. Өлім мен бәлені еске алсын. Ақыретті қалаған кісі дүние қызығына қатты мән бермейді. Кім осылай жасаса, Алладан ұяттың ақысын беріп ұялған болады» дейді.
Осы хадисте айтылғандай ұялудың ақысын беріп ұялуымыз, шынайы және қажеттілігін сезініп ұялу. Басты сақтауымыз, ең алдымен, оны Алладан өзгеге құлшылық жасауда қолданбау, Жаратушы Иемізден басқаға сәжде жасамау еске түсуі қажет. Бастағыларды сақтау маңызды болса, басымызда екі көз бар. Оларды күнәдан, Алла Тағала харам еткен нәрселерге қараудан тыйып жүрміз бе? Басымызда екі құлақ бар. Олардың жайы қалай? Оларды Алла Тағала жақсы көрмейтінді естуден тоқтатып жүрміз бе? Басымызда тіл бар. Оны дініміздің заңдарына сай қолдану да бастағыларды сақтауға жатады. Ішіміз бен іштегілер дегенді қалай түсінеміз? Ішімізді ең әуелі, харам нәрсе жеп толтырудан сақтауымыз керек. Екіншіден, ішімізге байланысты денелерді, яғни екі аяқ пен олардың арасындағыны, екі қолды күнәлі істерден қорғауымыз қажет. Үшіншіден, ішімізде адам үшін ең маңызды бір жапырақ ет бар. Ол – жүрек. Соны адамшылыққа жат бөтен сенімдер мен түсініктерден таза сақтау нағыз ұяттың қажеттілігі. Ал өлім мен бәлені қаншалықты көп еске аламыз? Өлімді көп ойлаған кісі еш уақытта біліп тұрып күнә жасамасы хақ.
Жүсіп Баласұғын бабамыз: «Есті әйелдің етек жеңі кең келер» дегендей ұятты жерлерімізді жауып жүру ол Исламнан. Құранда «Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы. Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (Беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін». Демек жұрттың көзінше ашық-шашық жүруден де ұялуымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, ер адамға да, әйел кісіге де шариғат бойынша әурет жер деген не екенін үйреніп білудің маңызы зор.
Жаппар Иеміз махшарда есепке шақырған бір қарттан: «Мына күнәларды неге жасадың?» деп сұрайды. Ол қарсылық білдіріп, күнә жасамағанын айтады. Сол кез Әрхамур Рахимин Алла Тағала періштелерге: «Олай болса, оны жәннатқа апарыңдар» деп бұйрық береді. Сонда періштелер жағдайды біліп: «Уа, Алла Тағала, бұл кісінің мынадай-мынадай күнәлар жасағанын Сен білесің» дейді. Алла Тағала оларға: «Ия, солай, бірақ Мұхаммедтің үмбеті болып жүріп, ағарған сақал-шашына қарап, оның айыптарын бетіне басуға ұялдым» дейді. Кәнздің риуаятына қарағанда, Жәбрәйіл періште осы хабарды Пайғамбарымызға жеткізгенде, мол мейірім мен шапағат иесі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көздері жасқа толып, жылап отырып былай дейді: «Алла Тағала үмбетімнің ақсақалдарына азап беруден ұялады, бірақ ақсақалдар күнә жасаудан ұялмайды».” Осы орайда хакім Абайдың «Ұялатын істен ұялмай, ұялмайтын істен ұялатын болдық» деген ұлағаты еске түсіп, адал жолдан тайған қарияларды іштей аяйсың.
Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұяттың маңыздылығы мен әсерін білдіру мақсатында былай деген:
Ең алғашқы Пайғамбардан бастап, барлық халықтың есінде қалып қойған мәшһүр сөз бар: «Ұялмайтын болсаң, қалағаныңды істей бер» (Бұхари, Әнбия 54, Әдеп 78).
«Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ар-ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол — осы мұсылман жолы!» дейді Шәкәрім. Өмірде ұятты жағдайларға кездесетін сәттер болады, әсіресе «Ханның ісі қараға түсер, кәрінің ісі балаға түсер» сәттерде осы мұсылмандық жолдан ауытқымаған абзал.
Жаратушы екі дүниеде жүзімізді жарық еткей!
Анарбай Мәмбетов,
Ақсу ауданының бас имамы