https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

РУХ ПЕН НӘПСІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

12 May 2015 0 comment Оқылды: 8542 рет

Рух туралы Құранда 21 рет айтылады. Алла Тағала рухтың сырын құпия сақтады. Барша жаратылғандардың бір Жаратушысы бар.

Имам ибн Хазым «Фасыл мақал» кітабында былай деген: «Дене жаратылғанда рух пайда болады. Рух денеде орналасқан «гауһар» секілді. Алла Тағала бір нәрсенің болуын қаласа «бол!» дейді, бола қалады».

Имам Замахшари былай деген: «Рух – ғажайып жаратылыс. Оның қандай екені жалғыз Аллаға ғана аян». (Китабул Тарих. Ужудул инсанул әуал. Мұхаммад Иқбал).

«Бахрул Мұхит» тәпсірінің түсіндіруі бойынша: «Рух ғажап жаратылыс, қандай екенін тек Алла қана біледі. Нәпсіге де «рух» деп айтылады. Құранда: «Әй, орныққан нәпсі!»,– («Фажыр» сүресі, 27-аят) делінген.

Тағы бір аятта: «Қиямет күні әркім өзін құтқаруға тырысады. Сондай-ақәркімге істеген ісінің сыйы толық беріледі. Оларға әділетсіздік жасалмайды»,– («Нахыл» сүресі, 111-аят) деп айтылған.

Имам Шахрстани айтады: «Рух – ғайып білім. Алла Тағала бізге рух жайында аз ғана білім берді»,– дейді.

Яһудилер құрайыш мүшіріктеріне: «Мұхаммедтен үш нәрсені сұраңдар, егер жауап берсе, хақ пайғамбар болғаны. Бірінші: Асхәбул Кахф қиссасы. Екінші: Зул-Қарнайн қиссасы. Үшінші: Рух жайлы сұраңдар»,– дейді. Мекке мүшіріктері Расулдан сұрағанда: «Ертең жауап берем» дейді. Бірақ «ИншаАлла» деп айтпайды. «ИншаАлла» деп айтпағаны үшін бірнеше уақытқа дейін бір риуаятта қырық күнге дейін уахи келмейді. Сосын:

«Ешнәрсені: «Осыны ертең істеймін», – деп айтпа. Бірақ: «Алла бұйырса (жасаймын)» де»,–(«Каһф» сүресі, 23-24-аяттар) деген Құранның осы аяты түсті.

Алла Тағала Асхәбул Кахф, Зул-Қарнайн, және рух жайында хабардар болудан тыйған емес.

Сахабалар рух жайында сұрағанда Расул (с.а.у.) жауап қатпады.

Имам Фахруддин әр-Рази: «Рухтың мәні өмір сүруге басты себепші»,– деді.

Философтар: «Адамның бойындағы ең қымбат нәрсе – ақыл, рух және нәпсі»,– деген.

Ибн Сина былай дейді: «Адамның ақылы нәпсісімен қуатты», – деген.

Имам Әл-Ғазали былай айтады: «Нәпсі, рух және жүрек – ақылдың мәні. Бұлар адам мүшесінің гаухар бөлігі», – деп ой тұжырымдаған.

Имам ибн Хазым былай деген: «Нәпсі мен рухтың аты бөлек болғанмен, мағынасы бір».

Ислам философы ибн Туфейл рух (жан) жайлы ойын «Хай ибн Ияқзан» атты кітабында былай сабақтайды: «Адамның рухы Аллаға, денеге, затқа ұқсамайды».

Ағылшын философы Хобз (1588-1679 ж.ж): «Барлық нәрсе материядан  жаралды», – деген.

Марксизм философиясы, материализмді, яғни, көзге көрінгенді ғана мойындайды. Нәпсі мен рух адамның ішкі көзге көрінбейтін дүниесі дейді.

Гректердің Пифагордың теориясы мен үндістердің діни нанымында: «Адам қайтыс болғанда оның рухы екінші денеге ауысады, яғни, адамның яки хайуанның денесіне ауысады», –  дейді. Бұл – Ислам дінінің сеніміне қайшы наным.

Рухты жоққа шығарған Ч.Дарвин (1809-1882 жылдары өмір сүрген):

«Табиғат өз-өзінен жаратылды. Қатты жарылыстың нәтижесінде материя пайда болды. Адам маймылдан жаратылды», – деген наным-сенімі дін негізіне қайшылық әкелді.

