Бисмилләһир Рахманир Рахим
Зекетті Исламның үшінші парызы етіп, ол арқылы байларға мал-дүниемен құлшылық ету және жоқ-жітіктерге материалдық жәрдем алу мүмкіншілігін жаратып берген Аллаһ Тағалаға шексіз мақтау – мадақтар болсын!
Зекет жайындағы иләһи тағылымдарды үмметтеріне түсіндіріп, оны қажетіне жарату жолдарын көрсетіп берген сүйікті Пайғамбарымызға сәлем мен салауаттар болсын!
Құран Кәрімде «зекет» сөзі отыздан артық жерде келген болса, соның жиырма жетісінде намазбен бірге айтылған.
«Зекет» — арнайы мал – дүниеден (нисап мөлшері), арнайы бөлікті арнайы адамдарға Аллаһтың разылығы үшін шариғатта белгіленгендей мүлік етіп беру.
Исламда зекет арқылы дүние жинап, қазынаны толтыру мақсат етілмеген. Сол сияқты, пақыр, жоқ – жітік, жетім – жесірлерге материалдық жәрдем көрсету де мақсат емес. Бұлар зекетті қажетке жаратудың жемісі болуы мүмкін. Зекет берудегі мақсат – адамды мал – дүниеден үстем ету, яғни, адам мал – дүниенің құлы емес, мал – дүние адамның құлы екенің түсіндіру.
Исламда алдымен зекет беруші жайында айтылады. Бай адам зекет берумен жан – жақты тазаруы, күнәларының кешірілуі, дүниесіне береке кіруі, ахыретте жоғары дәрежеде жетуі баяндалады. Зекет беру арқылы мұсылман қоғамындағы ауқатты адамдар сараңдық дертінен айығады. Қай қоғамда, қай адамда сараңдық болса, нәтижесі жаман екені баршаға мәлім. Бұны шешудің ең тура жолы – зекет.
Демек, зекет ғибадаты арқылы зекет беруші өзінің иелігіндегі мал – дүние Аллаһ тарапынан берілген нығмет екенін, бұл мал – дүниеге уақытша ие болып тұрғанын түсінеді. Сол үшін ол қолындағы мал – дүниені Аллаһ көрсеткен халал – таза жолдарға жұмсауға тырысады. Бұл – әрбір адам, әрбір қоғам үшін экономикалық мәселелерді шешудің таптырмас әдісі.
Ислам тағлымы бойынша мал – дүние нисабқа (зекет беретін мөлшер) жеткеннен соң, оның ішінде зекет алуға тиесілі адамдардың мүлкі пайда болады. Яғни, біреудің ақысы араласады. Сол біреудің ақысы шығарылып берілмейінше, аталған мал – дүние лас саналады. Өзінің халал мал – дүниесіне біреудің ақысын, яғни, харам мал – дүниесін қосып алғандай болады. Аллаһтың әміріне бойұсынып, зекетін бергенде ғана, сол мал – дүние тазарады. Қазіргі заманда көптеген күрделі мәселелер дәл осы рухтың жетіспеушілігінен болып жатқандығын барлығы да түсінсе ғой!…
Бай мұсылман уақытында зекетін беріп отырмаса, қалған мал – мүлкі де харам болатынын және бір пәлекетке ұшырайтынын жақсы біледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» — деген.
Зекет берудегі мақсат: ол үш нәрседен тұрады.
- Аллаһты сүйемін дейтін адам өзінің ең жақсы көрген нәрсесін зекетке берумен сыналады.
- Құрдымға әкететін сараңдықтан құтылады.
- Мал – дүние нығметіне шүкір еткен болады.
«Зекет» сөзінің өзі адам жинаған байлығының кірін, яғни, 2,5 пайызын жыл сайын Аллаһтың әмірі бойынша шығарып беруі.
Аллаһ Тағала – бай. Сіздің мал – дүниеңіз Оған керек емес. Ол сіздің мал – дүниеңізге мұқтаж да емес. «Аллаһтың жолынан» мақсат – кедейлерді бақытты ету үшін әрекет етіп, халықтың барлық топтарына пайдалы қайырымдылық істерді көбірек жасау.
Ислам кембағал, міскін және жетім – жесірлердің адамгершілік абройын ойлап, оларды байлардың алдында өзін төмен санамауға шақырады. Ислам кембағалдарға «Сіз өзіңізді қор етіп, ұялмай, байлардан түкке тұрғысыз нәрсені сұрап жүрмеңіз, басыңызды жоғары көтеріп, Аллаһтың Өзінен сұраңыз, қажетіңіз өтеледі» — дейді. Аллаһ зекетті парыз етіп, байларға мал – мүлкінен кембағалдардың ақысын беріп, оларға барып, есігін қағып, иелеріне тапсыруды парыз еткен. Осы істі істемеген адамның мал – дүниесі харамға айналатынын қайта – қайта ескерткен.
Қасиетті Құран Кәрімде тәубе сүресінің 60 –шы аятында: Аллаһ Тағала: «Әлбетте садақа – зекеттер пақырларға, міскіндерге, онда қызмет жасайтындарға, жүректері Исламға бұрылғандарға, құлдарға, қарыздарларға, Аллаһ жолына және жолда қалғандарға» — деген.
Міне, осы нәрсе мұсылмандардың әлеуметтік қамқорлық қоры. Міне, осы нәрсе олардың әлеуметтік қамсыздандыру бірлестіктері. Міне, осы олардың сақтық мал – дүниелері. Міне, осы нәрсе әлсіздерге, ауруларға, жетім – жесірлерге берілетін жәрдем, қамқорлық және қал – жағдайларынан хабар алу. Бұған қоса, ол нәрсе мұсылманды ертеңнің қамын жеуден құтқарады.