Америка ғалымдары 10 жыл бойы тынымсыз ғылыми зерттеудің нәтижесінде тағы бір жаңалық ашты. Дарвиннің жазған ғылыми теориялық жолының қате екендігін, адамның маймылдан жаратылмағынын жария етті (Жаридатул Ақида. 2009/10/07).

Ислам дінінің өркендеуінің, дамуының ошағы саналған Бағдад қаласы Испанияны Ислам дінінің нұрына бөледі.

Философ Юсуф Кәрәм есімді ғұлама: «Рух адам денесімен тығыз байланыста. Адам дене мен рухтан құралған», – деген.

Мұхиддин ибн Араби: «Рух – Алланың сыры. Алланың жалғыздығын білдіреді. Адамды сол рухпен (бірге) жаратты», – деген. Бұған Құранның мына аяттары дәлел:

«(Ей, Мұхаммед!) олар сенен рух туралы сұрайды. (Сен оларға): «Ол Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді», – де». («Исра» сүресі, 85-аят). «(Ей, Мұхаммед!) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?», – дегенде, олар: «Әрине, куәміз», – деген». («Ағраф» сүресі, 172-аят).

Рух жәннатта денеден бұрын жаратылған. Оған:

«Алла сендерді аналарыңның құрсағынан ештеңені білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді». («Нахыл» сүресі, 78-аят), – деген аят дәлел.

Рухтың денемен қатынасы жайлы Әбу Әли ибн Сина өмірінің соңғы кезінде «Ишаратул Танбихат» атты кітабында жазған.

    Таухид, тәпсір, шариғат және хадис ғалымдары: «Рух нұрлы, жасыл түсті, жұмсақ әрі нәзік», – деген.

Алла өмір мен өлімді жаратты. Құранда: «Әр әлеуеттің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте, бір дем кешіктірілмейді де ілгерілемейді»,– («Ағраф» сүресі, 34-аят) деп баяндалған. Әрбір жан иесі белгілі бір мерзімге дейін өмір сүреді. Белгіленген мерзімі жеткенде бір дем артық немесе кем өмір сүрмейді.

Ғұламалар айтады: «Қиямет күні опат болмайтын сегіз нәрсе бар. Олар:

1. Рух.

2. Тәубе мен күнә.

3. Пайғамбарлардың денесі.

4. Шаһидтер.

5. Ғарыш.

6. Күрсі.

7. Жәннат пен тозақ.

8. Хурул айн (жәннаттың хұр қыздары)».

Имам Суюти: «Қиямет күні опат болмайтын сегіз нәрсе мыналар»,- деп көрсетеді:

  1. Ғарыш.
  2. Күрсі.
  3. Тозақ.
  4. Жәннат.
  5. Тәубе мен күнә.
  6. Рухтар.
  7. Лаухул-махфуз.
  8. Қалам.

Расында, рух туралы өте аз білім берілді.

Имам Харамейни Жунейди: «Рух адамға Алладан беріледі, оны білуге ешкімге білім берілмеді, тек аз ғана мәлімет берілді», – деген.

Расул (с.а.у.) Алладан рух жайында білдіруін сұрағанда анық болған түсінік мынау: «Рух денеде орналасқан. Бір адамда бірнеше жан болуы мүмкін емес. Әрбір адамда бір ғана жан болады».

Имам Ибн Қайм Әл-Жәузи «Рух» кітабында: «Рух гауһардай нұрлы, гүлдің жапырағынан сырғып түсетін тамшы секілді», – деген.

Имам Әбу Хамид Әл-Ғазали, Имам Әбу Қасым, Рағиб Исфаханилар: «Рух денеге ұқсамайды, дене болуы мүмкін емес. Бірақ, тұратын орны – дене», – деп ой тұжырымдаған.

Адам баласының тәні толықтай зерттелмеген әрі түс көру себептері белгісіз және өлгеннен кейін рухтың да сыры құпия. Міне, адам баласы рухтың осы бір құпия сырын  білу үшін ежелден санасын сарқып, бас қатыруда.

Рухтың қызметі ой-сана, ақыл, сезім, қиял т.б. Дін ғалымдары зерделей келе: «Рух мәңгі жоғалмайды», – деген тұжырым айтқан.

 Рухтың денемен қатысы

Рухтың денемен қатынасы 5 түрлі болады:

Бірінші: Ана құрсағында 4 ай 10 күн болғанда сәбиге рух беріледі.

Екінші: Туылғанда рухымен бірге дүниеге келеді.

Үшінші: Ұйқыда рухымен бірге болады.

Төртінші: Өлген соң рухының хәлі.

Бесінші: Қиямет қайымда Рух денесімен бірге болуы.

Рух сыры

1) Рух – Алланың сыры. Ол туралы Құран мен хадистен ғана білдік. Құрсақтағы балаға рух берілгенде, ол тіріледі. Өлім келгенде, рух денеден бөлінеді. Ұйқыда рух денеден созылып шығады, сол үшін ұйқыны «кіші өлім» дейді. Рух денені тастап кетсе, «үлкен өлім» деп аталады. Өлім келгенде адам ешкіммен сөйлесе алмайды. 

2) Өлген адамның рухы тірілердің рухымен кездесе ме? Бұған көптеген дәлел келтіруге болады.

Ибн Аббас былай дейді: «Өлген адамның рухы тірі адамның рухымен ұйқыда кездеседі».

Ибн Әби Хәтим тәпсірінде: «Тірі адамның рухы өлген адамның рухымен ұйқыда кездесіп, сұрасады», – делінген.

Рухтың келуі

Еуропа мен Американың табиғат танушы ғалымдары: «Әруақ үйіне келеді, түрлі дауыс шығарады, оның келгені білінеді», – дейді. Оған ашық нақтырақ дәлел жоқ, әрі мұндай қиялдан туындаған ойлар адамның жүйкесін тоздырады және бұл мәселеге тереңдеп бойлау адамды адастыруыда мүмкін. Сондықтан,  мұсылмандар Алла Тағала рух туралы аз ғана мәлімет берді деп түсінеді.

Табиғаттанушы ғалымдар рухты, періштелерді жоққа шығарады.

Ислам дінінде: «Рух пен періштелер нұрдан жаратылған», – деп айтылады.

Өлген адамның рухы қабірінің айналасында болады. Еуропа ғалымдарының рух жайында айтқан сөздеріне сенбейміз. Мысалы: кейбіріне рухтың көрінуі, елестеуі сияқты. Әруақтардың келуі деген сенім-наным IX-шы ғасырдың аяқ жағында Еуропада пайда болды. Бұл Ислам сеніміне қайшы. Себебі, рух емес, жын келуі мүмкін. Мысалы, кейбір кауымдар рухтарды шақырып, арнайы өлеңдер айтатыны да бар (Китабул Рух, Ақыл, Нәпсі. Ахмад Шауқи Ибраһим 2010/8/14).

Нәпсі

Құранда нәпсі жайында 295 жерінде айтылған. Ибн Сина және Ислам философтары нәпсі туралы көп ғылыми еңбектер жазып, зерттеулер жүргізген.

Ибн Сина айтады: «Нәпсі гауһар секілді, денеде орналасқан», – деген.

Кейбір ғалымдар: «Нәпсі рух емес. Рух нәпсіден бөлек», – деп айтқан.

Ежелгі грек философтары рух, нәпсі және ақылды бір-бірінен шатастырып жіберді. Адамның нәпсісі жайында Ибн Синаның айтқандары ақиқатқа жақынырақ. Ибн Сина нәпсіге ерекше көңіл бөліп: «Нәпсі мәңгі қалады. Адам өлгеннен соң да денеде қалады», – деген.

Ибн Сина «Нәжат» атты кітабында нәпсі туралы көп айтады.

Ол нәпсіні үшке бөлді:

1) Өсімдіктердің нәпсісі.

2) Хайуандардың нәпсісі.

3) Адамдардың нәпсісі.

Өсімдіктердің нәпсісі болғандықтан өседі, өнеді, көбейеді, су ішеді. Хайуандардың нәпсісі болғандықтан ішіп-жейді, өсіп-өнеді, көбейеді, сезеді. Адамдарда да нәпсі бар. Сондықтан ішіп-жейді, сезеді, көбейеді.