Исламның табиғи және қарапайым идеясы мынадай:
«Егер сен бүгін бай болсаң өзіңнен басқаға жәрдем бер, егер ертең сен мұқтаж болсаң, саған басқа адам жәрдем береді».
Осы негізде сені: «Ертең пақыр болып қалсам жағдайым не болар екен?» деген ой мазаламайды. Сол сияқты, ертең өліп ақыретке аттансаң әйелің, бала – шағаң не күйге түсетінің ойлап уайымдамайсың. Өзіңе бір ауыртпалық түссе, ауырсаң, отқа немесе су тасқынына үшырасаң, халің не болатынын ойлап қайғырмайсың. Сапарға шыққаныңда мал – мүлкің таусылып қалса, не істеуге бас қатырып жүрмейсің. Зекет сені бұған ұқсас жағдайлардан әр дайым құтқарады.
Өзің жиған мал – мүліктің екі жарым пайызын Аллаһ Тағаланың сақтандыру мекемесіне берсең болды. Сосын барлық апаттардан аман болып жүре бересің. Сен қазір аталған мал – дүниеге мұқтаж емессің. Оны қазір мұқтаж болып тұрғандарға беріп тұр. Олар оны өз мұқтаждықтарына істетіп тұрсын. Ертең бұл байлығың толықтай өзіңе қайтып келеді. Мүмкін сенің немесе сенің перзенттеріңнің қажеттілігі болып қалса, қазіргісінен де көбірек болып қайтып келеді.
Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан еліміздің барлық облыстарында «зекет қоры» өкілдіктері ашылған.
«Зекет қоры» жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны Шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысады.
Қадірлі ағайын, сауабынан үміт етіп, Исламның бес парызының бірі зекет ғибадатын өз шарттарымен орындауға асығайық.
«Зекет қорының» есеп счеты: »ҚМДБ» ҚҚ СТН/РНН600900643231
БИН 110540000991 КБе 18
Банк есепшоты ИИК KZ078560000005250671
«Банк Центр Кредит» АҚ-ның
Талдықорған қаласының филиалы
»ҚМДБ» – ның «Зекет қорының» Сарымолдаев Серік
Талдықорған өңірі бойынша өкілі Құсайынұлы
Зекет болатын зат атауы |
Нисаб мөлшері |
||
Ақшаның зекеті |
85 грамм алтын/ 595грамм * 1 г. алтын = 13 000 теңге (1 105 000т.) 1 г күміс = 175 теңге (104 125 т.) |
2,5 % 27 625 теңге берілетін зекет |
|
Алтын |
85 грамм = 20 динар |
2,5 % 27 625 теңге берілетін зекет |
|
Күміс |
595 грамм = 200 дирһам 1 г күміс = 175 теңге (104 125 т.) |
2,5 % |
|
Түйе |
5-9 түйеден - 1 қой 10-14 түйеден – 2 қой 15-19 түйеден – 3 қой 20-24 түйеден – 4 қой 25-35 түйеден – бір жасар 1 ұрғашы түйе |
35-45 — үш жасар 1 ұрғашы түйе 45-60 – төрт жасар 1 ұрғашы түйе 61-75 – бес жасар 1 ұрғашы түйе 76-90 – үш жасар екі жасар 1 ұрғашы түйе 90-120 – төрт жасар 2 ұрғашы түйе т.б. |
|
Қой = ешкі |
1-39 - Зекет берілмейді. 40-120 – 1 қой 121-200 – 2 қой 201-399 – 3 қой |
400-499 – 4 қой 500- 599 — 5 қой 600 – 699 – 6 қой Әр жүзден 1 қой |
|
Сиыр |
Сиырдың нисап мөлшері 30 бас. 30 сиыр – бір жасар 1 тана 40 сиыр – екі жасар 1 құнажын |
Мысалы: 120 сиыры бар адам – бір жасар 4 тана немесе екі жасар 3 құнажын бере алады. |
|
Жылқы |
Жылқы саны нисап мөлшеріне жетсе, (1 105 000 т.), онда одан зекет беріледі. |
2,5 % |
|
Егіс өнімдері |
1 жылы толуы шарт емес. Жер жалға алынса да, зекет беріледі. |
1) Жауынмен, өзен-көлмен суғарылса- 10/1 = 10% 2) Қол, шелек, арнайы құрылғымен суғарылса – 20/1 = 5 % |
|
Сауда тауарлары |
85 г. алтын/ 595 г. күміс Сатып пайда табам деген заттардың(мал, киім, темір, әшекей, тағам, ағаш т.б.) бәрінен зекет беріледі. 2,5 % |
1) Жыл басында нисап мөлшері жетіп, жыл соңында айналымда тауар ретінде жүрсе де зекет беріледі. 2) Заттай беруге де болады = 85 г. Алтын 2,5 % |
|
Басқа жануарлардан |
Тұқымына сәйкес 4 түліктің біріне жақындастырылып, зекеті анықталады. 20 мысқал алтын |
Немесе құны бойынша = 85 г. алтын 2,5 % |
|
Дән мен жемістер; Бал |
5 уәсәқ – 653 кг. |
1 уәсәқ=130.6 кг. |
|
Жүзім мен құрма |
5 уәсәқ – 653 кг. |
1 уәсәқ=130.6 кг. |
|
Інжу-маржан, асыл тас, алмаз, гауһар тас |
Зекет берілмейді |
Сатып пайда тауып, нисап мөлшеріне жекізсе, зекет беріледі. |