Ибн Сина «Нәжат» кітабында адам нәпсісіне жеке тоқталған. Ол көптеген ғылыми хаттар жазды. Мубхасул ан-қауи нәпсәният, Рисалатул қауи жисманият, Рисалатул ан-мағруфатил нәпси натиқатул уә-ахуәлиха. Осы жазған ғылыми үш хатының маңыз зор. XIX ғасырға дейін еуропалықтар үшін аса құнды құжат ретінде зертеліп, көптеген елдердің тіліне аударылды.

Әбу Хәмид Әл-Ғазали: «Адам нәпсісінің сипаты, нәпсі мен рухтың мәнісі бір болғанмен, мағынасы бөлек болды. Адам сипатының сүйкімсіз болуы – нәпсісінен», – деген.

Тасаууф иелері: «Әлбетте, нәпсімен күресу керек», – деп айтады.

Көрнекті ислам философы Ибн Рушд: «Нәпсі мен рух бір. Бірақ, нәпсі мен ақыл заман ағымына қарай өзгеріп тұрады», – деген.

Имам Әбу Әл-Хасан Әл-Әшғари былай айтады: «Нәпсінің бастапқы кезеңі құрсақтағы сәбиге рухпен бірге кіреді», – деген.

Философ ғалымдар нәпсі мен рух жайында түрлі көзқараста.

Мәселен: Әбу Хәмид Әл-Ғазали «Миғражул құддыс фи мидражул мағрифатил нәфси» кітабында: «Нәпсі, жүрек, рух бәрінің айтылуы бөлек», – деген.

Әбу Хәмид Әл-Ғазали тағы бір сөзінде: «Адамдардың нәпсісі бір. Бірақ, хәліне қарай дәрежелері әртүрлі болады», – деп нәпсіні бірнеше түрге бөледі:

1) Дұшпандық нәпсі.

2) Шайтани нәпсі.

3) Сұлтандық нәпсі.

4) Бәхмия (хайуани) нәпсі.

Құранда нәпсінің бірнеше түрі айтылады.

1. Нәпсі аммара. Жамандыққа ұрындырғыш нәпсі.

2. Нәпсі ләууәма. Сөгіс беруші нәпсі. Әуелгісінен әлдеқайда жақсы.

3. Нәпсі мутмәиннә. Орнықты нәпсі.

Алла Тағала айтады: «Сондай-ақ, ешкім де Алланың мақтағанындай мақтай алмайды. Әй, орныққан нәпсі! Раббыңа, Ол сенен, сен Оған разы болған түрде қайт! Енді құлдарымның арасына кір! Сондай-ақ жәннатыма кір!». («Фәжір» сүресі, 26-30-аяттар). Мұсылмандар үшін ең жоғарғы нәтиже осы.

Бүгінгі замандағы  нәпсінің азап шегуі

Жер бетінде адам баласының шектен шығуы дене мен нәпсіге қиындық туғызуда. Бұл Еуропа және басқа да елдердің жаһандануға қарай бет бұруымен тікелей байланысты десек артық айтқандық емес. Жақсы мен жаман бір-бірімен араласып кетуі, технологияның дамуы үлкен нығмет болғанымен адам нәпсісіне көптеген зиян келтіруде. Кейбір елдер қарқындап дамумен қатар жастарының басым көпшілігі араққа, есірткіге, жыныстық қатынасқа, т.б беріліп кеткен.

Нәпсінің емі

Нәпсіге адамның мінезі мен амалы өте қатты әсер етеді. Нәпсінің емі – намаз оқу. Бұған мына аят дәлел:«Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында, намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді». («Бақара» сүресі, 45-аят). 

«Ей, мүміндер! Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Ақиқатында, Алла сабырлылармен бірге». («Бақара» сүресі,153-аят).

Расул (с.а.у.): «Намазда шипа бар», – деген. Ораза да нәпсіге шипа болады. Сабырлық жасау да нәпсіге ең үлкен шипа.

«Ей, мүміндер! Әр нәрсеге сабырлы болыңдар». («Әли Имран» сүресі, 200-аят).

Нәпсі. Ғұлама ғалым Имам Әбу Хамид Әл-Ғазали: «Дін негізі – дәрі (шипа)секілді болса, білім ас секілді»-деген. 

Кейбір ғұламалар нәпсіні 4-ке бөледі:

1. Нәпсі аммара: Ең жаман нәпсі. Жамандыққа бұйырады жақсылықтан алыстатады. Деңгейі төмен, жаман мінез-құлықтың иесі, адам ақылын аздырады. Алланың берген нығметін бұзық жолға жұмсайды. Адам денесін шектен шыққан шаһуатқа итермелейді. Жаман мінезді, әдепсіздікті көтермелейді. Адам рухын жоғарыдан төменге тартады.

2. Нәпсі масғулия: Алла құдірет берді. Ақ-қараны ажырату үшін ақыл, сөйлеу үшін тіл берді. Ақылмен ойлап ой жүгіртсе, тура жолға бастайды. Жаман нәпсісін жеңіп, ақиқаттың артынан ергісі келеді. Сосын нәпсісінің айтқанына қайта ереді. Әділдік арқылы жақсылықты бекіткісі келеді. Сол себепті, жамандықтан қашып, тақуалыққа ден қоюды ауырсынады.

3. Нәпсі ләуамә: Ерекше зерек шариғат амалына бойұсынушы. Көпшілікпен бірге болып, халықтың қажетін өтеуші. Ата-анадан жақсы тәрбие алған. Жаман жолдан нәпсісін жеңген. Алладан қорқушы, оның бұйырғанына бойұсынушы. Жүрек нұр шапағатқа бөленсе, пайдалы жақсы жаққа өзгереді.

4. Нәпсі мутмайнна: Ол көркем мінез-құлықтың иесі. Толық иманды болған мүмінге Алла разы болады. Нәпсінің бұл дәрежесіндегі адам қолымен де, тілімен де жақсылық істеуге дайын тұрады. Ниеті мен ықыласы шынайы. Қараңғылықтан нұрға шығарады. Жүрек толық нұрланса, барлық дене нұр-шапағатқа бөленеді. Шариғат үкімі жүрекке орнайды. Нәпсі денесінде орналасқан. Нәпсі жақсы болса, алғаның жақсы болады. Нәпсі жаман болса, алғаның жаман болады. Жаман нәпсімен күресу – шариғат жолының алғашқы бастамасы. Тәкәппарлықты тастау, күншілдік, көреалмаушылықты болдырмау – жақсы нәпсі. Бұл – Раббымыздың нұрлы жолына апаратын тура жол.

Имам Әл-Ғазали былай дейді: «Бірінші, жүрекке тыныштықтың орнауы – шаһуатын жеңгені. Таршылық, көреалмаушылық, күншілдік жасау – Алланың берген нығметіне қарсы келгені. Діндесмұсылман бауырының нығметін көреалмауы – Алланың берген нығметіне қарсы келгені».

Ибн Масғуд айтады: «Алланың берген нығметіне дұшпандық жасама».

Кім Алланың берген нығметіне қарсы шығады? Аллаға бірінші күнә жасаған – Адам (а.с.). Себебі, Ібіліс шайтан оған көреалмаушылық, таршылық жасады. Ібіліс жәннатта алғашқы күнәсін жасаса, жер бетінде бірінші күнә арқалаған Адамның (а.с.) ұлы Қабыл Әбілді өлтірді. Сондықтан, көреалмаушылық харам іс болғаны үшін нәпсіні күнәдан тазалау қажет болды.

Ібіліс шайтан екеуінің қарым-қатынасына араласып, Қабылды азғырып, ақыр аяғында айласын асырды.

Әл-Хасан (р.а.): «Мұсылман бауырларыңа іштарлық, көреалмаушылық жасама, Алла қалаған адамның ризығын молайтады», – деп жақсылыққа үндеген.

Егер адам бір іс жасайтын болса, ол амал дәптерге жазылып, сақталып қойылады. Адамдардың ертелі-кеш, күндіз-түні істеген амалын жазып, сақтап қоятын періштелер бар. Жақсы амал істелсе, Алла оны мақтайды. Жаман әрекет істелсе, Алла оны кешіруге дайын. Мұндай жағдайда тәубе ету талап етіледі. Істі жасамас бұрын ақ-қарасын біліп, ойланып жүзеге асыру абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.):«Сендерді Алла есепке алардан бұрын өз нәпсілеріңді есепке алыңдар», – деп өсиет еткен.

Омар ибн Әл-Хаттаб (р.а.) адамдарды екі топқа бөлген.

Біріншісі: Өмір бойы берсем деушілер.

Екіншісі: Дін ғұламалары мұсылмандар үшін үнемі жақсы істі жүзеге асырсам деп уайымдап тұрады.

Оған мынадай ізгі істер жатады: бала оқыту, жақсы тәлім тәрбие беру, өскелең ұрпақ үшін жақсы, пайдалы кітап жазып қалдыру, халықтың игілігі үшін көпір салдыру, ағаш отырғызу, су ішетін бұлақ ашу, су жүретін жол ашу, т.б.

Осы жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дүниеде жолаушы сияқты ғаріп адам бол және нәпсіңмен күрес»(Имам Әл-Бұхари 6416, риуаятул Омар ибн Әл-Хаттаб), – деп өсиет қалдырды.

Шайтан – адамның сөзіне, сезіміне, амалына ашық дұшпан.

Нәпсімен күресу

Дүние әрдайым бір қалыпты күйінде қалмай өзгеріп тұрады. Адам бірде ауырады, бірде денсаулығы жақсарады. Бірде ауқатты бай болса, бірде кедейлікке ұшырайды. Осындай жәйттерді ескере отырып, адам өз нәпсісіне бекем болуы керек. Нәпсімен күресу – дұшпанмен күресуден де ауыр.

Дүниеде өз нәпсісін тыя алмағандар – дін дұшпанын жеңуі қиын деген сөз.

Мүміннің өз нәпсісін тәрбиелеуге қатысты Құран аяттарында мысалдар көп. Ең бастысы – нәпсіні жалғыз Алладан басқаға құлшылық жасаудан сақтау. Ислам діні алғаш тарала бастағанда меккеліктер үшін Құран басты, қасиетті сенім кітабына айналды. Сонда сахабалардың нәпсісі әдептілікке, көркем мінезге үйренді. Намаз – жамандықтан тыюшы, игілікке апаратын басты жол. Олай болса, намазда тұрғанда нәпсі Алла Тағаланы еске алып, Соған ғана бойұсынуы тиіс. Рамазан айында ораза ұстаудың да адам нәпсісіне оң әсері болады. Сонымен қатар қанның тазалығына, оның дұрыс айналуына, денсаулыққа да пайдасы орасан зор. 

Оразаның жартысы – сабырда, қалғаны – иманда. Нәпсінің зекеті бар. Ол – жақсылық жасауды сүю. Алла жолындағы жихадтың (күрес) ең үлкені осы – нәпсімен күресу.

Ақыл деген не?

Алла адамға ақыл беру арқылы бәрінен ардақты етті. Алла адамға ақ пен қараны, халал мен харамды ажырату үшін ақыл берді.

Философ Дикарт: «Ақылды жоқ ету мүмкін емес»,- деп ақылды тілге тиек етеді.

Ақыл: «Алла бар, Алла жаратты», – дейді. Бұл адамға берілген баға жетпес нығмет. Шариғат үкімдерін үйрену, ғибадат жасау үшін ақылды болу керек. Ақылды жоятын арақ, есірткі секілді нәрсенің бәрін шариғат харам етті.

Имам Ахмад ибн Ханбал айтады: «Адам бойындағы ең асыл нәрсе – ақылы», – деген. Адам ақыл арқылы дінін, елін әрі ұлтын таниды.

Ақыл – Алланың адам баласына берген ең ұлы нығметі. Адам ақылымен хайуаннан ерекшеленеді.

«Алла сендерді аналарыңның құрсағынан ештеңені білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине, шүкірлік етерсіңдер» («Нахыл» сүресі, 78-аят).

Кейбір ғалымдар айтады: «Кейбіреулер ақылдың жақсы-жаманы болып, адасты», – деген. Ақыл – әлі ашылмаған құпия.

Құранда Алла Тағала: «Ақылға салмайсың ба?» – деген сөзді жиі қайталайды.

Алла Тағала баршамызға нәпсіге емес, қайырлы ақылға жүгінуді нәсіп етсін.

Алла Тағала баршамыздың білімімізді арттырып, рухымызды биік еткей!

Ғалымжан ӘБІЛДАҰЛЫ,

әл-Әзһар университетінің теология және

философия факультетінің түлегі

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз